Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Аласапыран 1583 2 пікір 31 Шілде, 2024 сағат 13:41

ХАМАС лидері Хания өлтірілді: Әлем не дейді?

Коллаж: Mezgil.kz

Иран президентінің ұлықтау рәсіміне құрметті қонақ болып барған құдыстық ХАМАС қозғалысының лидері, саяси бюро жетекшісі Исмаил Хания өлтірілді. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды. 

Бұл хабарды араб ақпараттары алғаш болып таратты. Қазір әлемдік БАҚ Ханияның қазасын ызу-қызу талқылауда. ХАМАС лидерінің қазасы онсыз да ушығып, қызыл деңгейге жеткен Палестина, Израиль, Ливан мен Иран орналасқан географиялық аймақтағы ахуалды одан ары ушықтыра ма деген сауалдың басы қылтияды.

ХАМАС МӘЛІМДЕМЕСІ: ОЛ НАҒЫЗ ЖИҺАДШЫ!

Ханияның қазасы туралы ақпаратты ХАМАС та растады. «Әз аға, көшбасшы, қозғалыс көшбасшысы моджахед Исмаил Хания Иранның жаңа президентінің инаугурациясына қатысқаннан кейін оның Тегерандағы штаб-пәтеріне сионистердің соққысы салдарынан қаза тапты», - деп мәлімдеді ХАМАС.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛҒАН?

Иран президенті Пезешкианның инаугурациясына әлемнің 80-нен астам мемлекетінен делегаттар барып қатысқан. Солардың арасында ХАМАС саяси бюросының жетекшісі Исмаил Хания да бар. Ол орналасқан Тегерандағы штаб-пәтерге Израиль басқарылатын зымыранмен дәл соққы жасаған. Салдарынан Исмаил Хания мен оның күзетшісі Васим Әбу Шабаан қаза тапқан (Дереккөз: «Al Arabiya»).

«Al Hadath»: «Зымыран соққысы кезінде Хания жатын бөлмесінде болған», - деп жазады.

«Al Mayadeen»: «ХАМАС саяси бюросының басшысы орналасқан штаб-пәтерге зымыран шет мемлекеттен ұшырылды», - деп жазды.

ХАМАС көшбасшысы Ханияның қайтыс болғанын Иран Ислам революциясының сақшылар корпусы да жариялады.

«The New York Times» басылымының хабарлауынша, Хания өлер алдында Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеимен кездескен.

Израильдік «Ynet-тің» мәліметтерінше, Хания түнгі сағат екіде өлтірілген.

ХАМАС-тың жоғары лауазымды өкілі Муса Әбу Марзук Ханияның өлтірілуін «қорқақ әрекет» деп атады және оның «жауапсыз қалмайтынын» мәлімдеді.

ХАНИЯҒА ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚ – ИРАНҒА ЖАСАЛҒАН СОҚҚЫ!

«ВВС»: «ХАМАС өкілдері Ханияны өлтіру – аймақтағы қақтығыстың шиеленісуін білдіретінін және «жазасыз қалмайтынын» мәлімдеді. Ханияның қазасы Газадағы соғыстың барысына қалай әсер ететіні әзірге белгісіз, бірақ дәл осы Исмаил Хания ұрысты тоқтату және кепілдегілерді алмастыру туралы жаңа келіссөздерге жетекшілік жасаған. Оның қатал риторикасына қарамастан, сарапшылар оны прагматика ретінде қарастырды. Ол Мұхаммед Дейфпен, Яхья Синвармен салыстырғанда келіссөзші еді», - дейді.

«The New York Times»: «Ханияның қазасынан соң Иран билігі дүрбелеңге түсті. Себебі бұл оқиға Иранның қауыпсіздік саласындағы беделіне үлкен соққы болды. Бұл жолы зымыран Ханияның жатын бөлмесіне тиді. Келер жолы осындай зымырандар Хаменейдің немесе Пезешкиянның жатын бөлмесіне түсуі де мүмкін екенін аңғартады», - деп жазады.

ПЕНТАГОН НЕ ДЕЙДІ?

Пентагон басшысы Ллойд Остин: «Егер Иран Израильге шабуыл жасайтын болса, АҚШ Израильге көмектеседі», - деп мәлімдеді. Остин: «Біз өңірдегі шиеленісті азайту үшін жұмыс жасаймыз. Біз бұрынғыша, мұның толыққанды ұрысқа айналу мүмкіндігіне алаңдаймыз. Менің ойымша, ұрыс болмайды», - деп сөйледі.

ТҮРКИЯ, РЕСЕЙ ЖӘНЕ ИРАННЫҢ РЕАКЦИЯСЫ ҚАНДАЙ?

