Header Banner
Жұма, 13 Наурыз 2026
Білгенге маржан 130 0 пікір 13 Наурыз, 2026 сағат 14:40

Жанға тигізіп айту - қазақ әйеліне тән қасиет!

Сурет: BAQ.KZ сайтынан алынды

Қазақтың дәстүрлі этнографиясына қарасам ертеде қазақ әйелдері қорлық, жоқшылық жанына тигенде «Шұнақ Құдай», «Пұшық Құдай» деп құдайын жерден алып, жерге салып жатады дейді. Ол заманда әр үйде ағаштан жасалған Бап Тәңірі тұрады, пұшығы, шұнағы сол.

Біздің аналарымыз да жайшылықта үндемегенімен реті келсе тілінен тартынбаушы еді. Арқа жерінде күзді күндері кейде апталап толассыз жаңбыр жауатын уақыт болады. Бүкіл шаруа қалады, қаншама бейнетпен жинаған шөп су болады, үйдің төбесінен су ағады (шатырды бертін құрды әкеміз). Шешеміз, өзі атақты Ақшал бірадардың қызы, ондайда аспанға қарап «Түбің тесіліп кетті ме?» деп жоғарыдағы құдайына айбат шегіп қояды.

Танакөздің жазғанын да біз осы контексте қабылдаймыз. Намысы бар ел болсақ, осындай сөздерден кейін оянсақ, қайраттансақ болар еді. Ұрлықты, жарамсақтықты, жалқаулықты қойсақ болар еді.

***

Енді осыған байланысты Мәшһүрдің бір әңгімесі есіме түсіп отыр, ол «Мұсабек көтерілісі»:

«Ақ жалау барда малым бар деме, Ғазірейіл барда жаным бар деме!» деп, мақал болған осы айтылған Бұхара, Қоқан хандарының заманы еді. Сонда бұлардың өзіне қараған көшпелі жұртқа қылатұғын ісі зекетші шығарып, зекет алдырушы еді. Сонда қазақтың қызынан да зекет алды. Бұлар: «Мал есебінде күйеуге беріп, қанша мал алады», - деп, жолын тосып тұрып, малын шұбыртып санап, сол көшкен ауылда қанша бойжеткен қыз бар, соны құрттай санап, қалың малы «қырық жеті мал» - деп, сол есеппен қыздан зекет ала бастаған соң, қазақ бойжеткен қызға қатын киімін кигізіп, мұны зекетшілер біліп: «Қатын екенін, қыз екенін емшегінен танимыз!»- деп, жаулықты әйел көрінсе, емшегін ұстап, байқап өткізетұғын болды.

Кеше Қоңырат деген елде – «Көктіңұлы Сапақ» - атанған кісі болды. Соның інісі Мұсабек датханың ат арқасына мінген күнінде Қоңырат деген елдің көшін шұбыртып санап, әлгі айтылған ретті істі зекетшілер қылып түрғанда, түйе жетектеген бір бәйбіше қатын Мүсабекке үрысты:

- Ай, сен, жаман Мұсабек би, сен бері кел!- дейді.

Бастапқы ханның түсында,

Арғымақ міндік ноқталап,

Соңғы ханның түсында

Шәрке бір кидік соқталап! - деген осы екен-ау! Кеше сенің ағаң Сапақ үйінде отырып, Бүхара мен Қоқанның ханына айтқанын қылдырушы еді. Соның шыққан жерінен сен де шықтың ғой! Сенің түсыңда көрген күніміз мынау болса, қартайған күнімізде қыз-келіншек орнында болып, қүрып, суалып қалған емшегімізді әр сартқа бір уқалатып қойғаның! Сені тапқан қатын ит те: «Ұл таптым!» - деп, қуанды-ау! Бүйтіп ауыртып тапқан артымның садағасы кет!» - деп, бәйбіше атын санға бір ұрып, жөнеле бергенде, Мұсабекте ес қалмады, ажар, түр қалмады. Есі шығып кетті, үстіндегі киімін дал-дал қылып, жұлып-жұлып тастады да:

- Ал, бозбала, бір күн туыппыз, бір күн өліппіз! Өлген өлген жерде, қалған қалған жерде! – деп, Қоқанның Ақ жалау әскері мен зекетшісіне қарсы бас қойды. «Сонан соң қайтып қазақ ішіне зекетші шығуын қойды. Пәлі, бәйбішеге де рақмет, Мұсабекке де рақмет! Бәйбішеге қалай рақмет айтса да, айтуға тұрарлық, Мұсабектің қолынан ашуланса, осындай іс келерлігін біліп ұрысқандығына!»

***

Осы әңімеге Мәшһүр мынадай қосымша-тәпсір қосқан екен: «Өтіп кеткен ертегіні сөйлеп жатқаным, «Бір сөзді айтпай, бір сөз еске түспейді»- деп, етімнен өтіп, сүйегіме жеткендіктен, заманымда кісісін тауып, ұрысарлық бэйбішенің жоқтығына, Мұсабектей жаннан кешіп, долданып, қайрат қыларлық еркек болып, ұл тумағандығына мен де долданып, үйде жатып, екі көзіме әлім жетіп жылап жатқаным ғой! Атын несін айтайын, ешкім ұрыспай-ақ бір ер дін жолына, қазақ намысына қайрат қылып, жаннан кешіп, отқа кірді. А, Құдай, сол ердің тілеуін бер, ойлағанына жеткіз! «Елді елге ер теңейді!» - деген сөз бар еді. Сол айтылған ер осы болған еді де! - деп, Құдайдан жақсылық күтіп тұрған жылаудардың біріміз. Менің өз үйімде өзім отырып жылағанымды кім біледі, осындай бұрынғы-соңғыдан сөз қозғап, өткен күнгі сөзбен келіп, көзге түсірмесем?!»

***

Мәшһүр «Атын несін айтайын, ешкім ұрыспай-ақ бір ер дін жолына, қазақ намысына қайрат қылып, жаннан кешіп, отқа кірді» деп Әлихан Бөкейхан мен «Алаш» деп ұрандаған азаматтарды айтып отыр ма деймін. Біздің де «Алаш» деп ұрандап, атой салатын уақытымыз жақын. Қазақ қазір сапалы өзгерістер жолына түсті, құлдықты көрмеген, еркіндігін оңай бермейтін жастар өсіп келеді. «Үмітсіз-шайтан» дейді, үмітті болашақтан күтейік, бірақ соған сеп болуға барлық күшті салайық.

 Жамбыл Артықбаев

Abai.kz

 

0 пікір