Қазақ киіз үйі – ғаламның моделі (жалғасы)
Басы: Қазақ киіз үйі – ғаламның моделі
ЕКІНШІ БӨЛІМ
КИІЗ ҮЙДІҢ СҮЙЕГІ
Киіз үйдің негізгі ішкі қаңқасын құрайтын шаңырақ, уық, кереге, есіктерін (сықырлауық) «үйдің сүйегі» деп атайды. Енді сол құрылымдарға жеке-жеке тоқталайын.
1. ШАҢЫРАҚ
Шаңырақ – киіз үйдің тұтас қаңқасын тұтастырып ұстап тұратын, ең биік төбесіне орналастырылған күлдіреуішті күмбез тәрізді шеңберді қазақ тілінде «Шаңырақ» деп атайды. Шаңырақ жасайтын шеберлерді «Шаңырақшы» деп атайды.
Шаңырақтың үлкен-кішілігі үйдің үлкен-кішілігіне қарай жасалады. Шаңырақ шеңберінде уықтық қаламын кіргізіп ұстап тұратын төрт бұрышты жағалай тесілген тесіктер болады. Оны «Уық көз» немесе «Шаңырақ көз» деп атайды. Әдетте төрт қанат үйлердің шаңырақ көздері елу не алпыс көзді болып келеді. Сегіз қанат үйлердің шаңырақ көздері жүз, жүз жиырма көз болып тесіледі.
Ал үйдің көлемі, диаметрі үлкейген сайын, оның шаңырағы да қоса үлкейіп отырады. Негізінен алғанда шаңырақ көздерінің саны уық пен кереге басының санына байланысты болады. Қалыпты үйлердің шаңырағы 1.80 см ден 2.20 см-ге дейін болса, отыз қанатты ақ сарайдың шаңырағы 8-9 метрге дейін ұлғая береді.
Шаңырақтың төбесін күмбез бейнесіне келтіріп , оның үстіне жапқан түндікті көтеріп тұратын , доға тәрізді илген үш- үштен айқастырып орнатқан доға ағашты «Күлдіреуіш» деп атайды. Кей өлкелерде күлдіреуішті – «Желдік» немесе «Шабақ» дейді. Киіз үйге күлдіреуіш арқылы жарық түседі. Ортаға жаққан оттың түтіні де сол күлдіреуіштен сыртқа шығады. Күлдіреуіш 45 градус шамасында доға болып иліп тұрғандықтан, оның үстіне жапқан түндіктен жаңбыр мен қар оңай сырғып түсіп кетеді. Соққан боран мен жел де тез айналып өтеді. Қауіпсіздігі өте кемел жасалған.
Қазақ шаңырағы жасалу ерекшелігіне қарай «Шабақ шаңырақ», «Табақ шаңырақ" болып екіге бөлінеді. Ортасын тегіс ағаштан оюлап, күлдіреуіштің әр жеріне көлделең шабақ салып, әр түрлі нақышпен жасаған жайпақтау шаңырақты «Табақ шаңырақ» десе, ортасын табақсыз күлдіреуіштен ғана жасаған түрін «Шабақ шаңырақ» дейді.
Шаңырақтың күлдіреуіші де шаңырақ үлкейген сайын саны арта түседі. Кіші шаңырақтың күлдіреуіші екі-екіден төртеу болса, орта үйлердің шаңырағының күлдіреуіші үш-үштен алтау болады. Ал одан да үлкен үйлердің шаңырағының күлдіреуіші алты-алтыдан он екіге дейін арта береді. Өйткені бүкіл үйдің құрылымдық салмағы шаңырақтың күлдіреуішіне сүйеніп тұрады. Жалпы алғанда шаңырақ үйдің өз салмағынан басқа сыртқы жел мен боран, жауын-шашынның да қысым күшін көтереді. Сондықтан шаңырақ – киіз үйдің жүк көтерген қара нары деуге болады.
