Жексенбі, 13 Қазан 2024
Әдебиет 1714 1 пікір 1 Қыркүйек, 2024 сағат 15:14

«Енді менің аспаным бұлттанбайды ешқашан...»

Сурет автордың мұрағатынан алынды

Қазіргі қазақ поэзиясы жөнінде сөз еткенде, шартты түрде тәуелсіздік тұсындағы шығармаларды тілге тиек етеміз.

Оның да өзіндік себептері бар. 1991 жылы Кеңестік империяның таратылуы, Қазақстан тәуелсіздігін жариялауы қоғамның барлық саласына, соның ішіне ұлттық әдебиетке де өзінің оң ықпалын тигізді. Еліміздің егемендік алуы ел басына күн туған қиын-қыстау заманда туған жерден үдере көшіп, әртүрлі себептермен шекаралас жатқан елдерде мекендеп қалған қандастарымыздың Отанына оралуына мүмкіндік туғызды. Осы уақыт аралығында көші-қон саясаты жырақта жүрген бауырламыздың туған жерге оралуына жол ашты. Соңғы ширек ғасырдан астам уақыт аралығында Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Монғолия, Қытай Халық Республикасы тәрізді елдерден туған жерге келген миллионнан астам бауырларымыз қоғамның әр саласында қызмет етіп жатса, олардың бір парасы ұлттық әдебиет төңірегінде өнімді еңбек етуде. Сондай қаламгерлер қатарында Дәулетбек Байтұрсынұлының есімін құрметпен атауға болады.

Дәукеңмен таныстығыма жиырма жылдай уақыт болыпты. 2005 жылдың басында Бас редактор Талаптан Ахметжан ағамыздың басқаруымен ҚЖО-ның аясында аптасына бір рет «Әдебиет айдыны» газеті шығып тұрды. Ұмытпасам газеттің редакциясы Жазушылар одағының бірінші қабатында орналасқан болатын. Ол кезде қазіргідей ұзақты жақындататын электронды пошта жоқ болғандықтан, дискіге салған мақалаларымызды баспаларға өзіміз апарып беретінбіз. «Әдебиет айдыны» газетіне қай уақытта барсам да, алдымнан жылы жүзді Дәукең шығатын. Мақалаларым ешқандай кедергісіз, қысқарусыз  шығатындықтан, сол газеттің тұрақты авторларының бірі ретінде көптеген мақалаларым жарық көрді. Соның бәріне Бас редактордың орынбасары қамқорлық жасағанын білемін. Жиырма шақты жылдан бері қай жерде әдебиеттің әңгімесі айтылатын жиын болса, біздің кейіпкеріміз сол жерден табылады. Арасында біраз сырқаттанып та жүрді, бірақ әдебиеттен қол үзбеді.

Осыдан оншақты жыл бұрын «Қазіргі әдебиеттегі жалпыадамдық құндылықтар» деген ғылыми жоба аясында Қазақстан халықтарының әдебиетін зерттеуге ден қойдық. Жәркен Бөдеш, Дидахмет Әшімхан ағаларымызға ілесе жүріп, Дәулетбек Байтұрсынұлы прозалық, поэзиялық туындыларды өндіре тәржімалапты. Сол кезде Дәукең ұйғыр әдебиетінен өзі тәржімалаған  көптеген көркем  аудармаларын жеткізіп берді. Қазақстан халықтарының ішінде қазақ тіліне көп аударылғаны ұйғыр әдебиеті болғандықтан, оларды зерттеуге жол ашылды. Нәтижесінде «Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті» деген конференция материалдарының жинағы жарық көрді. Дәулетбектің ұйғыр  әдебиетінен аудармалар жасап, қазақ бауырларына жеткізіп жүргенін жазушы-драматург Ахметжан Ашири ағамыз бастаған ұйғыр халқының азаматтары үлкен жиындарда үнемі айтып жүр. Д.Байтұрсынұлының ұйғыр әдебиетін қазақ тілінде сөйлетуге қосқан осы еңбегін ескеріп, халықаралық «Ильхам» сыйлығын берді. Сонымен бірге ақын, аудармашыға Қырғызстан Жазушылар одағы «Нұр Борбор» шығармашылық Академиясының шешімімен «Молда Бағыш» атындағы Халықаралық әдеби сыйлық (Молда Бағыш Сарыбайұлы (1888-1937)) берді.  Аудармашының аталған халықаралық сыйлықтары – ұйғыр, қырғыз әдебиетін қазақ тіліне аудару, насихаттау саласындағы еңбектерінің жемісі.

