Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 2543 1 пікір 25 Шілде, 2024 сағат 15:59

«Біз СССР-дің шақыртуымен оралған қазақпыз»

Коллаж: Abai.kz

Бұл тақырып сіздерге таңсық немесе оғаш сезіліп тұрған шығар. Алайда мұның өзіндік тарихи себебі, астары бар. 2014 жылы Үрімжіге барған сапарымда шынжаңдағы қазақтардың ең танымал сайты «Сен қазақтың белсенді авторларының бірі «Жолаушы-9» деген қалам атпен мақала жазып жүрген Қайырбек деген журналист бауырымыз менімен кездесіп сұхбаттасқан болатын.

Бұл сұхбат сол кезде «Сен қазақ» сайтында жарияланды. Бұл сайт 2016 жылы Қытайда басталған саяси науқан кезінде жабылып қалды. Сайт жабылғанымен жазылған сұхбат менің жеке мұрағатымда сақталған болатын. Өз басым жөнінен алғанда көші-қон тақырыбы туралы менің журналистке берген алғашқы сұхбатым еді. Өйткені, журналист ретінде көші-қон тақырыбын, проблемасын өз басым көп жазсам да өзге әріптестеріме біздің Қазақ еліне қалай көшіп келгеніміз туралы бірде бір сұхбат бермептім, не болмаса өз атымнан мақала да жазбаған екенмін. Ол туралы ойламаптым да, ал әріптестерім тарапынан ондай ұсыныс болған емес. Биыл мен алпыстың қырқасына көтеріліп отырғандықтан осы сұхбатты сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім. Сұхбат он жылдың алдында алынғанымен, сұхбатта айтылған дүниелер әлі де жаңа, өз құнын жойған жоқ.

Құрметпен Әлімжан Әшімұлы.

Жолаушы-9: Әлімжан аға, соңғы жылдары сіздің сұхбаттарыңыз, сындарыңыз және әңгімелеріңіз «Сен қазақ» сайтына жарияланғаннан бері Қытай қазақтарының сізге болған ынтасы арта түсті. Сіздің Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының орынбасары, еларалық «Алтын бесік» журналының бас редакторы, жазушы Сұлтанәлі Балғабаевпен жүргізген «Қазақстанға қалай келесіз?» деген желілес сұхбатыңыз көпшілікті елең еткізіп, бұралаң жол басып жүрген кейбір ағайындарымызға бағдаршам болды. Олардың сізге деген алғысы шексіз...

Жалпы сіздің сұхбаттарыңызды біздің оқырмандар қызыға оқитын тақырыпқа айналды десем артық айтқандық болмас. Олар сұхбатты оқып қана қоймай, өз көзқарастарын жасырмай жазудың арқасында «Сен қазақ» асабалары жағынан «Жауһар теме» болып үлгірді. Бұл жақтағы қандастар сіздің журналист ғана емес, сыншы, жазушы ретінде жақсы таный бастады. Сіз «Мен қашқынмын» атты әңгімеңіз арқылы Қазақстан қоғамын дендеп кеткен жемқорлықты өте шебер бейнелегенсіз. Жазу стиліңіз өзгеше, ешкімге ұқсамайсыз.

Мен сіздің Қазақстан баспасөзінде жарияланған сұхбаттарыңызды, сындарыңызды, әңгімелеріңізді «Сен қазаққа» жолдап отырушымен. Осы барыста кейбір ағайындар: «Әлімжан Әшімұлы кім? Ол кісі туралы таныстырулар болса жақсы болар еді?!» деген секілді сұрақтарды жиі қойып жатады. Сол себептен де, биылғы туған жеріңізге келген сапарыңыздан пайдаланып сізбен арқа-жарқа әңгімелесіп, мұндағы ағайындардың, әсіресе сіздің сүйікті оқырмандарыңыздың талабын орындасам ба деп отырмын.  Сіз бұған қарсы емес шығарсыз?

Ә.Әшімұлы: Сіз мені тым асыра мақтап жіберген жоқсыз ба? Сіздің мына мақтауыңызды естіп отырып дәл қазір «жерлестерім мені осыншама мақтайтындай қандай игі іс істеп едім?» деп өзіме-өзім таңғала сұрақ қойып, ыңғайсыз жағдайға қалып отырмын.

Жолаушы-9: Сіз ондай ыңғайсыз ойда болмаңыз, ақиқаты осы.

Ә.Әшімұлы: Онда бәрекелді! Сіздің әңгімеңіздің төркініне қарағанда Қытайда мені оқитын оқырмандар бар екен, бұған да шүкір. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Сол үшін оқырмандарыма басымды иіп тұрып алғысымды айтамын! Сіздің алдағы қоятын сұрақтарыңызға шамамның келгенінше жауап беруге тырысып көрейін...

Жолаушы-9: Бұл жақтағы ағайындардың біразы сіздің Қытай елінде туылып, осында ержетіп, жоғары оқу орнын бітіріп, мұнда біраз жыл қызмет істегеннен кейін барып атамекеніңіз Қазақстанға қоныс аударғаныңызды білді. Сіздің Қазақ еліне қоныс аударудан ілгергі өміріңіз бізді қатты қызықтырады...

