Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Билік 1178 0 пікір 30 Маусым, 2024 сағат 19:27

«Баламалы референдум» – ресми референдумды заңдастырады не терістейді!

Коллаж: Abai.kz

ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы Еуропадағы Жаңа заман кезеңінің басталуы тек ғылыми таным мен философия аясында ғана емес,  мыңдаған жылдар бойғы қалыптасқан: ескі монархиялық, феодалдық, схоластикалық тәртіптердің күні өткендігін жариялады.

Жаңа заман адам мәселесін басты орынға шығара отырып, мемлекеттік саяси құрылымның жүйесін теңдік, азаттық, демократиялық, зайырлылық, құқықтық т.б. арналарға бұру хақындағы қоғамдық-саяси мәселелерге бетбұрыстар туралы толғанды...

Шындығында, бұл, Еуропадан бастау алған өзіндік бір «жаңа өмірге» көшудің ұсынылған жалпы тұжырымдамалары еді. Ағартушылық тек білім берумен шектелген жоқ, тұтасынан ескі қоғамдық сананы «жаңа сана» бойынша ағарту үрдісімен жалғасын тапты. Бұл үрдістер тек теориялы деңгейде қалған жоқ, өмір тәжірибесіне енгізілетіндей таза тәртіпер үрдісі ретінде құрылымданды. Соның бірі – сайлау мен тең құқықтық, халықтың мүддесі, қоғамдық пікір еркіндігі, демократиялық қоғам орнатуға деген бетбұрыстар еді,

ХІХ-ХХ ғасырларда оның қағидалары жаңартылып, жетілдірілді. Сол дәуірдің ағартушыларының еңбектерінде де сайлау мәселесі назардан тыс қалмаған. Бірақ олар халықтың санасының төмендігі, саяси үрдістерден хабарсыздығы т.б. мен билік басындағылардың, олигархтардың ыңғайына қарай ғана шешілуі мүмкін ахуалдарға да назар аударды. Осы мәселелер, бүгінгі ҚР қоғамдық санасы мен мемлекеттік саясатқа да жат емес.

Ол ҚР өткізілгелі отырған әрқилы референдумдар мен болашақта сайлауларға да қатысты, бұл тұстағы ең бастысы: «Әділетті Қазақстанның Әділетті сайлауы», «Әділетті Қазақстанның әділетті референдумы» қағидасы және оның мүлтіксіз орындалуы. Бүгінгі таңда билік пен халық арасындағы әрқилы алшақтықтар халықтың билікке деген сенімсіздігін туығызды. Оны сот жүйесіндегі, сайлаулардағы әділетсіздіктерден т.б. да көруімізге болады.

Сондықтан да, осы әділеттілікті қалыптастыру үшін бізге ең алдымен, референдумдар мен сайлау өткізудің өзіндік жаңа технологияларын қалыптастырып, оның арнайы алгоритмін жасау керек.

Заңды, ресми, мемлекет тағайындаған, күні белгіленген референдумдарды өткізбестен бұрын тәуелсіз ҮЕҰ, еріктілер, блогерлер, қоғамдық пікірді зерттеуші ұйымдар  т.б. алдымен, пікіртерім, сауалнама жүргізуі тиіс. Ол тек бір ғана емес, бірнеше тәуелсіз ұйымдар өткізген жұмыстарының нәтижелерін қамтуы тиіс.

Екінші мәселе, референдум қортындыларын есептеу комиссиясына халық арасынан еріктілерді таңдап алып, қосымша тәуелсіз комиссия құрылуы тиіс. Бұл еріктілер тобы құпия сақталып, есептеуге белгілі бір санаулы уақыттар қалғанда ғана халық арасынан таңдалып, жариялауын тиіс. Ол еріктілер жай ғана сырттай бақылаушылар емес,  дауыс беру ретингін бақылайтын, үдерістің сыртында емес, соның ішінде болатын, бірнеше мамандар, оның ішінде, ІТ мамандарын да қамтыған сыншыл ойлайтын азаматтардан құралуы тиіс.