Күлдіреуішті қосып ұстап тұратын ағашты «Қағаша» немесе «Бақалық» деп атайды. Қазақтың шаңырақ жасайтын қас шеберлері шаңырақты бояу, оюлау, өрнектеу, көмістеу, алтындау, сүйектеу тәсілдерімен көз тартатын етіп, барынша көркем жасайды. Басты беріктігіне назар аударады. Шаңырақтың екі жағына терме, өрме бау тағады. Оны «Желбау» деп атайды. Ол үй тіккенде, шаңырақты жоғары бақанмен көтергенде, сол желбаудан ұстап тұрып көтереді. Ол шаңырақтың тепе теңдігін сақтайды. Одан сырт қатты боранды күндері сол желбауға ауыр заттарды байлап қояды. Сол кезде ұйытқи соққан боран үйді жыға алмайды.
Қазақ дәстүрлі ұғымында киіз үйдің ең қасиетті, ең киелі заты – шаңырақ болып саналады. Үй, отбасы деген ұғымдардың орнына «Шаңырақ» дейді. Үлкен үйді «Қара шаңырақ» дей салады. Көшкенде ең күшті, ең маңдай алды атан түйеге шаңырақты айырым артып көшеді. Көштің алдында алып жүреді. Артқы түйеге, не арық түйеге артпайды. Барып қонған, ерулеген жерде шаңырақты басқа жүктерден бұрын түсіреді, таза биік жерге қояды. Ойпат, шұңқыр жерге қоймайды. Олай етсе, шаңырақтан құт қашады деп ырымдайды. Шаңырақты шалқасынан шалқайтып тастамайды. Ерулеп көшіп кететін жерге қойғанда да, шаңырақты туырлық, түндікпен жауып биік жерге, ит сарымайтындай етіп қояды.
Қазақ ырымында шаңырақтан аттамайды, шаңыраққа түкірмейді, шаңырақты боқтамайды, шаңыраққа тас лақтырмайды, шаңырақты қарғамайды, шаңырақты ластамайды, таза күтіп ұстайды. Шаңырақтың киесі атады деп қорқады. Көпсіп-көбіп сөйлеген әлде біреулерге «Шаңыраққа қара», «Шаңыраққа бақ» деп ескерту жасайды.
Ал шаңырақ тозса, істетуге келмей қалса, онда оған ақ тамызып өртеп жібереді де, күлін биік өскен бәйтеректің түбіне, таза жерге көмеді. Сөйтсе бәйтерек қаулап өсіп тұрады деп ырымдайды.
Қазақ тіліндегі қара шаңырақ сөзі - өз кезінде атадан балаға қалған үлкен үй деген заттық ұғымды ғана білдірсе, кейін келе ұлт мәдениетінің, дүние танымдық әлеметтік кең мағыналы ұғымына ұласты. Әлемдік танымал ұлы ұғымға айналды. «Мәдениеттің қара шаңырағы», «Өнер қара шаңырағы», «Киелі шаңырақ», «Қасиетті шаңырақ», «Қазақ мемлекетінің қара шаңырағы», «Әлем елдерінің ортақ қара шаңырағы» т.б. тәрізді тым терең, мағынасы салқар рухани ұғымдарды білдіретін болды.
2. ЕСІК ( Сықырлауық)
Киіз үйдің есігі екі түрлі материалдан жасалады. Бірі – жарылып ашылатын ағаш есік. Оны «сықырлауық» деп атайды. Екіншісі – киізден жасалатын, түріліп ашылатын киіз есік. Оны «киіз есік» деп атайды. Бұл есіктер үйдің жылуы мен беріктігін сақтайды.
Қазақ киіз үйдің есігін үй жасатқан адамға жасатпайды. Басқа есік жасайтын шебер есікшіге жасатады. Үйткені қазақ жол-жоралғыларында үйдің есігі ерекше киелі саналады. Одан жақсылық та, жамандық та, өмін де, өлім де кіреді деп есептейді. Сондықтан бағзы замандарда арнайы есік жасайтын қас шеберлер болған. Олар ағаш есікті бұтақсыз қатты ақ қайың, қызыл қарағай тәрізді өте берік , сапалы ағаштардан шауып, қашап жасайды. Ағаштың бұтағы бар жерден жасаса, қысым түскенде дәл сол жерден сынады. Қатты боран соққанда қирап қалады. Есік үйдің маңдай жағындағы барлық салмақты көтеріп үстап тұрады. Бақ шақыратын, жарық кіргізетін асыл мүлік саналады. Есік жасаушыларды «Есікші» деп атайды. Есік арзан бағада болмайды. Оған түйе, жылқы, сиыр, жамбы, тайтұяқ беріп, арнайы тапсырыспен жасататын болған. Ал үй жасаған адамға есік жасатпауы – бір адамның қолынан жасалған есік екі дүниеге уәкілдік етпейді деп ұйғарады. Есік жасайтын есікшілер де жай адамдардан болмайды. Олар көп нәрсенден хабары бар. Қазақтың жол жоралғыларын жақсы білетін, қолы берекелі, ниеті дүрыс, ел ішінде бет пен беделі бар адамдар. Солардың қолынан жасалған есіктерден бақ пен дәулет үйге тасып кіріп тұрады деп ырымдаған.