Ә.Әшімұлы: Мен 1964 жылдың 25 маусымында Іле қазақ автономиялы облысы, Іле аймағы, Тоғызтарау ауданы, Тікарық ауылы, Мойынгүзер қыстағының бірінші кенітінде қарапайым диқан отбасында дүниге келіптім. Бірінші сыныптан жетінші сыныпқа дейін Мойынгүзердегі «Шынар» мектебінде оқып, сегізінші сыныпты Тікарық орта мектебінде жалғастырдым. Менің балалық шағым мен мектепте оқыған кездерім Қытайдағы аты шулы «мәдениет төңкерісіне» тұспа-тұс келді. Сол себептен де менің балалық шағым керемет болды деп айта алмаймын. Ол кезең туралы әңгімелеп отырудың өзі қазір артықтау болар, бірақ мектептен қалмай, сабақты жақсы оқығанымды білемін. Оныншы сыныпты 1982 жылы шілде айында бітіргеннен кейін Құлжа қаласына келіп «мемлекеттік біртұтас емтиханға» қатыстым. Өкінішке орай, менің нөмірім (балл) жоғары мектепке қабылдау шегіне жетіп тұрса да не себептен екенін білмедім, жоғары оқу орындарынан маған шақырту қағаз келмей қалды да, сол жылы оқуға түсе алмай қалып қойдым.

Әкем Әшім Әбдірәсілұлы мен шешем Әйімхан Жамалбекқызы Қазақстанға көшер кезе бірге түскен суреті. 1992 жылы Тоғызтарау ауданы, Тікарық ауылы, Мойынгізер қыстағы, бірінші кент. Суреттің авторы өзім.

Жолаушы-9: Одан ары не болды?

Ә.Әшімұлы: Өзіңіз шет-жағасын білетін шығарсыз, сол заманда Қытайда «шаңпин напос» деген болды ғой. Бұл тауар астық тұтынатын мемлекеттік қызметкерлердің балалары оқуға түсе алмай қалса, бір жұмысқа ептеп ілігіп кететін бір жақсы жол бар еді. Ал диқан мен малшының балаларына ондай мүмкіндік жоқ-тұғын. Осыны әкем алдын ала ойластырған болу керек, менің тұрақты тіркеуімді Тікарық ауылдық партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істейтін інісі Сейтақын Әбдірәсілұлының (бұл кісіні біз кіші аға дейтінбіз. Ол кезде әкемнің үш інісінің отбасы бір кенітте, бір көшеде іргелес отыратын) отбасының бір мүшесі етіп тіркеп қойыпты.

Сол жылы тамыз айында аудандық Салық мекемесі тауар астық (шаңпин напос) жейтін отбасының балаларынан  емтихан алып, сынақтан өткендерді салық мекемесіне жұмысқа алады екен деген хабар келді. Олардың бұл талабына менің шартым толып тұрғандықтан ауданға барып емтиханға тіркеліп, ел қатарлы математика мен қазақ тілі пәнінен сынау бердім. Емтихан маған өте жеңіл болды, барлық сұрақтарға қиналмай жауап бердім. Бұл сынақтан сүрінбей өтетініме кәміл сендім. Араға-екі үш күн салып «Әлімжан қырық шақты үміткерден озып шығып бірінші болды» деген хабар алдым.

Жолаушы-9: Бұл хабарды естігенде қатты қуандыңыз ба?

Ә.Әшімұлы: Аса қуандым деп айта алмаймын, өйткені ол кездегі менің арманым жоғары мектептердің біріне түсіп оқып, арнаулы мамандық алып шығу еді. Дегенмен, ауылда кетпен-күрек арқалап жүргенге қарағанда бажыгер болу «мемлекеттік қызметкер» деген аты бар, мырза жұмыс қой деп іштей қуанып, қызметке тезірек шақыруын күтіп жүрдім.

Бір күні түс ауа аяқ астынан аудандық Салық мекемесінің бастығы үш дөңгелекті жасыл мотоциклмен біздің үйге келді. Көрген жерден орта бойлы, сірінке қара кісіні жазбай таныдым. Өйткені бұл кісіні емтихан майданынан көрген едім. Ол кісінің алдына құрақ ұшып барып сәлем бердім, ол кісі сәлемімді жөнсалау алды да: «Әкең бар ма?», – деді. Бұл кісінің маған төте сұрақ қоюына қарағанда ол да мені жазбай таныған секілді. – Әкем қырман басында жүр, шақырып келейін бе? «Керегі жоқ, ағаң Сейтақын шы?» – деді. – Ол кісі жұмысында, қазір үйінде жоқ, – деп едім. Ол: «Сен бала Сейтақынның баласы емес екенсің ғой, ағасының баласы екенсің ғой», – деді түрі өзгеріп. – Иә, мен Сейтақынның ағасы Әшімнің баласымын, –  дедім. «Онда сен бізге қалай емтихан беріп жүрсің?». – Мен кіші ағамның шаңпин напосында тіркеудемін, диқан напосы емеспін, сол себепті сіздерге құжаттарымды өткізіп, емтихан бердім ғой, – дедім, өзімді өзім ақтап. Ол кісі ары қарай маған сұрақ қойған жоқ. «Онда жарайды, ауылдық үкіметке барып Сейтақынға кезігетін шығармын», – деді де, мотоциклдің екі құлағын ұстап, оталдырғышын оң аяғымен теуіп қалып еді «дүр» ете түсті жануар. Шенді сабазың екі аяғын талтайтып мініп, орындығына жайғасып отырып алғаннан кейін газын басты да жүріп кетті. Мен мотоциклдің артынан шыққан көк түтін мен үш дөңгелектің табанынан көтерілген ақ шаңының астында қалып, оның артынан біраз қарап тұрдым. Мотоцикл келесі көшеден күре жолға қарай бұрылып, көзден таса болғанда барып өз шаруаммен айналысып кете бардым. Бірақ мотоциклдің дүрілдеген даусы құлағыма біразға дейін еміс-еміс естіліп жатты... Ол кезде үкімет жер мен малды шаруаларға келісімшартпен көтереге (жалға) берген болатын. Ауылдастардың бәрі тіршілік қамымен қарбалас жұмыс істеп  жүрген кез еді.

