Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 1502 4 пікір 8 Тамыз, 2024 сағат 14:10

Абай қатты торыққанда төгілген төрт өлең...

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

АҚШОҚЫДА, АБАЙ ҚАТТЫ ТОРЫҚҚАНДА ТӨГІЛГЕН ТӨРТ ӨЛЕҢ...

(ұлы ақынның жазылған жылы белгісіз өлеңдерін зерттеп-зерделеудің жалғасы)

Басы: Абайда датасыз өлеңдер болмауы керек!

Аңдатпа

Ұлы Абай Ақшоқы ауылында үзбей 33 жыл (1861-1893 жж. аралығы) қыстаған. Шеткері, иендеу жер Бауырдың етегіндегі бұл мекен – Ділдә екеуінің патшалығы. Қыстауда, Абай үйінің тап қасында дөң, төбе бар. Ол «Өлең-төбе» деуге лайық. Абайдың классикалық поэзиясы түгелге жуық туылған жер – сол дөңнің үсті. Қараңғылық қоюланып, айнала тыныштық тапқанда Абайдың әр кеші сол дөңде өтетін. Сонда көп уақыт ойға шомып отыратын. Мұхтар Әуезов: «Ауылда жүргенде қысы-жазы дөң басында өтетін кеш, қазір тағы да бір өзгеше боп серпілтіп, өз қуатын айырықша білдіріп, Абайға қатты әсер етеді» дейді «Абай жолында».  Міне, біз төменде сөз ететін төрт шығарма сол қуат беретін төбеде туылған соңғы өлеңдер...

Енді Абай қатты торыққан 1892 жыл мен 1892-1893 қысына келейік. Осы кезең терең қаузалса екен деп Абай алғаш торыққан 1884 жылға, Оспан орнына Күнту болыс сайланған оқиғаға тоқталуға мәжбүрмін. Сол сайлаудан соң Ербол, Жиренше, Оразбай, Күнту, Абыралы сияқты бұрынғы дос болып жүрген, сенген адамдармен (оларға қосылған өз ағайындары бар) Абай мәңгіге ажырасты. Жалғыз қалғандығын ақын:

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда?! – деген сияқты талай сөздерімен жеткізіп, мұңын шағады.

Ойшылдың ішкі өмірі де мәз емес-ті. 12 үлкен іспен тергеліп Семейден 3-4 айға шейін шыға алмай жатқан 1879-1883 жылдары Абай кітапты бас алмай оқып, озық ойлы оқымысты деңгейіне көтерілді. Ендігі ісі, арман, мақсаты өзін түземек, өзімен бірге бүкіл ел-жұртын түземектік еді. Бұл да отқа жанғандай күй кешті. 1884-1885 жж. кілең сыни поэзиясы осы хәлде туылған.

Міне, енді 1892 жылға қайта оралайық. Жаңа айтылған сыртқы және ішкі жайсыздық Абайды қайтадан тапты. 1891 жылдың дәл соңында інісі Оспан қайтыс болады. «Оспан өлген соң, – дейді Мұхтар Әуезов, – барлық жаудың азабы мен әлегі түгел келіп, Абайдың жеке басына түседі» (Абай Құнанбайұлы. Монография. –Алматы, 1995. – 64-бет). Ағартушы болудан (нақыл өсиеттерінен)  көңілі қалған, жаңа рухани өріс, соны бағыт іздеген ішкі хәлі тағы алай-дүлей еді. Осы 1891 жылғы «Көзінен басқа ойы жоқ» өлеңінде Абай:

Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі, – десе, бұл өзінің ішкі өмірін, жеке басының тәжірибесін айтқаны (Алланың хикметін өзі сезінбеген жанға ол жайлы айтуға жол жабық). Осы кезден Абай түпкі себепті іздеуге, яғни нақлиядан ғақлияға ауысты деп сеніммен айтамыз.

Сонымен, 1892 жылы Абай қатты торықты. Ұлы жүрек қажыды, уланды. Оған бұлтартпас айғақтар: «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді», «Жақсылық ұзақ тұрмайды», «Қайғы шығар ілімнен», «Күлімсіреп аспан тұр», «Келдік талай жерге енді» және т.б. мұңды өлеңдері. Осы циклге енді «Тәңірбердіге» және «Домбыраға қол соқпа» деген екі жыры және келер жылы жазған екі өлеңі: «Жүрегімді қан қылды» мен «Ойға түстім, толғандым» қосылуы шарт. Аталған өлеңдердің алдыңғы екеуі мен соңғысын 1940 жылы абайтанушылар Қайым Мұхаметханов пен Әрхам Ысқақов ел азаматтары аузынан жазып алып, Ғылым академиясына тапсырғанын айта отырайық.

