Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарих 1340 1 пікір 11 Наурыз, 2024 сағат 14:50

Іленің байырғы және соңғы тұрғындары (жалғасы)

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Басы: Іленің байырғы және соңғы тұрғындары

Жалғасы: Іленің байырғы және соңғы тұрғындары

Соңғы тұрғындары

Жоғарыда айтқанымыздай Іле – адамзаттың өсіп-өрбіген атақоныстарының бірі. Ол – бағызмандардан бергі ру-ұлыстардың араласып, тоғысып іргелі ел болған алтын бесігі. Кейбір оқымыстылардың, жаһангездердің сөзімен айтқанда ,«Іле – ежелден азиялық ұлттардың қарумен қағысып, тілмен табысқан жері», «нәсілдер мен ұлттардың мұражайы».

«Жоғарыда Іленің байырғы тұрғындары» деп Үйсіндер мен Сақтарды таныстырдық. Енді еліміз азаттығының алғашқы кезінде Шынжаңдағы негізгі ұлттар деп тұрақтандырылған 13 ұлттың тарихи мән-жәйін қысқаша таныстырып өтбекшіміз.

Қазақ ұлты

Іле өңірі – қазақ халқын құраған ру-тайпалардың және олардың ұрпақтарының ертеден қазірге дейін өніп-өскен ата мекендерінің бірі. оны нақтылап айтсақ мынадай: Жыл санауымызға дейінгі VII ғасырдан жыл санауымызға дейінгі IV ғасырға дейін, Iле өңірінің Сақ ұлысын құраған тиңрахауда (шошақ төбелі тымақ киетін Cақтар) мекендеген. Бұл жөнінде жоғарыда нақты тоқталғанбыз.

Қазақ халқын құраған ерте заманғы тектерінің бірі болған Ұлы Жүздер жыл санауымызға дейінгі ІІІ ғасырдың соңынан жыл санауымызға дейінгі ІІ ғасырдың алғашқы жарымына дейін Іле алабын мекендеген.

Дахата мен Шүлен тауы өңірін мекендеген Үйсіндер жыл санауымызға дейінгі 160-162 жылдары ежелгі мекені Жетісу жері мен Іле аңғарына қайтадан көшіп келіп, «120 мың түтіні, 630 мың жаны, 188 мың 800 жасағы бар», ел басқару жүйесі біршама кемелденген құдыретті Үйсін хандығын құрып, Чігу қаласын орталық еткен.

Жыл санауымыздың 552 жылы салт атты, ұзын найзалы Түріктер хандық құрғанда, хандықтың алғашқы ордасын Iле алабындағы Tекес өзенінің жағасына тікті. 582 жылы түрік қағандығы екіге бөлінгенде, батыс Tүрік қағандығы қысқы ордасын Iленің ұшар басындағы Жұлдыз сахарасына тікті. Хандыққа қарасты болған  Түркеш, Қойлау, Шомеген, Ысты, Жаныс секілді қазақтың ерте заманғы бес тайпалы Дулаттары «қазіргі Іле өзені мен Шу өзенінің орта және жоғарғы ағарындағы Тәңір тауы мен Бұраталаның солтүстігіндегі Алатау, Барлық, Жайыр, Тарбағатай, Алтай тауларынан тартып Ертіс өзендеріне дейін мекендеген(36).

Қазақтың Ұлы Жүзіне жататын Түркештер тарихшылар жағынан қазақтың ерте феодалдық хандығы деп аталған Түркеш хандығын (704-766 ж) құрғанда, Іле өзені жағасындағы Қойлық қаласын кіші Орда еткен екен(37).

Түркеш хандығы аударылғаннан кейін Жетісу жері мен Іле өзені алабы қазақтың феодалдық екінші бір хандығын ерте құрған қазақтың белді тайпасы Қарлықтардың иелігіне өтті.

Арабтық автор Әл-Әуфи айтқандай: «Қарлықтар бұрын Тоғыз оғызға тәуелді еді, олар кейін Тоғыз ұлысқа бөлінді. Мұның ішінде үш ұлыс Шығыл, үш ұлыс Қазақ бар»(38)еді. Олар Іле өзені бойындағы қойлық қаласын Астана етті.

ІХ ғасырдың соңғы мезгілінен XIII ғасырдың алғашқы мезгіліне дейін, Iле алабын қамтыған Oрталық Aзияның едәуір жерін Яғма, Қарлық және Шығыл қатарлы тайпалар құрған Қараханилар хандығы басқарды. Қазақтың Үйсін, Қаңлы, Дулат, Түркеш, т.б. ру-тайпалары айтылған өңірлерге бытырай қоныстанды.

1132 жылдан 1212 жылға дейін, Іле алабын қамтыған Орталық Азияның едеуір жерін Яғма, Қарлық және Шығыл қатарлы тайпалар құрған Қараханилар хандығы басқарды. Қазақтың Үйсін, Қаңлы, Дулат, Түркеш, т.б. ру-тайпалары осы хандыққа қарасты болды. 1208 жылы Шыңғыс ханнан жеңілген Найман елінің Күшлік ханы Қарақытай хандығының билігін тартып алып, қазіргі бүкіл Шынжаң қамтылған ұлан-байтақ территорияда қазақ Найман хандығын құрды. Осы орайда моңғол сахарасынан қоныс аударған Керей, Найман, Уақ, Рағын, Қоңырат, Қыпшақ, Жалайыр, т.б. ру-тайпалар Алтай, Тарбағатай, Іле өңірін мекендеген Үйсін, Қаңлы, Түркеш, Дулат, Қарлық, Қаңлы, т.б. жергілікті ру-тайпалармен араласып, тоғысып кетеді.

ХІІІ ғасырда, Іледегі Алмалы қаласының жанындағы Аққояш қаласын орталық етіп құрылған Шағатай хандығына ежелден Іле алқабы мен Жетісу жерін мекендеп келе жатқан қазақтың Үйсін, Қаңлы, Қарлық, Дулат тайпалары және Моңғол үстіртінен қоныс аударып келген Арғын, Найман, Жалайыр, т.б. ру-тайпалар қарады.

