Тәңір қазақтың жауынгер Рухы
Пікірлесушілер: Философ Әбдірашит Бәкірұлы мен философ Берік Аташ...
Ә.Б. – Көп адам қазақ халқының тарихын ұлт болып қалыптасқан Қазақ хандығының құрылуымын байланыстырады. Бүгінде біз шегараны ұзартып, Қазақ елі мемлекеттілігін Алтынордаға жақындаттық. Жошы хан басқарған Ақорданы қазіргі Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің бастауы ретінде көрсетуге ұмтылудамыз. Соған сай, қоғамдық санада сол заманғы халықтың құрамы, оның дүниетанымы туралы толық ақпаратқа қажеттілік туындауда. Соның көрнекті бір саласы – халықтың діни наным‑сенімі тұрғысында болып отыр. Оның өз себептері бар, мысалы, соңғы отыз жылдам астам тәуелсіздік уақытында елімізде, әсіресе, қазақ ұлтында дінге көзқарас күшейді. Барлық жерлерде мешіттер салынып, діни оқу орындары ашылды. Көп қазақ балалары ислам діні қатаң ұсталатын Иран, Түркия, Сирия, Ирак, Араб Әмірлігі, Сауд Арабиясы, Египет және басқа елдерде діни білім алып қайтты. Әрине, халық оған қуанды. Алайда, ол қуаныш көпке созылмады. Ол мемлекеттерден діни білім алған жастар, елге келген соң өз «діни коалицияларын» құра бастады. Мәселен, араб елдерінен оқығандар дін ережесіне бағынышты қоғам құруды көздесе, Түркияда оқығандар діни либералистік бағытты ұстанып, сопылықты жандандырғысы келді. Бізде шет мемлекеттердің көмегімен діни университеттер және факультеттер, медреселер ашылды. Шет елден оқығандар сол жерге ұстаз болып, жастарды өз көзқарасы мен танымындағы «дінге» үйретуді қолға алды.
Бірақ, ол ұстаздарда да, оқушы жастарда да үлкен кемшілік бар еді. Ол – Қазақ елінің тарихын келте түсініп, оны тек ислам дінінің таралуымен өлшенетін тарихқа бет бұруы еді. Мәселеге осы тарихи көзқараспен келгенде, қазақ елінің «қазақ» деген атпен танылғанға дейінгі тарихы санадан жойылып, ұлт «тарихи санадан» ажырайды. Содан кейін, діни адам өз ұлтының тарихын тек қана осы дінмен байланыстыратын күйге түседі. Енді ол адамға Қазақ елінің дүниетанымы, яғни, діни танымдық тарихы көне сақ‑ғұн дәуірінен бізге салт‑дәстүр түрінде келе жатқанын айтып түсіндірудің өзі мүмкін болмай қалады. Осылайша, қоғамның діни санасы «келте тарихты» алға тартып, «ислам ата‑бабадан келе жатқан дініміз» деген қатаң ережені қабылдайды. Қазақ өз тарихында одан өзге де ұстанымдарда болған деген тұжырымды жоққа шығарады. Сөйтіп, ол өзінің «арғы тарихынан» жеріп, оны жабайылық, қораштық, анайылық ретінде сынай бастайды. Бұл үрдіс өрши келе көнеден келе жатқан ұлттық салт‑дәстүрлерді терістеуге, не болмаса, қазақы салт‑дәстүрді көп ғасырлар кейін пайда болған ислам дініннің бүгінгі қалыбына үйлестіруге, ақыр‑соңы ‑ қазақ дәстүрінің бәрін тек қана ислам діні мен оның пайғамбарларынан шығаруға бет бұрады.
