Жұма, 22 Қараша 2024
Саңлақ 2501 12 пікір 9 Тамыз, 2024 сағат 15:45

Парижде ауған қызы асыр салмақ

Коллаж: Abai.kz

9-10 тамызда Олимпиада тарихында тұңғыш рет брейкиң (брейкинг) деген спорт түрінен жарыс өтеді. 16 елден келген 33 қатысушы (арасында бір босқын бар) ерлер және қыздар арасында екі жүлде комплектін сарапқа салады.  

Бірі – күзетші, бірі – қаптаушы...

Брейкиң деген не? Бәріміз де брейк-данс деген би түрін білеміз. Брейкиң – соның спорттық түрі. Біз үшін жаңа да тосын спорт саналатын мұның өз жарыстары да бар екен. 2023 жылы әлем чемпионаты өтіпті, оған 62 елден 100-ден астам брейкиңші қатысыпты. Қазіргі жастардың осы спорт түріне қызығушылығы зор екенін ескерген Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) оны Париж Олимпиадасының бағдарламасына қосыпты.

Фото: REUTERS

Қатысушылар алдымен топтық турнирде үздіктерді іріктейді, сосын плей-офф кезеңі басталады. Әр раундта брейкиңшіге 1 минут қана уақыт беріледі, осы 60 секунд ішінде ол қазылар алқасын таңқалдырып, қарсыласынан асып түсердей өнер көрсетуі керек. Егер көркем гимнастикада музыканы қатысушының өзі таңдаса, мұнда әуенді қазылар алқасы ұсынады – брейкиңші лезде сол ырғаққа бейімделуге тиіс.

Әлгінде сөз арасында «қатысушылар арасында бір босқын бар» деп қалдық. Ол кім?

Алдымен жалпы босқындар командасы деген атауға түсінік бере кетелік.

2015 жылы ХОК президенті Томас Бах түрлі (саяси, әлеуметтік, т.б.) себептерге байланысты өз елінен кетуге мәжбүр болған, бірақ Олимпиадаға қатысқысы келетін спортшыларға бөлек статус беріп, оларға қаржылық-экономикалық, моральдық-психологиялық қолдау көрсету туралы идея тастады. Тап сол жылдары әлемнің әр түкпірінде саяси шиеленістер көбейіп, көші-қон процесі күрт артып, босқындар мәселесі өрши бастаған болатын. Сондықтан да бұл идеяны қолдаушылар өте көп болды. Басына сондай іс түскен кәсіби спортшылардың өзі босқын мәртебесін алуға тырысты. Осылайша «босқындар құрамасы» деген команда дүниеге келді.

2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында босқын мәртебесін иеленген 10 спортшы өнер көрсетті. Ал 2021-де Токиода олардың саны 29-ға жетті. Биыл Париждегі Ойындарға босқындар құрамасының сапында 11 елден шыққан 36 спортшы келді. Оның 14-і – түбі Ираннан шыққан, Ауғанстан мен Сириядан 5 спортшыдан бар. Бұлардан басқа бірнеше Африка елінің, Куба мен Венесуэланың өкілдері де кездеседі.

Босқындардың олимпиялық командасы (французша – Équipe olympique des réfugiés, қысқаша ÉOR делінеді, ағылшынша – Refugee Olympic Team) Парижде алғашқы медалін де алып үлгерді. Камеруннан шыққан боксшы Синди Нгамба қыздар арасындағы сайыста қола жүлдеге ие болды.

Қазір әлемде 114 миллиондай босқын бар екен. Солардың спортпен кәсіби түрде айналысатын кез келгені, егер өз елінің атынан қатыса алмауына маңызды себеп бары дәлелденсе, босқындар құрамасына қабылдануы мүмкін. Тілі, түрі, діні басқа қырық құрау елден жиылған бұл команда тұрақты бір жерде жиналады, жаттығады, дайындалады. Іріктеу жарыстарына қатысады. Олардың мұндай оқу-жаттығу жиындарына қатысуын ХОК-тың арнайы комитеті қамтамасыз етеді, демеуші табады, қолдайды.

Босқындар командасындағы спортшылардың көбі былайғы уақытта да жұмыс істеп, нан табады. Мәселен, ирандық зілтемірші Иман Махдави мейрамхананың түнгі күзетшісі болса, эфиоп желаяғы Фарида Абароге қоймада қаптаушы болып істейді. Бәрін де мұндай күйге түсірген, өз елінен кетуге мәжбүр еткен себеп біреу-ақ – соғыс, саяси пікір қайшылықтары, түрлі дискриминация.

Фото: REUTERS

Мәселе жүлдеде емес, үлгіде

Париж Олимпиадасына келген босқындар құрамасының тағы бір мүшесі – брейкиң сайыстарына қатысатын ауған аруы Манижа Талаш.

Заманауи музыка, би, спорт түрлерімен айналысатын ауған қызын көзге елестету қиын-ақ. Манижа да – Ауғанстан билігіне әйел затын пәренжеге орап тастауды талап ететін талибтер келген 2021 жылдан бері қуғынға ұшыраған спортшы. Талибтер қыздардың спортпен айналысуына мүлде тыйым салған. Манижа жасырын түрде жаттығып жүрген залға бірнеше рет шабуыл жасалған. Бір рет тіпті лаңкес-шахид та келген, бірақ өзімен бірге залды жарып жібермек болған қара киінген әйелді күзетшілер ұстап қалған.

Осындай кедергілер тым жиілеп бара жатқан соң Манижа Талаш өз Отанын қанша жақсы көргенімен, шетелге кетпесе болмайтынын түсінген. «Мен ауған жастарына арманға ұмтылудың, алдыңа қойған мақсатыңа жетудің үлгісін көрсеткім келеді, – дейді ол. – Ал елімдегі қазіргі жағдайда мен сүйікті ісіммен де айналыса алмаймын. Бүгінгі ауған билігі әйелдер тек үйде отырсын, оқымасын, жұмыс істемесін, тіпті күйеуі мен бауырларынсыз далаға да шықпасын дейді. Олардың ойынша, әйел тек дұға оқып қана отыруы керек. Мен мұндай саясатты қабылдай алмаймын. Бірақ исламнан бас тартпаймын. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед мұндай кемсітуді қаламаған және қолдамаған. Біз – азат адамбыз, азат қоғам құрғымыз келеді».

Сөйтіп, 2022 жылы Манижа ағасы екеуі таудағы құпия жолдар арқылы Пәкістанға өткен, сосын Испанияға ұшқан. Еуроодақтың көмегі арқасында осы елден саяси баспана алған, брейкиңнен іріктеу жарыстарына қатысып, Олимпиадаға жолдаманы жеңіп алған.

Манижаның досы, Кабулдағы спорт клубының нұсқаушысы Тамим Сабердің соңынан да содырлар түскелі көп болған. Сондағы айыбы – жас ұл-қыздарды спортқа, би өнеріне баулығаны. Тамим қазір қала сыртында жасырынып жүр дейді. Манижа секілді шетелге қашайын десе, ауру анасын тастап кете алмайды. «Мен өзімді паналатқан Испанияға шын жүректен алғыс айтамын, – дейді Манижа. – Бірақ мен түбі Отаныма оралғым келеді. Бірақ жүйе ауыспай, мынадай қудалаулар тыйылмай, ол арманымның ауылы алыс екенін де сеземін».

Парижде Манижа Талаш жеңіске жетпеуі де мүмкін. Мәселе жүлдеде емес. Мәселе – оның ауғандық жас ұл-қыздарға көрсетер үлгісінде.

* * *

Биылғы Олимпиадада Ауғанстан атынан 6 спортшы қатысты (Манижаның есептемейміз, ол – босқындар құрамасының өкілі). Соның бірі – 28 жастағы желаяқ қыз Кимия Юсофи. Ол 2021 жылы Токио Олимпиадасына ауған туын көтеріп барған. Ол да кейін спортпен айналысуына талибтер қайта-қайта тыйым сала берген соң Австралияға қоныс аударған. Алайда Париж Олимпиадасына ол Ауғанстан атынан қатысуға рұқсат алды. 6 тамыз күні 100 метрге жүгіруде алғашқы іріктеу кезеңінен өте алмады. Бірақ азаматтық ұстанымын ашық көрсетті. Жүгіру аяқталған соң Кимия Юсофи кеудесіндегі реттік нөмірі жазылған шүберекті жұлып алды да, астынан А4 форматты қағаз алып, бүкіл жұртқа көрсетті. Онда қара қаріппен «білім» деп жазылыпты. Одан төменірек «спорт» деген сөзді жасыл түспен өрнектепті. Ең астындағы «құқықтарымыз» деген сөзді қызыл түспен таңбалапты (бұл үш түс – Ауғанстан туында бар түстер).

Фото: REUTERS

«Бұл – ауған қыздарына арнаған үндеуім, – депті Кимия. – Еңсе түсірмеңдер, берілмеңдер, сендер үшін шешімді басқа біреулердің қабылдауына жол бермеңдер! Тек мүмкіндік қарастырыңдар, сосын соны жүзеге асырыңдар!».

Бұл кадрлар лезде The Guardian, New York Times, El País және т.б. әлемдік ірі басылымдардың бірінші беттерінде жарияланып жатты.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5258