Түркия Сыртқы істер министрлігі: «Биньямин Нетаньяху үкіметі бейбітшілікке қол жеткізуге ниетті емес. Біз Ханияның Тегеранда өлтірілуін айыптаймыз!», - деп мәлімдеді.

ХАМАС саяси бюросының басшысы өлтірілгеннен кейін Иранның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғары кеңесі шұғыл отырыс өткізді.

Ресей Сыртқы істер министрлігі: «Ирандағы шабуыл нәтижесінде ХАМАС саяси бюросының басшысы Исмаил Ханияның өлтірілуі жағдайлы шиеленістіре түсетін акт. Бұл саяси кісі өлтіру болып табылады», - деп мәлімдеді.

ИЗРАИЛЬ НЕ ДЕЙДІ?

Израильдің Иерусалим және мұра істері жөніндегі министрі Амихай Элияху: «Ханияның көзін жою – әлемді ластан тазартудың дұрыс жолы. Ханияның өзілімі әлемді біршама жақсартады. Енді капитуляция туралы жалған келісімдер болмайды. Біздің темір қол – өңірге және әлемге тыныштық әкелетін және бейбітшілікті қалайтындармен татулықта өмір сүру қабілетімізді нығайтатын қол», - деп мәлімдеме жасады.

Элияху ХАМАС көшбасшысын өлтірудің артында Израиль тұр деп болжаған алғашқы израильдік жоғары лауазымды шенеунік болды.

Израильде Ханияның өлімі туралы әзірге түсініктеме берілмеген. Израиль әскерилері CNN-ге «шетелдік БАҚ-тағы хабарламаларға жауап бермейтінін» айтты. Израиль қорғаныс армиясы да әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Кеше кешке Израиль Қорғаныс армиясы Ливан астанасы Бейрут қаласына әуе шабуылын жасады. Соққы нәтижесінде «Хезбалланың» ең жоғары дәрежелі командирлерінің бірі және қозғалыстың стратегиялық құрылымының басшысы Фуад Шукр қаза тапты.

ИСМАИЛ ХАНИЯ ДЕГЕН КІМ?

Исмаил Хания соңғы жиырма жылда ХАМАС-тың ең жоғары лауазымды басшыларының бірі болды және соңғы жылдары бұл топтың саяси операцияларын Катардан басқарды.

ХАМАС-тың саяси жетекшісі ретінде ол топтың дипломатиясында, соның ішінде Израильмен тоқтап қалған атысты тоқтату келіссөздерінде басты рөл атқарды.

Хания 1962 жылы Газа қаласының солтүстігіндегі Шати босқындар лагерінде палестиналық отбасында дүниеге келген. Ол БҰҰ басшылық ететін палестиналықтарға арналған БАПОР  мектебінде оқыды. Оны израильдік әскерилер тұтқындап 1980 және 1990 жылдары Израиль түрмелерінде бірнеше рет отырып шықты. Оның Газадағы  билікке келуіне тәлімгері, ХАМАС-тың рухани жетекшісі және негізін қалаушы шейх Ясин көмектесті, Хания оның жеке хатшысы болып жұмыс істеді.

ХАМАС мүшесі болған Хания 2006 жылы Палестина автономиялық үкіметінің премьер-министрі болды, ол Палестина фракциялары арасындағы қарулы қақтығысты қамтитын бірнеше айға созылған шиеленістерден кейін таратылды.

2017 жылы ол Хамастың саяси бюросын басқарды, өйткені ұйым палестиналықтардың арасында және халықаралық деңгейде ықпал ету үшін күресте өзінің қоғамдық имиджін жақсартуға тырысты.

Мамыр айында Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры Ханияны қамауға алуға ордер беруді сұрайтынын айтқан. Прокурор оны және ХАМАС-тың басқа басшыларын өткен жылдың 7 қазанында Израильге жасалған шабуылға байланысты соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстар жасады, соның ішінде «қырып-жою, өлтіру, кепілге алу, зорлау және қамаудағы жыныстық зорлық-зомбылық» көрсетті деп айыптады.

Маусым айында Ханиенің әпкесі мен оның отбасы Газадағы Хания отбасының үйіне Израиль әскерінің соққысынан қаза тапқан. Сәуір айында Газадағы тағы бір әскери операция кезінде Ханиенің 13 ұлының үшеуі Израиль әскерлерінің қолынан қаза тапты.

Өзінің қызметі кезінде Хания миллионер болды. Газадағы қаржы ағындарының көпшілігін бақылау оған және басқа жоғары лауазымды шенеуніктерге өздерінің болашағын қамтамасыз етуге көмектесті. Қаражаттың бір бөлігі контрабандалық тауарларды әкелу арқылы алынған болуы мүмкін.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052