Отынға айналған кітаптар
Б.НОМИНЧИМИД, Моңғол жазушысы.
(әңгіме)
Жартылай ашық тұрған әйнек есіктен қолпиған қоңыр жүн тымақты қаптай киген бас қылтиып көріне бере дыбысы да құлаққа жетті:
- Ө, көкетайым ғапу етіңізші! Болор-Эрдэнэ деген бас-екең сіз бе, едіңіз?
Әлгі дауыстың иесі көзі ісіктен жұмылуға дәс қалған, жүзін ажым басқан қария екен. Ауызын тас қып буған ескі қапты ентіге сүйреп кіріп келгенде таза бөлменің ішіне таскөмірдің түтін иісін қоса алып келгендей болды.
Үстіндегі күртесі кірсіз боласа да әбден қуарған, аяғындағы етігінің жұлығы сетінеп, тұмсығы ақжем болған бұл бишара шал кенет жердің жыртығынан шығып келді ме, дегендей басекең, әлгінің басынан аяғына дейін аңтарыла қарап қалды. Өйткені, өздерінің отырған осынау байлық пен әсемдікке малынған ауданында мұндай міскін пендені алғаш көріп отыр. Әлгі шал, кеңірдегі сырылдай жөтеліп, бас-көз жоқ үстеліне таяп келгенде басекең сасқанынан диванға отырыңыз, дей жаздап бөгелді. Балалар арналған тап-таза орынға мына міскіннің отыруын қаламады. Бүкшиген қария тұрған қалпы:
- Мен өзіңіз таңертең телефон соққан атаң ғой... Әлгі, балаларға арналған кітаптың иесімін... Ринчинбумба деп, маған сөйлестіңіз емес пе... Алдында тағы да хабарласып едіңіз... Содан кітаптарымды салып алып келген бетім осы, міне!
Рас, осы балабақшаның басшы келіншегі жаңа жыл мерекесіне орай ата-аналар күндігін ұйымдастырып, балаларға арналған кітап саудасын жасауды құп көріп, екі адамға хабарласқан-ды. Бірі балаларға арналған кітап шығарудан алда жүрген баспахананың менежер әйелі болатын, ол да сатыр-сұтыр жетіп келіп, өзіне мұқабасы жалт-жұлт еткен қомақты бір кітапты сыйға ұсынып, 200 түрлі балалар кітабын ата-аналарға насихаттай отырып сатуға келісіп кетіп те қалған-ды.
Ал, екінші хабарласқан кісі дауысы әрең-пәрең естілетін біреу секілденген. «Ең таңдаулы балалар кітабын сататын кісінің телефон нөмірін тауып берші!» деп, әдебиет-мәдениет басқармасына хабарласқандағы берген телефонның иесі осы болып шықты. Дәл мұндай міскіннің телефонын мәртебелі бастық бере қоятындай тіпті жөні жоқ еді ғой, бәлкім нөмір шатасқан шығар...
Иә, қала кафелерін аралап, адамдарға тыныш тамақ жегізбей «Жалғыз кітап ала салыңызшы!» деп, кітап дейтін кітап сиқы да жоқ сондай бірдеңе сататын біреулер бар деуші еді, мынау нақ сол болды. Енді, не істейді кіріп келгенді қуып шығу – өзінің мәдениеті мен атақ-абыройына көлеңке түсіреді ғой...
- Иә, кітабыңызда әдемі суреттер бар ма?
- Жоға... қайдағы сурет, ең негізі мазмұны тамаша әрі арзан...
- Кәне, онда бірнешеуін көрейік, бері шығарыңыз...