Нәтижесінде қоғам екіге жарылады: бірі – өз халқының терең тарихын жоққа шығарушы діни радикалды топқа айналса, екіншісі – терең тарихты негізге ала отырып, салт‑дәстүрімізді исламданудан қорғаушы топқа айналды. Алғашқы топ – тарих пен дін арасын ажырата бермейтін, дінге тек қана «дін» деп қарайтын, саналары дінмен догмаланған, алайда бүгінде көпшіліктен қолдау тауып отырған дін өкілдері болса, екінші топтағылар – Қазақ Елінің тәуелсіздігін жоғары қоятын, оның унитарлы мемлекет ретінде өз мәдениеті, өз дәстүрі, өз діни наным‑сенімі болуы қажет екендігін түсінген, ғылым‑білімге жақын зайырлы қоғам өкілдері болып келеді. Бүгінде осы қайшылық шегіне жетіп, ол енді Қазақстанның мемлекеттік дамуына, ұлттық дүниетанымның қалыптасуына, ғылым‑білімге ашық бағытқа көшуге кедергі келтіре бастады десек болады. Бұл қайшылық күннен күнге үдеп барады. Осыған не айтуға болады?
Б.А. – Көнеден сабақтасқан тәңірлік дүниетаным кейбіреулер ойлап жүргендей, қандай-да бір априорлы (тәжірибеге қатыссыз), ноуменалды (тек атау, сөз, ұғым), схоластикалық (діни бос сөзділік), байырғы мифтердің жиынтығынан басқа түк те емес, немесе, заманға сай келмейтін көненің сарқыншақтары т.б. емес, ол ‑ заманауи өмір шындығы.
Ол ‑ Сіз бен Біздің біте қайнасып кеткен қазақи өмір салтымыз, бүгінгі күні де маңызы мен өзектілігін жоймаған, қоғамдық өміріміздің әр саласын қамтитын мәңгілікке арналған ережелер мен қағидаттарың жиынтығы. Тәңірлік дегеніміз – сана экологиясы, медицина, терапия, толыққанды азамат қалыптастыру педагогикасы, асқақ адамгершілік құндылықтар қағидасы, дін аралық татулықты сақтау мен зайырлылық үлгісі т.б. қамтыған әмбебап дүниетаным мен өмір тәжірибесі.
Соның бірі – тәңірлік патриотизм, ұлтжандылық, елінсүйгіштік қазіргі заманғы патриотизм үшін ұмыт қалдырмай сақтауды сұранып тұрған заманауи қажеттілік. Оның ішінде ‑ әскери патриотизмді нығайтудың идеологиясы да бар. Бүгінде әскери қызметтен не отан қорғау борышынан қашып жүрген азаматтарымыз қаншама. Тіптен, бұл өршіп бара жатқан беталысқа айналған сияқты.
Ал, Тәңіршілдіктегі ұлттық Рух идеясы жалған патриотизм емес. Ол намыс пен жігер, шабыт пен ерлік, арқалану (арқасы қозу) мен ел үшін өзін құрбан етуге алып баратындай – батырлық пен ержүректілік. Оны батырлар жырындағы эпостардан да көруге болады. Бірақ мәселе, бұл тұста, сол тәңірлік әскери патриотизмнің қалай қалыптасқандығына, оның генезисіне, философиясына шолу жасаудың маңыздылығында болып отыр.