Кешке қарай жұмыстан келген кіші ағамнан Салық мекемесінің бастығының жолыққан, жолықпағанын сұрап едім, ол кісі көрмегенін айтты. Мен де ары қарай қазбалап сұрамадым. Өйткені, менің қу ішім бұл жұмыстың да маған қайыры болмайтынын сезген едім. Араға екі-үш күн салып «аудандық Салық мекемесінің бастығы Тікарық орта мектебінің ғылыми мүдірінің үйінде қонақта болыпты, оның балдызын қызметке алыпты» деген жағымсыз хабар естідім. Мектеп мүдірінің балдызы менің сыныптасым болатын, мектепте оны меннен мықты оқыды деп айта алмаймын. Ол жоғары мектепке тапсыратын емтиханның алғашқы іріктеуінен (қытай тілінде иікау деп атайтын) өте алмай қалған еді. Кейін ол да менімен бірге емтихан берген болатын. Мен емтиханнан ең алды болып өтіп тұрсам да Салық мекемесінің басшысы ауылға арнаулы іздеп келіп жаңағыдай қисынсыз сылтауды айтып кеткен жоқ па?! Сол баяғы тамыр-таныстықпен мені шеттетіп, менің орныма оны қызметке алғаны анық еді.

Жолаушы-9: Жарайды, ғылыми мүдірдің балдызы емтиханнан өтті, Салық мекемесіне қызметке тұрды делік. Ол да шаңпин напосы ма екен?

Ә.Әшімұлы: Мен ағамның шаңпин напосында тіркеуде болсам, ол жездесінің шаңпин напосында тіркеуде екен. Оның ауылы Ағарсында болатын, кейін біздің мектепке ауысып келіп, жездесінің үйінде жатып оқыды ғой. Бұл жерде басқа емес бармақ басты, көз қысты болғаны анық. Өйткені аудандық Салық мекемесінің бастығымен оның жездесі бір рудан болатын. Мұның аржағын айтпасам да түсініп отырған шығарсыз...

Жолаушы-9: Бұл жолы да жолым болмай қалды дейсіз ғой?

Ә.Әшімұлы: Иә, бұл жолы да жолым болмады. Оған бола мен аса бір өкінгенім жоқ. Қайта бұл сәтсіздіктер менің жігерімді жани түсті, «биыл оқуға түсе алмасам, келер жылы оқуға түсуім керек» деген сенім ұялады санама. Осындай ойдың жетегінде жүргенде, аяқ астынан мектепке мұғалім болып шыға келдім. Өзіңіз білесіз, ол заманда ауылдарда мұғалім жетіспейтін кез еді ғой. Мектепті жақсы бітірген оқушыларды мектептерге штаттан тыс, уақытша мұғалімдікке (дайкы дейтін)  жұмысқа қабылдайтын. Мен сол жылы қыркүйек айының бірінен бастап өзім жетінші сыныпқа дейін оқыған Мойынгүзердің «Шынар» мектебіне мұғалім болып жумысқа тұрдым. Менімен бірге сыныптастарым – Жұмагүл, Гүлбану (Күлтай), Әкім де мұғалім болып шыға келді. Ал бізден басқа сыныптастардың біразы оныншы сыныпты қайталап оқыды. Ал қалғандары диқанның кекпенін, малшының  таяғын ұстап қоғамдық жұмысқа араласып кетті. Мен 6-сынып оқушыларына алгебра, ботаника және тарих пәнінен сабақ бердім. Сонымен бірге сынып жетекшілік міндетін қоса атқардым.

Жаңа айттым ғой, менің арманым қалай болғанда да жоғары мектепке түсіп, белгілі бір мамандық иесі атану деп. Мен мектепте оқытушы болып жүріп, бос уақытымда өз сабақтарымды пысықтап, жоғары мектепке емтихан беруге шындап кірістім. 1983 жылы алғашқы іріктеу емтиханынан сүрінбей өтіп, «мемлекеттік біртұтас емтиханды» Текес ауданының орталығы Қызылкүреге барып тапсырдым. Мемлекеттік емтиханнан тағы да жақсы нөмір алдым. Бір айдан кейін аудан көлемінде емтиханнан өткендердің шақыртулары келіп, оқуға аттанып жатты. Бірақ маған шақырту әлі келмеді, күте-күте екі көзім төрт болып, соңында күдерімді үздім. Күзгі бидай науқаны басталып кетіп, егіс атызында әкем мен ағама көмектесіп  жүрген кезімде маған шақырту келді. Бұл қыркүйек айының соңғы күндері болатын. Шақырту қағазын қолыма алғанда менің қуанғанымды қазір сізге айтып жеткізе алмаспын.

Сонымен сыныптасым Бағашар Нөкежанұлы екеуіміз Құлжа қаласындағы Іле педегогикалық институтының Қытай әдебиеті факультеті қазақ тілі мен әдебиеті курсын оқуға бірге аттандық. Онда екеуіміз бес жыл бірге оқып (бір жыл дайндықта қытай тілін оқыдық), арнаулы мамандық алып шықтық. 1989 жылы сәуірде Іле қазақ автономиялы облыстық партия комитеті Әйелдер бірлестігінің Қытайдағы қазақ әйелдеріне арнап шығарған «Іле әйелдері» (қазіргі «Шыңжаң әйелдері») журналына көркемдеуші редактор және жауапты хатшысы болып жумысқа тұрдым. Ал Бағашар Құлжа қаласындағы Іле қазақ автономиялы облыстық №1-орта мектебіне 1988 жылы тамыз айының соңында бөлініп барып, қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрды.

Бейжіңдегі СССР консульына виза аштыруға төлқұжатымызды тапсырып шығып кіші ағам Сейтақын екеуіміздің көңілді отырған кезіміз ғой. 1992 жылы қазан айы.

Жолаушы-9: Сол жылдары Іле падагогикалық институтының әдебиет факультетінде Шынжаңға белгі ақын, жазушылар, әдебиеттанушылар, білікті ұстаздар сабақ берді деп естіген едім.