Міскін қарияның жөтелі тіпті, күшейіп, кір баттасқан тырнақтарымен тырмалап, қалтыраған саусақтарының ебі келмей, тас қылып буған қаптың ауызын шеше бастады. Бастық келіншек күлкі үйірген мысқылды жүзбен күтіп отыр. Содан қаспақ қаптан шығарып келген, баяғыдағы темекі орап тартатын қағазға ұқсас сұрқылт қағазды, мұқабасы да содан артық емес жұп-жұқа, ортасынан дөрекі темір қысқышпен түптеген, сыртқы көркемдіктен жұрдай әріптері де тышқан ізіне ұқсас жыбырлаған, кітап-сымаққа бастық келіншек үрке қарады. Сонсоң, немқұрайлы көзбен сыртқы жағына бір көз салып, беттерін бір-екі ашқан болды да алдына итеріп тастай салды. Мұндай сиқы кеткен сұмпайы нәрсені балаларға сатса, оның үстіне сататын кісінің түрі мынандай болса, қадірменді ата-аналардың алдында ұятқа қалмай ма!
- Суреті жоқ екен ғой. Мұндай кітапты сатқыза алмаймыз!
- Оу, қызым-ау, суреті жоқ болса да ішіндегі ертегілері қызықты ғой. Және де көптеген ертегілерді қамтыған. Өзіңіз де ертегілері жақсы болса жарайды, деген соң тырманып әкелген түрім осы...
Иә, телефонмен солай деп айтқаны рас еді, бастық келіншек үндемей бөгеліп қалды. Міскін қария дауысы қалтырап:
- Кітапта қызығып оқитындай көп ертегілер бар ғой, сіз тым құрығанда бір-нешеуін оқып көрсеңіз қайтеді... - деп, ебі қашқан қап-қара қоларымен бетін бір сыйпалап, - Айтқаныңыз жөн, жақсы суреті бар, әдемі кітап та балаларға қажет, дегенмен оқып бергенде балалар қызығатын да кітап болса жақсы емес пе!? Ал, анандай бес-ақ сөйлемі бар кітапты балалар қашанғы оқиды... - деп, бастық келіншектің ығына жығыла сөйледі.
- Болды, болды... сіз кітаптарыңызды менің көмекші қызыма санап беріп кете беріңіз! - деп, ызбарлана сөйлеп, «Қарашы өзін, өзінің не әкеліп жүргеніне қарамай, басқаның кітабын сынамақшы!» деген сөзін айта жаздап көкейінде бүгіп қалды. Қария тағы да:
- Мен негізі өзім тұрып сатсам, деп едім ата-аналарға кітап туралы айту да керек қой... Ертегінің мәнін де айту қажет дегендей, 9 түрлі кітап бар мұнда, әрбір кітапта 30 шақты ертегі бар десек, 300 ертегі аз дүние емес...
- Жоқ, өйтіп әуре болмаңыз! Біздің кісілерден біреуі сатуға шығады, сіз санап беріңіз де жолыңызға түсіңіз, ата!
Қария енді не істерін біле алмаған сыңайда тарығып:
- Олай болса, ол сатқан адамға да ақы-сый төлеу керек шығар, ә? - деп, бастық келіншектен жауап күткендей біраз тұрса да оның тырс етпегенінге ренжігеннен кеспірі кетіп, кеудесі сырылдай жөтелгенде бүкшиген денесі тіпті шөгіп кібіртіктеп кете барды.
***
Ертеңінде жеке-меншік бала-бақшаның иесі Болор-Эрдэнэ жиналған ата-аналарды қабылдап, келушілерді құттықтап сыртқы есіктің алдында тұрғанда кешегі қария кіріп келе жатты. Бұл бала-бақшада негізінде Министрліктің дөкейлері мен атақты компанияның иелері сынды лауазымды тұлғалардың балалары тәрбиеленетін-ді. Бүгін солардың біразы күндікке қатысуға келіп те қойған еді. Басшы келіншек солдардан ыңғайсызданғаннан қарияның қарсы алдынан бөгей тоқтатып:
- Оу, сізге бүгін келудің қандай керегі болды?! Міне, қараңызшы бізде мұрса жоқ жүргенімізді көріп тұрсыз ба, жоқ па?! - деп, қанша жұмсақ дауыспен сөйлесе де, ысқырған ызбарлы үннен сасып қалған міскін қария, селк етіп ісік көзін сығырайта қарады. Қабақ астындағы тым терең жанардан баланың көзіндей мөлдірген көзді көрген басшы келіншек таңғалып қалса да, оның мәнісін түсінуге құлқы да соқпады.
