Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Әңгіме 1115 2 пікір 29 Шілде, 2024 сағат 13:57

Шатыр кетті

Сурет: onduline.life

Әзіл әңгіме

Ескі досымды кездестіріп қалдым (әдеттегідей, қал-жағдай сұрасып, амандасу), сірә, ішін бірдеме қатты кеулеп алған болу керек, жібермейтін қалып танытып, әңгімеге тартты! Тыңдап, сөйлесіп отырмыз:

- Иә, досым, кейінгі кезде пенсияңның алдында, құдай оңдап, жақсы жұмысқа орналасты деп естідім. Жақсы болған екен, оның есептеуіне сол соңғы үш жылдың орташа жалақысын алады ғой!

- Ол естігенің шын еді досым, сол пәледен кеше құтылып шықтым, енді пенсиямды оформить етіп жүрмін.

- Жайшылық па, ондай жылы жерден кім кетуші еді?

- Иә, дұрыс айтасың, бірақ, тыңда онда. Басқа жұмыстың ыңғайы келмей, әр жерде охран-күзет дегенді жағалап жүргем ғой, мардымсыз жалақыға. Сол құрғыр пенсия аз болып қалады-ау деп уайымдап жүргенде, жиенім кездесе қалғаны, өзі керемет дөкей жерде істейтін. Жағдайымды естіген соң, өздеріне жұмысқа шақырды. Бардым. «Болашақты» бітіріп келген жиенім ҚР Бірдеме Бірдеме Деген Министрліктің Әлдебір Комитетіне Қарасты Шаруашылық жүргізуге құқылы Мемлекеттік Квази Орталықтандырылған Холдинг Мекемесінің Департаментінің президенті екен! Ооо, бұндайды кім көрген, аузым ашылып қалды, сонымен қойшы, жаңағы Бірдеме Бірдеменің, (осы күндері мекеме, қызмет атауларын айтуға аузың сүрінеді ғой), әйтеуір, Шаруашылық секторының қол қоюға құқылы дейтін шаруашылық менеджері болып тағайындалдым. Ойлауымша, бұрынғыша завхоз-ау деймін, ол кезде түсінікті де қысқа да, нұсқа еді ғой, қазіргі атауларды черт знайт! Қойшы, сонымен қызметіме кірістім, айтқандарын екі етпей «ләппай тақсыр» жасаймын, соным кейбіреулеріне ұнай да бастады.

- Жалақың ше дейсің бе, ол енді керемет болды, жиен-президент қолыма 400 мың алатынымды айтты, әр ай сайын соның 150 мыңын оның шопырына берем, темекілеріне. Соның өзінде бұрын 65 мың алып жүрген маған мына ақша аспаннан жауған манна жармағы, немесе, жер астынан аяқ астынан тапқан ат басындай алтындай көрінді. Оның үстіне алып бара жатқан жұмыс та жоқ, кіші бухгалтердің көмекшісінің көмекшісі, биржа арқылы жастар практикасымен кірген «безработный» қыз звандап бәлен жерге бәленше бума қағаз алып кел дейді, жеткізем, есік алдын таза ұстаңыз дейді, күзетші-тазалықшыларға тілімен жалатқызам тс.с.! Сөйтіп жүріп, бір жылдың өте шыққанын да байқамай қалыппын. Президент отпуск алып, шетелге демалысқа кетті де, орнына төрт вицесінің ішіндегі первыйы қалды.

Негізі алғанда, басты мекемеміз алты қабатты жарқыраған, көшеге қараған ғимарат та, артында орналасқан бір қабатты үйде гараждар, қоймалар, жылу жүйесі бар жерде біздер жүреміз. Олармен байланысымыз жаңағыдай.