1348 жылы Іледе Алмалы қаласын Астана етіп құрылған Моғұлыстан хандығы кезінде де қазақтың Доғлат (Дулат), Үйсін, Қаңлы, Арғын, т.б. ру-тайпалары хандықтың негізгі халқы болды. Дулаттар хандықтың әкімшілік, заң, дипломатия, т.б, маңызды жұмыстарына белсене араласты.

XV ғасырда бас көтерген жұңғарлар батысқа ірге кеңейтіп, 1665 жылы саяси орталығын Тарбағатайдағы Қобықсарыдан Іле алабындағы Текеске көшіріп, қазақтың бұл жердегі ру-тайпаларының ата-мекенін басып алып, оларды батысқа Қазақ хандығының орталық өңіріне қарай ығыстырып, қазақ – жұңғар арасындағы жүз жылға созылған соғыс өртін тұтандырды. Бірақ қазақ халқы озбырлыққа оңайшылықша бас иген емес. Қазақтың Тәуекел ханы (1680-1716 жылдары билік жүргізген) «билігінің соңғы кезеңінде Ілені өрлеп, Күнес пен Текес бойын жайлаған(39).

1757 сиыр жылы мамыр айында қазіргі Қазақыстан Республикасына қарасты Аякөз қаласының маңындағы Мамырсу бұлағының жағасында жұңғар-қазақтардың ендігәрі соғыспайтындығы жөнінде өткен бітім жиынынан кейін, Абылай хан қанжығалы Бөгембай бастаған елшілер үйірмесін Бейжіңге жіберіп, Чиянлұң патшаға: Тарбағатай қатарлы жерлер бұрынғы ата жұртымыз, мал бағатын жеріміз еді, ол жерді патша мейірімділікпен жарылқап бізге беруін өтінемін, – деп арнаулы хат жазды(40). «Қазақ ұлты Чиң патшалығы үкіметінің қосылуымен ежелгі мекені Алтай, Тарбағатай және Іле қатарлы жерлерге ілгерінді-кейінді көшіп барып қоныстанған»(41). Қазақтың Орта Жүзіндегі Керей, Уақ, т.б. ру-тайпалар Тарбағатай тауларын, Маңрақ, Жайсаң өңірлеріне барып ірге жайып, Ертіс өзенін өрлей Алтай таулы райондарына барып қоныстанады. Ал Орта Жүздегі Найманнан тараған Қаракерей, Дөртуіл, Матай, т.б. тайпаларға қарасты үлкенді-кішілі рулар мен Сама төре тұқымдары Алакөлден Еміл өзенін өрлеп Тоқта-Барлық, Майлы-Жайыр таулы аймақтарына дейін қоныстанып, Бұратала өңірі мен Ерентаудың салаларына дейін барып жетеді. Ұлы жүздің Албан, Суан ру-тайпалары Іле өзенінің алабын өрлей қоныстанады.

1762 жылы 10-айда (қазанда) Іледе «Іле қатарлы жерлерді бір-тұтас басқаратын Генарал мекемесі» құрылып, Тарбағатай, Іле өңірі тұтас соған қарайды. Ол жерде жасаған қазақтың ру-тайпалары үкіметке тапсыруға тиісті алым-салығын тапсырып, өзін-өзі елбасылар арқылы басқару жолымен Чиң патшалығы үкіметіне тәуелді болған.

Ұйғұр тарихшысы Еминжан Баһаууыдынов өзінің «Іле тайхы» деген кітабында: 1761 жылдары Іленің таусағаларында қызай атты қазақтар көшіп-қонып жүр еді», деп жазады.

1864-1865 жылдары Іледе Чиң үкіметінің феодалдық үстемдігіне қарсы қозғалған диқандар көтерілісі жеңіске жетіп, «Іле сұлтандығы» құрылды. Осы кезде Іле өңіріндегі қазақтар Іле сұлтандығына қарасты болған көрінеді. Ресейлік Фесениконың «Шынжаң тарихындағы дерекке қарағанда, Іле сұлтанына қалада тұратын 205 қазақ, ауылда тұратын 33 мың 623 қазақ, жиыны 33 мың 628 қазақ қарасты болған екен.

Ал, 1871 жылы патшалық Ресей үкіметі Ілені жаулап алғаннан кейін, Іледегі әр ұлт халықтарының жан саны жөнінде тексеру жүргізген. 1871-1877 жылдардағы мәлімет бойынша, Іле де 8 мың 833 түтін, 96 мың 24 қазақ бар екен. Яғни олар Іле өзенінің солтүстік жағына қоныстанған 2162 түтін, 9010 адамы бар Суандар, 1610 түтіні, 6458 адамы бар Қызайлар, 1409 түтіні, 5658 адамы бар Бәйжігіттер; Іле өзенінің оңтүстігін қоныстанған 1089 түтіні, 5009 адамы бар Айт-Бозымдар, 925 түтіні, 4743 адамы бар Қоңырбөріктер, 1638 түтіні, 5136 адамы бар Сегіз сарылар(42).

Бұл дерекке қарағанда, бұл кезде қазақтардың жан саны Іле сұлтандығы кезіндегіден салыстырмалы түрде азайған. Бұған сол кездегі диқандар көтерілісінің патшалық Ресейдің шапқыншылығы және оған қарсы соғыстың және жаратылыстық апаттың ықпалы себеп болған болу керек. Өйткені «1864 жылдардағы диқандар көтерілісі кезінде саржаға қазақтарының Қызай елі де бұл төңкеріске қатынасқан» екен(43).

1864 жылы Іле диқандары Баяндай қалашығына шабуыл жасағанда, көне Күредегі генарал мекемесінің 17 мың мәнзу әскері тойтарысқа аттанғанда, оған қосыла 300 атты сарбаз да соғысқа қатынасты(44).