- А, иә ертең кел деген жоқсың ғой, көкетайым... Енді, бүгін келгенім әшейін, бірнеше кітап сатылған болса, екі-үш теңге болса да керек болып...
- Болды, болды... Сіз аяғыңызға қаптама киіңіз де, екінші қабаттағы көмекші қыздан кітаптарыңызды санап алып қайтыңыз!
Міскін қарттың сырылдай ентігіп жыбырлап бара жатқан сұрқын көрген басшы келіншек «Тездетіңіз!» деп, айқайлай жаздап әзер тоқтады. Қария кітаптарының кешегі қойған жерінде бәз-бағы қалпында қаптың ауызы да ашылмай жатқанын көргенде, иегіндегі екі-үш тал ақ сақал-сымағы дір-дір етіп, желіге байланғалы жатқан жас бұзаудай танауынан аянышты ыңыранған үн шығып кетті.
Бастық келіншектің көмекшісі де тіл қатпады. Міскін қарт екі қап кітабын сүйретіп төменгі қабатқа түскен кезде, басшы келіншек шыттай таза киінген ұзын бойлы аққұба мәртебеліге иіле бүгіліп, бәйек болып тұрғанын көрді. Қартқа көзі түскен сәтте-ақ, жүзіндегі жылы жымиыс жым-жылас болып:
- Сіз кітаптарыңызды санап алдыңыз ба? - деді.
- Бірнеше кітап кем сияқтанды...
- Сіздің бір де бір кітабыңыз сатылмады ғой. Сонда, қалайша кем болады, ол?!
- Е, Қанатын жазбаса балапан қалай ұшсын, қауызы ашылмаса гүлдің өңі қалай көрінсін!
- Не дедіңіз? - деп, сұраса да, осы шалдың дені дұрыс емес шығар дегендей артқа шегінді.
- Ау, қаптан шығармаған кітап қалай сатылсын, дегенім ғой...
- Ө, сіздің мұндай кітабыңызды сатып алмақ тұр ғой, тегін де алмайды. Ата-аналар суреті әдемі, жақсы кітапты тоқтатпай алады, әне көрдіңіз бе, әлгі атақты баспаның жүздеген кітаптары түгел сатылып кетті, қуаныштарында шек жоқ...
Соңғы сөзін әдейілеп қадай айтты. Әкеліп тұрған кітап-сымағының түріне қарамай шығарып сатпадыңдар демекші, бізге ұрыспақшы өзі тағы да...
Қария амалы құрығандай басын шайқады да, кітап толы қабын сүйрей есіктің алдындағы кезекші шалға келді.
- Сізге алғысым шексіз... Немере, жиендеріңе оқып бересің, ә! - деп, күртесінің жанқалтасынан екі-үш кітап алып оған беріп жатты. Өйткені, кезекші шал, міскін қарияны екі-үш келгенінде осынау жарқыраған сарайға бөгемей кіргізген-ді. Міскін қария шығып кеткен соң бастық келіншек кезекшіге таяп келіп:
- Сіз ендігі әрі көшенің мынандай адамын кіргізбеңіз, балаларға жұқпалы ауру таралу қаупі бар ғой... - деп, жұмсақ үнмен ескерту жасады.