Сонымен қатар, заңды мемлекеттік референдуммен қатар, еріктілер тарапынан жүргізілетін жарыспалы қатар жүріп отыратын «баламалы екінші бір референдум» өткізілуі тиіс. Ол референдумның мүшелері мен тексеру, есепту комиссиялары қарапайым халық арасынан таңдалуы тиіс. Өйткені, қазіргі таңда дауыс берудің электронды форматын қолдану (қол жинау петициялар сияқты) айтарлықтай қаражатты қажет етейді. Сондықтан да, «баламалы референдумға» мемлекет араласпауы тиіс, қаржылай да көмек бермеуі қажет.  Оның әрине, заңдық күші болмауы ықтимал, дегенмен, заңды референдум «баламалы референдумдардың» айғақты, дәйекті дәлелдемелерін мемлекеттік  органдар заңды, ресми түрде ескеруі қажет. «Баламалы референдумдар» бір емес, бірнешеу де бола алады.        

Баламалы референдумға мемлекет тарапынан қысымшылық жасау-жасамауы қатаң бақылануы керек. Біріншіден, баламалы референдумдар жалған ақпарат (дауысты азайтып-көбейткендігі) бергендігі үшін де жауапкершілікке тартылатын болады. Ал, екіншіден, мемлекет тарапынан қысымшылықтар болған сәтте, ол Еуропарламент, БҰҰ т.б. әлемдік деңгейдегі әділеттілік жаршыларының ақпарат көздерінде еркін жарияланатын болады.

Мемлекеттік референдумның өзі электронды форматта және баршаның бақылап отыруына қолжетімді болуы тиіс. Ал оның нәтижесі арнайы есептелмей-ақ та, өздігінен «мөлдір» (прозрачно) түрде  кез-келген компьютер экранынан арнайы сілтемелерге кіру арқылы көрініп отыруы тиіс (әрине, ұйымдастырушы, қортынды шығарушы топ болады). Ол кез-келген адамға, яғни, барша халыққа қолжетімді болуы керек.

Баламалы референдумға қатынасушылардың саны шектелмеуі тиіс, тек қана е-гоф порталы арқылы өтініш тастаса болғаны, оған халықтың еріктілері еркін еш кедергісіз қатынасуы керек. Осы референдумның әділетті өтуінің іргелі тарихи маңызы бар: халықтың саяси билікке сенімін нығайтып, «Әділетті Қазақстанға» қадам басқандығымыздың айғағы болуы тиіс деп ойлаймыз.   

Әрине, жоғарыда айтылған жайттардың бәрі де біздің қоғамның күрделі әрі қайшылықты жағдайынан хабар береді. Дәл қазір қоғам өзінің интеллектуалды деңгейі тұрғысынан «АЭС стансасын салу‑салмау» деген сұраққа объективті жауап беруге даяр емес. Ондай тәжірибе біздің елде ішнара және жанама түрде ғана бар. Мысалы, қазақстандықтар «Семей ядролық сынақ алаңы» туралы жақсы біледі. Оның зардабын шеккендер басқа жақта емес. Өзіміздің арамызда жүр. Елімізде, Семей ядролық сынақ алаңында болған, сол жерде тұрған азаматтарға мемлекет жеңілдіктер беріп, оларға шеккен зардабы үшін өтемақы төлеуде. Біздің ел азаматтарынаң басым бөлігі, шынын айтсақ, полигон зардабын тек осы «өтемақы» арқылы бағалайды. Өйткені, ядролық сәуленің қандай зардаптары бар екенін, одан адам организміне қалайша зиян келерін арнайы мамандар болмаса, көпшіліктін онымен шаруасы жоқ. Оларған оны бүге‑шігесіне дейін білудің де қажеті жоқ.