Ә.Әшімұлы:  Иә, біздің ұстаздардың бәрі әр салада, өз маманының білгір танымал тұлғалары болды деп айтуға болады. Айтар болсақ, Молдағали, Жүнісқан Бақайев, Мырзақан Құрманбайұлы, Жәнетқан Тұтқабекұлы, Жәкен Отарұлы, Дутан Сәкейев, Құдаш Сабаншыұлы, Тәлет Әмірәліұлы, Үрімжібай Жетібайұлы, Тоқтасын Молдақыметұлы, Айтмолда Құмарбек, Ләззат Емілбава, Парида Сақари, Шайытқазы Зейінғазыұлы, Жақып Жүнісұлы, Әбілқайыр, Әблез Пайзолла (ұғыр), Мәжіт Қасым (ұйғыр), Маралбай Мұқанұлы, Әбдібіләл, Нұрсейт, Нағигүл, Жәмила, Мұрат Думанұлы, Бейсемхан Қауысбекұлы тағы басқалар.

Біз қазақ тілі мен әдебиетіне қатысы  арғы-бергі пәндерді толық оқумен бірге, Қазақ ССР әдебиеті мен тарихына қатысты пәндерді оқыдық.  Сондай-ақ қытай әдебиетінің (ерте заман, таяу заман, осызы заман әдебиет тарихын), шелел әдебиеті мен оның тарихын және әдебиет теориясынан білім алдық. Оған қоса психология, философия, логика, эстетика, жазу практикасы, мотодика және қазақ тариқы, қытай тарихы, шетел тарихы секілді отызға тарта пәннен сабақ алып шықтық.

Жолаушы-9: Сіздің негізгі мамандығыңыз мектепте оқушыларға қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беру еді ғой, солай бола тұра сіз қалайша журналға көркемдеуші редактор болып жумысқа тұрдыңыз? Оның үстіне көркемдеуші редактор болу үшін суретші, хаткер болу керек емес пе? Ол заманда жоғары мектеп бітірген оқушыларға мемлекет біртұтас бөліс жасаушы еді ғой. Сіз қалайша жыл аттап барып жумысқа тұрдыңыз?

Ә.Әшімұлы: Сұрағыңды өте орынды қойып отырсың. Менің бұл жұмысқа кешігіп орналасуымның себебі де осында болса керек. Менің сурет өнеріне деген қызығушылығым бала кезімнен қалыптасты. Мектепте оқып жүрген кезімде «Қабырға газет» шығару, сыныпты безендіру жумысына белсенді қатыстым. Өкінішке орай, ол кезде ауылдық мектептерде суретке тәрбиелейтін арнаулы пән болмайтын. Ауыл емес, аудан орталығындағы қазақ мектептерінде де жоқ десем өтірік емес. Сол себептен мен суретті өздігімнен өзен жағасындағы құмға, тасқа, балшыққа сызып немесе кітаптағы суретті қағазға көшіріп сызып үйрендім. Біздің Мойынгүзерден Қытайға белгілі суретші Әбдімәжіт Ертуғанұлы шыққан. Аудан орталығында кітапханада істейтін Әбдіқадір Метербайұлы деген суретші болды. Екеуі де бала кезіннен сурет сызып, көзге түскен талантты суретшілер болатын. Әбдімәжіт аға кейін Үрімжідегі Шынжаң көркемөнер мектебінің сурет бөліміне түсіп, 1977 жылы арнаулы мамандық алып шығады. Қазір Құлжа қаласында тұрады. Менің сурет өнеріне қызғуыма осы кісілер көп ықпал етті білем.

Менің бала кезімдегі арманым Ә.Ертуғанұлы пен Ә.Метербайұлы (Ә.Метербайұлы кейін Құлжаға қаласына ауысып келіп «Іле жастары» журналы мен «Іле өрендері» газетінің көркемдеуші редакторы болды) секілді суретші болу еді. Бірақ ол кезде өзің қызыққан кәсіпке түсіп оқу орайы бола бермейтін. Әсіресе, ауыл балаларына... Менде бұрын қазақ тілі мен әдебиетін оқимын деген ой болмады ғой, бірақ институт өзі шақырту жіберген соң шарасыз бардық. Себебі, кезкелген жоғарғы оқу орнының табалдырығын аттап кіріп, білім алу менің асыл арманым болды ғой. Алайда, жоғары мектепке түскен соң «Оқушылар ұймының» қабырға газетін көркемдеу, керме туларына жазылатын сөздерді жазуға көмектесіп жүрдім. Біз мектепті латын жазуымен бітірдік, Ахмет Байтұрсынұлының төтешесін институтқа келіп үйрендік. Белгілі ақын, балалар әдебиетіне өлшеусіз еңбек сірірген ұстаз Жүнісқан Бақайев бізге төте жазуды үйретті. Менің қазақ хаткерлік өнеріне келу сапарым негізінен осы кезден басталды. Ол кезде қазіргідей жазуды кампьютермен көркемдеп жазу мен сурет салу деген болмайтын. Тіпті, біз кампьютер дегенді көрмек тұрмақ, атын естімеген кез еді ғой. Тек, Құдайдың бойымызға берген өнеріне сүйеніп қағазға жазып, оны ойып керме туларға жапсыратынбыз немесе жалпақ қылқаламмен жазатынбыз.

Менің Іле падагогикалық институтының әдебиет факултетін бітірген кездегі ұстаздар мен курстастармен бірге түскен суретім. 1 шілде 1988 жылы. Құлжа қаласы.