Біздің міндет – осы төрт өлеңнің жазылған жылын анықтау және олардың Ақшоқы дөңінде, Абай қатты торыққанда жазылғанын дәлелдеу.

«Тәңірбердіге»

Тәңірберді (Тәкежан) – Абайдың туған ағасы. Өлеңді ақын 1892 жылы ағасына деген реніші пен өкпесі, ашуы мен ызасы шарасынан асқанда зәрлі тілменен жазған. Автобиографиялық сырға толы жеті шумақ өлең:

Байсып, паңсып,
Көрінгенге бәлсіп.
Өзі ғана келгендей,
Дүниеге жансып.
Маң-маң басып,
Менмендігі асып.
Мал бітті деп, көңілі
Көтеріліп тасып, – деп басталған. Өлең сол дәуір байларының типтік бейнесін көз алдыңа әкеледі. «Оразбай мен Жиреншенің әрқайсысында мың-мыңнан жылқы болған, – деп жазады Мұхаң. – Ал Абайдың өз басында ешбір уақытта ондай байлық болған емес» (сонда, 63-бет). Аталған екеуі «Абайдың атағы, абұйыры, бақ дәрежесі бір Тобықты емес, сан Тобықтыдай елдерге түгел жете бастаса да» (Әуезов) «шолақ дәулет» иесі Абайды өздеріне тең санамаған, бір өлеңін де жатқа білмеген. Міне, Тобықтының ірі байлары қатарына қосылған, мың жылқы біткен Тәкежанның да «көңілі көтеріліп тасыған» жайы сол.

Бай-бай десе мастанып,
Мың теңгесін жастанып,
Ешкім тимей өзіне,
Ағайынға қастанып.

Тәкежан Қарқаралы жәрмеңкесіне шығып, сауда-саттық жасаумен де байып, әлденіп алған-ды. «Мың теңгесін жастанып» дейтіні сол.

...Пыс-пыс етіп демігіп.
Өтірік жала жабады,
Біреуге көр қазады.
Отырғанда үйінде,
Ылдидың төрін алады.
Өтірік, өсек, дау десе,
Бәйге атындай шабады.
Қолыңнан келер түк те жоқ,
Осының маған болды кек.

Мысқыл өлең осылайша түйінделген. Тәкежанның менмендігі, өз ақылымен жүрмейтін солқылдақ мінезіне жалғыз қалып қиналған інісі жанынан табылудың орнына қарсы топ жағына шыққан жымысқы шикілігі қосылған. Бұл опасыздықты Тұрағұл «Әкем Абай туралы» деген естелігінде: «1891 жылы Оразбай Оспанмен араздасып жауласқанда Тәңірберді деген ағасы Оразбай жағына шыққан. ...Оразбаймен құда болған» деп жайып салады (оғаш қылығын «малдан басқа мұңы жоқ» Тәңірберді Оспан өлген соң да қоймаған). Ағасы жайлы шынды Абай бұрыннан айтқан, «Кеселді болып бітеді, Жақсыға біткен жақындар» (1886) өлеңі соның мысалы. Бірақ бұрын бүркемелеп бақса, бұл жолы ашық айтқызып, өлең соңында: «Осының маған болды кек» дегізген соңғы сорақы жәйт еді.

Қарасөзінде Абай қыр байларының типтік бейнесін былайша сипаттайды: «Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малымен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім – ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, Құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны – бәрі мал. Сөзді қайтып ұқсын, ұғайын десе де қолы тие ме?» (8-сөз). Салыстыра қарасақ, қара сөзі мен «Тәңірбердіге» өлеңі үндес те үйлес.

Сонымен, «Тәңірбердіге» өлеңін Абай 1892 жылы жазған (жазында, бәлкім, соңында).  Бұған дейін құнды мұра Абай жинақтарына кейде еніп, кейде енбей, үнемі тасада қалып келді (Кәкітай, Тұрағұл қажы ұрпағы арасында араздық болмасынды ойлап, 1909 жылғы тұңғыш жинаққа салмаған өлеңнің бірі). Тағдыры қилы өлеңді өз кетігіне қалаудың кезі келді деген ойдамын.