Бірде маған жалпы жиналысқа келіңіз деген фирман түсті, қағынып-қақырынып, сілкініп-жөтеліп алып, электронный пропускамды өткізгішке тығып, ресепшнге жеттім. Біраз күтіп тұрған соң, ұйымдастырушы баллар жетектегендей қылып, үлкен залға кіргізді. Алғаш келуім, қорғалақтап барып, артқы жаққа орналастым. Жиналыс басталды, шынымды айтсам, не айтып жатқандарын түк те түсінбесем де, бас шұлғып отыра бердім. Әйтеуір, көпіріп тоқтамастан сөйлеп жатыр. Жиналысты басқарып отырған первый вице әркімге бір шүйлігіп қояды, әрқайсысының арт жақтарында оңында бір көмекші, солында бір кеңесші, құлақтарының түбінде қазақ балларға не керегін итім біліп пе, бір-бір орысша-қазақша аудармашы, маңайларында су ұсынып жүрген хатшы қыздар. Мынандай орын алған жағдай еңсеңді баса түседі екен, тұқырайып, тығылыңқырап-ақ отырғанмын, түске таман әлгі вице көзі аларып, «бірдеме-бірдеме менеджер, Сіздерде қандай проблемалар» деп сұрағанда көршім түртіп қалып, маған екенін түсіне қойып атып тұрдым. Міңгірлеп, «аса алып бара жатқан ештеме жоқ қой» дегенімде әлгім, «Вот видите коллеги, бізде должна быть креативность идей, а у нас все жаксы, жақсы...неужели.., Сізде айтар проблем жақ да?» деп маған дүрсе қоя бергені.

Болмаған соң, айттым: «Проблема болғанда былай ғой, біздің адамдар баратын дәретхана далада, соның шатыры шіріп кетіп, қазір шұрқ-тесік болып тұр. соны жөндеуге қаражат бөлсеңіздер, өзіміз-ақ жасап алар едік...»

Вице сөз алды, біраз бұрқыратып: «Міне, көрдіңіздер ғой, коллеги, мы сидим здесь и перед носом не боп жатқанын білмейміз! А-ну-ка кімде қандай ұсыныстар бар! Айтыңыздар».

Алғаш болып біздің куратор вице сөз алды, тоқтамай біраз сөйлеп: «По правде айтқанда біздер осындай шатыр кеткен жұмыстарды упускать етеміз. Жөндеу керек...»

Сол-ақ екен, қызу талқылау басталды да кетті, кезек-кезек тоқтамастан сөйлеп жатыр:

- Құрметті Бірінші Вице Бәлебаич, құрметті коллеги! Осы жұмысқа как Вы пришли у нас жаңа көзқарас, отличная атмосфера қалыптасты! Мен как высший кансалтинг эксперт ретінде айтамын, очень даже благоприятная! Мен Гарвардта оқып жүргенде, бізге солай айтқан, многое зависить от первого руководителя деп! Вооот соны қазір көріп отырмыз! Ну шатыр туралы по существу айтсам, ол проблеманы ең алдымен полностью изучать ету керек...ту...тю...лю...люю...

- Құрметті Бірінші Вице Бәлебаич, құрметті коллеги! Сіз келгелі и в правду, жаңа серпін пайда болды. Желаю Вам от всей души карьерного роста и благополучия! Мен осыны как высший мониторинг-анализ эксперт ретінде айтамын. Мен Кембриджде оқып жүргенде, первый руководитель қандай болу керек деп анализ жасайтынбыз, сол высший результаттар дәл Сізге келеді! Ал менеджер көтерген проблемаға келсек, ол мәселеге глубокий талдау жасау қажет...ту...тю...лю...люю...

- Құрметті Бірінші Вице Бәлебаич, құрметті коллеги! Сізге разрешите выразить свою глубокую преданность! Мен осыны как высший, как его, халықпен связь орнату агент-эксперт ретінде айтамын. Мен Оксфордта оқып жүргенде, проблеманы опрос общественного мнения арқылы шешкен дұрыс дейтін. Поэтому, предлагаю создать общую ватсап группу, где каждый өзінің мнениесін айтсын...

Дәл сол жерде, - Қызым, мәселе группа емес, туалеттің шатыры ғой...,-дей қалғаным, әлгі дүрсе қоя бергені:

- Во-первых мен Сізге никакой қызым, а главный эксперт, Пиззилия Секс-Инваевнамын! Во-вторых, сөзді бөлмеңіз, Великобританияда ол дурной тон, особенно даме! Тағы бірдеме...бірдемелер...ту...тю...лю...люю... Үндемей құтылдым!

- Құрметті Бірінші Вице Бәлебаич, құрметті коллеги! Сізге скоро болатын назначениеңіз өте дұрыс шешім екенін точно, қуана айта аламын! Проблемаға келсек, мен оқыған Токио университетінде логистика бірінші орында деп айтылатын! Осы жөніндегі главный-эксперт ретінде айтарым, соны ұмытпау керек. Поэтому ең алдымен, шатырға керек заттарға смета жасалынып, қайдан, қашан алып келеміз вооот міне бірінші мәселе! Оған қандай транспорт керек, соны есептеуіміз қажет! (Әй, ақшасын берсеңдер базардан-ақ «Газель» жалдап, төрт шипр әкеле саламыз ғой, дейін дедім де, тілімді тістей қойдым). Бұл да...ту...тю...лю...люю...

- Құрметті Бірінші Вице Бәлебаич, құрметті коллеги! Сіздің осы орынға өте лайық специалист екеніңізге барлығымыз сенеміз. Ал енді көтерілген мәселе бойынша, антикоррупционная службаның главный эксперті ретінде, жаңағы айтқан сметаға қосымша, барлық документацияны тексеру керек. Оның үстіне арнайы комиссия құрып, оған керекті материалдарды анықтап, сосын госзакупкаға беріп, тендер арқылы поставщиктерді строго конкурс арқылы өткізу керек! Мен болған Сингапурда коррупция жоқ! Вооот сол опытты бізге де внедрять етуіміз керек...ту...тю...лю...люю...

Сол жерде құрып кетсін, «Ау, главный эксперт мырза, оның бәрі жасалып біткенше су кеткен шатырды қайтеміз?»- дей қалғаным, бекер-ақ бопты. Кофебрейкке шейін менің поведениемнің дұрыс еместігі жөнінде кәдімгідей лекция тыңдадық...

...Бұлар кофелерін ішіп болған үзілістен кейін басталған жиында көңілденген атмосфераға қарап, әрең-әрең түсіне бастадым: Алдымен Бірінші Вице Бәлебаичті президент болып тағайындалған жоғары жақтың бұйрығымен біздегі Управления персоналом бас эксперт таныстырды. Сол-ақ екен, қызу құттықтаулар басталып, ертеден басталған жиналыс түс ауа әрең тоқтады. Қаулы қабылданып, ертеңіне соған сәйкес бұйрық шығатыны айтылды.

...Бас эксперт Управление персоналомның, (енді бұрынғыша отдел кадр ғой), иә, соның көмекшісінің көмекшісі бір қыз келіп, бұйрықпен таныстырып, қол қойғызып әкетті. Одан ұққаным, біз сияқты ескі мамандар жаңа жағдайда жұмыс істеуге қалыптаспаған сияқтымыз. Қойшы, содан бұрынғы еңбегім, зейнетке жақын жасым ескеріле отырып, мүлде жұмыстан шығарылмай, әйтеуір, қысқаша айтсақ, завхоздан күзетшіге ауыстырылыппын! Оған да құдайға мың да бір шүкір, әйтеуір, жұмыссыз қалмадым, оның үстіне бұл жердің күзетшісі 130 мың алады, жұмыс күн ара ғана. Бірдемеге ұшырамай тұрып, құтылғаныма тәуба дедім. Бәрін білетін шопырлардан сұрастырсам, менің орныма, қазіргі президенттің шопыры оған жиеншар болып келеді екен, сол орналасыпты.

...Ал енді шіріп кеткен шатырға келсек, әлі сол қалпы, біз төмен қарай шорылдатып су құйсақ, төбемізден жаңбырлы, қарлы күні шорылдап, мойнымызға су ағады...

Азкен Алтай

Жетісулық

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320