Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 3198 16 пікір 26 Маусым, 2024 сағат 15:23

Еуропаның озық прозасының исі мұрнына бармайтын жазушы

Сурет авторы: Кенжебек Тыныбаев

Бегділда Алдамжаровтың «Пілден қашқан Фирдоуси» (№ 4, 1 ақпан 2012 ж. «Үш қоңыр» газеті) деген көлдей мақаласы жарияланыпты. Аталмыш мақаланы оқып отырып, мынадай сандыраққа тап болдым. «...Бұл жағынан алғанда Жазушылар Одағы табансыздықпен жалпақшешейліктің классикалық үлгісін көрсетіп отыр. Мәселен, өткен жолы «Мың бір түннен» басқа кітап та оқымаған Еуропаның озық прозасының исі мұрнына бармайтын бір шетелдік жазушының бізде әлі де кеңінен тарамаған жұртшылық оқымаған романын осы сыйлыққа ұсынынды», – дейді ол.

Оның шетелдік жазушы деп айтып отырғаны өмірінің көп жылын Қытайдың тарым ойпатындағы еңбекпен түзету лагерінде және Үрімжінің №1 түрмесінде өткізген қаламгер Қажығұмар Шабданұлы. Оның «Мың бір түннен» басқа кітіп оқымаған» деп отырғаны ақын Серік Қапшықбайұлының «Үш қоңырға» (№19, 17 қараша 2010 ж. «Дулаттың «Қылмыс» туралы пікірін оқып біртүрлі тітіркеніп кеттім», сухбатты жүргізген Ә.Әшімұлы) журналистке берген сұхбатында айтылған сөзінен орынсыз ілік іздеген. Дана халқымыз: «Соқыр көргенінен жазбайды» деп осындайды айтатын шығар.

Оқырманға түсінікті болу үшін, аталмыш сухбаттағы ақынның айтқан жауабын тыңдап көрелік. «Қажығұмар Шабданұлы біреуге еліктейтін жазушы ма?» деген тілші сұрағана, ақын С.Қапшықбайұлы: «Ол кісінің еліктегенін өз басым көрген де, білген де емеспін. Басқа біреуге еліктеп жазатын қаламгер – ол емес. Өзі көрген, білген, миына тоқыған дүниелерді ешкімге ұқсатпайтын әдіспен шебер суреттеп, сомдағаны біз сөз етіп отыған «Қылмыс» романынан байқалып тұрған жоқ па?! Қажекең біртүрлі зерек, есте сақтау қабілеті өте күшті, бір айтқанын екінші қайталамайтын адам. Біздер сияқты материал іздеп алашапқын болмайтын, сараптал жазушы. Оның өзгешелігі де осында. Бірақ М.Әуезовтың шығармаларын өте сүйіп оқитын. Әсіресе, «Қилы заманды» қолынан жиі көретінмін. Кітап сөресінен «Мың бір түннің» сегіз томынан басқа кітап көрмеуші едім» деп жауап берген болатын. Ал Б.Алдамжаров сондағы айтылған «Мың бір түнді» қағып алып, «Қ.Шабданұлы Еуропаның озық прозасын оқымаған» деп қайдағаны айтып сандырақтайды. Қ.Шабданұлы шынымен Б.Алдамжаров айтқандай  Еуропаның озық шығармаларын оқымай-ақ осындай ұлы еңбекті дүниенге әкелгенін біз мақтаныш етуіміз керек қой. Шыны керек, оның шығармасы өзгеге еліктеп, олардың ескі ізін шиырлап, исін иіскеп жазып жүрген жазушылардың шығармаларынан көш ілгері. Қажықұмар шетелдік болса не болыпты, ол да қазақтың баласы, қазақ ұлтының өкілі ғой. Оның жазғаны басқа емес қазақтың өмірін, тұрмысын өзек еткен, кәдімгі қазақтың мөлдіреген тұнық әдебиеті ғой. Тілі көркем, мазмұны бай, көтерген тақырыбы салмақты кесек шығарма. «Бізде әлі кеңінен тарамаған» дегеніңіз бос сөз. Қазір Қазақстан мен шетелде Қ.Шабданұлының «Қылмыс» романын білмейтін қазақ кем де кем.

Одан арықарай Б.Алдамжаров: «Оны Ж.Жұмаділов бастаған бір топ «Жас қазақ» газетінде, өйдәй, дәріптеді. Бұл жердегі бір түсініксіз нәрсе Қытайда өз отбасында қамауда отырған, Қазақстанның азаматы емес кісінің (ол не қылмыс жасаған мен оны білмеймін, – Б.А)». (Сонда Қ.Шабданұлының не қылмыс жасағанын білмеген адамның, оның өмірі мен шығармасы туралы бірдеме біледі, ол туралы тұшымды пікір айта алады дегенге кім сенеді? – Ә.Ә). «Біздің мемлекетіміздің сыйлығын алуға неге ұсынуы тиіс? Оны ұсынып отырғандар кімдер? – Б.А». (Неге ұсынбасқа, қаламы қарымды қаламгерлер кезкелген елден сыйлық алып келіп жатқан жоқ па? Ал өз қандасымыз  Қ.Шабданұлының шығармасы отаны Қазақстанның мемлекеттік сыйлығына ұсынылса оның несі дұрыс емес?! Кезінде Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайында сөйлеген баяндамасында президент Н.Ә.Назарбаев: «Қазақтың жалғыз отаны бар, Ол – Қазақ елі» деген болатын. Сондықтан да Қажықұмардың «Қылмысын» мемлекеттік сыйлыққа «ұсынып отырғандар кім?» болса да олардікі орынды, заңды. Оны тергеуге сіздің хақыңыз жоқ, – Ә.Ә.). «Ау, ол кісінің біздің елімізде шығармасының жеке кітап болып шыққанының өзі үлкен шаруа емес пе? – Б.А». (Бұл байдың асын байқұс қызғаныптының кері ғой. Әрібірден кейін Қ.Шабданұлы сыйлықтан дәметіп жүрген адам емес. Біздің елде кітабының шыққанын місе тұтқан жан. Оның бір ғана арманы бар еді. Ол – атамекені, тарихи отаны Қазақстан топырағына келіп көз жұму еді. Өкінішке орай, ол арманы орыдалмады. Бірақ ол рухани еңбегінің туған халқының игілігіне айналғанын көріп, алаңсыз мәңгілік әлемге аттанды. Есіл ердің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! – Ә.Ә.). «Қытай үкіметі қылмысты деп отырған кісіге бізде сыйлық беріліп жатса, не болады? – Б.А». (Ештеме де болмайды, қайта қытайлар іші күйгеннен мұз жалап қалған болар еді. Ең өкініштісі, сол қытайлардан жалтақтап қорқып, оларға жағатсынып Қ.Шабданұлының «Қылмыс» романын мемлекеттік сыйлыққа жеткізбей, орта жолда лақтырып кетті. Ол елдігімізге сын, – Ә.Ә.). «Бұл үлкен саяси шатақ қой! – Б.А.». (осы үшін Қытай Қазақстанға соғыс ашады дегіңіз келе ме? Әлде араздасып шекараны тарс бекітіп, теріс қарап жатып алады деп ойладыңыз ба? Қытайлар ақмақ емес, бір Қ.Шабданұлы үшін мына бейпіл заманнан, шығыс пен батысты тұтастырып тұрған күре жолдан оңай-оспақ қол үзе қоймайды. Сол үшін қара аспанды бұлай төндіре бергеннен не шығады? Осыны ақыл таразыңызға салып көрдіңіз бе?! – Ә.Ә.).

«Жалпы бүгіндері екі жыл сайын бір болатын осы өнер сайысына бір бір «хун-вей-бин» қатыспаса, қазақ әдебиетінің қара шаңырағы ортасына түсіп қалатын сияқты бір індет пайда болды, – Б.А.). Солақай сыншы Бегділданың айтып отырғаны Қ.Жұмаділов бастаған М.Айтқожина, О.Асқар, Қ.Ілиясұлы мен Ж.Бөдешов, Жанат Ахмдиев қостаған кезінде Қытайдан оралған қаламгерлер болар. «Хун-вей-бин» деген сөзді бүгінгі ханзулардың өзі ұмыта бастағанда, Б.Алдамжаровтың ескі нәрсені қоңырсыта бергені қай сасқаны. Олар қанша жерден «хун-вей-бин» болса да қазақ әдебиетіне елеулі еңбек сіңіріп келе жатқан қарымды қаламгерлер. Қытайдан келгеніне жарты ғасыр болып, болары болып, бояуы сіңген аға-апаларымыздың өзіне «хун-вей-бин» деп ат қойып, айдар тағып, кемсітіп жүрген Б.Алдамжаров, соңғы 20 жылда оралған ақын-жазушылардың көзіне көкшыбын ұймелететін түрі бар...

