Жексенбі, 8 Қыркүйек 2024
Билік 3037 16 пікір 28 Мамыр, 2024 сағат 14:10

Қандастардың тағдырын токарьлар мен слесарьлар шешіп жатыр, Мәулен мырза!

Коллаж суреттері Abai.kz және Қазақпарат сайттарынан алынды

Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының
Төрағасы М.С. Әшімбаевқа!

Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенаты
Экономикалық саясат,
инновациялық даму және
кәсіпкерлік комитетінің
төрағасы С.Т. Алдашевке!

Құрметті Мәулен Сағатқанұлы!

Құрметті Сүйіндік Тасеменұлы!

Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабындағы «...оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген сөзді ең көп айтатындар – шенеуніктер. Әсіресе, Заң шығарушы органның басшылары мен өкілдері.

Құдай біледі-ау, «Бисмилләһир-рахмәәнир-рахиим» деген сөзді айтпаса, айтпайтын шығар. Ал, Конституцияның осы нормасын біздің қос палатаның депутаттары күніне үш емес, бес уақыт айтудан жалыққан емес.

Бірақ, Заң жобасы алдыларына келгенде, аталған норма адырам қалып, қолдарына тиген жобаны олардың күйсемей жұта беретіні – өкінішті-ақ!

Оның бірден-бір дәлелі – «Халықтың көші-қоны туралы» заңының атышулы 20-бабының 5) тармағы.

Аталған норманың қабылданғанына, міне, бір жылдан асты. Өткен жылдың 19 сәуірінде мақұлданыпты. Оны қабылдаған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті екен.

Иә, Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары!

Болды!

Қазақстандағы Заң атаулы осы принцип негізінде қабылдануы, депутаттар оған екі шоқып бір емес, бір шоқып, екі қарауы керек!

Бір жылдан бері Атажұртына оралған этникалық қазақтарды қан сигізіп келе жатқан атышулы 20-баптың 5) тармағын қабылдарда біздің сенатор мырзалар өздері ауыздарынан тастамайтын Конституцияның осы нормасын естерінен шығарып алған. Тіпті, елемеген...

Атышулы 20-баптың 5) тармағы көшіп келушілерді қоныстандыру үшін Үкімет арнайы бекіткен сегіз облыстан басқа тоғыз облыс пен Астана, Алматы, Шымкент – үш қалаға өз еркімен көшіп келіп, қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарды қонысын таңдау еркінен айырып тастаған. Бұл туралы сан мәрте айтылды.

«Өңірлік квотасы бар өңірлерге немесе Үкімет ұсынылған аумақтық-әкімшілік бірлікке барып қоныстансаң ғана «ҚАНДАС» мәртебесін алып, Қазақстан Республикасының азаматтығын ала аласың. Ал, оған көнбесең аулақ жоғал!» деген сөз – бұл!

Орысша айтсақ, «Пошел на х...!» дегені!

Басқаша айту, түсіндіру мүмкін емес мұны...

Құрметті Мәулен Сағатқанұлы!

Құрметті Сүйіндік Тасеменұлы!

Өздеріңіз ауыз жаппай айтып келе жатырсыздар, «Заң үстемдік ететін мемлекет құрып жатырмыз!», - деп.

Сол үстемдік ететін заңның сиқы – анау!

Әрине, мен де Өздеріңіз секілді Президенттің қолдаушысымын. Қазақстан Республикасының Конституциясының әрбір нормасының нақ атқарылуына барымды саламын. Керек болса, сол үшін кеудемді ОҚ-қа тосуға дайынмын!

Міне, жарты жылдан асты, осы атышулы 20-баптың 5) тармағы үшін арпалысумен келемін! Мәжіліс пен Сенат төрағаларының атына қанша хат жазғанымды Өздеріңіз жақсы білесіздер. Біреуін де елеген жоқсыздар.

Соңғы бір аптадан бері «Осы атышулы 20-баптың 5) тармағын қандай сенаторлар не мақсатпен мақұлдады екен?!» деген сұрақ мазалаумен келеді.

Сенаттың сайтын ашып, аталған норманы мақұлдаған Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттарының өмірбаянымен танысып шықтым.

Танысып шықтым да, «БӘСЕ-Е-Е-Е...» дедім!

Сурет: Парламент Сенатының сайтынан скрин

Алдашев Сүйіндік Тасеменұлы – 1986 жылы И.М.Губкина атындағы мұнай және газ институтын, 2008 жылы Орталық - Азия университетін бітірген, Еңбек жолын 1979 жылы Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасында токарь болып бастаған;

Бұқтұғұтов Шәкәрім Сабырұлы – 1985 жылы Өскемен құрылыс-жол институтын инженер-механик мамандығын, 1996 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін экономист мамандығын тәмамдаған, еңбек жолын «Өскемен Снаб-та» слесар болып бастаған;

Нәутиев Әлібек Ибатуллаұлы – 1994 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының Зоотехник мамандығын, 2001 жылы Атырау облыстық Х.Досмұхамедов университетінің  Қаржы және несие мамандығы тауысқан, еңбек жолын «Бахсай» совхозында ветеринарлық дәрігер болып бастаған;