Мен институт қойнында үлкен құрметке бөленіп Одақ комитеті жағынан қабырға газетке таныстырылдым. Осы орайда дүниеге әйгілі қилы-қилы дәуірлерде жасаған әдебиет алыптарын, философтар мен данышпан ойшылдарды, көсемдерді, батыр-бағландарды және сол кезде әр ұлт оқырмандармен аты таныс талантты ақын-жазушыларды қамтыған 70-тен астам адамның фотретін сызып өмірбаянын, тарихын баяндап, олардың адамзатқа қосқан ұлы үлестерін жұртшылыққа таныстырып кіші-кірім шежіре құрастырдым.  Осы жаңалықты менен бір курс төмен оқйтын Әбіш Байғазыұлы деген замандасым «Іле педагогикалық институтының» газетіне «Өнерлінің өрісі кең» деген көлемді мақала жазып мені таныстырды. Мүмкін сіз Ә.Байғазыұлын білетін шығарсыз қазір белгілі хаткер, Іле пед институтында (қазіргі Іле педагогикалық университетінде) қызмет істеп жүр.

Сонымен қатар көркем жазу туындыларын жазумен де айналыстым. Мен жазған хуснихаттар газет-журналдарда жиі жарық көріп тұрды. Кейбір журналдардың мұқабасын жобаладым. Мысалы, Құлжада шығатын «Іле айдыны», «Іле жастары», «Мектеп дене-тәрбиесі», «Іле педагогикалық институты ғылыми журналы», «Іле ауыл шаруашылығы ғылыми журналы» қатарлы журналдардың мұқабасын сызып бердім. Міне, осы суретшілік пен хаткерлік өнері менің «Іле әйелдері» журналына көркемдеуші редактор, жауапты хатшы болып жұмысқа тұруыма үлкен септігін тигізді.

Ал енді, араға тоғыз ай салып жұмысқа тұрған себебім, Іле облыстық, Іле аймақтық оқу-ағарту мекемелері менің ауылға кетуімді аса ынтамен қалады. Өйткені жаңа өзің айтқандай мен ауылдың бір мектебіне барып қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беруім керек еді. Бірақ, менің ауылға барғым келмеді. Ол кезде менің мақсатым – Құлжада қалып қазақ баспасөзінде жумыс жасау болатын. Сол арқылы суретшілік пен хаткерлік өнерімді дамытып, қазақ баспасөзіне өз үлесімді қосқым келді. Оның үстіне мені Құлжадағы газет-журнал редакциялары «бізге сен секілді адам керек, бізге кел!» деп мені жұмысқа шақырған болатын. Оны түсініп отырған Оқу-ағарту мекемесі мен Кадрлар мекемесі болмады. Осы біртұтас бөліп орналастыру мен қызмет сұранысының тартыс-таласында бекер босқа тоғыз ай Құлжада сенделіп жүріп қалдым. Мұның өзін айта берсек ұзақ әңгіме...

Осы барыста Іле облыстық Байырғы шығармалар кеңсесіне ерте бөлініп келіп, жұмыс істеп жатқан курстасым Әбдірешит Тойлыбайұлы маған үлкен демеу болды. Менің Құлжада қалып жұмыс істеуіме жақыннан рухани қолдау көрсетті. Әбдірешит шағатай, моңғол тілінен бірнеше кітаптар аударды. Көптеген ғылыми мақалалар жазды. Болашағы зор ғалым болды.

Жолаушы-9: Сіз Қазақстанға қоныс аударғанға дейін «Іле әйелдері» журналында жұмыста болдыңыз ғой?

Ә.Әшімұлы: Иә, сонда 4 жылдан аса жумыс жасадым. Осы жылдар ішінде Шынжаң кадрлар меңгермесі жағынан берілетін «көмекші редактор» деген ғылыми атағын да алып үлгірдім. Сонымен не керек, көп өтпей 1992 жылы 9-желтоқсанда Қазақ еліне әке-шешем, туыс-туғандарыммен бірге біржолата қоныс аударып кетім.

Ел арасында «Ақау кемпірдің бағы» деп айтылып кеткен өрік бағының қожайыны менің әжем Ақау Теміржанзымен біргеміз.

Жолаушы-9: Сіз оңай-оспақ қол жете бермейтін облыстық партия комитетінде және оның үлкен журналда қызметте бола тұра жылы орныңызды суытып, қалайша Қазақстанға қоныс аудардыңыз?

Ә.Әшімұлы: Мұның себеп-салдары өте арыда жатыр. Сондықтан, бұл әңгімені оқырманға түсінікті болу үшін бастан айтқан жөн болар. Менің атам – Әбдірәсіл Надырбекұлы мен әжем – Ақау Теміржанқызы (әжемнің азан шақырып қойған атты – Аққу екен. Ата-анасы еркелетіп Ақау атап кетіпті) 1931-1932 жылдары Қазақстанда орын алған, қолдан жасалған «ашаршылық» салдарынан Алматы облысы Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылынан атамекенін амалсыз тастап, бергі бетке босып өткен. Атамның атажұрты Тоғызбұлақтың аяқжағындағы Ақтоғай екен. Алғашында Қытайдың Қас өзенінің Іле өзеніне келіп құяр аңғарына барып табан тірейді. Қас пен Іле өзенінің бойында ит тұмсығы өтпейтін тоғайдың (тал, терек, қайың, шырғанақ) қызығын көреді. Атам Әбдірәсіл он саусағынан өнер тамған шебер ағашы болған екен. Қызай елінің ауқатты бай шаруларына қазақ үй мүліктерін жасап беріп, ақысына тайынша-торпақ, құлын, тай, құнан, байтал алып жүріп есін жиып алған соң өзінен кейінгі өткен ағалары Ібінбай, Ілгідай және інісі Көшербайдың (бұл кісілер де шетінен қолөнерші болған екен) басын қосады. Мұнда екі-үш жыл тұрып біраз қор жинап алғанан кейін Іле өзенінің арғы бетіндегі Тоғызтараудың қазіргі Тікарық ауылының Мойынгүзеріне көшіп барады.

