Іленің байырғы және соңғы тұрғындары (жалғасы)
Басы: Іленің байырғы және соңғы тұрғындары
4. Үйсіндердің қазақтармен қатысы
Сақтардың бір мүшесі болған Үйсіндер Жетісу жерінен, Іле аңғарынан шығысқа қарай қоныс аударып, жолай Ерентаудың (Еренқабырғаның) теріскей жағындағы Жың, Шиху, Саяпыл өңірлерін жағалай жылжып Тұрпан, Жемсары, Шонжы, Баркөл (Барыскөл) өңірлерін басып өтіп, жыл санауымызға дейінгі ІІІ ғасырдың бас шені мен ІІ ғасырдың бас шенінде Тәңір тауының шығыс сілемі Шүлен (Чилинан) таулы өңіріне дейін өріс кеңейтіп барады. Бұл өңірге келген Үйсіндердің ол кезде жан саны да, мал саны да аз еді, елдік құдыреті әлсіз шағын ел болатын, олар Шығыста Ұлы Жүздермен, Шығыс солтұстыкте Ғұндармен көрші отырды. Деректерге қарағанда, ол кездегі Үйсін елін Дәуден тараған Елсау (Елжау деп те айтылады) басқарыпты.
Жыл санауымызға дейінгі 177 жылы Ұлы Жүздер Үйсін еліне шабуыл жасап, елбасы Нәнду биді өлтіріп, елін шауып, Үйсіндерді енді қайтып бас көтере алмастай халге түсіреді. Сансыраған жұрт ендігі жерде Ғұндарды паналайды. Әкесі өлтірілгенде жөргегінде қалған Елсауды (Елжауды) әкесінің қабырға туысы Бөже деген кісі көкбөрі емізіп, құстар жем тасып беріп бағып жүрген жерінен тауып алып, Ғұн Тәңірқұтына тапсырып береді. Ғұн Тәңірқұты баланы «киелі» деп біліп, ат жалын тартып мінгенге дейін бағып-қағып тәрбиелейді.
«Тарихи жазбалар. Ферғана шежіресі», «Ханнама. Жаң Чиянның өмірбайаны» және Қазақ шежірелерінде айтылуынша, Елсау есейіп-ержеткен соң талай мәрте шеру тартып жорыққа аттанып, жеңістен жеңіске жетіп, ересен ерлік көрсетіп, елеулі еңбек сіңіреді. Ғұн Тәңірқұты оны әкесінің орнына Күнби етіп тағайындап, елін жинап, билігін береді. Күнби он мыңдап әскер ұстап, әке кегін алу үшін Ұлы Жүздерге қарсы жорыққа аттанады. Ұлы Жүздер бұл кезде Ғұндардың соққысына ұшырап Іле өзені алабына келіп, бұл жердегі Сақтарды қуалап шығып, жерін иелеп алған болатын.
Елсау Күнби жыл санауымызға дейінгі 160-161 жылдары шамасында елін бастап Үйсіндердің шығысқа барған көш жолымен қазіргі Құмыл, Баркөл жазирасына келіп, онан Тәңір тауы сілемін бойлап батысқа беттеп Жың маңына келген соң, батыс оңтүстікті бетке алып Тәңір тауы сілемдерінен асып, Іле өзенінің бас қайнары Жұлдызға келеді. Онан бірте-бірте алға ілгерілеп, тұтас Іле аңғарындағы Ұлы Жүздерді соққылап Бактрияға қарай ығыстырып жіберіп, атамекені Іле өзені алабы мен Жетісу жерін иелеп, бұрын осы жерде қалған туыстарымен қайтадан қауышады. Бұрын осы өңірді мекендеп, оңтүстікке қоныс аударған Сақтар мен Ұлы Жүздерден қалған елдерді өздеріне қосып алып, өздерінің қатарын молайтады.
Елсау Күнби ел басқарған елу жыл ішінде Үйсіндер салыстырмалы түрде бейбіт өмір өткізеді, мал мен басы түгел өсіп, түтін саны 120 мыңға, жан саны 630 мыңға, әскер саны 188 мың 800 ге жетіп(21), әкімшілік құрылымы едәуір кемелденген құдіретті мемлекет дәрежесіне көтеріледі. Үйсін елінің территориясы батыста Шу, Талас өзендеріне, шығыста Тәңір тауының шығыс сілеміне, солтүстікте Балқаш көлінен бастап оңтүстікте Ыстық көлдің оңтүстік жағалауына дейінгі ұлан байтақ өңірді қамтиды. Осы аумақта жасаған Үйсін елі шығыста Ғұндармен, солтүстікте Қаңлылармен, батыста Дауандармен, оңтүстікте Тарым ойпатындағы қалалы елдермен шекаралас болады. Чыгу (Шығу немесе Қызыл аңғар) қаласы Үйсін елінің саяси, шаруашылық және мәдениет, сауда орталығына айланады.
Үйсін елі айналасындағы көрші елдермен тату-тәтті өтті. Әсіресе ішкі өлкедегі елдермен саяси, экономика және мәдениет, әскери істер жақтағы қарым-қатынас бара-бара құда-жұраттық қатынасқа айналып, екі өңірдің әр жақтағы қатынасын күшейтті, Хан патшалығы жыл санауымызға дейінгі 108 жылы Үйсін Күнбиіне Жаңду бегінің қызы Шижұнды Хан ордасының ханышасы санатымен Үйсін елінің Елжу Күнбиіне ұзатып берді. Жыл санауымызға дейінгі 101-102 жылдары Хан Уди патша өз ұрқынан Чу Уаңның немере қызы Жиею ханышаны Үйсіннің Жөнші биіне ұзатып берді. Осы Жиеюден туған Уаннан (Оңнан) кейін Яркен қала елінің ханы болады, Дес деген қызы Күшар ханына ханымдыққа ұзатылады.
Тарихи деректерге қарағанда, Үйсіндер жыл санауымыздың IV-V ғасырларында ішкі жақтан бөлшектенудің Cиянпи, Pуруан т.б. шеттен келген тайпалардың ықпалымен әлсірей бастаған. VI ғасырдың 80-жылдары батыс Түріктердің VIII ғасырдың 40-жылдары Түркеш хандығының, одан Х ғасырдың 40-жылдарында Қарлық хандығының, ХІ-ХІІ ғасырларда Қарахани хандығының, батыс Лияу яғни Қарақытай хандығының, сондай-ақ Қарақытай хандығы негізінде құрылып Күшлік хан басқарған Найман хандығының қол астында болды. 1223-1247 жылдары Шағатай ұлысына қарасты болды. Ал Шағатай ұлысы әлсіреп Моғұлыстан хандығы құрылған кезде Үйсіндер және олардан тараған Дулаттар мемлекет ісіне белсене араласып, билік жүргізе бастады. XIII ғасырдың 40-жылдарынан кейін Алтын Ордаға қарасты болды да, XV ғасырдың 50-жылдары Керей мен Жәнібек сұлтандар Хантауда қазақ хандығының шаңырағын көтергенде, Үйсіндер Ұлы Жүз болып ұйысып, хандықтың ірге тасын қаласып, шаңырағын көтерісті.
5. Сақтар мен Үйсіндердің, Үйсіндер мен қазақтардың қатыстылығы жөнінде салыстыру
Жоғарыда Сақтардың, Үйсіндердің қазіргі заман қазақ халқының тектері қатарына жататындығын кейбір жазба және археологиялық қазба материалдар деректері арқылы алғашқы адымда дәлелдедік. Біздің мұндай дәлелдеуіміз, екінші бір сөзбен айтқанда тұжырым жасауымыз, әсте, ежелгі ру-тайпалар аттарының қазіргі заман қазақ ішінде сақталғандығына қарап айта салудан; ежелден қазірге дейін қазақтың арғы ата-бабасы жасап келген жағырапиялық өңірге қарай туындаған жершілдік нысайдан шығарылған қортынды, көтерілген болжал, білдірілген емеурін болмастан, ғылыми болжалға тиянақтаған. Енді төменде олардың өзара қатыстылығын антропологиялық(22) тип, ата кәсіп, наным-сенім, ғұрып-әдет, салт-сана, баспана, киім-кешек, әсемөнер стилі т.б. жақтардан қарапайым салыстыру әдісі арқылы дәлелдейміз.