Есік бір маңдайшадан, екі босағадан, бір табалдырықтан, екі жарма есіктен құралады. Ата қазақ тағылымында маңдайшаны тартпайды, босағаны кермейді, табалдырықты баспайды, есікті серпіп ашпайды, тоқпақтап ұрмайды, аяқпен теппейді. Босағаға сүйеніп тұрмайды, бейуақытта есікті айқара ашып қоймайды. Үй иелері де, келген қонақтар да табалдырықтан оң аяғымен атап кіреді. Олай етпесе шаңырақтан құт, бастан бақ таяды деп ырымдайды.
Есік жасаушылардың есікке қатысты өлшем бірліктері болады. Есіктің биіктігі үй керегесінің биіктігімен бірдей болады. Шамамен 175 см, ені 120см, екі босағасы мен табалдырығы, маңдайшасы 7-8 см мөлшерінде болады. Кейде үйдің үлкен кішілігіне қарай өзгеріп отырады.
Киіз үйдің есігінің маңдайшасы мен қос босағасына әдемі әшекейлі ою- өрнектер салынады. Бардам бай адамдар ою- өрнекпен араластырып, мүйіз, сүйектен, алтын, күмістен араластырып одан ары әшекейлеп жасататын болған.
Қазақта «Босаға майлау» деген жақсы дәстүр бар. «Шаңырағың биік, іргең кең, терезең тең, табалдырығың таза, төрің құтты, босағаң берік болсын» деген ақ бата да бар.
Тоқетерін айтқанда, есік – құт қақпасы, кие есігі саналады, өте жоғары бағаланады.
3. КЕРЕГЕ
Кереге – киіз үй сүйегінің қабырға және ірге бөлегін қалыптастыратын құрылымына жатады. Ол өз үстіне жабылған түндік, туырдық, үзік, шаңырақ, уықтардың салмағын көтеріп тұрады. Сырттан соққан жел мен бораның қысым күшін, шеңбер пішіні арқылы үстіне жалғанған күмбез пішінді уық жақтағы құрылымына қарай өткізіп, жел бағытын жоғары қарай ығыстырады. Осы кезде керегеге түскен қысым күші табиғи азаяды. Керегеге ұрған жел азайып, үстінгі жел күшейеді де, керегені жерге қарай нықтап қадай түседі. Үйдің салмағы ауырлаған сайын, орнықтылығы да артады. Боранның үйге төндіретін қаупі мен қатерін сейілтеді. Жер сілкінісінің кез келген бағытына үйлесімді етіп жасалғандықтан, қатты, жылдам, күшті бағытты асау қозғалыстар қай бағытқа шайқаса да, қай жаққа тербесе де, ол тепе-теңдігін сақтап, пішінін өзгертпей тұра береді. Оның дөңгеленген шеңбер пішіні төрткүл дүниенің бар бағытына бағып, табиғи үйлесім тауып, сырттан төнген қауіп пен қатерден сақтайды. Осындай ғылыми есептеулерді арқау етіп, ішкі бірлігін төрт бұрыш көзбен көріктеп көктеп, жиып-жаюға ыңғайлы етіп, боз талдан, жіңішке қайыңнан әсемдеп жасалған, киіз үйдің қабырғасы мен іргесін қалыптастыратын ағаш сүйекті құрлымын қазақ «Кереге» деп атаған.
Қазақ «Керегең кең, пиғылың оған тең болсын» дегенді тектен-текке айтпағанын осыдан түсінуге болады.