Менің суретші болуым осы аталарымнан дарыған секілді. Әкем де ағаш шебері болған. Атам Әбдірәсіл Мойынгүзерге барған соң Нүсіп Торғай деген ұйғырдың  5 гегтардан асатын өрік бақшасына қосып жүз гектардан аса егістік жерін малға айырбастап алады. Ал ағасы Ілгідай Аталдырақын деген ұйғырдың жүз гегтардан асам  жерін сатып алады. Надырбек әулеттері осылайша ел қатарлы тірлік жасайды. Жайлауы Үйсін тауының жотасындағы Бұрқаншоқы, Көкжота болады. Көктемде егін салып, жазға қарай егінін, шөбін, отынын жинап отырған. Алған дақылдарын жер ұраға салып аузын жауып кетеді екен. Әжем Ақаудың айтуынша өрік ағашының әр түбінің басындағы көк өрігін жергілікті ұйғырларға сатып отырған. Олар өрік пысқанда келіп жемісін қағып, теріп алады екен. Баққан тауықтарының жұмыртқасы күзде қора-қопсының әр бұрышында үйіліп жатады екен. Ұры-қары деген болмапты. Ал күрік болған тауықтар жұмырқасын басып шөжелерін шуыртып ертіп жүреді екен. Күзге қарай жайлаудан көшіп келіп бәрін жиыстырып, қыстың қамын жасап жақсы өмір сүріпті.

Үлкен ағасы Ібінбай ерте қайтыс болады, ол кісіден қазір ұрпақ жоқ. Қалғандары өсіп-өнеді, өркен жаяды. Қазіргі Мойынгүзер қыстағының бірінші, екіншіші кенітінің жері осы екі атамның пайдаланған жері болатын. Атамның тұлабойы тұңғыш қызы – Анаркүлден басқа балалары – Әшім, Айқан, Есім, Сейтақын, Кенжеқан, Бүбін, Құрманжан осы Мойынгүзерде дүниеге келіпті.

Әжемнің сүт кенжесі Құрманжан ағам екі-үш айлық кезінде (1956 жылы) атам Әбдірәсіл дүниеден озады. Осыдан екі жылдан кейін атамның ағасы – Ілгідай, інісі – Көшербей, қызы Айқаның отбасы Кеңес одағының Қазақстан республикасына қоныс аударып кетеді. Сол кезде атамның туыстары әжеме келіп: «Атамекенге бірге кетейік, баладарды туыстарынан бөле көр ме?!» деп ақыл салып, өтінген екен, бірақ Әжем: «Көк көз орыс жақсы болса біз атамекенімізді тастап, осылай босып өтер ме едік. Орысқа қарағанда қытай кең қолтық екен, келгелі бері қиыншылық көрмедік. Қазақстанда менің әке-шешем, бауырларым қалып қойды, олардың бар-жоғы әлі белгісіз. Сол елден қол ұстасып келген өмірлік жан жарым Әбдірәсілге осы жерден топырақ бұйырды. Енді мен аруақ аттап қалай кете аламын?! Әбдірәсілдің аруағы разы болмайтын шығар» деп қалып қояды.

Қайнағасы мен қайнының және туған қызы Айқанның отбасы атамекенге көшіп кеткен соң әжем өзін балаларымен бірге жұртта қалып қалғандай құлазиды. «Мен Әбдірәсілдің аруағына бола балаларды туысынан бөліп қалған жоқпын ба?! Оның үстіне төркіндерімнің бәрі Сәбетте қалды. Олардың бәрі ашаршылықтан қырылып қалмаған болар, аман қалғандары бар шығар, орысқа өкпелеймін деп туыстарымнан безем бе?!» деп қатты өкініп, артынан өзі де көшіп кетуге бекиді де, құжат жасатуға енді кірісе бергенде шекара тарс бектіліп қалды...

Әжем ер мінезді, аузы дуалы адам еді. Балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Үлкен ұлы, менің әкем Әшімнен басқа балаларын түгел жоғары мектепте оқытады. Менің әкемнің жоғарылап оқи алмаған себебі әкесі Әбдірәсіл қайтыс болғаннан кейін ол «мен отбасына ие боламын» деп өзінің ер мінезін көрсетіп қалып қояды. Мен ес білгенге дейін әжемнің көзі тірі болды. Баяғы ұйғырдан сатып алған өрік бағын да көрдік, оның қызығын да көрдік. «Ақау кемпірдің бағынан өрік аламыз» деп ары-бері өткен жолаушылар шеле-шелек өрік алып, қарық болып кетіп жататын. Өйткені біздің ауыл тоғыз жолдың торабына орналасқан болатын.

Жолаушы-9: Әжеңіз қай жылдары қайтыс болды?

Ә.Әшімұлы: 1976 жылы көктемде әжем өмірден озып атамның жанына жерленеді. Әкем мен шешем әжем Ақау туралы әңгімені бізге жиі айтып беретін. Бір күні дастарқан басында әкем: «Шешемнің арманы – балаларын тусытарымен қауыштыру болатын, тірі болсам шешемнің арманын орындаймын» деп ылғи айтып отыратын. Біз әкеміз не айтып отыр деп ол кісінің сөзіне күлетінбіз. Өйткені ол кезде Қытай мен Кеңес одағы бір-біріне қырғи қабақ болып өшігіп тұрған заман болатын. Қытайда алғаш рет азаматтық куәлік берген кезде әкем: «Мен бүгін бе, ертен бе бәрі-бір атамекеніме көшіп кетем. Маған азаматтық куәлігінің қажетті жоқ» деп алмай, керісінше мұғажырлар (диаспора) куәлігін алғаны есімде. 1990 жылы біз Қазақыстанға қоныс аударуға құжат жинаған кезде барып, амалсыз «жеке азаматық куәлігін» жасатқан еді. Себебі онысыз құжат толтыру, төлқұжат алу мүмкін емес еді.