Жоғарыдағыларды қорытып айтқанда, біріншіден, ‹‹Үйсін антропологиялық типі Балқаш көлінен бастап Тәңір тауының таулы аймақтарын мекендеген тайпалар арасында жиі кездеседі››; екіншіден, «Үйсін антропологиялық типінің морфологиялық құрылыстары нәсілдік жағынан Сақ дәуірінде өмір сүрген тайпаларға өте жақын, демек, Үйсіндерді Сақ тайпаларының тікелей ұрпағы деп тұжырымдау өте орынды»(23); үшіншіден, осы күнгі қазақ халқының антропологиялық құрамының негізін қалауға Үйсін антропологиялық типінің үлкен әсері болған(24); оларға (Сақтарға) тән кейбір антропологиялық ерекшеліктер осы күнгі қазақтар арасында кездеседі(25); төртінші, қазақтың антропологиялық типі негізгі екі нәсілдік жүйеден құралған, оның бірі – еуропалық жүйе, енді бірі – моңғұлдық жүйе, бірінші жүйе қазақ даласының негізгі тұрғындарына тән қасиет, ал соңғы жүйені Орталық Азиядан ауып келген моңғұл тектес тайпалар ала келген (26).
(2) Ата кәсібі жағынан
Археологиялық және этнографиялық материалдарға қарағанда, Сақ, Үйсін, Ғұн секілді қазақтың арғы тегі мен олардың кейінгі ұрпақтары – қазақтың ру-тайпалары ежелден шөп-су қуалап мал өрістетіп, қалай болса солай көшіп-қонып жүре бермеген, қайта негізінен мал шаруашылығының көшпенді, жартылай көшпенді және отырықшы түрін қолданған. Жайылымды төрт маусымға бөліп басқара білген. Мал түрлерінен көбірек құйрықты және ұяң жүнді қой, тез семіретін және қысқы тебінге төзімді, жүрдек жылқы тұқымын, айыр өркешті түйе өсірген. Малшылары ендік және бойлық бағыттарда мал баққан. Ерлері салт атпен, әйелдер мен балалар және қарттар терімен, киізбен жабылған күркелі екі, төрт және алты доңғалақты арбалармен көшіп-қонған. Егіншілері жерді қауымдық-рулық және тайпалар ара шекаралар көлемінде иемденіп пайдаланған. Тары, бидай, арпа дақылдарын еккен. Кен ашқан, метал қорытып, құрал-сайман және әсемөнер бұйымдарын жасаған.
(3) Діни наным-сенім ғұрыптары жағынан
1) Бәрі де ата- ана аруағына, семиялық, рулық «әулиелер» мен жебеушілерге сиынған.
2) Сақ, Үйсіндердің сиынатын құдайы – күн болған. Сақтар «көп құдай ішінде ең шапшаңы күнге адамзат дүниесіндегі ең жүйрік тұлпар ғана лайықты›› деп атты құрбандыққа шалған; Үйсіндер көсемін Күнби деп атап, обаларын күнге ұқсатып үйген. Қазақтар күнге қарап дәрет қылуға тиым салған.
3) Бәрін тазартатын от деп біліп отқа табынған. Сақ, Үйсіндер жерлеу салты атқарылған кезде обаларды айналдыра он қанша жерге от жағатын. Қазақтарда келін түскенде отқа май құю, адам қайтыс болғаннан кейін сүйек қойылған үйге шырақ жағу, бесікті, қора-қопсыны отпен аластау, т. б. әдеттер әлі күнге дейін жалғасып келеді.
4) Сақ, Үйсін жауынгерлері қайтыс болғанда мінген аты моласының басында бауыздалатын, бұл қазақтарда мінген атын иесі қайтыс болғаннан кейін жылдығына арнап соятын әдет болып қазірге дейін жалғасып келеді.
5) Рудың немесе тайпаның қайсыбір мифтік хайуан тегінен шығуы туралы ұғым жануарлардың металдан құйып жасалған мүсіндерінде бейнеленген немесе түрлі фомарларда сақталған. Мысалы, шайқастарда желеп-жебейді деп оның бейнесі қаруларға немесе қарудың сабына түсірілген, жауға мініп шабатын атты сақтасын деп жүгенге шегелеген.
6 ) Ері өлген әйел шашын жұлу, бетін жырту әдеті сол заманнан осы заманға дейін жалғасқан, т.б.
(4) Тұрмыстық ғұрып-әдет, салт-сана жағынан
1) Геродот Скифтер (Сақтар) етті үлкен қазанға, қазан болмаса малдың қарнына салып пысыратындығын айтқан(29). Сойылған малдың етін тазаланған қарнына салып жерге көміп, үстіне от жағып пісіру әдісі қазақ малшылары арасында азаттық (жаңа коммунистік билік орнағанға дейін) қарсаңына дейін жалғасқан, тіпті ішінара жерде қазірде болуы мүмкін.
2) Сақтарда жігіт үйленгісі келсе, қызбен күреске шығады. Егер қызды күресіп жықса, қызды алуға ұқықты (құқығы бар) болған. Ал бұл қазақтың ‹‹Қыз бөрі›› деген ойынында сақталған(30).
3) ‹‹Аға өлсе, жеңге ініге мұра›› әдеті сақтарда болғандығын грек нұсқаларда дәлелдеген(31). Бұл әдет Үйсіндерде де, қазақтарда да болған.
4) Мал шаруашылығымен шұғылданған Сақтар тұрмыстық қажеті үшін беліне үнемі саптаяқ байлап жүретіндіктен, грек тарихшылары оларды азиялық Скифтер деп атаған. Ол сол қажеттілік пен әдет қосыла келіп «кісе» деген атпен қазақтар арқылы қазірге дейін жалғасқан, т.б.
(5) Киім-кешек жағынан
Персеполдегі Ксеркис сарайының бедеріндегі және Пасаргадтағы Дари мазарындағы бейнелер Сақтардың киім-кешегі туралы айқын түсінік береді. Онда бейнеленген Сақтар биік шошақ бөрік, денемен дене тізесіне дейін жететін пешпент киген, белбеу буынған, тар шалбар және өкшесіз аяқ киім киген, белбеудің оң жағына қанжар, ал сол жағына садақ ілген(32). Менше, мына бейнелеулерге түсінік жасаудың қажеті болмаса керек. Мұны XVIII-XIX ғасырлардағы, тіпті, XX ғасырдағы қазақтың сыртқы формасының дәл өзі десек те қате болмас.
Төменде мынадай үш түрлі суретті салыстырып көрулеріңізге ұсындық: 1-сурет 1983 жылы Қытай Іле қазақ автономиялы облысының Күнес ауданы телқара қонысындағы моладан табылған шошақ төбелі үкілі бөрік киген Сақ жауынгерінің қоладан құйылған мүсіні; 2-сурет: суретші Орловскидың (ХVIII ғасырдың соңы болса керек) сызған ‹‹Салт атты қазақ›› деген суреті; 3-сурет: суретші O.A.Лансеренің 1876 жылы сызып, қола мүсін етіп құйған ‹‹Бүркіт ұстаған қазақ›› атты суреті. Демек, үкілі шошақ төбелі тымақ киетін осызаманғы қазақты шошақ төбелі үкілі бөрік киген сақтардың ұрпағы демей тұра алмайсыз.