Тәуелсіздік тұсында жарық көрген жыр жинақтарды қарап отырғанда, қазіргі поэзиядан үлкен орын алатын  Жаратушы Алла Тағалаға, жаратушының соңғы елшісі Мұхаммед пайғамбарға құлшылық, мінәжат, мадақ жырларын ерекше атау ләзім. Кеңестік дәуір тұсында қол үзіп қалған ұлттық әдебиеттегі дәстүр еліміз егемендік алған соң, дінімізбен бірге жалпыадамдық құндылықтар мен мәңгілік мұраттар көркем әдебиетке қайта келді. Бұл жылдары ақын-жазушылардың барлығы дерлік имандылыққа бет бұра бастағандықтан, олардың арман-аңсарлары туындыларынан көрініс тапты. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Таңғы кәлима», «Түнгі кәлима» жырлары да осы тұста жазылды. Сол сияқты кейбір ақын өлең сөзін «Бисмиллахир-рахманир-рахим» (Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын) деп бастайтын болды. Сондықтан да қазіргі қазақ поэзиясынан Жаратушыға, Алла Тағалаға,  Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) мадақ жыр арнау мол орын алды. Дегенмен, көптеген ақындардың ішінен осы сарында өндіре жазып жүрген Қ.Елемес пен Д.Байтұрсынұлы есімін ерекше атау ләзім. Себебі, бұл ақындар замандастарына ой салуда, имани сөз айтуда өз қолтаңбаларымен ерекшеленді. Осы уақыт аралығында Қ.Елеместің «Жұлдызды түн», «Жетінші аспан», Д.Байтұрсынұлының «Күнәсіз мекен», «Топыраққа сіңген нұр», «Мәңгілік мекен», «Ләтипа лүпілі», «Сенің арқаң», «Ясин – Нұр», «Ақыреттің егіні», «Хылует» және басқа жыр жинақтары жарық көрді.

Дәулетбектің алғашқы жыр жинақтарына енген шығармалары жөнінде сыншы Б.Сарбалаұлы «Ой түзеген оғлан» мақаласында: «Демек, жыр дегеніміз – ең бірінші тазалық, адалдық, яғни ақынның өтірік айтпауы, екіжүзділікке салынбауы. Ақын Қадыр Мырза Әлі әдемі айтқандай, ондай қадамға бару «жыр көзіне шөп салу», ең қуаныштысы – Дәулетбек кітабы, барша туындылары дерлік осындай жасандылықтан, жалғандықтан ада», – деген болатын. Сыншы айтса айтқандай, Дәулетбектің жырларын оқып отырғанда оның кіршіксіз таза көңілін, адам баласына жамандық ойламайтын ақ пейілін тану оңай.

Дәулетбек Байтұрсынұлының 2014 жылы жарық көрген «Сенің арқаң» жыр жинағының беташары ретінде берілген «Сенің арқаң» өлеңін оқып отырғанда жер басып жүрген пенделердің барлығы дерлік қайдан жаратылғанына, қайдан шыққанына үңіліп, бір сәт Алланың құлы екендіктерін есіне алып, тәубасына таянып, жер басып жүргеніне шүкіршілік жасап, пендешіліктерін еске алары даусыз. Ақпараттық-технология заманында құндылықтардың орны ауысып бара жатқаны жасырын емес. Қазіргі таңда жалпыадамдық, ұлттық құндылықтар екінші кезекке шығып, алдыңғы шепке материалдық құндылықтардың орныға бастағанын күнделікті өмірде көріп жүрміз. «Кедей бай болсам, бай Құдай болсам» дегенді көздейтін замандастарымызға опасыз дүние-байлық үшін  арды аттау, иманнан безу, парыз бен қарызды ұмыту, аманатқа қиянат жасау үйреншікті әдетке айналып бара жатқаны жасырын емес. «Мейір қайда, іздедім мекіренген, Тапсам бұлай мұңайып өкінер ме ем!» деп замандастарының бойынан мейір-шапағат іздейтін лирикалық кейіпкердің бойындағы «менмендікті» жұпар иіс иманның жұмсартуы дау туғызбайды. Олай болса, адам бойындағы жаман қасиеттерден құтылу үшін имандылыққа бет бұру қажеттігін түсінген лирикалық кейіпкердің замандастарын «Бес уақ намаз, Бақара сүре соңғы аят, Аманат қып Жаратқанның бергені...» деп Алланың ақ жолына шақыруы орынды. Тұмау тигендей дімкәс қоғамға шипа іздеп, байтақ мекеннен мейірім іздеп шарқ ұрған лирикалық кейіпкердің Құранның қасиетіне бас июі, нәпсісін жеңуі қуантады. Сондықтан да ол:

