Жексенбі, 8 Қыркүйек 2024
Айқай 2123 0 пікір 3 Шілде, 2024 сағат 16:08

Си Цзиньпин мен Путин Астанада кездесті

Сурет: ВВС

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев әуежайдан ҚХР Председателі Си Цзиньпинді салтанатты түрде өзі күтіп алды. 

Қытай Председателін қарсы алу кезінде әуежай үстінен Қазақстан Әуе күштерінің жойғыш ұшақтары артынан Қытай туы мен  Қазақстан туының түстерін білдіретін қызыл және сары түсті жолақ қалдыра ұшып өтті. Бұл – Қазақстан тарапынан Си Цзиньпиннің ұшағы ҚазақҚазақстанстан Әуе қорғанысы күштерінің үздіксіз қорғауында  болғанын білдірген шартты белгі болатын. Әуежайда мәртебелі қонақты салтанатпен қарсы алу үшін Құрмет қарауылы ротасы сап түзеп тұрды. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай халықтарының шынайы достығының белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті.

Осы арқылы, Қазақстан жағы өзінің Қытай Халық Республикасына және оның Председателі Си Цзипинге деген құрметтің қаншалықты маңызды екендігін анық байқатты.  Бұны қазіргі геосаяси жағдайда «басқаша болуы мүмкін емес қадам» деп бағалауға болады. Өйткені, осыдан 11 жыл бұрын Си Цзиньпин өзінің Қазақстанға сапарында «Бір жол – бір белдеу» атты глобалды жобасын жариялаған болатын. Содан бергі уақытта Қытай мен Қазақстан арасындағы қатынас осы жобамен тығыз байланыста дамып келеді. Ол туралы Си Цзиньпин осы сапар алдында жариялаған өзінің Қазақстан‑Қытай арақатынасы туралы көлемді мақаласында жазған болатын. Содан бері екі ел арасында экономикалық қатынас өткен жылы 31 млрд доллардан асты. Қытай Қазақстанға пандемия кезінде және басқа апатты жағдайларда өз көмегін берді. Арадағы мәдени байланыс артып, өзара визасыз ену таралы шарт жасалғаннан бері, Қытай туристерінің саны да артты. Ең бастысы, Қытай Қазақстанға қауіп төне қалса, Қазақстанды саяси және басқадай қолдауға әзір екендігін мәлімдегені болды. Мұндай «ашық мәлімдеме» Қазақстанға халықаралық деңгейде біршама батыл дербес саясат жүргізуіне және ТМД аумағындағы Ресей‑Украина локалды соғысы жағдайындағы мүмкін боларлық саяси қатерлерден қорғануға әсерін тигізді, әлі де тигізіп отыр. Сондықтан, бүгінгі кездесу осы жағдайлардың салтанатты көрінісі болды деп сеніммен айтса болады..

Астана әуежайына Ресей Федерациясы президенті В.В.Путиннің ұшағы келіп қонды. Путинді қарсы алу ресми протокол шеңберінде өтті. Путинді Қазақстан Республикасы Премьер‑министрі Олжас Бектенов салтанатты түрде қарсы алды. Путин Астанада өтетін 2001 жылы құрылған ШЫҰ мүшелері: Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Иран, Индия, Пәкістан мемлекет басшылары саммитіне қатысады.

Соңғы бес жылда Қазақстанның ШЫҰ елдерімен экономикалық қарым‑қатынасы артты. Оның көлемі 66 млрд долларға дейін өсті. Осы қатарда Ресей қытайдан кейінгі екінші орында тұр. 2023 жылға дейін Ресей бірінші орында еді. Осы жылы оны Қытай екінші орынға ығыстырды. Биылғы көрсеткіш бойынша Ресей мен Қазақстан тауар айналымы 19,1 млрд долларды құрап отыр.

Қазақстанға барлығы 16 елдің басшылары келеді деп күтілуде. Саммит 3‑4 шілдеде өтеді. ШЫҰ мүшелерінен өзге  саммит жұмысына Түркия, Белоруссия, Монголия, Әзербайжан, Катар, БАӘ, Түркіменстан мемлекет басшылары қатысатын болады. Сонымен қатар, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш саммит жұмысына қатысуға Астанаға келді.

Abai.kz

0 пікір