«Домбыраға қол соқпа»

Ұлы ақынды налытқан, әуре-сарсаңға түсірген 1892 жылғы келесі туынды – «Домбыраға қол соқпа». Оның Әйгерімге арналғаны мәлім (Кәкітай, Тұрағұл қаңқу сөз жайылмауы үшін Тұңғыш жинақтан алып қалған өлеңнің бірі). «Мән-мазмұны нәзік, автобиографиялық сыры бар» (Әуезов) жырын Абай:

Домбыраға қол соқпа,
Шымырлатып бір-бірлеп.
Жүрегім, соқпа, кел тоқта,
Жас келер көзге жүр-жүрлеп.
Қайғылы көңілім қайдағы,
Бұрынғымды жаңғыртар.
Қайратты алып бойдағы,
Басымды қайғы қаңғыртар, - деп бастаған. Ақынның көзіне жас ала отырып, жарына қолын созғандай сезіммен айтқан өтініші алақанға салғандай көрініп тұр. Әйгерім тамаша домбырашы әрі әнші адам болған. Абай әндерін алғаш орындаушы һәм тұңғыш таратушы осы кісі десек артық айтқандық бола қоймас. 1887-1890 жылдары Абай-Әйгерім ауылы өнердің ордасы болған. Той-думан, алтыбақан айналасы Абай әндерімен басталып, Абай әндерімен аяқталып отырған. Өлеңнің екінші жарымында Әйгерім кештің жұлдызы, көңілінің музасы болған сол кездерді сағына еске алған ақын:

Онан да жылы жүзіңмен,
Кел, жарым, қара бетіме.
Жауап айт жылы сөзіңмен,
Іштегі қайғы дертіме.
Іштегі ескі жалынды,
Сөндір жаңа қылықпен.
Сөйлесші жақсы, жағымды,
Мендей көңілі сынықпен, - деп өтінеді. Бірақ, Әйгерім жақсы, жағымды сөйлесе алды ма, Абайдың сынық көңілін «семірте» алды ма? Жоқ, олай болмаған. Қос жүрек арасын жалғаған нәзік жіп үзіліп қалған хәлді Мұхаң қалт жібермей былайша сыр шертеді: «Соңғы бірнеше жыл бойында Абай мен Әйгерім арасы тек бір сыйластық қана сақтасқандай. Көңілдің тоңы жібіп, бұрынғысындай еміреніскен күйді қайта таба алмаған. ...Араларында алғашқы бақыт жылдарындай ұзақ сыр шешіп, шер айтатын сағаттар үзілген» («Абай жолы» кітабының «Биікте» тарауы). Шыны осы.

Көңілдің тоңы жібімегені несі? Еміреніскен күйді таба алмағаны қалай?  Оған себеп: өнерлі Әйгерімнің мал жинау, дәулет құрау қазығына байлануы еді. Мәселен, Дәулетиярдың естелігінде Абай: «Әй, Әйгерім, ...сен адамнан малды жақсы көресің», – деп елдің көзінше жазғырады (Абай туралы естеліктер. – Алматы, 2018. 238-бет). Қысқасы, Әйгерім таңдауы – байлық, Абайдікі рухани жол болды. Ұғынысу мүмкін емес. Сүйіп қосылған екеудің бірі-біріне жат болуының, жолдары екіге айырылуының өзгедей себебі жоқ.

Жасалған тексерістен шығар қорытынды: «Домбыраға қол соқпа, шымырлатып бір-бірлеп» –  Абайдың «Тәңірбердіге» өлеңімен мерзімдес, Ақшоқыда, 1892 жылдың соңында жазған сырлы өлеңі.

«Жүрегімді қан қылды»

Тұңғыш жинақта (1909) жарық көрген «Абай Құнанбайұлының өмірі» атты еңбегінде Кәкітай Ысқақұлы: «Марқұм Абайдың 1893-ші жылы жазған бір өлеңі» деп мына үш шумақты келтіреді:

Жүрегімді қан қылды,
Өткен өмір, өлген жан.
Ақыл іздеп ізерлеп,
Бәрін сынап сандалған.
Бірін таппай солардың,
Енді ішіме ой салған.
Тұла бойды улатты,
Бәрі алдағыш сұм жалған.
Басыңа тиді, байқадың,
Бәрінен басты шайқадың.
Тағы бар ма айтарың?
Нанғыш болсаң, енді нан!

Бұл арада «өлген жан» – әрине, інісі Оспан, ал «бәрін сынап сандалған» – өзін меңзегені деп ұқсақ дұрыстық.  Сондай-ақ, жырдың елден көмек таппадым, яғни бәрінен басты шайқадым деген сарыны, өздеріңіз де байқап отырсыздар, ақынның «Менсінбеуші ем наданды» өлеңін еске салады.

Өлең тарихына қатысты бір сөзіміз айтылмай қалып барады. 1892-93 жылдары Абайды жалғыздық құрсауынан құтқарған  адам – кесек талант иесі Лермонтов еді. Көптен аңсаған рухани досты соның поэзиясынан тапты және оны өле-өлгенше жан серігі етті. Бұл екі дарынның танымы бірлігінің, яғни көкірек көзі деңгейлестігінің белгісі. Сөз болып отырған тұста Лермонтовтың жинағы Абайдың қолынан түспей, бес-алты өлеңін «қызығып сүйіп, сүйсініп отырып аударады» (Әуезов). Соның бірі – Абай «Ал, сенейін, сенейін» деп аударған «Исповедь» өлеңі. Енді «Жүрегімді қан қылды» мен осы аударма арасындағы байланыс пен бөлектікті қозғамай болмайды.