Ал, енді, «АЭС қатері дегеніміз неде?» деген сұраққа, шынында да толыққанды ешкім де жауап бере алмас еді. Ендеше, өзі білмеген сұраққа жауап беруге  кез келген адамның қиналатыны сияқты, бұл жерде де адамдар оған жауап таппай қиналатын болады. Осындай кезде, алдыңғы қатарға бұқаралық психология заңдары үстем ете бастайды. Мәселен, адамдар бір бірінен «Қалай дауыс береміз?» деп сұрай бастайды. Осыған сай, референдум алдында қоғамның өзі белгілі және белгісіз әлеуметтік жікке бөліне бастайды. Мысалы, билік «Елімізде жақын болашақта энергетика тапшылығы басталады» десе, онда көп адамдар «АЭС құрылысы оның алдын алу үшін» деп санап, «Иә, қолдаймын» деп жауап береді. Бұл жерде, сөйтіп, «иә, қолдаймын» деген жауап «АЭС құрылысын қолдау» емес,  ол жауаптағы қолдау сөзі  «Қазақстанның жақын болашақтағы энергетикалық тапшылығын болдырмау керек» деген мәселені қолдау болып шығады. Ал, АЭС мәселесінде негізгі мәселе ‑ оның қауіптілігі не қауіпсіздігі болуы тиіс емес пе? Ал, оны білу үшін адамға арнайы білім болуы шарт.

Сондықтан, референдум алдында халыққа мынадай түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс:

Оның ішінде:

  • саяси жағдайлаға байланысты туындайтын қауіп‑қатерлер,
  • экологиялық жағдайларға байланысты туындайтын қауіп‑қатерлер,
  • адами факторларға байланысты туындайтын қауіп‑қатерлер,
  • технологиялық жағдайларға байланысты туындайтын қауіп‑қатерлер және т.б...

Енді осыған балама фактор ретінде билік өз көзқарасын ашық айтуы тиіс. Мұнда билік позициясының «біржақты» болуы аса маңызды. Осындай еліміз үшін тағдырлы мәселеде билік тарапының көзқарасы шашыраңқы болса, ол, онда, бұл мәселеде (АЭС салуда) билік институттары жеткілікті зерттеу жүргізбегенін, сондықтан, билік тарапының өзі осы сұрақ бойынша біржақты шешімге келе алмағанын білдіреді. Егер, жобаны іске асырушы биліктің өз қарасында осындай «шикілік» бар болса, онда оны референдум арқылы халыққа ұсынудың өзі – демократияға да, әділеттілікке де қарама‑қайшы десек болады. Бұндай қадам «халықты орға жығудың амалы» деп бағалануы да мүмкін.

Ал, егер, сырғытпай айтқанда, АЭС идеясы өзге империялық пыйғылды елдің «қысым көрсетуінен» пайда болса, онда ол да халыққа түсінікті тілмен ашық айтылуы тиіс. Онда халық та өз билігін «айтқызбай түсініп», не оны қорғауға және қолдауға дайындалады. Не, көп жағдайды ескере келе, билік ұсынысын қолдап шығады... Яғни, бұл жерде өмірге қауіп төнгенде «өз құйрығын өзі кесіп кететін кесіретке» сияқты шешім қабылданады...

Кез келген референдумның өтетін аясы – сайлау комиссиялары болып табылады. Осы жағынан алғанда, қазірге дейін жұмыс істеген сайлау комиссияларының халық алдында еш беделі жоқ екенін, халықтың оның жұмысына сенімсіздікпен қарайтынын атап өткен жөн. Егер, осы сайлау комиссиялары өзгермеген құрамында және бұрынғы үйреншікті «тәсілімен» реферандумды өткізер болса, онда оның нәтижесін халық бәрібір мойындамайды. Тіптен, комиссия жүз пайыз әділетті болып, халық АЭС‑ті  «қолдап» шықса да, ол нәтиже қоғамдық пікірде легитимсіз болып қала береді. Оның есесіне, бұл «тарихи шешім» тарихқа «билік волюнтаризмі» деген атпен енетін болады. Сөйтіп, өзінің шын ниетімен «демократияға ұмтыламыз» деп, осы бағытта әрекет етуші биліктің өзі де әп‑сәтте қоғамдық пікірдегі «автократтық‑диктаторлық жүйенің» біріне айналып кете барады...