Ә.Б. – Кейінгі кезде әлемдік саясат ширықты. Әрбір ел өз қауіпсіздігіне төнетін қауіп бар екенін сезіне бастады. Сондықтан, «Ел –ерін қорғайды, Ер – жерін қорғайды» демекші, біз де Ұлттық қорғаныс мәселесін көтере бастадық. Сонда өзіңіз айтып отырған жағдайлармен жолығып жатырмыз. Шын мәнісінде, біздің халық отыз жыл бойы бір ғана батамен өмір сүрді десе болады, ол – «Бай болайық, бақуатты болайық» деген сөз еді. Әрине, бай болудың да, бақуатты болудың да еш сөкеттігі жоқ. Мұндағы мәселе басқада болып тұрған сыңайлы, ол – «Байлық пен бақуаттылыққа жетудің жолы қандай?» деген сұрақтың назардан тыс қалды ма деймін. Жалпы, қазақ дүниетанымы тек адал еңбекпен тапқан дүниені бағалайды. Қазақ ешқашан «күні‑түні жалбарынсам ‑ маған Тәңір үйіп‑төгіп бере салады» деген діни патерналитстік ұстанымға бармаған халық еді. Сондықтан, ол «Еңбек етсең – емерсің» деп, ұрпағын еңбекке, яғни, адалдыққа, шынайы өмірге бейімдеген. Менің пайымдауымда, сол дәуірдің «Батырлық бастауында» өмірге деген осындай көзқарас жатыр ма деп ойлаймын. Бүгінде осы принцип өзгерді. Баюдың және бақуатты болудың неше түрлі технологиялық мүмкіндіктері пайда болды. Ол әркімге белгілі. Мысалы, әлемдегі ең бай адамдардың көбі байлығына таланты мен ғылыми не басқа жаңалықтары арқылы жеткен. Ал, біздің елдегі жағдай мүлдем басқаша болып шықты. Біздің байлар байлығына ата‑бабадан мирас болып қалған қазына‑байлықты сату арқылы, өз мемлекетін ұрлау‑тонау арқылы қол жеткізгені құпия емес. Қазір олардың бәрі дерлік шет елдерге қашып кетті. Бірақ, олар бізге өздерінің «жаман үлгісін» қалдырып кетті. Соның арқасында, жастардың санасына «Отан» ұғымы емес, «Байлық» ұғымы сіңді. Ал, «байлық» ‑ шегара таңдамайтын құбылыс. Ол жерде «патриотизм» тек шартты түрде айтылады: «Отанннан саған пайда болса ғана ол ‑ Отан, болмаса – оның қажеті шамалы» деген... Ал, «адал еңбектің» орнын мемлекеттік және діни патернализм басты. Мысалы, діншілдер «Күндіз‑түні уағыз айтып отырған адамға Құдай бере салады» деп, санасы бекімеген жас ұрпақты адастыруға қызмет етіп жатыр. Одан өзге, дін бойынша қазір «Отан» деген қасиетті сөзді «Жұмақ» деген таңғажайып әлем алмастырған. Оған сенген жастар да Отаннан бұрын жұмағын ойлайтын «діни эгоизм» кеселіне ұшырауда. Бәлкім, менің бұл ойларым шамадан тыс пессимизм шығар. Дегенмен, ақиқаттың бір ұшы осында жатқан сияқты...
Б.А. – Тәңірлік сенімде: Ұлт – Ұлттық рух түрінде шынайы өз мәнін қайталайтын сатылардан өтеді: «адам» – түркі ұрпағы, Көк Тәңрінің ұлдары, әлемнің азаматы». Тарихтағы түркілік этноцентризмдік дәуір өздерінің әлемге толық ашық этникалық санасын - тылсым (трансцендентальды) Рухтың өзегін (субстанциясын) тудырды. Осы «Рухтандырушылықтың» архетиптік, қан арқылы, шежіре, эпостар т.б. арқылы берілген тұтас мазмұны бар. Алдымен, бұл ‑ «Тәңірінің ұлдары» идеологиясы. Тәңіршілдікте Адам құдайдың құлы емес, оның ұлдары. Білге қаһан, Күлтегі т.б. Тәңрінің қалауымен болған деп саналған.
Түркілер туралы орта ғасырдағы ұлы ғалым Махмұд Қашғаридің «Түрік тілдерінің лұғатында» былай деген: «Ұлы Тәңір айтады: «Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды түрік деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түріктерімді қарсы аттандырамын» деген жолдар осының айғағы. Яғни, ешкімге де бас имейтін еркіндік пен азаттық рухты бойына сіңіру тәңіршілдіктің басты идеясы. Осы идея түркі халықтарының әлемде сан мәрте рет алып империялар мен хандықтар құруына алып келіп жігерлендірді, Рух берді, Мысыр, Үнді жері, Қытай т.б. елдердің билеуші әмірлері етті.