Дін деген – әзіл-оспақ күлкің емес,
Дін деген – жасап алар мүлкің емес.
Дін – сұхбат, дін – диалог, бейбітшілік,
Татулық, ақылдасу, рухы кеңес!, – деген түйін жасайды.

Бір шумақта «дін» сөзін төрт рет қайталау арқылы оған көңіл бөліп, діннің ерекшелігін, қадір-қасиетін түсіндіруге тырысқан. Осы жөнінде философия ғылымдарының докторы Б.Сатершинов: «Дәукең – жаратылыстану саласында білім алып шыққанымен, жүрек қалауымен ақындықты таңдаған, физиканы лирикамен шебер жымдастыра білген ақын. Сондықтан, оның шығармашылығында «қозғалыс», «үдеу», «салмақсыздық», «өз өсінен айналу», «тартылыс күші» тәрізді физикалық ұғымдар метафизикамен ұласып жатады. Яғни жаратылыстың формуласын Жаратушының хикметімен байланыстыра біледі», – деген болатын. Оның «Бірлікке бастар бір Алла», «Мінажат», «Сенің арқаң», «Сен көрсеткен жолмен», «Кешір Алла!», «Алла, Алла!», «Алланы сүй», «Аллаға шүкір...», т.б. – жер мен көкті ғайыптан жаратушы Алла Тағалаға қаратыла айтылған мадақ жырлар.

«Хылует» өлеңінде замандастарын тақуалыққа шақырған ақын Жұмақ пен Тозақты қатар параллел суреттей отырып, бір-біріне қарама-қарсы ұғымдардың астарына үңіледі.

Болса егер, жүрегіңе жылу өткен,
Тиіссің ойлануға бір рет сен.
Пәни мен Бақиыңды таразылап,
Қашпайсың ақыр түбі Хылуеттен.
Жаныңды, тәніңді де оңашалап,
Ойлардан құтыласың орашолақ.
«Егінін ақыреттің» дұрыс ексең,
Жаннаттан тиер саған оңаша Бақ.

Бір Алладан басқа сыйынары да, сүйенері де жоқ лирикалық кейіпкердің «Бар» өлеңінде «Бір Алла саған тәуекел, Сенерім жалғыз серігім» деген түйін жасайды. Ақын шығармалары Құран сүрелерімен, аяттармен үндесіп жататынын замандасы Құл Керім Елемес: «Дәулетбек, міне, осы ақиқатты,   осы ішкі шындықты Сол Алланың Өзінің нәсіп етуімен таныды. Таныды да  Оған бар иманымен бас иді. Бар сенімімен құлшылық етті, Оның «қыл» («Намаз оқы») дегенін қыла бастады. «Қылма» дегенінен бетін бұрды», – деп баса айтқан болатын. Біреуді мақтап күн көруді, екінші біреуді алдап шаруасын тындыруды білмейтін, барға тасымайтын, жоққа таусылмайтын Дәулетбектің біртоға, қоңыр мінезді өмірінен оның болмыс-бітімі толық байқалады. Адамзат баласын алдағанмен, Алланы алдауға болмайтынын білген лирикалық кейіпкер қанағатшылдығының, берік иманының арқасында «Бақыттан сусындауға көзім жетті, Арылсам кеудемдегі ластығымнан» деп «Өзімен шайқасып келеді». «Мендегі иман сертім бұл!» өлеңінде лирикалық кейіпкер жеңісті көріп желпілдеген, ерлікті көріп еркіндеген, пенделік жеңіп шарықтаған, думанды көріп селкілдеген шақтарында Алланың құлы екенін есіне алып, оған бас иеді. Қуанса да, қайғырса да, шаттанса да, қиналса да бір Алладан медет тілеп, жер басып тірі жүргеніне шүкіршілік жасауы орынды. Ақын шығармаларының осы ерекшелігі жөнінде ақын М. Әлімбаев былай деген болатын: «..Дәулетбек бауырымның өз құрбы-құрдастарынан   бір өзгешелігі  – Құдайға құлшылық, Аллаға мінәжат ету, имандылыққа  ұмтылу тақырыбын қаузап жазатындығы». «Алланы шын таныған күннен бастап, Өзгеріп сала берді өмір маған» дейтін лирикалық кейіпкер «Құдай бір, Құран шындық, Пайғамбар Хақ» екенін үнемі қайталап, уақытты ұйқымен өткізбей, Аллаға құлшылық жасау керектігін өзіне айта отырып, замандастарының есіне жиі-жиі салып отырады.

Кез келген қаламгердің шығармаларынан үлкен орын алатын – анаға деген құрмет, анаға деген сағыныш. «Ләтипа лүпілі» жинағын автор «Алланың разылығы үшін, мен бұл еңбегімді өмірге он бала әкелген ардақты анам, бәрімізді тәрбиелеп, қатарға қосқан шешем, бұ күнде 65 жасқа толып, немере-шөбере сүйіп отырған Шадан (Шарубай) Рақымбердіқызына ұсынамын», – деген екен. Осы ілтипатының өзінен анаға деген үлкен құрметті аңғаруға болады. Кітаптың беташары ретінде «Жаннат – ананың аяғының астында» және «– Жақсылықты алдымен кімге істеймін?

– Анаңа!

– Одан кейін ше?

– Анаңа!

– Ал, одан кейін ше?

– Анаңа!

– Ал, одан кейін ше?

– Әкеңе!», – деген Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінен алынған ұлағатты толғамдар берілген.

«Анама» жырында ана алдындағы перзенттік борышын арқалаған лирикалық кейіпкердің анасына арнап бар жылы сөзін арнауы орынды:

Ұрпақ үшін секілді бір аспан, күн,
Үміті үшін жыр дәптерін жастандым.
Соның бәрі баспалдағы секілді,
Анам жайлы жазылатын дастанның...

Ақын шығармаларында бүгінгі өзіміз көріп жүрген қоғам шындығы бейнеленуі орынды. Балалық бал дәурені миллиардтар елінде өткен ақынның еліміз егемендік алған соң, алғашқылардың бірі болып атамекенге оралғаны белгілі. Миллиондардың ішінде жалғыздық көріп жабырқаған оның шығармаларынан екі ел мен екі қоғамның тыныс-тіршілігі сезіледі. Кіндік қаны тамған туған жерге деген сағыныш ақын шығармаларынан мол орын алды. «Намысым бойға біткен ақыл-күшім, Киелі топырақтан даритындай» дейтін ақынның «Сағындым мөлдір тұманы...» өлеңіндегі Ақшоқы, Құр, Кесік, Аттауы, Бесқарағай, Қонақай, Мақшы тәрізді жайлауларды сағына еске алуы – туған жерге деген шынайы махаббаттың көрінісі:

Сағындым бұлағыңды былдырлаған,
Қосылған бір жылғаға бір жылғадан.
Сәбидің күлкісіндей сыңғырлайтын,
Бұл күнде қайда қалдың бұлбұл заман!.

Ат сауырын сипамаса тұра алмайтын қазақтарды қаланың тымырсық тіршілігі қажытып, шаршататыны, дарқан даланы аңсап өкпесі қысылатыны айтпаса да түсінікті. Лирикалық кейіпкердің түтеген ақ боранда «Осындай сәтте ойлайсың жылқы үйірін, Тұманнан шығып шұрқырап тұрса кісінеп...» деп жылқы үйірін іздеуі орынды.