Осыған қоса және бір мысал айта кетейін. 1981 жылы әкемнің кенже қарындасы Кенжеқан бас құрамақшы болған жігіті, руы қызай Санатбекке: «Біз бәрібір Қазақстанға көшіп кетеміз. Егер сол күн туа қалса, сен де бізбен бірге кетесің. Бұған мақұлдық берсең ғана саған қарындасымды тұрмысқа беремін. Болмаса әуре болма!», – депті. Сонда Санатбек әкемнің бұл шартына мақұл болады. Былай қарасаң бәрі күлкілі нәрсе, бірақ астарында бір ақиқат бары рас еді. Өйткені қазақта «екі тау қосылмайды, екі ел қосылады» деген керемет сөз бар.

1988 жылы шілде айында әкемнің бірге туған қарындасы Айқан Әбдірәсілқызы баласы Бектұрсын Қыдыржанұлы екеуі Қытайға туысшалап барған кезі.

Жолаушы-9: Егер құпия болмаса Қазақстанға көшу құжаттарын қалай жасатқандарыңызды айта кетсеңіз?

Ә.Әшімұлы: Кеңес одағы мен Қытай арасындағы араздық азайып, жылымық басталып ұзақ уақыт қатып қалған тоң жібіп, шекара ашылғанан кейін, 1988 жылы шілде айында әкемнің бірге туған қарындасы – Айқан Әбдірәсілқызы баласы Бектұрсын Қыдыржанұлы екеуі тусысшылап келіп қайтты. 1989 жылы шешем Әйімханның әке-шешесі – Жамалбек пен Мереке, інісі – Жапар, Сіңлісі – Асуқан, оның жолдасы Ұмытшақ туысшылап келді. Бұлардың арт-артынан келіп-қайтуы әкемнің Қазақстанға көшем деген арманына сенім орнатып, үміт жібін жалғап кетті. Әкемнің тете інісі, Тікарық орта мектебінің мұғалімі Есім Әбдірәсілұлы Бейжіңдегі СССР Консульына 1960 жылдары бөлініп қалған туыстарымен бас қосып, бірге өмір сүру үшін Қазақстанға көшуге рұқсат беруін өтінген хатын жазады. Көп өтпей Консульдан жауап келеді, хат машикамен орыс тілінде жазылғандықтан оны оқу қиынға соғады. Аудармашы іздеп ары-бері, өрлі-қырлы шапқылауға батылдық ете алмайды. Консульда біздің сөзімізді тыңдайтын қазақ бар шығар, не болмаса қытай тілінде сөйлейтін біреу табылар деген үмітпен хаттың соңында жазылған телефон нөмірге қоңырау соғуға бел буып, Консульдың телефон нөмірін тереді. Құдай сәтін салғанда аржағынан: «Ало, да, да, тыңдап тұрмын, бұл кім екен?» деп басын орысша бастап, соңын қазақша жалғастырғанына қуанып ары қарай сөйлесе жөнеледі, қысқасы Консульға көші-қон туралы хатты өзінің жазғанын, оған орысша жауап хат алып, оны түсінбей отырғанын жеткізеді. Қарсы жақтағы адам өзін осы Консульдың қызметкері, қазақстандық Биғабыл деген жігіт екенін айтып, орысша жазылған хаттың мазмұнын тәптіштеп түсіндіріп береді. Хаттың ұзын ырғағы Консульға келіп өтініш жазып, графа (бланкы) толтыруын, 16 жастан жоғарғылардың екі дана 3х4 фото суретін және оларға 45 юань ақша (балаларға ақша алынбайды) төлейтінін жеткізеді. Осыдан кейін Әбдірәсіл ұрпақтары ақылдаса келе атажұртқа көшу бекіміне келіп, Құлжа, Бейжің, Мәскеу,  Алматы бағытымен жұмысқа кіріскен болатын.

Сонымен 1990 жылы қыркүйек айының басында кіші ағам Сейтақын екеуіміз Үрімжіге бірге барып ол кісіні Бейжіңге аттандырып жіберіп, өзімнің іс сапар бағытым бойынша Алтай қаласына қарай тартып кеттім. Кіші ағам Сейтақын Кеңес одағының Бейжіңдегі Консульғына барып отбасын біріктіру туралы өтініш тапсырып, бланкы толтырды және айтқан ақшасын төлеп қайтады. Бір жылдан соң Мәскеудің мақұлдауын алып, Алматы облыстық ОВИР-дің көші-қон визасын алдырдық.  Бізге нағашы ағам, шешемнің бірге туған інісі Жапар Жамалбеков ие болды, ал қалған төрт отбасына әкпем Айқан Әбдірәсілқызы ие болды. Өйткені фамиласы бір болмаса шақырту жіберуге болмайды екен. Бұл 1991 жылдың маусым айы болатын. Сол жылы құжаттарды толтырып Қытайдың Ішкі істер мекемесіне өткіздік, бір жылдан кейін төлқұжатымызды Үрімжідегі Ішкі істер меңгермесінен әр төлқұжатқа 16 юаннан (16 жасқа толмаған балалардың бәрі әке-шешелерінің төлқұжатына тіркелді) төлеп алдық. Қазан айында тағы сол Сейтақын ағам екеуіміз Бейжіңге бірге барып, СССР Консульындағы Ерлан деген қырғыз жігітінің көмегімен виза аштырып келіп, 15-қарашада ел-жұртпен қоштасу шайын бердік.  Ел-жұртпен қоштасу шайының шақырту билетін өзім көркемдеп жазып бастырдым. Билетте:

«Көшудің қамын жасап ата жұртқа,

Деген ғой бабам қазақ «бата жыртпа».