Тәңірлік рух қалыптастырудың тағы бір мотивациясы көне түркілік дәуірдегі – көк бөрі тотемі. Ол бөріге сыйынуға емес, оны да түз тағысы ретінде құрметтеп, санасып өмір сүруіне алып келді. Бөрі – түркі даласында жеке дара өмірі арқылы түркі халқына рух берді, бөрілік рух түркілік рухқа тасымалданды. Бөрі – өзіне сенімділіктің, даланың қатал заңдарындағы тәжірибе алаңында өзін-өзі үнемі сынау тәжірибесінің жалқы өкілі; қайсарлық, жігерлілік, қайтпас рухты, өжет, айлакер т.б. психологиялық сапаларды жинақтаған тіршілік үшін күресте «жеңімпаз» атанған өміршең «жанды тіршілік иесі». Ол жалығу мен қорқуды, шаршау мен демалуды, шегініс пен жеңіліске көнбейтін «биологиялық робот» сынды хайуан. Бойында намыс пен жігері бар, яғни, ақылы болса «өлімнен ұят күшті» деген қазақы қағиданы басшылыққа алатын жануар. Сонымен қатар, қартайған кәрілерін де далаға тастамайтын және өмір бойына бір ғана жұп құруға тағайындалған. Қосағынан айрылса, бірнеше ай бойы аза тұтып, оған деген адалдығын білдіретін ерекше табиғи жаратылыс.
Осы сапаларды ер түркілер өздеріне көшірген (проекциялаған), оның қасиеттерін өзіне тасымалдаған, тіршіліктік болмысын үлгі ретінде ұқсатқан, «өзінен - бөріні, бөріден - өзін көре білудің» өзіндік бір бейнесін құрастырған. Бұл далалық даналықтың рәмізі – «Бөрі болмысы», не болмаса, «Бөрілік болмыс»! . Сондықтан, қасқырдың қазақтарда бірнеше табулық баламалы атаулары қалыптасқан: бөрі, итқұс, құрт т.б.
Ә.Б. – Бүгінде кейбір догмашылдар не әдейі, не білместікпен осыны физикалық тұрғыда түсіндіруге тырысады. Олар «Бөріден қалай тудыңдар? Ұмай Аналарың одан қалай бала тапты?» деген сұрақты қойып, өздерінше «тәңіршілерді керемет мұқатып тастадық» деп ойлайды. Соған рахаттанады. Алайда, олар өздерінің шолақ ойын аңғармайды. Жалпы, діндерде мұндай сюжеттер көп. Мысалы, христиан дінінде «тазалығынан ажырамаған қыз – Дева Мария» бар. Ол тікелей «Құдайдың қалауымен бала тапқан қасиетті әйел‑ана». Бірақ, біздің дін оны талқыламайды. Тек Тәңірлік дүниетанымдағы Ұмай Ананың образы оларға тыныштық бермейді. Меніңше, Ұмай – тіршілік бастауы, тіршіліктің құдайы. Ол да ежелгі түркілердің рухани болмысының бір бөлігі.
Б.А. – Бөрілік ‑ рухтандырушылық рух! Ол ұлттық Рух өзегінің өзін-өзі қайтадан тануына, өзін-өзі үнемі қайталауына жол ашып отыратын символикалық тылсым. Сонымен қатар «бөрілік рух» түркілерде қанағат сезімдерін туғызып, олардың қуатты Рухына реттеушілік, толықтырушылық (компенсаторлы), және келісімділік қызметтерін атқарды. Яғни, Бөрі мен Рух кіріктірілген нұсқада ұлттық болмысты, қуатты жауынгерлік рухты «қайталайды». Сөйтіп, ол әскери патриотизмнің негізін қалайды. Бұл әлеуметтік идеология түркі азаматының биологиялық, физиологиялық қуаттылығының орнығуына белгілі бір деңгейде ықпал етті. Міне, осы арқылы көшпенділік өркениет пен түркі халқының ғасырлар бойы әлемге қалай үстемдік жүргізгенін, неліктен жарты әлемді билей алғандығын оңай түсінуге болады.
