«Уақыт белдеуін өзгерту» адам денсаулығына қолайсыз болып шықты!
Биылғы жыл қазақстандықтар үшін ерекше жыл болды. Ол көктем айында орын алған «су тасқыны» сияқты табиғи катаклизмдер арқылы, сөйтіп, кең даламыздың «алып теңізге айналуынан» басталған жаңбырлы, салқын көктем‑жазы арқылы ғана емес, өзіміздің үкіметтің «қолдан жасаған» проблемасы ‑ «уақыт белдеуін ауыстыру» атты шешімінен де көрініс тапты. Қазір көп адамдар бұрынғы «ұйқы ритмінен» ажырап, түнгі сағат үш жарымнан кейін ағарып атқан таңмен бірге оянып алатын болды. Бұл, әсіресе, онсыз да «ұйқыға сергек» зейнеткерлер үшін нағыз сынаққа айналды. Олар оянып алып, бала‑шағаны оятпайын деп, қалған уақытты дөңбекшумен өткізіп, ол жүйкеге әсер етіп, ол қан қысымын ойнатып, тәбетті түсіріп..., әйтеуір, жұртты сондай бір әуре‑арсаңға салды да қойды...
Елімізде 1‑наурыздан бастап бүкіл ел бойынша UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуі енгізілетіні жарияланды. Әрине, жұрт бастапқыда оның жаз келе қандай әсері боларын ұға қоймады да. Наурыз айында күн кеш шығатындықтан, көп адам оны қызық көріп, кейбірі «жұмысқа ерте барып қайтатын болдық» деп қуанды да. Алайда барлық мәселе күн ұзарған кезден бастала бастады...
Бізде осыған дейін екі уақыт белдеуі қолданыста болып келді. Оған әр өңірдің адамдары бейімделіп, одан аса бір зиян шекпеуші еді. Енді еліміздің шығысы бір сәтте "бастысқа айналып" шыға келгенде, шығыс тұрғындары оған моральдік‑психологиялық, биологиялық тұрғыда дайын болмай шықты. Алайда, осы жылдың 14 ақпанында еліміздің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (ҰҰО) сағат белдеуін өзгерту қазақстандықтардың денсаулығына қалай әсер ететінін айтыпты. Оның сараптамасы бойынша: «Бұл шешім күн 12:00-де шарықтау шегіне жеткен табиғи уақытқа сәйкес келетін «биологиялық тұрғыдан дұрыс» уақыт белдеуін белгілеу мақсатында қабылданды. Бұл ел тұрғындарының әл-ауқатына оң әсер етеді. Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент және Түркістан сияқты ірі қалалар, әсіресе балалар денсаулығына қатысты оңды қадам». – деп баға беріпті (Zakon.kz жаңалық 14.02.2024 18:11). Сөйтіп, Денсаулық сақтау Орталығы «Жоғарыда айтылғандай, циркадтық ырғақтарды табиғи уақытпен синхрондау денеде гормондарды өндіру үшін маңызды. Гормондар ұйқыны, оятуды, белсенділікті және күйзелісті реттеуде шешуші рөл атқарады. Бұл процестер гормондардың деңгейімен қатаң бақыланады және белгілі бір үлгілер мен циклдерге ие» дей келе, Орталық қазақстандықтарға жаңа уақыт белдеуіне бейімделу үшін қазақстандықтарға «ұйықтау және 15-20 минут ерте ояну уақытын біртіндеп өзгертуді» ұсыныпты...
Бірақ, уақыт көрсеткендей, жаз кезінде көп қазақстандықтарға «ерте ояну» дағдысын қалыптастыру қажет болмай қалды. Ол функцияны «ерте шығатын Күн» өзі алып алды. Таң атпастан шақырайып шыққан Күн: «Ал енді ұйықтап көр» дегендей төбеден төнетін болды... Оның алдында адам баласының «биоырғағы» (биосағаты, биоритмі) мүлдем қауқарсыз екені анықталды... Қоғамдық денсаулықты сақтау Орталығының «пайдалы» деп берген болжамы – «үкімет шешімін қолдау» ғана болып шықты...
