Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Абай мұрасы 2175 5 пікір 1 Тамыз, 2024 сағат 14:26

Абайда датасыз өлеңдер болмауы керек!

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

(ұлы ақынның жазылған жылы белгісіз өлеңдерін зерттеп-зерделеу)

Хакім Абай – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған классик. Бірақ оның бақандай он алты өлеңінің датасы беймәлім! Сенуге де қиын. Классик ақын мұрасындағы ақтаңдақ, мейлі, нонсенс дейік, мұндай елеулі кемшілікті бөтен халықтар түсіне алмай таңырқап: «Апырай, қалайша? Зерттелмегені несі?» дері сөзсіз. Абайдың әр өлеңі өзіне тиесілі орнын тапса ғана мазмұны ашылып, құндылығы арта түспекші. Сондықтан  датасы белгісіз өлеңдерді жіті зерттеп-зерделеу – маңызды ғылымдық жұмыстың бірі. Өкінішке қарай, датасын қоя тұр, Абайдың соңғы толық жинақтарында (1995 және 2020 жж.) жаңағы он алтының жарым-жартысы жоқ. Неге екені белгісіз, түсіп қалған. Бас абайтанушы Мұхтар Әуезовтің көзі тірісінде Абайдікі деп мойындалған өлеңдердің толық жинаққа енбей қалуын қалыпты жағдай деуге ауыз бармайды. Айталық, жинақта «Тәңірбердіге» өлеңінің болмауы ұят нәрсе.

Сонымен, жазылған жылы белгісіздер: «Ағыбайға», «Тәңірбердіге», «Домбыраға қол соқпа», «Ойға түстім, толғандым», «Мен боламын демеңдер», «Ғалымнан надан артпас ұққанменен», «Түбінде баянды еңбек – егін салған», «Әйелің – Медет қызы, аты – Ырым», «Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан?» және т.б. туындылар. Рас, бұлардың басым көпшілігі бір я екі ауыз ғана экспромт өлеңдер. Сөйтсе де, олардың әрбірі өз орнын тауып,  кірпіш боп қаланғанына не жетсін. Төменде алты өлеңнің датасын анықтау көзделіп отыр.

«Абыралыға»

Абай өзі құраптас досы Абыралы деген атқамінердің намаз оқығанын әжуалап, оны қағытқан бес шумақ өлеңін:

Мен жасымнан көп көрдім,
Мұсылманды, кәпірді.
Абыралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды, –

деп бастап, соңында намазды қарадүрсін, құр еліктеп оқығаны үшін:

Осы оқумен намаздың,
Қай жерінде сауап бар?
Тегін ойлап байқасаң,
Мұнда ми жоқ, құлақ бар, – деп сойып салады.

Абыралы Бұғылы болысының азаматы, ол Абайдың інісі Ысқақ болыстың кандидаты болған. Алты жылдай. Осы уақытта Абаймен де қатты араласып, дос-жаранына айналған. Әзіл сөзді көтере білетін, өзі де шешен, қалжыңбас болғандықтан жұрт оны «Сарыжорға» деп атаған. Тұрағұл өзінің естелігінде: «Әкем Бұғылы болысына (Мәмбетей елі) жалғыз барып елді жеңіп алып, інісі Ысқақты болыстыққа сайлатып қайтыпты» дейді. Сол елде Ысқақ екі мерзім (1871-1876) болыс болған. Осы фактіні елеп-ескергенде, Абайдың қағытпа туындысын «1876 жылғы» деп қабылдасақ, шындық ауылынан шығандап кетпейміз деген ойдамын.

«Жақсылыққа»

Енді болыс Абайдың Жақсылық деген адамға шығарған бір ауыз өлеңіне тоқталайық:

Аяғыңды аңдап бас, ей, Жақсылық!
Өз басыңда жының бар бір бақсылық.
Борышқорлық – адамға қиын нәрсе,
Әрқашан өсіткізеді мал тапшылық.

Осы шумақты «1877 жылғы» деуге керек. 1933 жылғы жинақта өлеңге мынадай түсінік берілген: «1880 жылы Абай Қоңыр-Көкше деген елге назначениемен болыс болғанда, «Мырза» деген таптың Жақсылық деген кісісі: «Борышымды елге бөліп салып, мені құтқар», - депті. Борышты болғанда, өзінің жарамсыз қылығынан борыштанса керек. Сонда Абай айтып еді деп, Көкбай марқұмның жиған өлеңінің ішіне жазылыпты».

Гәп сонда, Көкбай жазбасында «1880 жыл» деп қате көрсеткен. Абайдың Қоңыр-Көкше елінде болыс болғаны – 1876-1878 жылдар. Мұны растайтын ресми құжаттар қолымызда. Демек, өлеңнің жазылу мерзімі үш жыл кейінге шегеріліп, «1877 жыл» деп танылса игі. Қарызға батқан Жақсылық Қоңыр-Көкшеге жаңадан тағайындалған болыс Абаймен жең ұшынан жалғасып, борыштан оңай құтылмақ болған. Бірақ ақын оны зілдей сөзімен жерге бір-ақ қағып, тезге салғанын көріп отырмыз.  Демек, өлең болыс Абай  қызметін қулық-сұмдықсыз, әділ атқарғанының куәсі болуымен де құнды.

«Ағыбайға»

Қоңыр-Көкше болысының (кейінгі атауы – Мұқыр болысы) биі болған Ағыбай деген адамның сипатын Абай былай деп суреттеген:

Адам деп есеп қылма Ағыбайды,
Анттан қорқып, Құдайды танымайды.
Сабын жаққан терідей жылп-жылп етіп,
Шіркін-ай, бір орыннан табылмайды.

Салыстыра қарағанда, осы өлең мен жоғарыдағы «Жақсылыққа» өлеңі біз бір топырақтанбыз деп менмұндалап тұр. Сыншылдық сарыны, сатиралық мазмұны бір. Ақын тағы бір атқамінерді, бұл жолы өзінің жанында би болып жүрген кісіні «Адам деп есеп қылма Ағыбайды» деп өлтіре шенеген. «Бимісің, жоқ, әлде көп пысықтың бірімісің?» деген ренішін сықақтық леппен кестелеген. Қай жағынан алсақ та, екі өлеңнің мерзімдес екендігі шүбәсіз. Сондықтан бұл өлең датасы жайлы да «1877 жылғы» деп түйін түйеміз.

«Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек»

Енді Абайдың әр азаматқа ғылым, өнер іздеу керектігі туралы екі шумақ өлеңі «1886 жылғы» екендігін дәлелдеп көрейік.

Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек,
Бой жеңбек ер жігітке, ғақыл таппақ.
Тағдырын көрушінің хақтан біліп,
Көшелі өнер иесін жүрсе жақтап.
Ниетің түзу болса сенің аппақ,
Екі елі аузыңа қойсаң қақпақ.
Сыбыр, өсек дегенді сырттай жүріп,
Ғылым, өнер, мал таппақ, жұртқа жақпақ.

Осы өлең алғаш рет 1977 жылғы жинақта жарияланған. Абайдың өлеңі тасасында, әлбетте, өзіне әсер еткен оқиға, немесе нақты адам тұрады. Өмірін ел аралаумен, яғни «жол көрмек, жиһан кезбекпен» өткізіп келе жатқан кім? Ол – атақты Біржан сал деп білемін. Неге десеңіз, Біржан 1886 жылдың көктемінде Абай ауылына ат басын тіреген-ді. Әрхам Ысқақов «Әйгерімнен естіген едім» деп мынадай құнды дерек береді: «Біржан келе жатыр дегенді естіп, Абай: «Сасық қамал қорада қалай қарсы аламын?» деп, Аралтөбеге бір жарым шақырым Тізесу деген жерге үй тіккізді. Біржанды сонда күтіп алды». Жаз бойы екі тұлға жайлау төсінде бірге жүреді. Талапты, өнерлі жастардың Абай жанына алғаш рет топтасқаны да осы жаз екенін айта отырайық. Міне, «Көшелі өнер иесін жүрсе жақтап» деген өлең жолы осы кездесуге меңзегендей әсер қалдырады. Бұл-бір.

Екіншіден, 1995 жылғы жинақтың «Түсініктер» бөлімінде әдебиетші ғалымдар: «Ой сарыны мен ұйқас, өрнегі жағынан алғанда сөз болып отырған екі шумақ Абайдың 1886 жылғы «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңіне жақын келеді», – деп түйеді. Мәселен, «Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек» өлеңінде Абай:

Ғылым, өнер, мал таппақ, жұртқа жақпақ,

десе, жаңа аталған өлеңнің бесінші шумағының екінші жолы:

Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек,

делінген. Мұндай мазмұн және стиль үйлестігі 1887 жылғы екі өлеңнен де («Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық» және «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат») жазбай танылады. Демек, мерзімдес туындылар.

Осы айтылған дәлел-дәйектер негізінде жазылған жылы белгісіз өлеңді 1886 жылғы шығармалар қатарынан көруге бейілміз.

«Мен боламын демеңдер»

Ұлы ақынның Көкбайға арнаған екі шумақ өлеңі мынау:

Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
Құр қарайсың аспанға.
Бір ғылымнан басқаның,
Бәрі де кесел асқанға.
Өйткен адам жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға.

Өлең 1887 жылғы деуге керек. Неге? Абай іні-досы, шәкірті болған Көкбай Жанатайұлына (1864-1927) арнаған бұл өлеңді Қайым Мұхаметханов пен Әрхам Ысқақов 1940 жылы Жаңасемейде тұратын Көкбайдың баласы Ахметқалидан жазып алған екен. Алғаш рет 1945 жылғы жинақта басылған. Осы жинақтағы мәлімет мынау: «Ахметқалидың білуінше, бұл өлеңді Абай Көкбайға айтқан. Көкбай жасырақ кезінде әзіл етіп, Абайды сөйлетпек үшін:

Жүрісім, тұрысымның бәрі Абайша,
Абайдан кем боламын мен қалайша.
Көп зәкөн, аз ғана ақыл өзімде бар,
Ашылып көкірегім кең сарайша, -

деп өлең айтыпты. Көкбайдың осы сөзіне қайырған жауабы ретінде Абай «Мен боламын демеңдер» деп басталатын екі шумақ өлеңін шығарыпты».

Талдайық. Абайдың жастарды үнемі өнерге, оқуға, өзі айтқандай, «терең ой, терең ғылым іздеуге» үндегені ағартушы болған 1887-1890 жылдар.   Серігі Көкбайға екі өлең – «Сорлы Көкбай жылайды» (1886) және «Бұралып тұрып» (1888) шығарғаны тағы бар. Демек, сөз болып отырған қос шумақ осы аралыққа сұранып-ақ тұр.

Бұл пайымды өлең мазмұнымен бекітейік. Алғашқы шумақ жасырақ адамға айтылған. Себебі, «мен боламын» деген дәме, әлдеқандайсып «аяқты алшаң басу» егденің емес, ақыл тоқтатпаған жастың қылығы.  Абай «ақындық ұясы мен бауырына» (Әуезов) басқанда Көкбай небары 20 жаста (1883-1884 жж.).  Екі-үш жыл Абайға еріп, әзілі жарасып жүрген оның: «Жүрісім, тұрысымның бәрі Абайша, Абайдан кем боламын мен қалайша» деуі орынды да жарасымды. Абай өзінің алғашқы өлеңдерін Көкбай атынан таратқан, Омбыдағы «Дала уалаяты газетінде» басылған бірнеше өлеңі Көкбайдың атынан жарық көрген болатын. Өйткені, айналасында жүрген  жастар арасында суырып салма – импровизация жүйрігі де сол.

Сөйтіп, Ахметқалидың: «Әкемнің жасырақ кезі»  дегеніне қарағанда Көкбайдың жасы 20-25-те. Ол күнде отыздан асқандар «жас» деп саналмаған, айталық, жасы қырыққа тақаған Абай «Қартайдық, қайғы ойладық» демей ме. Сол сияқты он жыл кейінде, 1897-1898 жылдары Көкбайдың «Жүрісім, тұрысым бәрі Абайша» деп әзілдеуі неғайбіл. Себебі, он жылда ахуал қатты өзгерді. Әбіштің қазасынан соң, 1895 жылдың күзінде Абайдың ақындық мектебі жабылды. Көкеңнің қағытпасын түсінетін, өздері де ұстазға еліктеп «жүріс, тұрысы Абайша» болуды қалаған талапты жастар тарап тынды.

Өздеріңіз де байқап отырсыздар, өлеңнің екінші шумағы да ақын ел-жұртын өнерге, ғылым-білімге шақырған 1887-1890 жылдардың куәсі. Оның «дүниенің бар кілті ғылымда», «ғылым таппай мақтанба, әйтпесе кез боласың кеселге» деген мазмұны Абай ұстанған ағартушылық бағытқа дөп келеді.

Жинақтап айтқанда, Көкбайдың әзіліне Абай жазған қарымта сөздің датасы – 1887 жыл. Өлең осы жылдың бір кірпіші боп қаланса жақсы.

(жалғасы бар)

Асан Омаров,

абайтанушы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1991