Ә.Б. – Осы «бөрілік рухты» жою қалай жүзеге асырылды?
Б.А. – Россияның отарлау саясатшыларының психоаналитиктері қазақты толықтай бағындыру үшін ең басты қауіп, ең негізгі кедергі осы – «бөрілік рух» архетипі екендігін терең бағамдай алды. «Бөрілік рух санасын өлтіруді» олар қазақтың ұрпақтарынан бастау керектігін жете түйсінді. Сондықтан, кеңес заманы тұсында аю мен арыстаннан қорлық көріп, адам мен түлкіден үнемі алданып жүретін «байғұс» қасқырдың образын жасақтау мифологиясын (идеологиясын) мультфильм, ертегі түрінде қазақ халқының балаларының санасына сіңірді. Олар осы психотехникамен арнайы айналысты. Бөрілік рухты жоймайынша, отарлау, яғни, халықты құлдық психологияда ұстау мүмкін емес екендігін аңғарды. Олар сол себепті осы қауіпті деп саналған рухпен көптеген жылдар бойы арнайы айналысты.
Рух дегеніміз, мейлі ‑ бөрілік болсын, мейлі – қыран болсын, мейлі қандай-да басқа да көздерден нәр алмасын ‑ мәңгілік өміршең, аса қуатты, өзгергіш-бейімделгіш өріс. Оны 1986 жылғы қазақ жастарының көтерілісіндегі «Ұйқылы рухтың қайта оянуы» дәлелдеді. Қазіргі таңда да ерлік пен елдікті насихаттауда, ер азаматтар үшін намыс пен жігер қалыптастыруда осы тәңірліктегі «бөрі рухының» қаншалықты маңызды екендігі түсінікті жайт.
Ә.Б. – Бүгінде белгілі философ «Бүгін» атты мәселе көтере бастады. Яғни, ол бойынша болашақтың негізін қалауға бүгінгі ұрпақ жауапкершілікті ‑ ол осыны айқын білуі керек екен. Яғни, қазақ ел боламын десе өткенімен мақтана бермей, болашақтың бос қиялына бара бермей – бүгін болашақтың іргетасты болатындай «ертеңнің концепциясын» ұсына алуы тиіс дейді ол. Алайда, ол кезде басқа бір сұрақтар туады ғой, ол: «Бүгінгі ұрпақтың болмысы қандай? Ол ертеңнің ғана емес, бүгіннің жауапкершілігін өз мойнына артуға қабілетті ме? Ертең халықты орға жықпасына кепілдік қайда?» деген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ болмысының анықтаушысы тек тарихта жатыр дер едік. Өзіміз көріп отырғандай, осыған дейінгі қалыптасқан қазақтың ұлттық құндылықтары осы заманның серпінді дамуына төтеп бере алушы еді... Және де, тәуелсіздік оған қосымша мүмкіндік берді. Біз философ ретінде «осыны жоғалтпайық» деп зар иледік, көлдей мақалалар жаздық..
Бірақ, екінші шындық – осыған дейін кез келген апатқа төтеп бере алатын «қазақ құндылығына» аялы алақан жолықпады. Билік - өзін құндылық санап кетті. Халық – «бай‑бақуатты» ойлаумен кетті. Сөйтіп, «бәрін жарылқаушы» деген бір адамға табыну эпидемиялық деңгейге жетті. Дауалы сөзі бар адам «аңысын аңдыған аңшыға» ұқсап, майдаланды... Бейнесін жоғалтты... Ұят, Обал, Жақсы деген жайына қалды. Біз Қасқыр қоғам орнаттық. Қасқыр емес, шүйебөрі десек те болады...