Міскін қария, кеңірдегі сырылдай ентіге жөтелген қалпы, есік алдындағы биік сатыдан түсіп алға қарай бірнеше аттап қайта артына бұрыла қарады. Осынау аса қымбат аудандағы, өте құнды бағамен, керемет кескінмен салынған көз тартарлық төрт қабатты жасыл түсті сәнді ғимырат, міскін қарияның көзіне қадым заманғы жасыл қынамен әшекейленген миземес алып жартас секілді елестегені сонша, оған қалтыраған қолын көтеріп сарбаз секілді құрмет көрсетті.
***
Келесі күні «Көңілді қонжық» балабақшасына Министрліктен жоғарғы мәртебелі біреу келгенде Болор-Эрдэнэнің аяғы жерге тимей тәуір көрінетін нәрселерін түгел көрсетіп зыр жүгірді. Мәртебелі мырза Дангаасүрэн болса, екі қолын кеудесіне айқастыра тұрып маңғаздана:
- Ғажап! Сіздің мынау жанкешті еңбегіңізбен, терең біліммен, тынымсыз ынтамен жасаған осынау ертегі әлеміне тіпті, Финландылар да қызғанышпен қарайтын шығар! Иә, әлемдік деңгейге жетіпсіз! Тамаша! Қуаныштымыз, айтар сөз жоқ. Еліміздің мектепке дейінгі тәрбие саласында сізді бәріне үлгі көрсетуші лидр деп айта аламыз... Осы мақтауды естіген меңгеруші келіншек:
- Рахмет сізге! Әсерлі сөзіңіз жүректі балқытты... Иә, балалар деген еліміздің жарқын болашағы ғой. Баланың бала-бақша жасында алған тәрбиесі оның бүкіл өмірлік білімі мен өмір сүру қабілетінің негізі дегенді Жапон ғалымдары дәлелдеп те қойды. Ал, біз соны өмір тәжірибемізбен іске асырайық деп тырысудамыз... Дегенмен, білімнен де артық баланың адамгершілгі мен адамды бағалау, құрметтеу тәрбиесін қалыптастыруды... - деп, тұтығып қалған бастық келіншек , - Баланың ішкі мәдениеті мен таза көңілін мәпелеуде осы бала-бақшаның рөлі басым, сондықтан біздің ұжым сол үшін бәрін де сарп етуде! - деп, тоқтады.
- Иә, дұрыс айтасыз. Мұндай қызметпен айналысып жатқан адамдарды біздің үкіметіміз бүкіл жағынан қолдап, қолпаштауға тиіс. Әйтседе, кейбір сөзуар популистер, осындай өте жоғары ақы төленетін меншік балабақшаға бюжет қаржысын бөлуге болмайды деп, сынауда. Әділдігін айтсақ, мұндай ғажап іс-қызмет жасап жатқан адамдардан үкімет ақша аямасын. Үкімет сіздерді солай қолдауға тиіс қой, біз де бұл жағынан табанды түрде күресетін боламыз! - деді, мәртебелі мырза.
Әлгі, министрліктің мәртебелісімен бірге көзәйнек таққан қазанбас біреу тағы еріп жүрді. Бұл елдің білім саласына шетелдік қаржы әкелу жағынан табысқа жеткен жобаның басқарушысы екен. Ал, қазір астана мектептері мен бала-бақша кітапханаларының кітап фондын байыту жөнінде жұмыс істеуде, дейді. Содан да, бұл кісі балабақшаның әрбір сыныптарына кірген сайын ондағы кітаптарға шұқшия назар аударумен жүрді.
Кеше ғана атақты кітап компаниясынан әкелген кітаптарды бақша меңгерушісі мақтана таныстыра бастаса да, оны онша құлағына ілмей, кітаптарға немқұрайлы көз тастап қана өте шықты. Соңында олар меңгерушінің офисіне кірді. Жоба жетекшісі дибанға отырып арқасын тірей бергенде артында тұрған балалардың құрастырғыш ойыншығын аңдаусыз дибанның артына құлатып алды. Құлаған ойыншықтарды орнына қоюға еңкейген кезде, қолына бірнеше жалбыраған кітап ілікті. Әлгі кітапты ала сала бетін ашып көріп қуаныштан оның жүзі жайнап кеткенін, Моңғол елінің болашақ білім саласының қиял жетпес қызығына елтіп, қызу әңгімеге кіріскен меңгеруші келіншек пен мәртебелі Дангаасүрэн бастық байқаған да жоқ.