Шайдаров Серік Жаманқұлұлы – 1990 жылы Қарағанды политехникалық институтынан инженер-құрылысшы, 2001 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінен экономика мамандығын алыпты, еңбек жолын «Жезқазғанмелиорация» ЖҚПБ-да инженер болып бастаған;

Сурет: Парламент Сенатының сайтынан скрин

Қаниев Бауыржан Нұралыұлы – қайдан қандай мамандық оқығаны туралы нақты мәлімет жоқ, бірақ 2022 жылы «"Қазақстан темір жолы" компаниясын өз ісінің кәсіби маманы басқару керек!» деп, мәлімдеме жасапты, еңбек жолын асыл тұқымды жылқы зауыты – «Пригородный» фермасының зоотехнигі болып бастаған;

Рысбекова Ләззат Тұяқбайқызы – 1993 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне бухгалтер-қаржыгер мамандығына оқуға түскен, екінші заңгер мамандығын Алматы қаласы Қазақ мемлекеттік заң академиясынан аллған, Қазіргі уақытта экономика және қаржы магистрі, Еңбек жолын БҚО бойынша ҚР Қаржы Министрлігінің қаржылық бақылау комитеті Басқармасының қызметтер саласы бөлімінің аға бақылаушы-ревизоры болып бастаған;

Аққожина Бибігүл Бүркітқызы – 1997 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін, 2016 жылы Халықаралық бизнес университетін бітірген, еңбек жолын Қостанай қалалық ауруханасының санитарлық қызметкері болып бастаған;

Лұқпанов Сағындық Есенғалиұлы – 1983 жылы Гурьев темір жол көлігі техникумының «техник-электрик» мамандығын, 1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару Академиясы жанындағы Алматы нарық институтының «экономика және менеджмент» мамандығын тауысқан, еңбек жолын Маңғышлақ белгі беру және байланыс дистанциясында электромонтер болып бастаған.

Көріп отырсыздар, комитеттің сегіз мүшесінің біреуінде ғана – Ләззат Тұяқбайқызында ғана «Заңгер» деген мамандық бар екен. Оның өзі екінші мамандық.

Ал, қалғандары СССР-дың кезінде токарь, бұрғышының көмекшісі, слесар, бас механик, ветеринарлық дәрігер, инженер, зоотехник, ауруханасының санитарлық қызметкері, электромонтер болып, алғашқы еңбек жолын бастап, СССР құлағаннан кейін аудан әкімі, қала әкімінің орынбасары, көбі облыс әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары деңгейіне дейін көтерілгендер екен.

СССР-дың шекпенінен шыққандардың ілуде біреуі болмаса, түгелге жуығы заңды қайырып қойып, әкімшілік бұйрықпен жұмыс істеп үйренгендер екені белгілі емес пе?!

СССР-ді қойып, қазірдің өзінде солай. Бірдеңе десең: «Оны бастықтан сұрайын...», - деп, заңнан аттай жүгіретіндер жетерлік. Парламенттің төрінен қолына «Конституцияны» алып: «Мына бабында былай жазылған...», - деп, сөйлеген бір депутат көрген жоқпыз...

Енді, осыдан кейін барып, «БӘСЕ-Е-Е-Е...» демей көріңіз!

Шамасы, токарь мен слесарға, ветеринарлық дәрігер мен инженерге, зоотехник пен санитарға адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін заң қабылдамадың деп өкпелеп жүрген мен де ақымақпын-ау...

Алдыңғы бір мақаламда не хатымда жаздым, атышулы 20-баптың 5) тармағы Үкімет қортынды беретіндей, қаржы талап ететін норма емес деп.

Олай емес десе, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті айтсыншы, осы норма Қазақстанды қанша миллиард теңге шығынға отырғызады немесе шеттен неше миллиард доллар инвестиция алып келеді?!

Менше, соқыр жармақ та! Қайта, этникалық қазақтардың қонысын таңдау құқығын шектеп, Ұлы көшті доғарады.

Қасиетіңе бас Мәулен Сағатқанұлы!

Садағаң кетейін Сүйіндік Тасеменұлы! 

Сіздерден өтініш, маған Сенаттың осы Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті мүшелерімен бір кездесу ұйымдастырып беріңіздерші!

Аталған атышулы норманы олар не МАҚСАТПЕН, қандай ҚАЖЕТТІЛІК үшін мақұлдады екен, соны өз ауыздарынан бір естігім келеді. Маған осы Комитет мүшелері соны жақсылап отырып бір түсіндіріп берсінші!! Маған солардың уәжі қызық болып тұр.

Мүмкін, мен дұрыс түсінбей жүрген шығармын!

Хатымды олай-бұлай лақтыра салмай, Парламент жазғы демалысқа кетпей тұрып, осы кездесуді ұйымдастырып берулеріңізді өтіне сұраймын.

Осы өтінішім орындалмаған жағдайда, Сіздермен сот арқылы сөйлесетінімді ескертемін!

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

16 пікір