Міне, біздің елдің дауыс беруші азаматтары күзде осындай қиын диллемаға тап болғалы тұр. Осы жағдайда, елдің ғалымдары, осы саланың кәсіби мамандары, экологтары, саясаткерлері және т.т. бірігіп, осы АЭС сұрағының әрбір жекелеген мәселелері бойынша да, тұтас мәселелері бойынша да өзара талқылап, оның қорытындысымен халықты БАҚ арқылы таныстырып отырулары тиіс. Бұл олардың Елдік парызы!

Халық айтады: «Өзің отырған бұтақты кеспе» деп. Қазір бұл сөз екіжақты мағынаға ие болды: бірі – энергетикалық қауіпсіздік мәселесі болса, екіншісі – одан төнер қауіп‑қатер мәселесі.

Халыққа энергетика да керек. Және де, сонымен бірге – өмірінің қауіпсіздігі де қажет. Осыны қалай шешуге болады? Әлде, ол тек АЭС салу арқылы шешілетін сұрақ па? Қазір осыған толық жауап жоқ.

Бір мамандар ‑ соның ішінде Жәкішев те бар ‑ «табиғи көздерден шығатын энергия тұрақсыз болады» деп айтып жатыр екен. Сол қаншалықты дәйекті? Меніңше, бұл соншалықты дәйекті жауап емес. Мысалы, бізде екі «жел қақпасы» бар делік. Бірі – Қытай жақтан келетін «жел қақпасы».  Екіншісі – Қордай асуы делік... Сонда, бізге қажет жалпы энергия мөлшері белгілі, оны шартты түрде «бір мың квт» деп алайық. Шығыстаy 500, Қордайдаy 500 өндірудеміз.

...Кенет, Қордайда жел тоқтап қалды. Сол кезде оның бар қуатын (1000 квт) Шығыста өндіре алуымыз керек және керісінше, шығыста тоқтаса, Қордай іске қосылуы тиіс дегендей... Тұрақтылық деген осы емес пе?

Ендеше, бізде Шығыста да, Қордайда да әрқайсысы 1000 кв Жел электр стансалары дайын болып тұруы керек. Оны салу қосымша шығын, бірақ Жел энергетикасы тұрақты болуы үшін бізге ондай шығындарға бару керек. Ол қаржы бәрібір АЭС салудан кететін қаржыдан әлдеқайда төмен, ал энергия арзан болып шығар еді. Мұнда біз тек жел энергетикасы туралы айттық. Ал одан өзге де энергия көздері бізде бар әрі жеткілікті.

Сондықтан, қазіргі «жаңа заманның» мақсаты  ‑ энергетикалық қауіпсіздік болса – «бүгінгі Қазақстан» «болашақ Қазақстанға» бес‑он жылдық амортизациялық мүмкіндіктерді қалдырып кетуге ұмтылуы қажет. Яғни, біздегі өндірілетін энергия әр уақытта өндірістік дамудан бір қадам алда болып, болашақтағы энергиялық қауіпсіздікте «уақыт қалтасы» (запасное время) қамтамасыз етілуі тиіс.

 

P.S. Осы жазғанға бір мамандар күлуі ғажап емес. Бірақ біз өз шындығымызды аштық. Ол бойынша, біздің санамызда әзірге «АЭС қауіп‑қатері» деген ой «АЭС қажеттілігі» деген ойдан әлдеқайда басым тұр. Бүгінгі мақалада тек осыны айтуды көздедік.

Бары да, жоғы да осы!

Берік Аташ, философ,

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965