- Болор-Эрдэнэ сіз, шынында ғажап адам екенсіз, ә! Менің шарқ ұрып іздеп жүрген кітабымды міне, мен сіздің офистен тауып алдым! - деген жоба басқарушысының жарқын дауысына екеуі жалт қарасты.
- Иә, біз кеше өткізген күндігімізде Баспа орталығынан ол кітаптарды әдейі алдырып едік. Расында, өте жақсы кітаптар... Бірақ, сынып басы түгел сатып алуға, ақша-қаржы жетіспеді... Іім, иә кешіріңіздер, бізде көбінде жағдай болмай қалатынын білесіздер ғой... Ата-аналардың көңілін тауып, әрбір сыныпқа бір-бірден сондай кітаптар тобын сатып алайық десек те сол баяғы ақша... - деп, меңгеруші келіншек аянышты түр көрсетіп мөлие қалды.
- Ол айтып отырған кітаптарыңызды жаңа ғана көрдік қой. Мен ол кітаптарды емес, міне мынау кітап туралы айтып отырғанымды қарасаңызшы!
- Қайсы кітап?...
- Міне, менің қолымдағы мына кітап...
Қараса, жоба жетекшісінің қолында әлгі міскін шалдың құйқалақ кітаптары. Алдыңғы күні міскін шал қабын ашып әрбір кітаптың түрінен бір-біреуді меңгерушінің үстеліне қалдырған еді, соны бала-бақшаның ерке балалары ойыншық қылып дибанның артына лақтырып жіберген сыңайлы. Кітабын санап алған кезде, бірнеше кітабым кем ғой, деп міскін шалдың ренжігені есіне түскен меңгеруші келіншек:
- А, сіз андағы кітапты айтып отырсыз ба?
- Иә, дәл осы кітаптар туралы айтып отырмын... Осыны іздеп таппай жүр едім, тапсам бәрін жаңалап бастырып, бала-бақша мен мектептерге таратамын деп ойлағам-ды...
- Онда, ала беріңіз сізге қажет болса...
- Ой, рахмет сізге! Біздің де жобамыздың негізгі мақсатының өзі осындай ұлттық мән-мазмұндағы таңдаулы кітаптарды тауып, көпшілікке жеткізу. Білесіздер ме, мынау Ринчинбумба абыздың ертегі-аңыздары моңғол балалар әдебиетінің шыңы ғой!
Меңгеруші келіншек жоба жетекшісіне таңқала қарап қалды. Алғашында не туралы айтып отырғанын да ұққан жоқ. Әйтседе, әлгі траншея паналайтындар секілді міскін шалдың өзін «Ринчинбумба» деп таныстырғаны санасына сап ете түсті.
- Сіз бұл кітаптарды қайдан тауып алдыңыз?
- А, бұл кітаптарды Ринчинбумба өзі әкеліп балабақшаға сыйлаған еді...
- О, солай деңіз, жақсы болды ғой! Біз осы кісіні тауып алсақ деп жүргеміз. Ринчинбумба абыз Моңғолияның Андерсені деуге тұратын адам! Андерсен! Андерсен деген атақты балалар жазушысын білесіздер ме?! - деп, көңіл-күй ауанына берлген әлгі жоба жетекшісінің қазандай басы билеп кеткендей көрінді. - Тамаша, сіз тіпті құт-берекелі әйел екенсіз, енді біз сіздің бала-бақшаңызды ең алдыңғы орынға қоюға тиіс болып та қалдық қой деймін! - деп, ақтарыла сөйледі.