Айтып, ауыз жаппай жатып, Б.Алдамжаров: «Шындығына келгенде, басты сыйлығымыз әдебиетіміздің ыстық суығына көніп, әл-шамасынша еңбек етіп жүрген, қолайсыз кез туа қалса, «Такламакан қайдасың?» деп тарта жөнелмейтін, құба қалмақ түгел, қара қалмақ келседе, өз туған жерінде қалатын, соны қорғайтын, соның мұң-мүдесін көздеп, сол туралы кітап, музика шығармаларын т.б. жазатын, бүгін мұнда, ертең онда болып жылтыңдамайтын, жібі түзу бір әңгіме жазбағанына қарамастан телеайнаның мониторына сыймай, түгі бетіне шығып сыздана қалатын Сымағұл Елубаевшылап кеудесін кермейтін, өнер шығармасын жасасам деп тер төгіп жүрген нағыз Қазақстан азаматына (келімсектер мен кетімсіздіктерге емес) берілуге тиіс», – деп аузына түскенін көкіп, қазақ әдебиетіне бұлақ болып қосылып жатқан «оралман» ақын-жазушыларымызға тіл тигізіп, азаматтық құқықтарына қол сұға бастаған. Ол: «...Қолайсыз кез туа қалса, «Такламакан қайдасың?» деп тарта жөнелмейтін» деп Қытайдан келген қаламгерлерін айтып, алда жалда бір жағдай туа қалса Қытайыңа қашып кетесің деп сенімсіздік танытады. Ал одан ары «құба қалмақ түгел, қара қалмақ келседе» деп Моңғолиядан келген ағайындарды іліп-шалып, кекеп-мұқап келеді де, «өз туған жерінде қалатын, соны қорғайтын, соның мұң-мүдесін көздеп, сол туралы кітап, музика шығармаларын т.б. жазатын» деп жергілікті ақын-жазушылар мен сазгерлерге сыйлық үлестіру керек, кеше келген, елге еңбегі сіңбеген «келімсектерге» мемлекеттік сыйлық тұрмақ, еңбектерінің өзін «дұрыс» деп айтуға да ауыз бармайды деген қортынды жасайды.

Әбден ызаға булыққан Б.Алдамжар белгілі жазушы С.Елубаевтің өзін «жібі түзу әңгіме жазбаған» деп қаралайды. Және ол «ертең онда болып жылтылдамайтын» деп, біраз уақыт Шығыс Қазақстанда болып, кейін Фрагада «Азаттық» радиосында жұмыс істеп келген, ел тәуелсіздігін алғаннан кейін теледидарда ұлт, жер, ел тағдыры туралы салмақты пікір айтып жүрген жазушы С.Елубаевті сансаққа жүгіртіп, мазақ жасайды. С.Елубаевті Б.Алдамжаровтың «келімсектер мен кетімсектерге» қосып жазған себебін біреу білсе, біреу білмес. Мұнда Б.Алдамжаров С.Елубайдың Түркіменстан қазағы екенін айтып отыр.

Б.Алдамжаровтың шетелден келген қаламгер ағайындар туралы теріс пиғылын өз сөзімен одан ары аша түселік. Ол: «Сонда тәуелсіз болғанына 20 жыл толғанын жақында ғана атап өткен біздің мемлекетіміз немене кім көрінген келе сап, сыйлық алып, жөніне кете баратын, тоқсан жолдың тоғысында тұрған жайдақ керуенсарай ма? Бұл недеген саяси бейбастақтық?»,  – дейді. Өздеріңіз көріп, біліп отырғандай Б.Алдамжаровтың мына сөзіне сенсек Қазақ елі кім көрінген сыйлық алып кете беретін, жол бике керуенсарай ға айналып кетіпті. Сонда деймін-ау, сыйлық алған «кім көрінгендері» кім болғаны? Сонда тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік сыйлық алған Қытайдан келген жазушы Қ.Жұмаділов пен ақын М.Айтқожина, әнші М.Мұхаммедқызы мен биші  Ш.Сапарғалиқызын айтып отыр ма? Бұллар сіз айтқандай «кім көрінгендер» емес, нағыз талат иелері ғой. Оны мойындауыңыз керек. Ал одан басқа «келімсектер» деп отырғаныңыз С.Елубай мен Ж.Бөдешұлы болды ғой. Егер сыйлық беруде әділдік болса онда осы екі қаламгерге биылғы Мемлекеттік сыйлықты беру тиіс. Сіз бұған «бұл недеген саяси бейбастақтық?» деп саяси мән бергеніңіздің өзі «саяси бейбастақтық» болып тұрған жоқ па? Бұлай аттандаудың астарында қандай саяси мән жатыр? Ол жағын біз біле алмадық.

Б.Алдамжаровтың осы мақаласын оқығаннан кейін биліктегілердің бәрі болмаса да, біразы шетелден оралған қандастарымызға күмән, күдікпен қарамасына ешкім кепілдік бермес. Сондықтан шетелден келген қаламгерлерге күйе жағып, саяси астар іздеген сандырақтарды бұдан кейін қою керек. «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең істің бәрі бос» деп Абай айтқандай, бұдан қандай бедел жинамақшы болғанын түсіне алмадық.

Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052