Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Билік 1613 0 пікір 28 Наурыз, 2024 сағат 12:49

Мәжілісте лудоманиямен күрес туралы заң жобасы таныстырылды

Фото С.Майлыбаев

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері туралы, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізу туралы заң жобаларының таныстырылымы өтті.

Жиынға Ұлттық Құрылтайдың, Президент жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Фото С.Майлыбаев

– Бұл заңды бір жарым жыл күттік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құмар ойындарға тәуелділік мәселесіне бірнеше рет назар аударған болатын. Осы мәселе Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да қаралды. Депутаттар көптеген депутаттық сауал жолдап, арнайы жиындар ұйымдастырды. Жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерін шақырып, тыңдау да өткіздік. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатымен бұл түзетулерге Мәжілістегі барлық фракция өкілдері бастамашы болып отыр, – деді жұмыс тобының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.

Депутат Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы нашақорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдықпен қатар құмар ойынға тәуелділікті қоғамның ең қауіпті бес әлеуметтік мәселесінің бірі деп атағанына назар аударды. Сондықтан Мемлекет басшысы лудоманиямен күрес жөніндегі заң жобасын осы сессияның соңына дейін қабылдау қажеттігін нақты тапсырғанын еске салды.

Фото С.Майлыбаев

Сондай-ақ Елнұр Бейсенбаев түзетулер Президент жанындағы Жастар кеңесінің өкілдерімен, Ұлттық Құрылтай мүшелерімен, қоғам белсенділерімен және сарапшылармен талқыланғанын атап өтті.

Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, бүгінде лудомания мәселесі ұлттық қауіпке айналып отыр. Деректерге сүйенсек, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенттері, бұл үлкен қала тұрғындары санымен тең. Ал олардың миллиондаған жақыны мен туыстары құмар ойындардан зардап шегеді. Онлайн режимде қол жетімді болғандықтан алғашқы ставкалар мектеп қабырғасынан басталады.

Фото С.Майлыбаев

Статистика бойынша он ерлі-зайыптының жетеуі құмар ойындарының кесірінен ажырасады. Былтыр Қазақстанда 3676 адам өз-өзіне қол жұмсаған, оның әрбір бесіншісінің себебі – лудомания.

– Букмекерлік кеңселер жарнамаға қомақты қаржы жұмсайды. Телеарналар, ресми интернет ресурстары, Youtube, Tik-Tok, Instagram, Telegram сияқты әлеуметтік желілер букмекерлік кеңселердің жарнамасына толы. Сонымен қатар кейбір қоғамдық пікір көшбасшылары, танымал блогерлер, медиа жұлдыздар да бұл зиянды құбылысты жарнамалап жүр. Бірақ қоғам, керісінше, ең алдымен жастарды бұзатын бұл әлеуметтік қауіпке қарсы жұмыла әрекет етуі керек. Жеңіл ақшаға құмарлық емес, адал еңбек қана жақсылық әкелетінін өскелең ұрпақтың санасына құйып, дұрыс құндылықтармен тәрбиелеуіміз керек, – деді Е.Бейсенбаев.

Жоба аясында 2 кодекс пен 7 заңға 50-ден астам түзету енгізілді.

Фото С.Майлыбаев

Заң жобасында не қамтылған?

Атап айтқанда, ойын бизнесіне қатысушыларды оның жағымсыз салдары, тәуекелдері мен зияны туралы міндетті түрде хабардар ету, сондай-ақ мәліметтері борышкерлер тізілімінде бар жеке тұлғалардың ойынға қатысуына тыйым салу туралы міндетті ақпарат енгізіледі. Құмар ойындарға камелет жасқа толмаған және құмар ойындарға қатысуы шектелген адамдарды тартқаны үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жазалар белгіленеді. Букмекерлік кеңселер мен лотереяларға арналған жарнаманы орналастыру мен таратуға қойылатын талаптар күшейтіледі.

Сонымен қатар лоторея терминалдарын елге әкелуге және тұрғын үйлерге, дүкендерге, медициналық және білім беру ұйымдарына орнатуға тыйым салынады. Құмар ойындарға қатысу жасы 25 жасқа дейін ұлғайтылады. Ойын бизнесін ұйымдастырушылар енді өздерінің ақпараттық және қаржылық жүйелерін мемлекеттік кірістер органдарының аппараттық жүйелерімен біріктіруге міндетті болады. Осылайша, барлық қаржылық операция мемлекетке көрініп отырады.

Сондай-ақ отырыс барысында депутаттар ойынға тәуелді адамдарды оңалту, арнайы емдеу мекемелерін лицензиялау және қаржыландыру, ойынға тәуелді адамдарға несие беруге тыйым салу және басқа да мәселелерді көтерді.

Қорытындылай келе жиынға қатысушылар құмар ойынға тәуелділік мәселелерін шешу кешенді тәсілді қажет ететінін,  оның салдарымен емес, себептерімен күресу керектігін атап өтті. Жасөспірімдер мен жастарға нашақорлық қаупін түсіндіре отырып, профилактикалық және ағарту жұмыстарын күшейту маңызды.

Фото С.Майлыбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019