- Ой, рахмет сізге! Мен Ринчинбумба абыздың нөмірін де тауып бере аламын…
Осы сөзді айта сала меңгеруші келіншек әлгі міскін шалдың нөмірін іздеп таба алмады. Өйткені, қажеті жоқ нөмірлерді қағаздың қиқымына ғана белгілеп алып, керектеніп болған соң қоқыс жәшікке тастай салғаны есіне түсті. Содан, Ринчинбумбаның нөмірін берген кісіге қайта хабарласуға қамданды.
***
Ринчинбумба қария сол күні кеште кеудесін сырылдатқан жөтеліне булығып, әлгі екі қап кітабын әрең сүйрете жүріп, жылусыз қалған мұздай жертөле секілді баспанасына жетіп жығылған-ды. Бойында әл-қуат та қалмаған, ыстығы көбейді ме, бүкіл денесімен қалтырап жатты.
Жолда отбасы дәргерінің жазып берген дәрісін алмақшы болып, дәріханаға бас сұғып еді, бұл айда алуға тиісті дәрісінің лимиті біткендіктен аптекар бермеді.
Егер, мына сүйреп жүрген кітаптарынан бір-екеуі сатылған болса ғой, дәрі-дәрмек пен бір қап жағатын отын да алуға болатын еді-ау! Балабақша бастығы телефон соққанда кітабым өтетін болды деп қуанғаннан жандалбаса барған еді. Міне, соңғы кезде күнен-күнге әл-қуатының кеткені сонша бұрынғыдай кітабын көтеріп жүріп сататын шама да қалмаған, оның үстіне сапасы төмен кітабын ала қоятындай адамдар да азайған. Жаны ашыған біреулер кітабын алғаннан түскен аз ақша мен зейнеткерлік қаржысын қосып күнелтіп жүретін.
Ал, электр қуатының ақысын төленбей бір ай асқандықтан оны да қиып кеткенен бері жарықсыз отыр. Жамбас көрші шалдан қарыздап алған отыны да түгесіп, одан қайта сұрауға батылы бармады. Төсегіне отырып ентігін басып, жөтелінің сәл саябырсуын тосты. От жағып жылыну қамын жасамақ болып, жан-жағынан отын болдырарлық бірдеңе қарай бастады. Қайтседе, от жағып шәй ішкені дұрыс және үйде тұрған ермен-шөпті қайнатып ішсе бәлкім жөтелім біраз басылар деген үміті де оянды. Көзіне жәңе сүйреп келген екі қап кітаптан басқа отынға жарайтын ештеңе түспеді. Қария бойындағы бүкіл күшін жиып, пештің алдына келіп отырды.
Сонсоң, қаптан алған кітаптарының әрбір бетін ашып, парақтарына танауын тигізе иіскеп, ерінімен сүйді. Сөйтіп, өткен күндерде тамаша ертегі-аңыздарын жазған кездегі ғажап көңіл-күйі мен қуанышты да шабытты шақтарымен қоштасу рәсімін жасады. Бейне іштен туған сүйікті балаларын иіскеп рахаттанып отырғандай күйге түсіп, мұрыны удай ашып, көзінен жасы парлап отырып, жыртып алып умаждаған парақтарды пешке толтырды. Сонсоң, сіреңке шағып біраз бөгелді. Сіреңкенің жалыны саусағын күйгізген кезде оны күл-салғышқа тастай салып, тағы да терең күрсініп, меңіреу күйде отырып қалды. Аздан кейін, кеуде қалтасынан сандары өшіп, әйнек беті сынып қалған Nokia 3350 дейтін қол-телефонын шығарып келді. Біреудің нөмірін теріп, түймесін басбақ болып тоқтады, бірнеше күннен бері телефонында қаржы да қалмаған еді. Көп жылдан бері жан-жолдас болған қалта-телефонын қария аялай сипап отырып:
- Е, сен екеуіміздің дәуреніміз өткен екен-ау! Біздің кезеңіміз жаз айындай жалт етіп жоғалыпты. Иә, дәл жаз айындай! Әдемі көбелектің қанатын қағып… ойнап, айнала ұшып көзден таса болған шағындай ғана… Әйтседе, сол жаздан басқасы қайта айланбастай болып… деп, күбірледі.
Жөтелі қайта қозғалып, біраз уақыт булығып отырды да тыныс тарта алмай үнсіз қалды. Содан әреңдеп, көз жасы мен танау суы айғыздалған бет-жүзін алақанымен бір сипап, тамызған сіреңкесінің жалынын қағазға таятты. Ыстығы көбейгеннен әлде қатты тоңғаннан ба қалшылдап кетті. Кітап парақтары дуілдеп жана бастады. Қария кітап салған қабын жанына таятып алды да, алған кітаптарын бір-бірлеп шығарып алақанымен аялай бір сипап сонсоң ерінін тигізе сүйіп, жыртып алған парақтарды умаждап бірінің артынан бірін лаулаған жалынға сала берді…
Қария отқа көз алмай қарауда. Жалындай жанған оттан өткір қанжарлы, жалтылдаған қызыл киімді біріне бірі өте ұқсас қызыл-жалын әскерлер пештің аузынан шулай шығып, мұздай қыстың тасжүрек жауынгер мұз-әскерлерімен шайқаса бастағандай. Қария олардың мына жанкешті соғысына қызыға қарап, жалын-әскерлерді қолдап «ухай» деп, қояды.
Қаптан шыққан кітаптарды отқа бүктеп салған сайын жалын-әскерлер атойлап, мұздай үйді қызуымен толтыра бастады. Бір сәтте, әлгі жалын-әскерлермен қатарласып, қарияның ең жақын достары болаған Құмырысқа ат мінген, Құмалақ бала ши талынан әсемдеп өріп жасаған арбасымен шақпылап шыға келді. Құмырсқа ат жүгенін тұқырта тартып ырғып бағана басына өрлеген сәтте ши-арабаның дертелері көзге жалтылдап көрінді. Құмырсқа аттың артынан Арбақай Өрмекші, Дызылдақ деген Ара, жетпіс қабат қанатты Жемтік деген Көк-шыбын, Сал-сері атты көк таңбалы ақ қанат көбелек секілді алуан-түрлі батырлар ызылдағаны ызылдап, дызылдағыны дызылдап, шырылдағаны шырылдап шыға сала мұз-жауларымен болып жатқан майдан алаңына бірінен кейін бірі кірісіп кетті.
Бұқпантай деген жердің битінің өзі қолына жалын-қанжарын шошаңдатып пештің ішін айнала жүгіруде. Қария болса, жан жүрегін жарып шыққан мына батырларының әрбір қимылына қуанғаны сонша, бәрін қолдап айқайлай «ухайлағанда» көңілі көкке көтеріліп желпінгені тіпті, ғажап еді.
Шыртылдақ шөптің иесі атанған ақбурыл сақалды Шүгіл деген ергежейлі шал ұзындығы орасан шырмауықты сүйреп шығып келгенде, оның сонау басында Бүкпентай деген құрт жабысып алғаны көрінді. Торсылдақ шөптің сабағынан кернай жасап үрлейтін Гүлше батыр да гуілдетіп келеді. Оның артынан Томпылдақ деген домалап жүретін қара қоңыз самырсынның дәнек-қабынан даңғара жасап алып дүрілдетіп ол да жетті. Оның ізін өкшелей шыққан ит-бүрге бәрінің үстімен секіріп ол да кетті. Сөйтіп, қария өзінің кітаптарын отқа салған сайын аңыз-ертегінің батырлары бірінен кейін бірі толассыз шыққаны сонша, Аяз дейтін қатал шалдың мұз-қанжар асынған сансыз әскерін тырқырата қуып суық жайлаған үйден түгел қуып тынды.