Патшалық Ресейдің отаршылдары Ілені жаулап алардың алдында және жаулап алғаннан кейін, Іле өңірінде отырған қазақ ауылына әлде неше рет шабуылдап, бұлаңшылықпен айналысып, Қызай елінің 20 мың бастан астам малын бұлап кетеді. Бұл жөнінде отаршыл атаман Терентсиев: «Тараншылар сұлтаны Қызайларға шабуыл жасағанымызда наразылық білдірді. Оның үстіне қазақтардан біз тартып алған малдарын қайтарып беруді талап етті»(45) деп мойындайды. Демек, соғыс болады екен, қырылуда болады. Ал 1871-1881 жылдардағы Ресей отаршылдығына қарсы ұлт азаттық күресі барысында да қаншалаған қазақтың соғыста қырылғаны тарихтан белгілі.

Чиң патшалығы үкіметі 1882 жылы Ілені он жыл отарлап жатқан Ресей отаршылдарының қолынан қайтарып алды. Екі ел ортасында шекара келісімі жасалып, халықтың қайсы мемлекетке қарауы өз еркінде деген ұйғарымға сай, төрт ата Қызай елі және олар мен ұзақ заманадан бері тағдырлас болып келе жатқан Дөртуіл, Мұрын, Төре-Төленгіттер, Ұлы Жүз Албан, Суан, т.б. ру-тайпалар өз еркімен Қытай жақ шекарадағы ата мекенінде қалды. Іле генаралы орталық үкіметке мәлімдеу арқылы оларды бір тәйжілік(12) ақалақшылық, 12 мампаңдық (мампаң-ақалақшының орынбасары, көмекшісі), саны тұрақсыз зәңгілік мансап беріп, Іленің жер-жеріне аталар, рулар бойынша орналастырды(46). Содан бастап Іледегі қазақ ұлты олай-бұлай қоныс аудармай, малы мен басы тең өсіп, 100 жылдан астам уақыт ішінде (1883-1985) жан саны 365 мың 437 адамға жетіп, еліміздің батыс шекарасын ашуға, құруға және қорғауға ерекше ат салысып, орасан зор үлестер қосты(47).

Ұйғұр ұлты

«Іленің осызаманғы ұйғұр ұлты негізінен Чиң патшалығы үкіметі жұңғарларды тыныштандырғаннан кейін Чиянлұңның 25 жылы (1760) оңтүстік Шынжаңдағы Ақсу, Хотан, Құмыл, Тұрпан сықылды жерлерден жалғасты көшіп келгендер. Бұрын олар «тараншы деп аталған»(48).

«Чиң патшалығы жұңғарлармен соғысқан мезгілде және қаржы мәселесін шешу үшін Хан Уди патшадан (жыл санауымызға дейінгі 140 жылдан жыл санауымызға дейінгі 87 жылға дейін билік жүргізген) бергі тарихи дәуірлердегі үкіметтердің тәсілі бойынша, Шынжаңда тың игеруді жолға қойды»(49).

Оны жүзеге асыру үшін «тұңғыш рет Ілеге Ақсу, Үштұрпан, Сайрам, Бай, Күшар, Шаяр сықылды жерлердегі ұйғұрлардан 300 түтін, Қарашары, Корла сықылды жерлердегі ұйғұрлардан 200 түтін, жалпы 500 түтін көшірілді(50). Одан кейін «Чиң патшалығы үкіметі Яркен, Хотан, Құмыл, Тұрпан қатарлы жерлерден көптеген ұйғұр диқандарын жөткеп әкеліп, 100 түтінді бір ауыл етіп белгілеп, Іле өзенінің солтүстік алқабындағы райондарға орналастырып, тың жер ашуға бұйырды. 1768 жылға келгенде, Іле өңірінде тың жер ашатын ұйғұр диқандары 6 мың 383 түтінге жеткен(51). «Олардан 600 түтін Қайнұққа, 500 түтін Қасқа, 1100 түтін Борбосынға, 900 түтін Жырғалаңға, 400 түтін Тасөстеңге, 600 түтін Арөстеңге, 600 түтін Байтоғайға, 800 түтін Қонақайға, 500 түтін Дардамтұға жүздіктер бойынша орналастырылады»(52).

Шынжаңның басқа жерлеріндегі сияқты Іледегі әр ұлт халықының Чиң патшалығы үкіметінің феодалдық езгісіне қарсы 1864-1865 жылдары жүргізген күресі 1866 жылы наурыз айында жеңіске қол жеткізіп, ұйғұр халқы негіз етілген «Іле сұлтандығы» атты жергілікті акымият құрылады(53).

1871 жылы 22 маусымда, патшалық Ресей үкіметі тұтас Іле өңірін жаулап алып, 1881 жылға дейін он жылдық отарлық үстемдік жүргізді. Отаршылдар жаулап алған 1871 жылдан 1877 жылға дейін, Іледегі ұлттар және олардың жан саны, шаруашылық жағдайы, діни сенімі, ғұрып-әдеті, жалпы халықтың ауаны жөнінде тексеру жүргізеді. Сол кезде алынған санды мәліметке қарағанда, Іле сұлтандығына жиыны 30 мың 116 түтін, 132 мың 559 жан қараған екен. Мұның ішінде ұйғұрлардың түтін саны 15 мың 378 ге, жан саны 60 мың 151 адамға жеткен, бірақ патшалық Ресей отаршылдары 1882 жылғы Қытай-Ресей үкіметтерінің шекара жөнінде келісіміне сай Ілені Қытайға қайтарып бергенде, 1883 жылдың соңына дейін әртүрлі айла-тәсілді қолданып, ұйғұрлардан шамамен 9 мың 548 түтін, 45 мың 373 адамды, дүнгендер түтін ,4682 адамды көшіріп, қазақтардан 5 мың түтін, 20 мың адамды көшіріп Ресей шекарасына өткізіп кетеді. Көшірілген ұйғұрларды Верни (қазіргі Алматы) облысына қарасты 6 болысқа бөліп орналастырады. Мұның мән-жәйін жоғарыда айтқан едік. Кезегінде қайталай айта кеткеніміз жөн сияқты яғни мынадай:

Жәркент болысына 2479 түтін (5227 ер, 1362 әйел), жиыны 9489 адам;

Ақсу болысына 1234 түтін (3227 ер, 2707 әйел), жиыны 5933 адам;

Кетпен болысына 670 түтін (2137 ер, 1659 әйел), жиыны 3787 адам;

Малыбайға 1442 түтін (3931 ер, 3331 әйел), жиыны 7262 адам;

Қорамға 2285 түтін (7154 ер, 6150 әйел), жиыны 5598 адам. Осының салдарынан Іледе шамамен 5626 түтін, 14 мың 824 ұйғұр қалады.