Орталық со кезде былай деп кеңес берген екен: «Бұл ағзаның жаңа тәртіпке үйренуіне көмектеседі. Ұйықтар алдында кофеин мен алкогольді тұтынудан бас тартқан жөн. Себебі бұл заттар ұйқының сапасына кері әсер етуі мүмкін. Салауатты өмір салты өзгермелі уақыттарға бейімделуде де маңызды роль атқарады. Тұрақты физикалық белсенділік, теңдестірілген тамақтану және жеткілікті демалу дененің жаңа уақытқа бейімделуіне көмектеседі. Ұйықтар алдында күшті физикалық және эмоционалдық күйзелістен аулақ болу маңызды» деп... Бірақ, өкінішке орай, Күн энергиясы кофені де, алкаголды да елемейтінін анық білдірді...
Сонымен, Ұлы да Құдыретті күші бар Күн алдында өз қауқарсыздығын сезінген жұрт, әсіресе, жасы келген зейнеткерлер қауымы, қан қысымында ақау бар адамдар, олармен бір үйде тұрып жатқандар және т.т. азаматтар осы жазда бірігіп, «Бұрынғы сағат белдеуін қалпына келтіру туралы» Петиция жариялап, оған қол жия бастады. Петиция шарты бойынша оған кемі 50 мың адам қол қоюы қажет еді. Міне, қазір сол шамада қол жиналып, енді осы мәселені Үкімет қайта қарауы тиіс.
Петиция жасаушылар оған қандай дәлелдер келтіреді?
Біріншісі, экономикалық тиімділік тұрғысынан. Мысалы, 01.04.2024 ж. әр адамның электр энергиясын тұтыну көлемі теңгемен шаққанда 17 мың теңге болды. Ал, енді, күзде және қыста «жаңа уақыт» бойынша қараңғылық та ерте түсе бастайды. Сол кезде еліміздің жарты территориясы электр энергиясын іске қосады да, оны тұтыну еселеп артады. Ендеше, Үкіметтің «энергияны үнемдеу» дәйектемесі өзін ақтамайды. Керісінше, ел экономикасы қосымша энергетикалық шығынды арттырады.
Екіншісі, адамның биоритмі мыңдаған жылдар бойы өздері тұратын аумақтағы «күннің шығысы мен батысы» биоритміне үйреніп, соған бейімделіп қалыптасады. Ал, егер оны күрт өзгерту – кез келген адамға «адаптациялануды» (бейімделуді) талап етеді. Яғни, бұл шешім «Елдің жартысын жаңа өңірге көшіру» сияқты миграциялық катаклизмге жақын десе болады. Осыдан келіп, еңбек етуде, оқуда, баланың биоритмін қайта құруда, зеәнеткерлердің организмін «жаңа аймаққа» (мейлі, ол өз үйінде тұрып жатса да!) бейімдеуге мәжбүр ету мәселесі туындайды. Бұл адамдарға физикалық және психологиялық жайсыздықты тудырып, көп адамдар гипертонияға ұшырып жатады. Ол аз десеңіз, ұйқы сапасы бұзылып, организм жәйлап иммундық әлсіреуге бет алады...
Ендеше, мемлекет өзіне не маңызды екенін анықтауы тиіс: «Уақыт айырмашылығын экономикалық мүддеге бағындырып, содан түсетін азын‑аулақ «экономикалық тиімділік» пен одан түсетін азын‑аулақ салық пайдасы маңызды ма? Әлде, сол «пайданы» қолмен жасайтын жұмысшылардың, олардың отбасыларының, еліне еңбегі сіңген зейнеткерлерінің және өскелең ұрпақтың болашақтағы денсаулығы пайдалы ма?» деген...
Сондықтан, осыны ескере келе, ҚР Үкіметі бір нақты Шешімге келуі тиіс: бірі – бүгінгі экономикалық пайда коньюнктурасы болса, екіншісі – мемлекеттің азаматтарының денсаулығы мен қолайлы өмірі. Алдыңғысы «мемлекеттік даму стратегиясы» тұрғысынан «уақытша құбылыс» болса, екіншісі «мемлекеттік тұрақты даму стратегиясы» тұрғысынан тұрақты, үнемі қорғалуы тиіс құбылыс болып табылады.
Осыны ескеретін Үкімет бізде бар ма – оны жақын маңда қабылдануы тиіс «үкіметтік шешімнен» көретін боламыз. Соған сай ой қорытындылап, соған сай ой түйетін боламыз, халайық...
Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz