Алматы болашақ журналистер даярлайтын басты цех!
Журналистика әр саланың жілігін шағып, сол саланы терең зерттеуді қажет етеді. Бірақ бүгінде қалам тербеген журналистердің арасында белгілі бір сала бойынша машықтанғандары аз. Өйткені бізде Жоғары оқу орындары журналист мамандығын дайындағанда белгілі бір салаға машықтандырмайды.
Сондықтан бізге жетіспейтіні - салалық журналистика. Соңғы уақытта Ақпарат және мәдениет министрлігі де аталған мәселені жиі көтеріп жүр. Себебі пандемия кезінде медицина тақырыбын қозғап, тереңінен жазатын журналистердің аздығы байқалды. Әрине елімізде мәдениет, спорт, экономика, саясат тақырыбында қалам тербеп жүрген кәсіби журналистердің қатары көп. Бірақ бүгінгі заманның талабы салалық журналистиканы дамыттуға серпін беру. Салалық журналистиканы дамыту жайлы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ -нің журналистика факультеті филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, талай шәкірт тәрбиелеген білікті маман Қарлыға Мысаева былай дейді:
«Журналистика саласы ізденісті талап етеді. Ол қандай да бір мәселені жазбас бұрын ең алдымен зерделеп, зерттеп талқылап тіпті талдап жазуы керек. Өйткені сен ақпараттың маңыздылығын, пайдасын оқырман қауымға ұғынықты тілмен түсіндіруің маңызды. Қазір ақпараттың көптігінен оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін анықтай алмай қалдық. Қарапайым мысал келтірейін, қазір бір ақпараттық портал материал жарияласа, сол мәтінді 100 деген ақпараттық порталдан көреміз. Бұл оқырманды алыстатады. Себебі адам бір нәрсені қайта- қайта көргісі келмейді. Сондықтан ақпарат өзгеше болып, басқаларға ұқсамай ерекшеліп тұруы керек. Әрине бұл салалық журналистикаға да қатысы бар. Егер журналист белгілі бір саланы меңгеріп, сол салаға қатысты маңызды дүниелер жазса оның еңбегі көріне бастайды. Ол сол салаға машықтану арқылы кәсіби маман атанады. Қазір біз студенттерімізге практика жүзінде өздерін қызықтырған салаға терең бойлауын машықтандырып жатырмыз».
Қазіргі таңда байқасақ журналистер әмбебаб болу керек деген үрдісті алға тартып, әр саланы бір қозғап жүр. Әрине бұл заман талабы деп санаймыз.
Дегенмен сала мамандарын дайындап бағыт -бағдар беруде университет те үлес қосуы керек.
Қарлыға Нақысбекқызы, жоғары курс студенттері диплом алатын кезеңге келгенде қай салаға қарай бағыт алатынын бағдарлап алуы керек дегенді айтады.
Ол: «Әрине біз әр сала бойынша академиялық білімді ұсына алмаймыз, себебі журналистика гуманитарлық сала. Бірақ біз студенттердің қарым-қабілетіне қарай бағыт береміз. Негізгі сала біздегі телевидение, радио, мерзімді баспасөз. Студенттер арасында тек газет журналисі боламын, болмаса телеарнада істейтін тілші болғым келеді дейтіндер бар. Олар 4 жыл бойы журналистиканың базалық білімін алады. Жазуға бейімдері газетті, экраннан көрінгісі келетіндер телеарнаға барады. Ал оның ішінде нақты бір сала бойынша білімін жетілдіргісі келетіндер аз. Мен тәжірибе алмасу барысында Франция, Америка сынды елдерде болдым. Ол жақта салалық журналистикаға аса мән беріледі. Белгілі бір саланы жетік меңгергісі келген журналист сол бағытта ізденеді. Бізде біртіндеп осы үрдісті енгізуіміз керек. Студенттерімізге практикалық жұмыс ретінде бір сала машықтануды үйретуіміз керек», - деді.
Бізге де осы бір бағытты дамыту керек. Себебі салалық журналистика – сапалы ақпарат кепілі.
Abai.kz