Іле ұйғұр халқы тарихтың талай тасқайрағынан өтіп, Іле өңірінің қоғамдық дамуы мен көркейуіне зор үлес қосты, өздерінің малы мен басы өсіп, жүз жылдан астамырақ уақыт ішінде (1883-1985) жан саны көбейіп 146 мың 276 адамға жетті(54). Іледегі ұйғұр ұлты негізінен Құлжа ауданы мен Құлжа қаласына шоғырланған, өзге аудандарға бытырай қоныстанған.

Моңғол ұлты

Іле тарихындағы моңғол ұлты екі тарихи дәуірде екі бөлік болып, моңғол сахарасынан Ілеге келіп қоныстанған.

Олардың алғашқы бір бөлігі Шыңғыс хан батысқа жорық жасағанда Іле өңіріне келіп орналасқан моңғолдар, бұлар моңғол ішінде Шағатай жүйесіне жатады. Діни сенім жағынан лама дінінен шығып, ислам дініне кіріп түркилесіп, түрки тілдес халықтармен араласып, тоғысып, бара-бара соларға сіңісіп кеткендер. Екінші бір бөлігі, Гөби ышолының солтүстігіндегі уалалардың яғни ойраттардың ұрпақтары. Олардың ата-бабалары Мин патшалығының (1368-1644) соңғы кезінде Тәңір тауының солтүстігіне келіп қоныстанған жұңғар, хошұт, дорбыт, торғауыт қатарлы төрт тайпадан құралған моңғолдар еді.

Іледегі қазіргі моңғолдар негізінен Чиң патшалығы (1644-1911) кезінде әскери қажеттілік үшін ұйымдастырылған моңғол батальонындағы моңғолдардың ұрым-бұтағы.

1760 жылы бұрын Ілеге қоныстанған ойраттар оң қанат немесе төменгі 5 хошұн етіп ұйымдастырылды да, оған 14 сұмын қарады. Олар Қас, Күнес, Текес, Моңғұлкүре өңірлеріне орналастырылды да, негізінен қорғаныс жұмыстарына міндетті болып, қосымша мал бағумен айналысты. 1891 жылы Чиң үкіметі төменгі 5 хошұнды 10 сұмынға өзгертіп құрып, Күнес, Қас өзендерінің бас алабын қорғауға орналастырды. Қазіргі Нылқы секілді жерлердегі моңғолдар солардың ұрпағы.

1765 жылы Чиң үкіметі сол кездегі Рехідан Таштаба деген адамның қарастылығындағы 500 түтінді Ілеге көшіріп әкеліп, сол қанат яғни жоғары хошұн етіп ұйымдастырып, қазіргі Моңғұлкүре мен бұрынғы Кеңес Одағының қарастылығындағы Нарын өзені шебін қорғауға орналастырды. Тұңжы патша билік жүргізген кезде 1862-1874 ж.) патшалық Ресей бұл өңірге әлде неше рет шабуыл жасап, елдің берекесін қашырып, тоз-тозын шығарды. Чиң патшалығы үкіметі 1891 жылы ол жердегі моңғолдарды қайтадан жоғарғы 3 хұшұн, 6 сұмын етіп ұйымдастырды. Моңғұлкүредегі қазіргі моңғолдар осылардың ұрпағы.

Чиң үкіметі Чиянлұңның 36 жылы (1771) Волга өзенінің алабынан отан құшағына оралған торғауттардың 200 түтін шабынұр руын төменгі хошұнның жеріне орналастырған болатын. 1772 жылы олардың түтін саны көбейіп 867 түтінге жеткендіктен, оларды 4 хошұн шабынұр батальоны етіп ұйымдастырып, төменгі 5 хұшұнның басқаруына қаратты. Гуаңшұй патшаның заманында (1875-1908 ж.), оларды тағы жоғарғы 3 хошұнның басқаруына қаратты. Кейін олар 4 сұмын деп аталып, қазіргі Текес,

Тоғызтарау секілді жерлерге қоныстанады.

Іле моңғолдары тарихта толассыз жүргізілген соғыс ауыртпалықтарын арқалап, оба ауыруының тақсыретін әбден тартып, азып-тозғандықтан жан санының табиғи көбеюі өте баяу болды. Жазба деректерде жазылуынша, Чиянлұң патшаның заманында (1736-1795 ж.) Іле моңғолдарының жан саны 24 мың адам болса, Мынгоның 33 жылы (1944 ж.) сол баяғы 24 мың адамдық қалпын, 1985 жылы да сол 24 мың адамдық қалпын сақтаған.

Іле моңғолдары Нылқы, Текес, Моңғұлкүре қатарлы аудандарға бытырай қоныстанған. Нылқы ауданында Кокқортқыр моңғұл ұлттық ауылы, Моңғұлкүре ауданында Шағансу, Хосұңтұхарсұн моңғұл ұлттық ауылдары, Текес ауданында Құжырты моңғұл ұлттық ауылы бар.

Дүнген (хұйзу) ұлты

Еліміздегі дүңген ұлтының арғы ата-бабалары –  еліміздің Таң (618-907 ж.), Сұң (960-1127 ж.) патшалықтары кезінде, еліміздің шығыс – оңтүстік теңіз жағалауларына келіп сауда-сатықпен шұғылданған арабтық, персиялық мұсұлмандармен моңғол Юань патшалығы (1271-1368) кезінде Орта Азия және Батыс Азиядан шығысқа көшірілген мұсұлмандар. Бұлардың басым көпшілігі әскерлермен әртүрлі өнер иелері. Олар соғыстан кейін жер-жерге егін егуге, шекара қорғауға жіберіліп, бара-бара диқан болып кеткен. Теңіз жағалауларына келген саудагерлер мен шығысқа көшірілген әскерлер, түрлі өнер иелері өздері сенген діні және оның мәдениеті арқылы өзара араласып, басқалармен табысып, бір-бірімен үйленіп, өндірістік еңбекпен қатар шұғылданып, бара-бара бірі-біріне сіңісіп кетеді. Өз тілдерін, жазуын жойып, ханзу тілі мен жазуын қабылдап, біртелеп бір тұлғалы хұйзу ұлты болып қалыптасқан(55).