Қоғам болса ‑ болашақтың ертегісіне лықа тойды... Тойған соң, «болмағанда болмысымызды жоғалтып алмайық" деп, өткенін қаузап кетті... Оны санаға сіңсін деп мифтендірді... Себебі, халық болашақта бәрібір тек осы бастаудан қайта түлейтінін білді... Енді, соның уақыты келе жатыр ма деймін. Бүгінгінің жауапкершілігі – болашаққа «Отанын сезінген ұрпақ қалдыру» болса керек. Қазір біз сол процесті бастан кешудеміз...
Б.А. – Жоғарыда айтылғандай, философ ағамыздың «бүгін» деп отырғаны да «аруаққа сенім» түсінігімен байланысты. Ол ұғым тәңіршілдіктің құрамына сіңіріліп, бүгінгі күні де өзіндік келбетін сақтап келе жатыр. Ол қазақ наным‑сенімінің өзегінде тұр. Қазақ қай жерге бармасын, ата-баба аруағына сыйынып, «ата-баба аруағы қолдасын» деп тілек айтып, жалбарынады. Бұл – мынадай формаларда көрініс табады.
Біріншіден ‑ дем беруші қолдаушы, рухтандырушы қызметі. Мәселен, байырғы жауға шапқан қазақ аруақ шақырып, шабыттанып алатын.
Екіншіден ‑ емшілік дәстүрден байқалады.
Үшіншіден ‑ өткенді құрмет тұту ретінде.
Әркім өзінің ата-бабасының зиратына тағзым етеді. Бұнда да үрей мен сақтау, қорқыныш пен сыйлау, құрметтеу мен жүрексіну, сыйыну мен қастерлеу бәрі қатар жүріп отырады. «Аруақ атқан», «Аруақ кешірмейді», сонымен қатар «Аруақ қонған», «Аруақ қолдаған» деген түсініктер осыдан шығады.
Бұл сан мыңдаған жылдар бойы сақталып келе жатқан, халықтың дәстүрлі сеніміне айналған түсінік. Бүгінде де, алдымен, өзінің атасы-бабасы-арғы бабасына тағзым ету, өзінің оның ұрпағы екендігін мақтаныш тұту, ата жолын қуу т.б. орын алуда. Соның бірі ‑ жалпы түркі-қазақ халқының әулиелерін қадірлеуі, тарихты ұмытпау, даналар мен ұлыларды қастерлеуі, олардың аруғы жәрдем беретініне сену сияқты үлгілерде сақталған.
Бұл түсініктің ғылыми-теориялық негіздері К.Г. Юнгтің «ұжымдық бейсаналық» теориясына жуықтайды. Ол бойынша, бұрынғы өткен ата-бабаларының санасы, дүниетаным мен ұстанымдары, кейінгі ұрпақтарының сана түпкірінде сақталып қалатындығы туралы айтылады. Демек, белгілі бір деңгейде, аруаққа сыйыну мен құрмет тұту К.Г. Юнг теориясына «қазақы форма» беретін тәрізді. Бүгінде ол «Тәңірге, аруаққа, халыққа тіл тигізбе», «Ата-баба қорымдарына соғып, оларға дұға оқуды ұмытпа» деген сияқты шартпен шешімін тапқан.
Осы мәселелерді С.Оспанов былайша түсіндіріп өтеді: «Аруақтылыққа ие болған адамның да, оны көріп, соның ықпалына енген, ерекшеліктерін көрген адамдардың да санасы, сенімі ерекше сапалық сипаттарға ие болады. Мысалы, аруақты батырдың соғыс кезінде сол аруағын шақырып, орасан күш пен батылдыққа ие болып жаудың шебіне тиіп, оны қақыратуы өзгелерге қуат берсе, жаудың үрейін ұшырады, басқаша айтқанда жеңіс айқын, күмәнсіз жақындайды....Міне осы айтылғандардың барлығы ертедегі тәңіршілдердің ғана емес, соларды мойындайтын біздердің де саналарымызға онтологиялық әсер етеді. Яғни, бұл құбылыстарды тәңірлік тұрғысынан қаралған сана онтологиясының көріністері дей аламыз».