图片
6) Баспана, тұрғын үй жағынан
‹‹Сақтардың негізгі үйі-киіз үй болған. Ал қыстайтын жерлерінде сабан араластырып соққан балшық керпіштен үй салған››(33). Сақтар, Үйсіндер ағаш үйлерде, там үйлерде, сондай-ақ киіз үйлерде отырған. Киіз үй жасаудың принципі жаңа ерадан бұрын 1-мыңжылдықтың өзінде-ақ белгілі болған(34); ‹‹Күрке мен жер төленің эволюциясы (біртіндеп дамуы) бір жағдайда төбесі шошақ киіз үйдің екінші жағдайда төбесі дөңгелете жабылатын киіз үйдің жасалуына жеткізді(35). Жыл санауымызға дейінгі 105 жылы Хан патшалығының ханышасы Шижұн Үйсін елінің Елсау Күнбиіне ұзатылып келгенде, алты қанат ақ орданың оң жағына түскендігі баршамызға аян. Қазіргі заман қазақтарының мейлі там үйі, ағаш үйі, тошаласы немесе киіз үйі болсын, бәрі де жоғарыдағы Сақтар мен Үйсіндердің баспана, тұрғын үй құрылысының жалғасы, дамыған түрі демей тұра алмаймыз.
(7) Әсемөнер үлгісі жағынан
Сақтар заманындағы әсемөнердің алғашқы үлгісі аң стилі болып, аңдарды және аңыздардағы жануарларға қатысты ғажаптарды бейнелеуді негізгі тақырып етті. «Мазмұны мифологиялық, формасы реалистік аң стилі өнері сәндік сипатта болды». Бейнелеу әдістерінің көбі қазандар мен құрбандық ыдыстарын, семсер, қанжар, қорамсақ, айбалта, жүген, айна секілді заттарды, киімді, жалаулардың сабын әшекейлеу үшін қолданылады. олар алғашында аңдарды, аңдардың әр түрлі бейнелерін, одан соң аңшылардың, малшылардың өндірістік қимылын жекелей және топтай түрлі формада жалама жартастарға сызды, қашап түсірді. – Бұл өнер үлгісі бірте- бірте дамып, Үйсін дәуіріне және одан соңғы дәуірлерге жеткенде ою-өрнек үлгісіне айналды да, кейінгі кездегі қазақтың түскиіз, сырмақ, текемет және түрлі әсемөнер бұйымдарына түсіретін қолданылмалы сызу-өрнек өнері туындыларын жарыққа шығарды .
Пайдаланылған әдебиеттер:
(21). Бангу: ‹‹Батысс өңір және Үйсін мемлекеті››, Шынжаң халық
баспасы, Үрімжі. 1987 жыл,44-бет.
(22). Антропология – адам мен адам нәсілдерінің шығу тегін, оның дене құрылысының өзгеру заңдылықтарын зерттейтін ғылым.
(23), (24), (25): ‹‹Қазақ Совет энтсиклопедиясы›› 6-том, 401-бет.
(26). ‹‹Қазақ Совет энтсиклопедиясы›› 6-том, 359-бет.
(27). Археология – көне заманнан, орта ғасырдан қалған жер асты, жер үсті ескерткіштерін зерттейтін ғылым.
(28). Этнография – белгілі бір халықтың материалдық және рухани мәдениетін зерттейтін ғылым.
(29). Абдырахманов Айтым: ‹‹Қазақстанның жер-су аттары››, Қазақ ССР Ғылым Акедемиясының Баспасы, Алматы, 1959 жыл. 85-бет.
(30). (31): Жоғары кітаптың 86-, 85-беті.
(32). ‹‹Қазақстан тарихы››, ‹‹Атамұра Баспасы››, Алматы, 1996 жыл. 230-бет.
(33). ‹‹Қазақ ССР тарихы››, Алматы, 1957-жыл.1-том, 44-бет.
(34). ‹‹Қазақстан тарихы››, ‹‹Атамұра баспасы››, 1996 жыл. Алматы, 230-бет.
(35). Геродот: ‹‹Тарих››, 7-том, 64-бет.
Жалғасы бар...
Жақып Жүнісұлы, ҚХР тарих ғылымының аға зерттеушісі, профессор.
«Шынжаң қоғамдық ғылымдар минбесі» (№3 сан, 2007 ж.) журналынан аударып дайындаған Әлімжан Әшімұлы.
Abai.kz