Ал, Іле дүңгендері, негізінен Чиң патшалығы Чиянлұң патша кезінде Санши, Гансу, Ниңшия, Чиңхай секілді жерлерден көшіп келген. Бұлардан сырт, тағы Гоминдаң үкіметі билік жүргізіп тұрған кезде батыс-терістіктен, Шынжаңның басқа жерлерінен, тіпті бұрынғы Кеңес Одағынан көшіп келген дүңгендерде бар.

Іледегі дүңгендердің жан саны 16 мың 900 адам (1985 жылғы санақ). Іле дүңгендері Іледегі барлық аудандарға бытырай, қала-қалашықтарға шоғырлана қоныстанған.

Қазір Құлжа ауданында Үшон дүңген ұлттық ауылы, Қорғас ауданында Сангұң дүңген ұлттық ауылы және Шапшал сібе автономиялы ауданында Милияңчуан дүңген ұлттық ауылы бар.

Сібе ұлты

Іле сібелері – еліміз сібе ұлтының Ілеге қоныстанған бір бөлімі. Олардың арғы тегі – ерте заманда еліміздің Шығыс терістігіндегі үлкен Хынган тауларын, Нужияң өзенінің батыс жағалауын, сондай-ақ Жорхы, Яуырхы өзендерінің алқаптарын қимыл орталығы етіп өніп-өскен сианпилер.

«1764 жылы (Чиянлұңның 29 жылы) Чиң патшалығы Шығыс-терістіктегі Чыңжыңнан (қазіргі Чыняң) сібелердің сардарлары мен сарбаздарынан 1016 адамды (бала-шағаларын қосқанда жиыны 3164 адам, тағы бір деректе 4030 адам делінген) Іле өзенінің оңтүстігіндегі Шапшал тауы (бұрынғы және қазіргі Үйсін тауы) баурайына қорғаныс міндетін өтеуге әрі тың жер ашып, егіншілік өндірісімен шұғылдануға әкелді»(56).

1766 жылы көктемде, Іле генаралы Мин рұй сібелердің жалпы жан саны сегіз жалаулы қосын құруға толмайтындықтан, оларды сегіз жалаулы қосынның бастауыш бірлігі бойынша 8 нируға (сұмынға) бөліп, әскери, әкімшілік, өндіріс жақтан бір тұлғаланған сібе батальоны етіп құрады, әрі оларды батыстан шығысқа қарай Іле өзенінің оңтүстік жағалауына орналастырады.

Жиячиң патша заманында (1769-1920 жылдары) Қорғас қатарлы жерлерде қорғаныс міндетін өтеп жатқан Солон батальонындағылардың адам саны оба ауыруы салдарынан азайып кеткендіктен, Даугуаң патша уағында (1821-1850 жылдары) 500 де 600 сібе сарбазын жөткеп, олардың орнын толықтады. Қазіргі Қорғас ауданындағы сібелер осылардың ұрпағы. Бұлардың бір бөлімі патшалық Ресей Ілені жаулап алған кезде Тарбағатайға қоныс аударып кетті. 1952 жылы осы Қорғаста мемлекет бойынша тұңғыш ұлттық ауыл болып – Ишығашан сібе ұлттық ауылы құрылды. Гуаңшұй патша кезінде (1875-1908 ж.) ханзу батальонның әскери қуаты әлсірегендіктен, сібе батальонынан әскер шығарып оны толықтап, жаңа Манзу батальоны етіп құрды. Оларды 1895 жылы қазіргі Тоғызтарау ауданына жөткеп, кезекпен тың игеруге орналастырды. Қазіргі Тоғызтарау ауданындағы сібелер міне осы кезде барып қоныстанғандар. Минго үкіметі құрылғанда жаңа Манзу батальоны ыдырады да, олардың біраз бөлімі Нылқының Қарасу деген жеріне барып егін егіп, өз жандарын өзі бақты.

Әсілі сібелердің сардарлары мен сарбаздарын көшіріп келгенде, Чиянлұң патша қорғаныс міндеті мен тың игеру міндетін өтегендерге 60 жылдан кейін атамекеніне қайтуына болады деген екен. Бірақ олар Іле жеріне бауыр басып қалғандықтан, атамекендеріне қайтпай жалғасты осы жерді мекен тұтып, Іленің шекара қорғанысының күшейе түсуіне, ауыл шаруашылық өндірісінің дамуына орасан зор үлес қосты. Қоғамның орнықтылығына, тұрмыстық шарт-жағдайдың жақсаруына байланысты, олардың жан саны тез өсіп ,1986 жылы 26 мың 160 адамға жетты.

Қырғыз ұлты

Қырғыздардың ата-бабалары алғашында Гоби құмдығының солтүстігін қоныстанып, кезіндегі Ғұн, Сиянпи, Түрік секілді күшті ұлыстардың қол астына қарап келген. Олар кейін келе дербестік алып, еңсе көтеріп, өз алдына Қырғыз хандығын құрған. 840 жылы Ұйғұр хандығына шабуыл жасап, хандықтың быт-шытын шығарды да, солтүстік өңірдегі мығым ұлысқа айналады. Одан соң сол өңірдегі Кідандар күшейіп, Лияу патшалығын құрған кезде (960-1126 жылдары), соның қол астына қарайды. Моңғолдар құрған Юань патшалығы кезінде (1271-1368 ж.) олар (қырғыздар) негізінен Енесай өзенінің жоғары ағарына қоныстанып, моңғолдарға бағынышты болып тұрады. 1703 жылы жұңғарлар Енесай өзені бойындағы қырғыздарды Ыстықкөл өңірі мен Тәңір тау баурайына көшіреді(57). Айтуларға қарағанда, Чиң патшалығы кезінде қырғыздар жұңғарлар жағынан бұйраттар (асқартау тұрғындары мағынасында) деп аталады.