Қазақ киіз үйінің керегесі көздерінің көлеміне қарай «Тор көзді кереге», «Жел көзді кереге» деп екіге бөлінеді. Кішкене көзді, яғни 11-15 көкті, 75-90 басты аралық қалдырмай жиі көктелген керегені «Тор көзді кереге» деп атайды. Тор көзді керегені жинау ауырлау болады. Бірақ жел мен боранға шыдамды келеді. Тор көзді керегенің уық байлайтын басы жиырма басты болады.
Ал арасынан бір көзді аттап өтіп, азат қалтырып, 11-12 көкті, 95-120 басты көктеп жасаған керегені «Жел көзді кереге» дейді. Жел көзді кереге тез жиналады. Жел көзді керегенің уық байлайтын басы он жеті басты болады.
Кереге жасайтын керегешілер жас тал мен қайыңның қабығын аршып, көлеңкеде кептіргеннен кейін қозға көміп жұмсартады. Сонан соң тезге салып түзетіп, жонады. Дайын болған кереге ағаштарын қайтадан тезге салып мүсіндейді. Бұдан соң оларды бір-бірімен қосып, түйенің, өгіздің мойын терісінен дайындалған таспамен көктейді, жосамен бояйды. Ауқатты адамдар керегені әр түсті бояумен бояп, басын ішкі жағынан сүйекпен, күміспен әшекейлететін болған. Жиюлы керегенің биіктігі 2 м-дей, ені 75 см-дей болады. Ал жазған уақытта биіктігі сәл төмендеп, ені 2-2,5 м-ге дейін созылады. Керегені өзара таңғышпен байлап жиып қояды. Кереге санына қарай киіз үй 4, 6, 8, 12 қанат етіп тұрғызылады. Хан ордасының кереге саны 30-ға дейін жеткен.
Қазақ керегенің әр тал ағашын «Желі» деп атайды. Желінің ең ұзынын «Ерсі», орташа ұзындар «Балшық», ең қысқасын «Сағанақ» дейді. Керегенің көктеліп жасалып болған түрін «Қанат» деп атайды. Үй үлкейген сайын қанат саны да артып отырады.
Қазақ керегенің басына жаман заттарды ілмейді. «Үй іші ала болса, кереге басы пәле болады» деп ырым етеді. «Кереге үй сақтайды, кемеңгер ел сақтайды» керегені аялап күтіп ұстайды.
4. УЫҚ
Киіз үйдің шаңырағы мен керегесін біріктіріп ұстап тұратын, ұзын ин ағашын қазақ «Уық» деп атайды. Уық үйдің төбе бөлігін күмбез бейнесіне келтіріп, шаңырағын биік көтеріп, іші-сыртына сымбат беріп тұрады. Шаңыраққа түскен салмақты керегеге қарай өткермелеп, үйдің ауқымы мен саламағын теңдеп тұрады. Соған байланысты уық саны керегенің жел көзді және төр көзді жасалуына қарай кереге басының санына тепе-тең болады. Бірі артық, бірі кем болмайды. Бұдан сырт кереге басына байланбайтын, есік маңдайшасына жеті не алты уық байланады. Бұл алты уық алты алашты білдірсе, жеті уық жеті жұрт, жеті атаның символы деуге болады.
Қазақ киіз үйінің уық саны мен қанат санының, есебін дұрыс есептеп шығару үшін кереге басына байланған уық санына, маңдайшаға байланған уық санын қосып есептегенде үйдің қанша бас үйден құралғанын дұрыс айтуға болады. Ал қанат саны тіптен оңай, үйде қанша кереге болса, ол үй сонша қанаты үй деуге болады.
Демек, әдеттегі алты қанатты үйдің уығының ұзындығы 12-13 қарыс болса, қанат саны көбейген сайын уықтың ұзындығы үй көлеміне қарай 15-16 қарысқа, тіпті одан да ұзарып, қарыс саны артып отырады. Себебі үй іргесі кеңейген сайын уығы ұзара береді. Егер іршесі кең, уығы қысқа болса, үй төбесі жалпиып жатып қалады. Үй сәулетті көрінбейді.