[Оспанов С. Арғытектану негіздері: тәңірлік пен жаратушылық ілімді зерттеудің ғылыми-практикалық мәселелері.-Алматы: Арыс, 2009.-424б. ,265б.].
Ә.Б. – Иә, күн тәртібінде аруақ мәселесі өткір тұр. Алайда, ол ақырындап төмендеу үстінде. Мәселен, бүгінде қаншама ата‑баба қорымдары қараусыз қалып, олардың ұрпақтары одан қатынасты үзіп алды. Олардың бүгінгі немерелері, не, шөберелері енді ол бабалар қорымын ұмытқан. Олар, енді, өз аруақтарын «жалпылама аруақ» атына қосады. Әрине, бір жағынан бұл Ұлт ретінде қалыптасу үрдісі болса, екіншіден, бұл болашақта діни космополитизмнің негізі бола алады.
Егер, қазақ салт‑дәстүрі ұлттық идеология негізін құраса, онда «аруқтың жалпылама түсінігі» ұлтқа қызмет етеді. Егер, ұлттық идеология «жалпымұсылмандық» принципке құрылса – онда ол бүкіл мұсылман әлемінің жаршысына айналды. Ол жағдайда Отан ұғымының мәні шайылып, жауынгерлік патриоттық Рух төмендейді.
Б.А. – Бүгінгі күні аруаққа табыну азайса да, «иә, аруақ», «ата-бабаның аруағы қолдай гөр» т.б. қолдау күтетін сөздерді пайдалану халқымызда кездесіп отыратын салт. Мысалы: «...Әбдісалан болса – қаңтарда жараған қаптағайдай шабынып-ақ тұр. Бұл алары – хақ. Алла жар болып ұлы бабасы Қара қыпшақ Қобыланды аруағы қолдаса...»,-деген спортшының жаттықтырушысының ішкі сезімдік толғанысын білдіретін сөзді [Қазақ спортының саңлақтары. (Октябрь Жарылғапов, Әбдісалан Нұрмұханов, Бекзат Саттарханов туралы естеліктер). / Құраст. Жарылқасын Нұсқабайұлы. – Алматы: Білім, 2007.-272 б.,58-59бб.] көрсете кетуімізге болады.
Бұл – Тәңірлік түсініктегі байырғы жауға шапқан қазақтың аруақ шақырып, шабыттанып алатын келбетінің көріністері. Яғни, бүгінгі таңда қазақ азаматтарына әскери‑жауынгерлік патриотизмде (әскери қызметте де) қолданылуы тиіс ‑ аруақтану, арқалану, жігерлену деген түсініктер қанымызға сіңген қажетті құндылық. Ол үгіт-насихат, саяси-әскери идеологияларда әлдеқайда ықпалды болады. Өйткені, ол қанымызда бар, жоғалмаған, «жасырынып қалған» рух.
Қорытынды авторлық сөз:
Жалпы тәңірлік дүниетаным рух берушілік, сайып келгенде, отан қорғау мен елдік, намыс пен жігер, қуат беру мен шабыттандырумен ұштасып, сол дәуірдің әскери патриотизмін сақтаудың құралы болған: «Жалаңаш бар да жауға ти, Тәңірім өзі біледі Ажаламыз қайдан-дүр» (Ақтамберді жырау).
Ал «Намыс» өз алдына жеке талдауды қажет ететін қастерді құндылық. Сайып келгенде, бүгінгі ұлтжандылық пен патриотизм, оның ішінде, әсіресе, бойымызда, қанымызда бар тәңірлік әскери‑жауынгерлік патриотизмді жаншымай, керісінше, оны жандандыруды қажет етіп тұр. Бұл перзенттік парыз!
Abai.kz