Бірге өскен телқозыдай ағайындар,

Үйімізден қоштасу шайын ұртта» деген бір шумақ өлең жазылып еді.

1992 жылы 15 қарашада ел-жұртпен қоштасу шайын бергенде өзім көркемдеп жазған шақыру билеті.

1992 жылы 9-желтоқсанда 6 отбасы (Әшім Әбдірәсілұлы, Есім Әбдірәсілұлы, Сейтақын Әбдірәсілұлы, Құрманжан Әбдірәсілұлы, Сыдықжан Әшімұлы және Санатбек Тоқтарұлы), 36 жан Қазақстанға қоныс аударып кеттік. Осы отыз алты жан атаменге келгеннен кейін өсіп, өніп, өркен жайып өрісімізді кеңейтіп отырмыз.

Бізді Қазақстанға көшуге ықпал еткен тарихи құжат СССР дің визасы. Бұл виза менікі ғой, әр адамға виза осылай жіберген. Мұндағы «постоянна» деген өзі бір сөзде құдырет жатыр, біздің тағдырымызды шешетін.

Айтпақшы, ол кезде інім Серікжан Құлжа қаласындағы медицина техникумының бірінші курсында, ал кіші ағамның қызы Гүлбаһар Іле телевизия университетінің бірінші курсында оқып жатқандықтан барып-келіп оқу орайын жасап, қолдарына төлқұжаттарын ұстатық. Олар алаңсыз оқуларын жалғастырып, оқуын бітірді. Бір қызығы, сол кезде кіші ағамның үйіндегі шешеміз Гүлжан ауыр аяқ еді, көшуге 10-15 күн қалғанда босанып қалмасы барама. Содан ол кісілер бізден бөлініп қалып қойды. 1993 жылы мен науырыз айында қайтып келіп оларды көшіріп әкелдім. Кіші ағам оған дейін нәресте Пәтиқаның құжатын жасатып,  Бейжіңге барып визасын аштырып келіп дайын отыр екен. Бұл алты отбасының ішінде жездем Санатбектің де отбасы бар болатын. Ол уәдесінде тұрды, бірақ оның ағайындары, туыс-туғандарының арасында «сен ел-жұртыңнан бөлініп, қайын жұртыңның соңынан еріп барасың» деген ренішті әңгіме айтылыпты.

Осы жерде ерекше атап кететін бір нәрсе СССР кезінде бұрын да, кейін де көші-қон деген болған екен. Тек Қытай мен СССР-дің араздығымен тоқтап қалған. Осы біздің көшіп келудің алдында Тоғызтараудан Еркін деген ұйғыр жігіт бастаған екі отбасы біз жүрген жолмен жүріп Шелекке көшіп келіпті. Ал Текес ауданынан Тобықбай, Әбдірәсіл ақсақалдың балары Серік Тобықбайұлы мен Әділет Әбдірәсілұлы бізден бір ай бұрын көшіп келіп Шелеккке жайғасқан. Тобықбай мен Әбдірәсіл Текестің Қызылкүресіндегі СССР-дің Консульдығының бөлімшесінде қызмет істеген екен. Екеуі де СССР азаматы болыпты. Кезінде көшіп кете алмағандықтан, екеуін сол кездегі Қытай билігі Кеңес одағына халықты көшіруге әрекет жасаған деген сылтаумен 20 жылға соттап жіберіпті. 1980 жылдары саясат оңалғаннан кейін барып түрмеден босап шығады. Екеуінің де арманы Қазақстанға көшіп кету болған екен. Өкінішке орай, Толықбай қария қайтыс болып кетеді, бірақ кемпірі, екі ұлы мен біз қызы Қазақстанға көшіп келеді. Ал Әбдірәсіл қараияның өзі СССР паспортын қолына ұстап, ал баласы мен немерелері Қытай төлқұжатын көтеріп көшіп келеді. Әбдірәсіл қаряны өз көзіммен көрдім, үйінде болдым, әңгімелестім. Бір-екі жылдың алдында Шелекте қайтыс болды.

1989 жылы қазан айында нағашы атам Жамалбек Тәкебаев, нағашы апам Мереке Құсайынқызы және нағашы ағам Жапар Жамалбеков Қытайға туысшылап келген сәті.

Жолаушы-9: Бұлай болғанда, сіздер Қазақстан егемендік алмай жатып ат басын бұрып, тәуелсіздікпен бірге атамекенге барған екенсіздер ғой?

Ә.Әшімұлы: Солай десе де болғандай. Біз Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрып көштің басын атамекенге бұрудың қамын жасадық. Осы аралықта әкемнің тілеуі қабыл болып, Қазақ елі тәуелсіздігін алып үлгірді. Көші-қонымыз Кеңес одағының шақыртуы болғанымен, тәуелсіз Қазақ елінің топырағын басуды, желбіреген көк тудың астында өмір сүруді Тәңір бізге жазған екен. Ол үшін мен марқұм әкем Әшім Әбдірәсілұлына, шешем Әйімхан Жамалбекқызына, үлкен ағам Есім Әбдірәсілұлына, кіші ағам Сейтақын Әбдірәсілұлына және нағашы атам Жамалбек Тәкебаевқа, нағашы әжем Мереке Құсайынқызына, нағашы ағам Жапар Жамалбековқа, нағашы әкпем Асуқан Жамалбекқызына және әкпем Айқан Әбдірәсілқызына, жездем Қыдыржан Рахымбаевқа шексіз алғысымды айтамын. Бұл кісілерінің көбі қазір өмірде жоқ, бақилық болып кетті. Олардың жатқан жері жайлы,  топыраға торқа болсын! Аруағы бізді әрқашан қорғап-қоршап жүрсін!

(Жалғасы бар)

Сұхбатты жүргізген Жолаушы-9

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5250