Сөйтіп, қария қуаныштан бір шалқып кітаптарын түгел отын қылып жаққандықтан аядай үйі жылуға толып, өзінің аңыз батырлары бұрыш-бұрышқа тығылған мұз-жауынгерлерді қуған жеңіс тойын жасап ән-ұранын жан-жақта әуелете салуда.
Арбақай өрмекші табақтың ернеуіне шығып он аяғының екеуімен ғана тепе-теңдік жасап ламбада көрсетуде. Көшеген дейтін домаланған кішкентай қоңыз ала қанатын ашып әлгінің үстінде айнала ұшып ойнап жүрді. Табалдырықтың киесі Тобықтай бала табақтың ішіне домалап кетіпті. Құмырсқа ат мінген, Құмалақ бала ши талынан әсемдеп өріп жасаған арбасымен шақпылап шыға келді де қияқ шөптен өріп жасаған шалмасын лақтырып Тобықтайға көмектесіп жатты…
Қарияның бойындағы бүкіл ауру-сырқауы мен қайғы-мұңы тарқап, Томпылдақ дейтін ит-бүргеден бетер денесі жеңілдеп, орнынан атып тұрды. Сөйтіп, босаға аттауға аз қалған жаңа жылдың әсем әнін шырқаған аңыз-батырлар мен жалын-әскерлер бәрі бірігіп абыз қарияны айнала билей бастады. Қария да олармен қосылып билей-билей шаршаған шақта, өзі де біртіндеп таңсық иісі аңқыған шырша ағашына айналған еді. Бұл кезде әлгі аңыз-батырлар бір-бір сүйкімді ойыншыққа айналып қарияның жан-жағына тағылып, қуаныш шұғыласын шашып тұрды.
***
Отбасыларға дәркери қызмет ететін медбике Дуламжав шақыру алған сәтте-ақ асыға жүгірді. Оның жауаптанған бөлімшесінде бірнеше қаусаған қария бар еді, соның бірі Ринчинбумба абыздан жаңа ғана шақыру келген-ді. Ол өзі де бір ерекше көрінетін кісі еді. Басқа қариялар секілді ашулану, тымыраю, қайдағы-жайдағысын айтып арыздану, ауру-сырқауын алдыға тарту секілді мінезден ада, үнемі жайдары мінезбен әзіл-қалжың айтып, бала секілді қуанышпен күліп жүретін. Әйтсе де, сондай жайсаң мінезді Ринчинбумба қария бірнеше рет жүректің талмасымен жығылып өлім ауызынан қалғаны медбикенің тіпті, көңіліне қонбаған еді-ау! Әйтседе, күз аяғында өкпесі қабынып, амалдап жүріп ауданның емханасына жатқызып бірнеше күн емдеткені есінде. Бірақ, толық сауықпаған-ды. Қар түсіп күн суыта әлгі өкпесінің сырқаты қайталап, емдету үшін ауданның емханасына қайта жатқызбақ болғанымен оның дәлізіне дейін сықасқан сырқаттардан орын босамады…
Аз күннің алдында бір барғанында жағатын отыны түгесіп, көрші шалдан отын алғанын айтқан. Суық үйде тоңса не болды деп, қанша уайымдаса да қолында түгі жоқ медбике оған не істей алсын…
Дуламжав жүгіре басып, асыға кіріп келген кезде абыз қария пештің дәл аузында орындыққа сүйенген қалпы қақиып қалғанын көрді. Бәлкім, талған қалпында қатып қалған сыңайлы… Өкініштен кеудесі удай ашыған Дуламжав қарияның бетіне үңілгенде оның жүзінде ғажап бір қуаныш күлкісі өшпестей қалып қойғанын да анық көрді.
13-04-2024
Моңғолшадан аударған: Абай Мауқараұлы
Abai.kz