Сенбі, 2 Тамыз 2025
46 - сөз 992 0 пікір 31 Шілде, 2025 сағат 16:50

«Мемлекеттік рәміздер – ел рухының тірегі»

Сурет: inform.kz.

«Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев


Мемлекеттік рәміздер Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылықтарының бірі, халқымыздың тарихы мен болашағын байланыстыратын киелі нышандар. Осы тұрғыда азаматтық бірегейлікті нығайту мен мемлекеттік рәміздерді тәуелсіздігіміздің маңызды атрибуттары ретінде насихаттау бағытында ақпараттық сүйемелдеу мен түсіндіру жұмыстарының маңызы зор.

Қарағанды облысында бұл жұмыс жүйелі әрі көпқырлы сипатта жүргізілуде. Жыл басынан бері мемлекеттік рәміздер мәселелерімен айналысатын 14 комиссияның жұмысы жанданды. Комиссия отырыстарында мекемелер мен бұқаралық іс-шараларда Ту, Елтаңба және Гимнді дұрыс пайдалану мәселелері қаралды.

Негізгі іс-шаралардың бірі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін насихаттау және қолданудың әдістері мен түрлері» атты облыстық семинар болды. Қатысушылар мемлекеттік рәміздерді ілгерілетудегі озық тәжірибелерді, жаңа тәсілдер мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арналған әдістемелік ұсынымдарды талқылады.

Мемлекеттік рәміздер күніне орай қалалар мен аудандардың орталық алаңдарында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Гимн бір мезетте орындалған ауқымды салтанатты шаралар өтті. Облыс орталығында 3 мыңнан астам адам қатысқан «Туған жерім Қазақстаным!» атты патриоттар форумы ұйымдастырылды. Мемлекеттік рәміздер күні бес ерікті азамат Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мониторинг және әдістемелік қолдау жұмыстарын облыстық инспекциялық топ жүзеге асыруда. Соңғы екі жылда 500-ден астам нысан тексеріліп, оның ішінде 170 нысан биыл қамтылды. Маңызды бағыттардың бірі оқыту: жыл сайын мемлекеттік рәміздер өндірушілерінің және салалық сарапшылардың қатысуымен семинарлар өткізіледі. Мыңдаған дана әдістемелік құралдар жарық көріп, қолданысқа енгізілді.

Жастарға ерекше көңіл бөлінуде. Құрамында 300-ден астам үгітші бар ақпараттық-насихат топтары арқылы 15 мыңнан астам адам қамтылды. ЖОО студенттері, колледждер мен мектептердің жоғары сынып оқушылары патриотизм, заңға бағыну және азаматтық жауапкершілік мәселелері көтерілетін кездесулер мен тренингтердің белсенді қатысушыларына айналды.

Білім беру мекемелерінде мемлекеттік рәміздер тақырыбы тәрбиелік процестің маңызды бөлігіне айналған. Мектептерде патриоттық бұрыштар безендіріліп, ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер, патриоттық акциялар тұрақты түрде өткізіледі. Бұл жұмысқа ата-аналар мен педагогтар да тартылады. Бұл бағытта облыстың көптеген мәдениет мекемелері жұмыстар жүргізуде. Кітапханаларда 670-тен астам тақырыптық іс-шара, 550-ден астам көрме ұйымдастырылды. Халықаралық ареналарда жетістікке жеткен спортшыларымыз Мемлекеттік Гимнді орындап, Туды биікке көтеріп, рәміздерді насихаттаудың қуатты арнасына айналып отыр.

Мемлекеттік рәміздер мен патриотизмді насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің рөлі зор. Жыл басынан бері мерзімді басылымдарда және теледидарда патриоттық тәрбие мен мемлекеттік рәміздерге қатысты материалдар тұрақты жариялануда. Әлеуметтік желілерде «Менің Туым – менің мақтанышым» акциясы аясында 4000-ден астам жазба мен бейнеролик орналастырылды.

Айта кету керек, бұл жұмыс тек ресми шаралармен шектелмейді. Бұл Қазақстанның жаңа ұлттық бірегейлігін қалыптастырудың жанды  үдерісі, тарихымызбен тығыз байланысқан, болашаққа сеніммен қарайтын, кемел және саналы қоғамды қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

Бүгінгі күні бірлік, тұрақтылық және ынтымақ дамуымыздың басты факторына айналды. Осы тұрғыда қоғамның рухани бағдары да одан әрі нығая түсуі тиіс. Бұл Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қараудың, Отанға адалдықтың және болашақ алдындағы жауапкершіліктің белгісі.

Нурлан Бикенов,

Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы

Abai.kz

0 пікір