Қырғыздар Тәңір тауын шекара етіп, солтүстіктегілері Шығыс бұйраттар, оңтүстіктегілері Батыс бұйраттар деп аталады. 1757-1758 жылдары Шығыс бұйраттардың саяқ, сарбағыш тайпаларының манаптары мен Батыс бұйраттардың етегене қатарлы 15 ру-тайпаларының манаптары 200 мың адамды бастап Чиң патшалығына ел болып, Іленің Батыс оңтүстігіндегі Ыстықкөлдің айналасы мен басқа жерлерге орналастырылады(58).

Іле қырғыздары патшалық Ресей отаршылдары Іленің батыс оңтүстігіндегі қазақтардың, бұйраттардың ұлан-байтақ териториясын жаулап алған соң, 1883 жылдың алды-артында Ілеге қоныс аударып келгендер. Алғашында оларды өз ішінен зәңгілер тағайындау арқылы, Іле генаралының өзі тікелей басқарған.

Іледегі қырғыздар негізінен Текес ауданындағы Көктерек өңірі мен Моңғұлкүре ауданының шаты өңіріне қоныстанған. 1953 жылы Текес ауданында Көктерек қырғыз ұлттық ауылы, 1954 жылы Моңғұлкүре ауданында алғашында Шаты район дәрежелі қырғыз автономиялы орны құрылып, кейін ұлттық ауылға өзгертілді. Іледегі қырғыздардың жалпы саны 11 мың 278 адам (1985 жыл).

Орыс ұлты

Іле орыстарының Ілеге келіп орналасуы нақты тарихи жағдайларға байланысты болған. Бірі – олар Ілеге ең алғаш патшалық Ресей 1871 жылы Ілені жаулап алып, 10 жыл үстемдік еткен кездерде келген. Орыстар жаулап алған жерінде ерекше ұқықтан игіліктеніп жер иеленіп, қыстақтарға ұйысып саудамен, өндірістің әр саласымен шұғылданып, бара-бара бауыр басып, өніп-өсіп тұрақтап қалған. енді бірі – Ресейдегі ‹‹Қазан төңкерісі›› кезінде қызыл армиядан жеңілген ақтар армиясы, орыс босқындары. Мысалы, казак орыс атаманы Дутов бастаған неше жүздеген ақтар армиясы Ілеге қашып өтіп, қазіргі Сүйдің қалашығына орналасады. 1921 жылы ол өлген соң, оның қарауындағылар жер-жерге бытырай қоныстанып, өз жанын өзі бағатын жай бұқараға айналады. Одан басқа Аланков, Бәкіш, Сидров қатарлылар да әскерімен қашып өтіп, Ілеге орналасады. Тағы бірі, Кеңес Одағындағы колхоздастыру науқаны кезінде қысымға шыдамай, бала-шағасымен Ресейден Ілеге қашып өтіп орналасқандар. Одан қалса, 1931-1938 жылдары шетелде тұратын Қытайдың азаматтары мен Шығыс терістікте тұратын әскерлер бұрынғы Кеңес Одағының жері арқылы ілеге келеді. Сол орайда олардың бір талабы орыс қыздарымен тұрмыстанып, семиялы болып келеді. Олар Моңғұлкүре, Текес, Тоғызтарау, Нылқы, Қорғас секілді жерлер мен Құлжа қаласына орналасады. Ауыл-қыстаққа барғандары озара бас қосып, шағын қыстақ болып отырақтасады. Айталық, Тоғызтарау ауданындағы Мұқыр, Қорғас ауданындағы Дашигу сияқты орыс «мәлілері», «посолкелері», қалаларда орыс көшелері, киноханалары, орыс мектептері, т.б. лар барлыққа келеді.

1951 жылғы санаққа қарағанда, Іледегі орыстардың жан саны 11 мың адамға жеткен, бұлардың 6 мыңнан астамы Құлжа қаласында тұрған. 1950 жылдардың соңынан 60-жылдардың бас шенін ала бір бөлім орыстар бұрынғы Кеңес Одағына көшіп кетсе, енді бір бөлім орыстар Австраля мен Канадаға қоныс аударып кетеді.

1985 жылғы санақ бойынша, Іледегі орыстардың жан саны 447 адам.

Манзу (манжур) ұлты

Іле манзулары – Чиянлұұң патша заманында әскери міндет өтеу үшін Ілеге келген сардар-сарбаздар және олардың бала-шағалары.

1755 жылы Іледегі жұңғар бүлікшілерінің бүлігі тыныштандырылғаннан кейін, оған қатынасқан сардарлар мен сарбаздар алғашында үш жылда бір рет ауысып тұратын болып, Ілені қорғау міндетіне орналастырылады. 1772 жылдың алды-артында олардың қорғаныс міндетін семиялы бола тұрып өтеуіне жол қойылады. Ол кезде олардың жан саны 10 мыңнан астам адам болып, негізінен Хұйюан (Күре) мен Хұйниң қалаларында тұрып міндет өтейді.

Чиң патшалығы кезінде Іледегі манзулар сегіз жалаулы әскери түзім бойынша ұйымдастырылып, әскери міндет өтеп, ерекше тиімділіктерден игіліктенді. Жия Чиң патша кезінен (1796-1820 ж.) бастап хошұндарға ұйымдастырылып, тың игеруге қатынастырылды. 1871 жылы Іледегі диқандар көтерілісі кезінде манзулар тұрған қалалар көтерілісшілер жағынан алынған кезде, адамнан көп шығын болды. Бірқаншалаған адамдар жан-жаққа қашып кетті. 1881 жылы Іленің жер-жеріндегі манзуларды бір жерге жинағанда, жиналғандардың саны әрең 2 мыңнан астам адамға жеткен. 1890 жылы оларды қайтадан 8 хошұнға ұйымдастырып, көне манзу батальоны деп атап, күрені қорғауға орналастырылады. Міне, осылар іледегі қазіргі манзулардың алғашқы аға буындары есептеледі. 1905 жылы көне манзу батальонын Тоғызтарауда тың игеруге орналастырады. Кейінгі кезде олардың бір бөлімі сол жерде тұрақтап қалады да, Тоғызтараудың қазіргі манзуларын қалыптастырды. Енді бір бөлімдері қазіргі Күнес ауданына барып қоныстанады. Күредегі көне Күре, манзу батальоны Мингоның алғашқы жылдары таратылды. Олардың көп бөлімі Құлжа қаласының солтүстігіне шоғырлана қоныстанып, басқа ұлттармен араласып жасайды. Көбі ханзулармен құда-андалы болып, бара-бара сіңісіп кетті. Олардың кейбіреуі өзінің қайсы ұлт екендігін енді-енді айтатын болды.

