Еркіндіктің жауы көп. Соның ең қауіптісі – қорқақтық!
Қазақтықтың бір аты – еркіндік!
***
Еркіндіктің жауы көп. Соның ең қауіптісі – қорқақтық.
***
Еркін болудың бір шарты – жағымпаз болмау, тағы бір шарты – өзіңді дін-сіннен аулақ ұстау.
***
Тәрбиенің ең баяндысы – баланы сәби шағынан еркіндікке тәрбиелеу.
***
Еркін халықта ғана ұлттық мінез болмақ, ұлттық мінезі жоқ халықта – ұлттық сана болмақ емес.
***
Қоғамға еркін ой айтып, батыл пікір білдіре алмайтын талантты адам неше жерден талантты болса да – талантты емес.
***
Халқыңның дүниетанымын, салт-дәстүрін, моральдық-этикалық нормаларын білмей тұрып, өзіңді еркін адам санау – бекершілік.
***
Еркіндік – халық әнін шырқаудан, құлдық – молданың уағызына ұйудан басталады.
***
Еркін адам – құл ұстамайды.
***
Интеллигенциясы, ақын-жазушысы жалтақ елдің: билігі өктем һәм жемқор, халқы – құл, жақсысы – қор, ғалымы – кедей боп өтпек.
***
Билікпен ауыз жаласып алған жазушыны – жазушы демей-ақ қой, ақынды – тіпті.
***
Билікке салсаң – еркін ой кешудің өзі қылмыс, діншілдерге салсаң – қиялдаудың өзі күнәкарлық
***
Молданың уағызына ұйыған күні – құл болдым дей бер.
***
Қазақ даласын жаулаған орыс отаршылдарының екі қуатты қаруы болды, бірі – зеңбірек, бірі – указной молда.
***
Орыс отаршылдығынан қалған ең ауыр дерт – түпсанада қалып қойған ұлттық үрей.
***
Үрейге бой алдырған ұлт "қорықпаңдар!" дейтін көсем күтумен жүреді.
***
Еркін болу – қиын. Құл болу – оңай.
Біріншісіне – күрес керек, екіншісіне – бағынсаң болды.
***
Егер, еркіндік атты дін дүниеге келер болса, билеушілер оны әкелген нәбиімен қоса құртып жіберген болар еді.
Сондықтан билеушілерге адал қызмет еткен діндер ғана дін-аман келе жатыр.
***
Билік пен дін бірауыз. Тобырлық мәдениетпен қосауыз. Бейбіт күнде бұл ауыздар ел дәулетін қарбыта жеуден еш босамайды. Ал халық толқып, теңдік сұраса – дереу мылтыққа айнала қояды. Оны Қаңтарда көрдік.
***
Еркіндік, әділдік, теңдік туралы билік ойлап тапқан әдемі аңыздар көп, оған сеніп қалуға әсте болмайды.
***
Батыс өркениетінің конституциясы еркіндік үшін күрескен жанкешті ерлердің қанымен жазылған, қазақтікі – Назарбаевтың қалауымен.
***
Білімді, ояу ел ғана Тәуелсіздіктің қадірін білмек.
***
Біздің ұлтшылдардың ұлтшылдығы депутат болумен аяқталады.
***
Десең – оппозиционер, жесең – әкім, сот, прокурор, министр т.б...
***
Құдай – жүректе, дін – дүниеде (ақшада).
***
Құл иеленушілік дәуірде билік тұтқындардың дене күшін ғана құлданса, аврамдық діндердің келуімен адамдардың ой-санасы кісенделіп, рухани құлдық дәуірі басталды және ол әлі аяқталған жоқ. Қазақ қоғамында бұл үрдіс тіпті күшейіп келеді.
***
Еркіндік түбі – жалғыздық.
***
Сүйгенің де құлым болып сүйсең дейді.
***
Сен аман бол домбыра! Сен тұрғанда – қазақы еркіндік ұғымы, оған деген құштарлық өлмек емес!
***
Еркіндіктің бір шегі – жауапкершілік, бір шегі – өлімнен қорықпау.
Еркіндік туралы бұл оймақтай ойлардың авторы – Ерлан Төлеутай
Abai.kz