Мәселе сонда, «Жүрегімді қан қылды» 1954 жылғы жинаққа дейін  Абайдың төл өлеңі делінген еді. Бірақ кейінде үш шумақтың алдыңғы екеуі Лермонтовтың «Исповедь» өлеңінен аударма деп шешілген. Осы күмәнді шешім. «Жүрегімді қан қылдының» екі шумағы мен «Исповедьтің» соған сәйкес екі шумағын зейін қойып салыстырғанда, алдыңғыны аударма деуге ауыз бармайды. Бар айыбы, өлең Лермонтов қалыбында, әйтпесе түгел таза  Абайдікі, төл сөзі, ішкі сезімі дегендей. Байронның «В альбом» атты өлеңінің стилі мен қалыбын алып, Лермонтов осы аттас өлең жазған. Бірақ, оны ешкім де Байроннан аударма демей, тек соған тектес туынды санаған. Сол сияқты Абайдың төл өлеңінің Лермонтовқа телінуі обал-ақ.

Тұжыра келгенде, Кәкітайдың «Абайдың жазғаны» дегені дұрыстық, «Жүрегімді қан қылдыны» Абайдың төл туындысы деп қайтадан мойындау, оны «Ал сенейін, сенейін» өлеңнен бөлектеп алу, жеке басу қажеттілік. Бұл – бүгінгі күннің сұранысы. Кешегі Мәскеуге қарайлаған заман келмеске кеткенін ұмытпайық, ағайын.

«Ойға түстім, толғандым» 

Фәни дүниеде не бар, бәрі де өткінші, «жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің?» (Абай). Ақыры Абай басына төнген қара бұлт та сейіле бастаған. Оған сыртқы өмір оқиғалары: 1893 жылдың жазында демалысқа келген Әбіштің үйленгені, өзінің халық қалауымен Шыңғыс болысына соңғы рет болыс сайланғаны және осы жылдың күзінде ел ортасы, жер кіндігі саналған Жидебайға орныққаны дәлел.

Ішкі дәлелдің бірі – «Ойға түстім, толғандым» өлеңі. Ол оң өзгерістің куәсі. Неге десеңіз, өз мінін қолға алу, мінезін тексеру – оптимистік нышан, кемелдікке сатылаудың белгісі. Асқар таудың шыңы көріне бастағанда енді адаспасын білген жолаушының көңілі жай табады емес пе. Сол сияқты Абайға да 1893 жыл сәулелі, рухты уақыттың басы болды. Іздеген жолын тапты, алдағы биік мақсаты белгіленді.

Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес, – десе де, жаңа айтқандай, бұл түңілу емес, қайта көңілі үмітке толы ақынның толғанысы. Алдағы асуларды сезініп, рухани толысудың шыңына көз тіккен хәлі. Ойымыз түсінікті болу үшін мына бір тәмсілді келтіре кетелік. Сахабалар: «Құдайға ең жақын адам кім? Ол намазын қаза қылмаған тақуа ма?», – деп сұрағанда пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Жоқ, олай емес, Құдайға ең жақын өз мінін сезініп, айыбын мойындап, соны түзеуге бет алған адам», – депті.  Өлеңнің ортаңғы шумағында Абай:

Осынша ақымақ болғаным,
Көрінгенге қызықтым.
... Ақыл менен білімнен,
Әбден үміт үзіппін, – дейді. Оның себебі, алдыңғы кезеңмен (1878-1884 ж.ж.) салыстырғанда, Абай кітап оқудан қол үзді, әлемдік әдебиет пен ғылым-білім бұлағынан шеттеп қалды. Алтын уақытын төл шығармашылығына, талапты жастарға  жұмсады, ел жұмысы да қалыс қалмады. Ішкі сырын ақтарған жырды ақынның:

«Сіз білесіз» дегенде,
Күнге күйіп, пісіппін.
Мақтанбасқа мақтанып,
Деп жүріппін «пысықпын», – деп аяқтағаны – фәни өмірдің жарқылына мен де алдандым деген өкініші.

Қорыта келгенде, Абай ойға түсіп, толғанған өлең анық – 1893 жылғы. Бұдан былай оның  жазылған жылын «мәлімсіз» деу қиғаштық болады. Шығарма кемеңгердің ойшылдық эволюциясы саты-сатылап дамығанының куәсі болуымен де құнды. Ақшоқыда өлең-төбе басында дүниеге келген төрт өлеңге жасалған тексеріс осымен тәмам, алдағы уақытта Жидебайда туылған шағын туындыларды тілге тиек етпекпін.

Асан Омаров,

абайтанушы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383