1985 жылғы санақ бойынша, Іледегі манзулардың жан саны 1889 адам болып, олар негізінен Құлжа қаласы мен Құлжа, Тоғызтарау, Қорғас, Күнес аудандарына және басқа да ішінара жерлерге бытырай қоныстанған.

Ханзу (қытай) ұлты

Жазба деректерге негізделгенімізде, ханзулардың Ілеге алғаш келіп қоныстануы ертедегі Хан патшалығы дәуірінен (жыл санауымызға дейінгі 206 жылдан жыл санауымыздың 220 жылына дейін билік жүргізген) басталады. Жыл санауымызға дейінгі 108 жылы Хан Уди патша Жияңду деген жердің төресі Лю Жиянның қызы Шижұнды хан ордасының ханышасы деген мәртебемен Іледегі Үйсін елінің Елсау Күнбиіне ұзатқанда «мал-мүлік басқарушылар, күтуші орда мансаптылары, қорғаушы нөкерлер болып, бір неше жүз адам қоса жіберіледі»(59). Шижұн ханыша қайтыс болғаннан кейін, екі елдің құдандалық қатынасын үзгісі келмеген Хан Уди патша жыл санауымызға дейінгі 102-101 жылдары өз ұрқынан Чу төресінің немере қызы Жиею ханышаны Үйсіннің Жүнши биіне ханымдыққа ұзатып бергенде, ханыша мен ілесіп келген ханзуларда аз болмаған. Осыдан кейін, «Ұлы жібек жолымен» сауда жасай келген, жаратылыстық апаттар мен соғыс зардабынан жан сауғалай келген, әскери жорықтарға қатынасып, жолшыбай қалып қалған, қылмыстық жазаға тартылып жер аударылған, тың игеруге жөткелген ханзулар әр дәуір, әр мезгілде Іле өңіріне қоныстанған. Мысалы, ХІІІ ғасырда Шыңғыс ханның Орта Азияға жасаған әскери жорығына ілесіп Ілеге келген Чуечужи Алмалы қаласынан басқа ұлттармен аралас жасаған жай ханзу бұқараларын, бұтханадан ханзу монахтарын, Талқы асуында күзетте тұрған ханзу сарбаздарын көргендігін сапар естелігінде жазып қалдырған. Чиң патшалығы Чиянлұң патшаның тұсында, Іле бүкіл Шынжаңның әскери-әкімшілік орталығына айналды. Міне осы кезде ханзулар әскерлерге ілесіп және басқа жолдармен Ілеге көптеп келді. Чиң патшалығы кезіндегі санды мәліметке қарағанда іледегі 9 қалашықта тұратын Чиң патшалығы үкіметінің сардар-сарбаздарының саны 15 мың адамға жеткен. Соңғы кезде ханзулардан ұйымдастырылған жасыл жалаулы жасақтардың қатын-баласын өзімен бірге ала жүруге рұқсат еткенде, ханзулар жан санының көбеюі тездей түседі. 1944 жылғы мәліметке қарағанда, Іледегі ханзулардың жан саны 25 мың адамнан асқан. Одан соң, Ілеге партия, үкімет органдарына қызметке бөлінген кадрлар олардың бала-шағалары, техниктер, әскери қосыннан босағандар, шекара районға көмектесуге Шаңхай, Тианжиннен зиялы жастар, Жияңсу, Сычуан, Хунан, Хуби өлкелерінен жай бұқаралар келіп орналасты. 1986 жылғы санды мәлімет бойынша, Іледегі ханзулардың жан саны 541 мың 867 мың адамға жетіп, Іледегі қала-қалашық, аудан, ауыл-қыстақтарға түгел қоныстанған .

Өзбек ұлты

Іледегі өзбек ұлты негізінен Орта Азиядан қоныс аударып келіп қоныстанған өзбектерден құралған. Чиң патшалығы кезінде, Орта Азиядағы өзбектер Шынжаңға, өте-мөте Ілеге сауда жасай келіп, бара-бара осы өңірлерге орнығып қалады. Ол кезде олар, көбінше, өзбек деген ұлт атымен емес, «анжандықтар», «қоқандықтар» деп жер атымен аталатын. Олардан қалса, бір бөлім қолөнер кәсіпкерлер, зиялылар, діни кәсіпкерлер, сондай-ақ егінші, малшыларда келіп қоныстанған. соңғы кездерде жаратылыстық апатқа ұшыраған, дүниежүзілік 2-соғыстың азабын арқалаған бір бөлім өзбектер туыстарын, жерлестерін паналап Ілеге келіп қоныстанды. Аралықта әртүрлі себептерге байланысты олардың бір бөлімі Шынжаңның басқа жерлеріне, немесе басқа мемлекеттерге қоныс аударды. 1986 жылғы санды мәлімет бойынша, Іледегі өзбектердің жан саны 3817 адам.

Дағұр ұлты

Дағұрлар тегінде еліміздің Шығыс терістігіндегі үлкен Хнган таулы өңірінде жасайтын ұлт болатын. ХІ ғасырдың орта шенінен бұрын олар Хыйлұңжияң өзенінің орта және төменгі ағарының сол жағалауын қоныстанды. Чиң патшалығының алғашқы кезінде ол өңірдегі евенкі, елұнчұн тайпаларымен араласып қоныстанғандықтан, «солон тайпасы» деп аталып кетеді. Тек жаңа Қытай билігі құрылғаннан соң ғана орталық үкімет сол ұлт халықтарының тілегіне сай, «дағұр» деген ұлт атын қалпына келтірді.

