Алтын Орда мен Жошы хан туралы фильмдер түсіріледі
Қазақстан Республикасының премьер-министрі Алтын Орда дәуіріне қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазТАГ тілшісі.
«Жошы ұлысының 800 жылдығын өткізу жөніндегі 30 іс-шарадан тұратын жалпы республикалық жоспар бекітілді. Онда Жошы туралы толықметражды көркем фильм және «Алтын Орда» тарихи сериалын түсіру мәселесін пысықтау, қалаларда Жошы ескерткішін орнату шаралары көзделген», - деп жауап берді Олжас Бектенов.
Премьердің айтуынша, Жошының өмірі, оның ұрпақтарының Жошы ұлысында билік құрған кезеңі туралы шағын кітаптар, комикстер шығару, ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, конгресс, «Алтын Орда» энциклопедиясының таныстырылымын өткізу, экспедициялар ұйымдастыру қарастырылған.
Сонымен қатар ол, өз кезегінде Алтын Орда тарихы мен Жошы хан туралы деректі және көркем фильмдер, сериалдар түсіру, монумент тұрғызу мәселелері аталған жоспар шеңберінде жалғасатынын хабарлады.
«Жошы хан кесенесін Ұлытау өңірінің туристік орталығы деп айта аламыз. Ұлытау облысына баратын туристерге барлық жағдай жасалған. Қазіргі кезде Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелеріне апаратын жолды салу жұмысы аяқталуда. Өңірдің туризмін одан әрі дамыту Ұлытау облысында туризмді дамытудың 2027 жылға дейінгі жол картасы негізінде жүргізіледі», - деп мәлімдеді премьер-министр.
Бектеновтың мәлімдеуінше, Сарайшық қалашығын дамытудың тұжырымдамасы, оны жаңғыртудың жоспары әзірленді. Сарайшық қалашығының тарихи-мәдени мұра объектілерін жаңғырту мақсатында ғылыми, тарихи деректер зерделенуде және бұл жұмыстар биыл басталады.
«Сондай-ақ Сарайшық қалашығының жанынан визит-орталық салынып, 2023 жылғы наурызда пайдалануға берілді. Ол Алтын Орда кезеңінің артефактілерімен толықтырылды. Визит-орталығына туристер мен келушілердің саны артуда (2022 жылы 18 мың адам барса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 21 мыңға жуық)», - деді премьер.
Үкімет басшысы Атырау облысының туризмді дамытудың 2027 жылға дейінгі жол картасы аясында 2024-2025 жылдары Сарайшық ауылынан Сарайшық қалашығына дейінгі 10 км жол салу (2023 жылы жергілікті бюджеттен Т300 млн бөлінген, ағымдағы жылы Т996 млн қаражат бөлінді), Сарайшық қалашығында туристік кемпингтік аймақ құру жобалары қарастырылатынын (іске асыру мерзімі 2025 жыл) айтты.
«Қызыл оба қорымы бойынша жұмыстар Солтүстік Қазақстан облысында туризмді дамытудың 2027 жылға дейінгі жол картасының негізінде жүргізілуде. 2024-2025 жылдар кезеңінде әкімдік туристік обьектілерге баратын жолдарды жабдықтау жұмыстарын жоспарлаған», - деп хабарлады Бектенов.
Премьер сонымен қатар, отандық және шетелдік туристерді ақпараттандыру мақсатында «Kazakhstan.travel» ұлттық туристік порталы құрылғанын атап өтті.
Премьер-министрдің хабарлауынша, президенттің тапсырмасымен ғылым және жоғары білім министрлігі шетелдік, отандық архивтер мен кітапханаларда жаңадан анықталған дереккөздерді пайдаланып, «Қазақстанның ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихы» атты жеті томдық академиялық басылым дайындауда. Соның негізінде «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша оқулықтар әзірленеді.
Оның аясында оқу орындарында Алтын Орда дәуірі бүгінгі күн талабына сай оқытылады.
Айта кетсек, мәжіліс депутаттарының Алтын Орда дәуіріне қатысты үкімет басшысына жолдаған ұсыныстары:
1. Алтын Орда тарихы, Жошы ханның ерекше тұлғасы туралы деректі және көркем фильмдер, сериалдар мен анимациялық туындылар түсіру керек.
2. Алтын Орда дәуірінің тарихи ескерткіштері Жошы хан кесенесі, Сарайшық қалашығы және «Қызыл оба» қорымын туристтік орталықтарға айналдыру керек. Туристік инфрақұрылымды заман талабына лайықтау қажет.
3. Астанада Алтын Орда дәуірінің ұлы мұрасын айшықтайтын асқақтаған алып монумент тұрғызу керек.
4. Әдебиетіміз бен мәдениетімізде, бейнелеу өнерінде де Жошы хан мен Алтын Орда тарихы тәуелсіз елдің ұстанымымен бейнеленуі керек.
5. Мектеп пен жоғары оқу орындарында Алтын Орда дәуірі бүгінгі күн талабымен оқылуы тиіс.
Abai.kz