Жұма, 20 Қыркүйек 2024
913 1 пікір 1 Тамыз, 2024 сағат 16:26

Ғали Ормановтың «Өмір дастаны» атты кітабы табылды

Сурет Айдар Қырықбайұлының жеке мұрағатынан алынды

Керекуден көрнекті ақын, аудармашы Ғали Орманұлының
1948 жылы А.Байтұрсынұлы қарпінде жарық көрген
 «Өмір дастаны» атты кітабы табылды.

Ақын, жазушы, аудармашы, журналист Ғали Ормановтың «Өмір дастаны» атты кітабының таныстырылымы өтеді. Көрнекті қаламгерден мұра болып қалған бұл жәдігердің ерекшелігі, кітаптың түпнұсқасы еліміздің өзге кітапханалары мен музейлерінде сақталмаған. Жәдігерді Павлодар облыстық  Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі жергілікті музейге қаламгердің жиені тарту етті.

Кітап араб графикасында 1948 жылы жарық көрген. Басылып шыққан орны - Қазақтың мемлекеттік баспаханасы, «Қазақ елі» журналының баспасы деп көрсетілген. Жинақта ақынның өлеңдері топтастырылып берілген. Атап айтқанда, «Ана сабағы» дастаны, «Алғашқы адым», «Жолда», «Қуаныш», «Біздің ауыл», «Темір ат», «Шеңбер», «Ана толғауы», «Қырманда», «Ұстаз», «Біздің заман» және тағы басқа өлеңдері басылған.

Жәдігерді ақынның жиен-немересі Айдар Қырықбайұлы музейге аманаттап отыр.

Ғали Орманов (1907-1978 жылдар аралығында өмір сүрген) - бүкіл саналы ғұмырын ұлттық әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне, қазақ поэзиясының дамуына ерекше үлес қосқан ақын. Орыстың, Шығыстың классикалық үлгілерін аударып, қазақ әдебиеті саласына өлшеусіз үлес қосқан аудармашы, аса құнды еңбектер жазған қажырлы тұлға. Оның қаламынан қазақ әдебиетіне, қазақ руханиятына айналған өлеңдер жинақтары, поэмалары, жыр кітаптары, прозалық жинақтары жарық көріп, әдебиетіміздің алтын қазынасына айналған.

ЕРБОЛ ҚАЙЫРОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ БҰҚАР ЖЫРАУ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР МУЗЕЙ БАСШЫСЫ

Бұл музейіміздің қорын толықтырып отырған кітаптардың бірі. Ақын жазушы, Ғали Ормановтың кітабы. Біздің ммузейге табыстырып отырған өзінің жиені Айдар Қырықбай. Өзінің 22 жасынан бастап жазған өлеңдері жинақталып жалпы 48 жылы шыққан кітап.

Ғали Ормановтың аударма саласына сіңірген еңбегі орасан зор. Ол қырғыздың «Манас» эпосының бірінші кітабын, А.Пушкиннің «Мыс салт атты» туындысын қазақ тіліне аударған. Ғали Ормановтың өзі кезінде орыс, шығыс классиктерінің өлеңдерін аударған. Қазақ әдебиетіне де өз үлесін қосып, жыр әлемінде де беделі бар. Жалпы тіпті сонау Жамбыл Жабаевтың қасында жүріп иә, жазып отырған күнделігі болды ғой. Сол бұл кітаппен бергі бізге күнделіктерде келді.Бірақ күнделіктерді оқып зерттеп жатырмыз. Ол латиын әрпімен жазылған, оны Жамбыл ағамыздың мерейтойына шығарамыз деп отырмыз.

Музей мұрағаттары жалпы республика бойынша көптеген асыл мұраларымызды жинап, көрме етіп ұсынуда. Ал Ғали Ормановтың бұдан басқа қолжазбалары мұрағатта жоқ. Бірақ музей қызметкерлерінің сөзінше ұрпақ сабақтастығы үшін алдағы уақыттарда басқа да жәдігерлермен толықтыру жоспарлануда.

Abai.kz

1 пікір