«Қазағым» деген қос Тұлға!
Жұмабай ШАЯХМЕТОВ 1902-жылы Омбы облысының Шарбақты ауданында туған. «Қазақ-орыс училищесінде», Мәскеудің Н.Нариманов атындағы Шығыс институтында оқыған. Қызмет жолдары: 1946 – 1954-жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 2-нші, 1-нші хатшысы. СОКП Орталық комитетінің мүшесі, Қазақстан және КСРО Жоғарғы кеңестерінің депутаты, КСРО Жоғарғы кеңесі Ұлттар кеңесінің төрағасы.
Бүгінгі жоғары оқу орындарымыздың бәрінің дерлік іргетасы сол жылдары қаланған: Шет тілдер институты, Денешынықтыру институты, Шығыс Қазақстан облысындағы қорғасын-мырыш, түсті металдар комбинаттары, Өскемен, Бұқтырма, өзге де су-электр станциялары, Шымкент химия-технология институты, Алматы консерваториясы, Совет Одағында тұңғыш Қыздар педагогтка институты ашылды.
Қазақ Тұтынушылар одағының, «Киров фабрикасының» ғимараттары, санаторийлер, ауруханалар салынды, Опера және балет театрының айналасындағы саябақ жасалды, Шевченко-Масанчи көшелерінің қиылысындағы студенттер стадионы салынды. Жаңадан Үкімет үйінің, Министрлер үйінің, Ғылым академиясы ғимараттарының құрылысы басталды. Медеу мұз айдынын жасау, Шымбұлақ спорт кешені салу жобаланды.
Мәдениетіміздің, оның ішінде көркем әдебиетіміз бен өнеріміздің қамқоршысы болған Жұмекеңнің тұсында Совет Одағының жоғары атақ-силықтарын алған қазақтар баршылық. Жұмекеңнің қазақ кадрларын өсірудегі еңбегі зор. Орта мектепті тәмәмдаған қазақ балаларының жылда 25-ін Мәскеу мен Ленинградтың жоғары оқу орындарына қабылдату; қазақ ігіттерін әскери міндетін өтеуге шақыруды уақытша тоқтатып, оларды соғыстан кейін жұмысқол жетпей жатқан халық шаруашылы жұмыстарына пайдалану жайындағы ұсыныстарын И.В.Сталин құптаған.
Жұмекең кеңбайтақ жерімізге сұқтанған, «тың игеруді дереу бастауымыз керек!» деп жұлқынған Хрущевқа қарсы тұрып, дес бермеген. Сталиннің кадрларынан құтылуға кіріскен әпербақан неме Жұмекеңді 1954-жылы орнынан алып тастады.
Енді сол тұста танымал болған журналшы Мадат Аққозиннің «Вернуть из забвения» кітабынан бір үзінді оқылық:
«Динмухамед Кунаев решил предать забвению Шаяхметова, чтобы не мозолило всем глаза всё то полезное, что сделал Жумабай Шаяхметов для народа. Ему было так спокойнее».
Д.Қонаевтың естеліктер кітабын оқыған қаламдастарым оның «кемеңгерлігін» кекесінмен айтты. Қазақстанды ширек ғасыр билеген ол қазақтың парасатты перзенттері: Қаныш Сәтбаевты, Шафих Шөкинді, Шахмардан Есеновті, Евней Бүкетовті, Өзбекәлі Жәнібековті, Әнуар Әлімжановты... қудаламаған секілді. Өзімен 14 жыл қызметтес болған мемлекет қайраткері, Министрлер Кеңесіміздің төрағасы, Соцалистік Еңбек Ері Бәйкен Әшімов бұл дүниеде болмағандай. Мадақтайтыны – Алматыға 1954-жылы Қазақстан КП Орталық комитетінің 2-хатшысы болып келгеннен 1982-жылға дейін дос болған Л.И.Брежнев. Қонаевтың кеудесіндегі 3 Алтын Жұлдыз «2-Ильичтің» қолымен тағылды. Бейбітшілік жылдары өзі «Совет Одағының Маршалы», «Совет Одағының Батыры» (төрт рет), сондай-ақ, «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған 2-Ильич жандосынан несін аясын! «Социалистік Еңбек Ері» атағын 1972, 1976-жылдары да берген.
Жұмекеңнің мүшелтойлары республикалық деңгейде аталмады. Д.Қонаев та, Н.Назарбаев та керек етпеді. Даярға – маярлықтары жұртшылыққа жария болып кетуден сескенді.