Іле дағұрлары ең алғаш 1763 жылы Шынжаңның шекара қорғанысын күшейту үшін Хыйлұңжияңнан Ілеге жөткеп әкелген 1000 кісілік Солон батальонының құрамында келген, ондағы дағұрлар қазіргі Қорғас өзенінің жағалауына орналастырылып, Іле генаралының бір тұтас басшылығында, бір жағынан, шекара қорғауға жауапты болды, енді бір жағынан, егін, мал шаруашылығымен шұғылданды. Ол кездегі Солон батальоны оң, сол екі қанатқа бөлінді. Сол қанаты 4 хошонды соландар, оң қанаты 4 хошонды дағұрлардан құрам тапты.

1889 жылы Чиң патшалығы үкіметі Батыс-терістіктің шекара қорғанысын күшейту үшін Тарбағатайда жаңа бір қала салуды жоспарлап, Іледен 300 де 400 дағұр отбасын Тарбағатайға көшіріп әкетті. 1891 жылы жаңа қала салынып біткен соң, сол жаңа қаланың тұрғыны болып дағұрлар сол орында тұрып қалды.

1895 жылы Тарбағатайда жаңа Манзу батальоны құрылғанда, дағұрлар соған енгізілді де, негізінен әскери қарауылдарға қарауға, шекара қауіпсіздігін қорғауға міндетті болды. 1909 жылы қаладағы дағұрлар қаланың шығыс-терыстыгыне қарай жылжып қоныстанды. Доңыз жылғы төңкерістен соң (1911 ж) жаңа Манзу батальоны тарқатылып, егін шаруашылығына қарай ойыстырылды да, жан басына қарай егістік жер бөліп берілді. Содан бастап олар там үй құрылысын салып отырақтасып, егін шаруашылығы өндірісімен шұғылданды, ал Іледе қалған және кейінгі кезде басқа жерлерден келген дағұрлардың жан саны 1986 жылғы санақ бойынша 361 адамға жеткен.

Татар ұлты

Іле татарлары негізінен ХІХ ғасырдың 20-30 жылдары және одан кейінгі кездерде Ресейдегі Қазан, Жайсаң қатарлы жерлерден қоныс аударып келген. Олардың кейбіреуі патшалық Ресей үкіметінің ауыр алым-салығынан және әскери міндет өтеу ауыртпалығынан бой тасалап келсе, енді біреулері сауда-саттық жұмысымен келген. 1986 жылғы санақ бойынша, Іледегі татарлардың жан саны 705 адам.

Жоғарыдағы ұлттардан басқа Іледе тағы 105 тәжік болған.

1986-жылғы санды мәліметке қарағанда, іледегі ұлттардың қатары көбейіп 34 ке жеткен. Қазір одан да көп болуы мүмкін.

Пайдаланған әдебиеттер:

36. Су Бейхай: ‹‹Батыс өңірдің тарих-жағрапиясы››, Шынжаң университеті баспасы, 1988 жыл, ханзуша 370-бет.

37. Су Бейхай: ‹‹Қазақ ұлтының Қытай тарихы және дүние тарихындағы маңызды рөлі››, ‹‹Іле педагогика институты ғылыми журналының›› 1992 жылғы 2-саны.

38. Нығымет Мыңжанұлы: ‹‹Қазақтың қысқаша тарихы››, Шынжаң халық баспасы, Үрімжі, 1987 жыл, 18-бет.

39. Мұхтар Мағауин: «Қазақ тарихының әліппесі», Шынжаң халық баспасы, Үрімжі, 1999 жыл, 46-бет.

40. «Чиң Гаузұң орда естелігі», 613-том, 12-бет.

41.«Шынжаңның жергілікті тарихы», Шынжаң университеті баспасы, Үрімжі, 1992-жыл, 340-бет.

42. Пантосоп: «1871-1877 жылдардағы Құлжа өңірі туралы мәліметтер››.

43. Молла Былал: «Ғзат дрмілік чин».

44. Еминжан Баһаууыднов: «Іле тарихы», ұйғұрша май баспа нұсқасы, 68-бет.

45.Терентиев: «Орта Азияны бойсұндыру тарихы», 1906 жыл, Петрбург, 2-том, 12-бет.

46.Жаң Дажұн: "Шынжаңдағы дауылды 70 жыл» (ханзуша), 675-бет.

47.«Іле аймағындағы аудан, қала-қалашықтардың жалпы ахуалы» (Іле аймақтық жергілікті шежіре жазу комитеті құрастырған ішкі материал),1986-жыл, 7-бет.

48.«Іле көркі», Шынжаң халық баспасы, 1990-жыл, ханзуша 339-бет.

49.«Шынжаңның қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, Үрімжі, 1983 жыл, 1-кітап, 503-бет .

50.Жоғарғы кітап, 504-бет.

51.«Шынжаңның жергілікті тарихы», май баспа (ұйғұрша) нұсқасы 29,- 30-беттер.

52.«Шынжаңның жергілікті тарихы», Шынжаң университеті баспасы, 1992-жыл, 442-бет.

53.«Қазақстан орталық архивы», 64-пунд, 60-бет.

54.«Іле аймағының аудан, қала-қалашықтарының жалпы ахуалы», (Іле аймақтық жергілікті шежіре жазу комитеті құрастырған ішкі материал), 1986 жыл, 8-бет.

55.Матұң: «Қытайдың батыс терістігіндегі ислам дінінің басты ерекшеліктері», Ланжу университеті баспасы, 1990 жыл, Ланжу, ханзуша басылымы, 60- 61-беттер.

56.«Шынжаңның қысқаша тарихы», Шынжаңның халық баспасы ,1983 жыл, 508-бет.

57.жоғарғы кітап, 413-бет.

58.«Іле көркі», Шынжаң халық баспасы, 1990 жыл ханзуша 347-бет.

59.«Ханнама. үйсін тарауы.

Жақып Жүнісұлы, ҚХР тарих ғылымының аға зерттеушісі, профессор.

«Шынжаң қоғамдық ғылымдар минбесі» (№3 сан, 2007 ж.) журналынан аударып дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395