Уықты ұзын жасаудағы мақсат – үй төбесі биік әрі көркем конус пішінді болып әдемі көрінеді. Жел мен боранның кедергі күшін тез айналдырып өткізуге ыңғайлы болады. Уықтың иін келген жерін, 145-150 доғал бұрышын – «Уық алақаны» немесе «Уық қарны» деп атайды.
Қазақ уықтың ұзын бойын төртке бөліп қарастырады. Уықтың илген кереге басына байлайтын жалпақ бүкірлеу жерін, уық бау тағатын, тесік тұсын «Уықтың алақаны» десе, уықтың алақанына жалғасып илген күдіс жерін «Иіні» не «Қары», «Уық қары» дейді, уықтың иінінен шаңыраққа дейінгі түзу арасын «Уық қарымы» немесе «Уық сабы» десе, уықтың шаңырақ тесігіне кіріп тұратын төрт қырлап жасалған үшін «Уық қаламы» деп атайды.
Уық тап-таза қазақы өлшем-мөлшер сандық есептермен жасалған, киіз үйдің құрылым бөлшегі болып табылады.
Уықтың пішіні ғажап құбылысқа сай жасалған, салмақ өткізгіш деуге болады. Уықтың иінінен бастап, төрт қырлы қаламына қарай ақырын-ақырын жіңішкере береді. Оның да нәзік есебі бар: біріншіден, уықтың жеңіл әрі әдемі болуына байланысы болса, екіншіден, шаңырақ шеңберіндегі уық кіретін ұяшықтың кең болып кетпеуін көздейді. Үшіншіден, шаңырақ тұғыны (Шеңбер ағаш) жуан болса, көзге ерсі көрініп, үй көркі мен сәулет сәнін бұзады. Төртіншіден, уықтың кереге басына бекітіліп байланған арасы 2.5-3 сантиметрден аспауы шарт. Ал шаңырақ ұяшығына уықтың қаламы кіріп орныққанда жоғарыдағы салмақ төмен қарай ағылып келіп, керегеге түседі. Жоғарыдан ағылатын салмақ кедергісіз түсуі үшін жіңішкеден жуанға қарай сырғу амалын қолданған. Егер, уықтың басы мен аяғы тең болса, онда жоғарыдан құлдаған салмақ бірден керегеге ауырлық әкеледі де , кереге тез сынып кетеді. Шаңырақтан кереге түсетін салмақтың мөлшерін теңдеп тұру үшін уықты нәзік өлшем-мөлшерлік есептеу әдісімен, өте ғылыми түрде жасаған. Атам қазақтың «Бір уығың болып қадалайын» деген сөзінде көл-көсір тәрбиелік мән жатыр. Бесіншіден, уықтың алақанынан қаламына қарай жіңішкере жасалуы, шаңырақ ұяшығы мен уық қаламының төрт қырлы болып жасалыуы үйдің орнықтылығын артыра түседі. Алтыншыдан, үйдің төбе бөлегі күмбез пішінді болғандықтан, сырттан жауған жауын-шашын төменге қарай тез әрі кедергісіз сырғып түседі. Боран - шапқынға шыдымды болады. Қазақ киіз үйінің уығы осындай ғажайып есептеу тәсілдерімен жасалған.
Қазақ уықтың алақанының ішкі бетіне «Ыру» сызығы мен ұзын бедерінен басқа, ою-өрнек салмайды. Ол жерге ою-өрнек салса, жоғарыдан төменге түсетін салмақ күші тосқауылға ұшырайды деп ұйғарады. Уықты жосамен, не қызыл күрең бояумен бояп қояды. Уықтың басынан тесік тесіп, әр уыққа жеке-жеке бау тағады. Оны «Уық бау» деп атайды. Уық баудың ұзындығы 1.20-1.50 сантиметр шамасында болады. Көп уықтарды біріктіріп жинаған кезде, уықтардың басын қосып, сол уық баумен байлап, түйеге артады. Сонда бет-бетіне кетіп шашылып қалмайды. Қазақта «Баусыз уық – байлаусыз көлік» деген тәмсіл бар. Бұл сөздің түбінде нар түйедей образды шүңет ой шөгіп жатыр. Тағылымы мол, тәлімі көл тәрбие жатыр.
Жалғасы бар...
Болат Бопайұлы
Abai.kz