Жұма, 22 Қараша 2024
Саңлақ 1963 5 пікір 24 Шілде, 2024 сағат 13:34

Париж 2024: Ашылу рәсімі... өзенде өтеді

Сурет: olympic.kz

26 шілде күні Париж Олимпиадасы жалауын көтереді.

2024 жылғы Жазғы Олимпиада Жер бетіндегі аса бір «қой үстіне бозторғай жұмыртқалар» тыныш кезеңге тура келіп тұрған жоқ, алайда ұйымдастырушылар спорт мерекесінің мейлінше сәтті де бейбіт өтуі үшін барын салып жатыр. Француздар Олимпиаданың ашылу салтанатының өзін ерекше етіп жоспарлапты. Әдетте «Олимпиада», «ашылу рәсімі» деген кезде жұрттың көз алдына жанкүйерге лық толы стадион, 200-ге тарта қатысушы елдердің мыңдаған спортшыларының қаздай тізілген салтанатты шеруі, т.б. елестейді ғой. Франция бұл жолы қасаң үлгіден қасақана қашып отыр.

Рас, осы жұма күнгі Олимпиялық ойындардың ашылу салтанатында да әлем спортшыларының шеруі болады, бірақ олар стадионда емес... Парижді қақ жарып өтетін Сена өзенінің бойымен жүреді! Өзен ғана емес, бүкіл Париж қаласы ашылу рәсімінің тұтас алаңына айналмақ. Ұйымдастырушылар сценарийді әлі де барынша құпия сақтап отыр, дегенмен қатысушылар шеруін стадионнан өзен бетіне алып шығудың өзі – аз тосынсый емес. Жер жүзінен келген 6 мыңдай спортшының 85 қайық-баржаға мініп Сена бетімен салтанатты түрде жүзіп өтуін көзіңізге елестетіңізші – мүлде күтпеген көрініс қой! Өзеннің қос жағалауында оларға Аустерлиц көпірі мен Эйфель мұнарасы, Елисей алаңы мен Париж Құдай-ана ғибадатханасы қол бұлғап, сәт-сапар тілейді – керемет емес пе?

Мұндай сценарий, әрине, бірінші кезекті телеаудиторияны таңғалдыру талабынан туындап отыр, бірақ Франциядағы Олимпиаданың ашылуын өз көзімен көргісі келгендердің де ұтылмайтыны анық. Егер әлемдегі ең үлкен стадионның өзі ары кетсе 100 мың адам ғана сыйғыза алса, Сена өзенінің қос жағалауынан ашылу салтанатын шамамен 500 мыңдай адам тамашалай алмақ. Өзеннің екі жағасына да трибуналар орнатылған, рас, билет бағасы ұшып-ақ тұр деседі. Дегенмен тамашаны тегін көретіндер де жоқ емес, олар – балконы мен терезесі Сенаға қараған көпқабатты үйлердің тұрғындары.

«Иә, спорт мерекесінің ашылу салтанатын өзенде ұйымдастыру – стадионда өткізуге қарағанда анағұрлым күрделі, – дейді рәсімнің шоу-думан жағын басқарушы маман Тони Эстанге France Press ақпарат агенттігіне берген сұхбатында. – Алайда мұның көрерменге әсері мүлде бөлек болатыны сөзсіз. Біз үшін ең маңыздысы осы».

Үш сағатқа созылатын ашылу салтанатына 3 мыңға жуық, биші, әнші, артист қатысады. Солардың ішінде R&B стилінде ән айтатын сахна жұлдызы Ая Накамура да бар. Оның бұл рәсімге қатысу-қатыспауының өзі біраз дау-дамайға ұласты (біз ол жанжалдың жай-жапсарын жақында арнайы жазамыз). Артистер өзен бетінде ғана емес, қос жағалауда да, әйгілі сәулет ескерткіштері маңында да өнер көрсетеді. Ашылу рәсімінің жартысынан астамы Күн шығып тұрғанда өтеді, ал қараңғы түскен соң ұйымдастырушылар ғаламат жарық шоуымен таңғалдырмақ.

Сондай-ақ ашылу салтанатының шоу-думан бөлігінде тағы бір тосынсый болады деседі. Яғни әлемдік деңгейдегі әлдебір әншіні көріп қалуымыз да ғажап емес. Оның кім екені әзірге құпия, әйтсе де, оның канадалық эстрада жұлдызы Селин Дион болуы мүмкін деген қауесет қазірдің өзінде тарап кетті.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5266