Алматылықтар қаладағы «Дмитрий Фурманов кшесін «Жұмабай Шаяхметов көшесі» деп атауды, Фурмановтың кеудемүсіні орнына Жұмекеңнің кеудемүсінін орнатуды ауызша да, жазбаша да талап еткен. Содан соң... «Нұрсұлтан Назарбаев көшесі» пайда болып, кеңітіліп, көркемделіп, жаяулар ғана жүретін демалыс даңғылына айналдырылды. «Нұрлы жолды Нұрекеңнің» Елбасы болуына сол ғана жетпей тұрған ғой.
***
Иосиф Виссарионович Сталин Жұмекеңнің іскерлігін, әділеттілігін, Ұлы Отан соғысындағы жеңісімізге қосқан үлесін жоғары бағалаған. 1946-жылдың жазында Тушинодағы авиация парадына қатысқан Жұмекеңмен ерекше жылы сәлемдесіп, жанындағы серіктеріне: -Жолдастар, бұл жолдас – Қазақстанның алғашқы ұлттық басшысы Жұмабай Шаяхметов, - деп таныстырыпты. Жұмекеңді «Сокол Востока» дейді екен. «Шығыстың сұңқары».
КСРО Министрлер Кеңесі «Жұмабай Шаяхметов жолдасты Кеңес штатыны қызметке алу жөнінде» ұсыныс жасағанда Сталин: «Жұмабай Шаяхметов жолдас Қазақсанға керек, қозғамаңдар» депті.
«Қандай қияметке болсын дайынмын!»
Жұмабек ТӘШЕНЕВ. 1915-жылы 20-наурызда Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Танагүл ауылында дүниеге келген. 1928‑1933 жылдары жергілікті Шаруашы жастар мектебінде,1934‑1939 жылдары Ақмола облысы Вишнев, Қарағанды облысы Нұра және Солтүстік Қазақстан облысы Совет, Бейнеткор аудандық атқару комитеттерінде жауапты хатшы, 1939‑1943 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы жер бөлімі бастығының орынбасары, 1945-жылы Солтүстік Қазақстан облысы партия комитеті хатшысының орынбасары және мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, 1947‑1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1948‑1951 жылдары Облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1952-1954 жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1955-жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы, 1960-жылы қаңтар айында Қазақ КССР Министрлер Кеңесі төрағалығына тағайындалды да, бұл қызметтен 1961-жылы қантар айында босатылып, 5 ай жұмыс берілмей, Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының қатардағы орынбасары қызметіне жіберілді, жасы алпысқа толысымен, 1975-жылы наурыз айында, зейнетке шығарылды.
1960-жылы Қазақстанның Тың өлкесі Ресейге, Шымкент облысы Өзбекстанға, Маңғыстау Түркменстанға берілетіні туралы сөз тарай бастайды. Ол КСРО-ның қожайыны болып алған делқұл Н.Хрущевтің көксеуі екені белгілі болады. Жұмекең хрущевтық кадр - Тың өлкелік партия комитетінің 1-хатшысы Т.Соколовқа: - Қазақстанға бағынбауды көксеп жүр екенсің, 24 сағаттың ішінде табаныңды жалтырат, құры! Тың өлкесі Ресейге берілмейді, айтар жеріңе айта бар! – деген.
Арада екі ай өте бере Қазақстан басшылары Кремльге шақырылады. Мәжіліске кешігіңкіреп келген Тәшненвке Хрущев Қазақстанның Тың өлкесін Ресейге өткізуді айтып: «Бұл мәселе туралы республика партия ұйымының жолдас Қонаев бастаған басшыларымен пікір алыстық, олар қолдады. Жұмабек Ахметович, сіз не дейсіз?» дегенде Жұмекең: «Никита Сергеевич, ол өлкенің байырғы тұрғындарының, менің де ата-бабаларымыздың зираты сонда, оларға тәу ету үшін енді біз Ресей жеріне баруымыз керек пе? Мен мүлдем қарсымын!» депті. Ал «көсем»: «Саяси бюроның шешіміне қарсы шығатын сен кімсің өзі?! Ары-беріден соң бұл мәселені сендерсіз-ақ шешеміз. Совет елі – біртұтас мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру КСРО Жоғарғы Кеңесінің еркінде!» деген кезде Жұмекең мырс етіп: «Жоғарғы Кеңес әрбір республиканың жер мәселесін жергілікті орындарсыз шешетін болса, КСРО Конституциясын жою керек. Ал Конституцияда одақтас республикалар өз жерін өз меншігім деп пайдалануға құқылы делінген. Егер заңды аяқасты еткен жағдайға тап болсақ, онда біз халықаралық сотқа жүгінеміз, өйтуге құқығымыз бар!» - дейді. Шартиған Хрущев жарыла жаздап: «Бұл мәселеге кейін ораламыз, тараңдар», депті.
Жұмекеңнің өжеттігіне еріксіз таңданған Д.Қонаев Кремльден шығып келе жатқандарында: «Ай, Жұмеке, көзсіз батырсыз-ау!» дейді. Сонда Жұмекең: «Елімнің мүддесі үшін қандай қияметке болсын дайынмын!» деген.
Ал мұрағатта мынадай құжат бар:
«Принять предложение Южно-Казахстанского крайкома КП Казахстана о передаче Узбекской ССР хлопкосеющих колхозов и совхозов и освоемаемые земли Пахта-Аральского, Ильичевского и Кировского районов Чимкентской области КазССР.
Секретарь ЦК КП Казахстана Д.Кунаев.
21.ХІІ, 1962 г.».
Қал-лай екен?!.
«Батыр - бір оқтық». Хрущев Жұмекеңді қара мылтығының қарауылына ілді, Қонаев шүріппесін басысты. ҚКП Орталық комитеті: «...Жұмабек Тәшенев жолдас міндетін партиялық талапқа сай атқара алмағаны үшін орнынан босатылсын», деп қаулы шығарды. Ол Хрущевтың әмірі екенін Қонаев қалайда жазыпты да.
Меніңше, Қонаев Жұмекеңнің сонау жылғы «шертпегін» ұмытпады. «Жүгеріші» Хрущев сталиндік кадрлардан құтылуға кірісіп, біздің партиялық басшымыз Жұмабай Шаяхметовті орнынан алдырған пленумда, 1954-жылы, Үкіметтің төрағасы Д.Қонаев: -Шаяхметов жолдас төңірегіне жерлестерін, руластарын, таныстарын жинап алды, - деп кінәлай бастағанда пленум мүшесі, Ақтөбе облыстық партия комитетінің 1-хатшысы Жұмабек Тәшенев орнынан атып тұрып, ызғарлана сөйлеп: - Біздің кейбір жолдастар ардан аттап кетіп жүр. Шаяхметов жолдас – Омбы облысының тумасы. Алматыда әйелі мен баласынан басқа ешкімі жоқ! «Төңірегіне жинап алғандары» кімдер екенін білсеңіз, кәне, өзіңізден бастап атап-атап айтып беріңіз! - деп тұқыртып тастапты.
Қазақстан КП Орталық комитетінің 2-хатшысы Ж.Шаяхметов 1942-жылы Шығыс Қазақстан облысын аралаған сапарында Риддер (Лениногор) түсті металл комбинатында болады. Әңгімелесулер кезінде Риддер руднигінің директоры, жас қазақ инженер Дінмұхаммед Қонаевқа назар аударады, сөйлеседі. Сөйтіп, республика үкіметі құзырында дипломды мамандар жеткіліксіздігін ескеріп, комбинат басшылығымен келісіп, Қонаевты 1942-жылы Алматыға алдырып, Министрлер Кеңесі төрағасының өнеркәсіп жөніндегі орынбасары болып тағайындалуына себепшілік еткен екен.
«Шертпекті» ұмытпай жүрген Қонаев өзіне жасалған сол ерекше қамқорлық-жақсылықты «ұмытқан» болды.
Жұмабек аға жайындағы мағлұматтар атағы Вашингтонға да жеткен журналшы-жазушымық Кәрішал Асановтың «Шынжырда өткен жолбарыс» кітабында тоғысқан. Елімізде адам құқын аяқасты етушілік, ақиқатты айтқан-жазған азаматтарымызды қуғындау, парақорлық, жемқорлық туралы деректі, батыл айтқан сөздері, жазған мақалалары үшін Д.Қонаевтың тұсында-ақ жалған айыппен бірнеше рет сотталып, түрмеге отырғызылған да. Алайда ізденіп, өзінің кінәсіздігін дәлелдеп, дұзақтардан құтылып жүрді. Адам құқын қорғаушы халықаралық ұйымдар қолдайтын болды. Диссидент Кәрішал Асанов Америкаға шақырылып, мемлекеттік департаменте сөз сөйледі.
Енді жинақтаған мағлұматтарыма оралып, Жұмабек ағамыздың халыққа қызметінен бірнеше мысал келтірейін:
-Алматыда Абай даңғылы болуын, сол кең көше басына Абайға ескерткіш орнатылуын ұсынған, қадағалап іске асырған. Мәскеудегі дізгін-шылбыр иелерін иліктіру үшін Тбилисиде Руставели, Ташкентте Науаи, Мәскеуде Максим Горький даңғылы барын көлденең тартқан;
-ҚКП Орталық комитетінің 1-хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің тұсында жобаланған Медеу мен Шымбұлақтағы құрылыстар аяқталды;
-әйгілі «халық жауы» науқанында жазықсыз жазаланып қазаға ұшыраған арыстарымызды ақтау, кейінде қуғынға ұшырап түрмеде жатқан, айдауда жүрген қайраткерлерімізді бостандыққа шығару мәселелерімен шұғалданатын республикалық комиссияны басқарып, игілікті қыруар жұмыс атқарды;
-Мәскеуде Қазақстан өнері мен әдебиетінің екінші онкүндігін 1958- жылы жан-жақты жақсы дайындықпен өткізуге күш салған. Онкүндік нәтижесінде танымал дарындыларымыздың ең жоғары атақпен марапатталуына, үлкен құрмет-қошемет көруіне, бес әртисімізге «КСРО Халық әртисі» атағы берілуіне себепші болған;
-ҚКП Орталық комитетіндегі қайсыбір «сақ-қырағылар» Бауыржан Момышұлының «За нами Москва» кітабының жарық көруіне қарсы болса да, Жұмекең орынсыз қарсылықты тойтарып, кітапты шығартқан;
-Алматының дәл ортасында, К.Маркс көшесінде салынған 120 пәтерлік үйді қазақ әдебиеті мен өнерінің қайраткерлеріне бергізген;
-Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын Лениндік силыққа ұсындырған;
-Нұрмолда Алдабергеновке Социалистік Еңбек Ерінің үшінші Алтын жұлдызын, Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаевқа «Совет Одағының Батыры» атағын алып беру үшін Мәскеуге барып, тиісті орындарда болып, көп әрекет жасаған, бірақ хрущевшылдардың, маршал И.Коневтің қарсылықтарына тап болған;
-республика тіршілігінің қай саласында болсын қазақтың білімдар жас кадрларын өсіру ойын орындап отырған. Министрлер Кеңесіне Төраға болысымен аппаратына 12 қазақты алған;
-Жезқазған геологиялық партиясының бастығы ШаҺмардан Есеновтің болашағы зор екенін болжап біліп, жас маманды республика Геология министрінің орынбасарлығына тағайындаған;
-ҚКП Орталық комитетінде қазақ гәзеттерін аудармаға айналдыру туралы хрущевтық-зымияндық мәжіліс өткізілгенде ашынып қарсы сөйлеген;
-Алматының ең ұзын көшесін «Сәкен Сейфуллин даңғылы» деп ататты, бірақ ескерткіш орнаттырып үлгірмеді;
-тоңмойындар мен безбүйректерден жәбір көріп алдына келген адамдарға дереу көмектесіп жүрген. Жылы сөзімен де, нақты ісімен де жәрдемдескен.
Бұлардай деректі мысал жеткілікті...
Қазақтың Жұмабегі 1986-жылы қарашаның 18-күні 71 жасында өмірден өтті.
Халқына жан-тәнімен қызмет еткен Жұмабай Шаяхметовтің, Жұмабек Тәшеневтің атында қала жоқ. Ал, мысалы, өзіне ұнамаған: Қаныш Сәтбаевты, Шафик Шөкинді, Шахмардан Есеновті, Евней Бүкетовті, Өзбекәлі Жәнібековті, Әнуар Әлімжановты ашық қуғындаған, Сәбит Мұқановты, Ілияс Есенберлинді кемсіткен Д.Қонаевтың атында қала бар. Ол қалай?.. Менің ғана емес, көпшіліктің көкейінде екені сөзсіз бұл сұрақ билікке, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға жетер ме екен?
Ғаббас Қабышұлы
Abai.kz