Көріп отырғанымыздай, ақын жырларында туған жерге деген сағыныш басым. Ол жөнінде жазушы Нұрқасым Қазыбекұлы: «...Дәулетбектің     лирикасында туған жерге деген сағыныш басым. Оның да өзіндік себебі  бар. Айталық, туған жері Тұғылшын Қарасаз-дың (Мұқағалидың ауылы) арғы   жағында қол созым жер. Ол өзі жырлағандай-ақ, «Мөлдір су, айна бұлақ, құрақ шалғын».  Ал сол жерге көзің жеткенмен, қолың жетпей қалуы қандай азап (шекара бөліп тұр)»,  – деген болатын. Ал, «Есейдім ортасында бүлік-кектің» деген өлеңінде «Үйретті қытай қоғам кекшілдігін, Ал орыс бейпілдікті ектің бүгін» деген жолдар арғы беттегі қытайларға жұтылып кетуден қауіптенген бауырларымыздың елімізге келген соң, бұл жақтағылардың орыстана бастауына қайран қалуы заңды. Қатынас тілі деп аталғанмен орыс тілінің мәртебесі жоғары екені жасырын емес. «Қазақстан, шүлдір-шүлдір қойыртпақ, Алшаң-алшаң азғындардың сайраны» деген жолдарға ана тілінің мүшкіл хәлі сыйып тұрса, Қазақстаным, Отаным деп келген бауырларымыздың алдынан шыққан қулық, ептілікке замандастарымыздың жетесі мен тектілігі жетпей тұрғаны өкінішті. Отанымызға, ата-баба қонысына келдік деп бөркін аспанға атқандардың өз елінде өгей баланың күйін кешуі өкінішті.

«Бұзылған машина, қайтқан қаз» балладасында машина бұзылып, түнімен «сүйекті» күзеткен лирикалық кейіпкердің мүшкіл халінен хабар берсе, үнемі арпалысып жүретін  адам бойындағы нәпсі мен қанағаттың күресі «Нәпсіге» арқау болған. «Адамдарша» өлеңінде «Тарта берем, мен алға тартып келем, Ажал атты қорғанға қамалғанша. Ел тағдыры жолында артық көрем, Өмір сүру, өлуді – адамдарша!» деп Ел үшін адамдарша өмір сүруді, өлуді ұсынады. «Құдай, Құран, Сенім – мәңгі серігім, Арлы, иманды болу менің мұратым!» дейтін лирикалық кейіпкер бүгінгі қоғам өміріндегі кереғарлықтарға көз жұмып қарай алмайды.

Қазақ – бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, қыз баласына төрден орын берген халық. Ұлт болашағын тәрбиелейтін аналар болса, қыздар –  болашақ аналар. «Қыз құласа» өлеңінде «Қансырайды ұлтымның қасиеті, Ең әуелі азғындап қыз құласа!» деп қыздардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуді ұсынса, «Қауіп» өлеңінде біз өмір сүріп отырған қоғам трагедиясы замандастарымыздың іс-әрекеттерімен көрінеді. «Доллар үшін долыққа түсіп бүгін, Қыздарың жүр қорқаудың тақымында..», «Сыпырылып басынан кимешегі, Келіншектей әжелер күй кешеді», «Аты озғанның алдынан ұра қазып, Буындырып бересің жұрт ағасын» деген жолдарға өмір шындығы арқау болса, «Адамдардың ниеті» өлеңінде арам пиғылдан, жамандықтан құтылудың жолын «Иман келіп орнамай әуел бастан, Адамдардың ниеті дұрысталмас» деп замандастарына ниетті түзеуді айтады. «Адамдардың аңдысқан қараулығын», «Адамдардың ғайбатпен жазғыруын» көрген лирикалық кейіпкер нәжістен тайғанақтап жүре алмағандықтан, «Арғы әлемнің ақ нұрын аңсаймын да, Кеткім келіп тұрады айдан аттап...» дейді. Алланың ақ жолында жүрген жанның өзгенің бәрін өзіндей көретіні белгілі, алайда адам баласының аласы ішінде екенін көргенде олардан жиреніп, өмірден түңілетіні жасырын емес. Осы ойымызды Дәулетбектің ақындық кредосы жөнінде айтқан  ақын Ғ. Жайлыбайдың мына пікірі толықтырады: «...ол азамат ретінде өте арлы, иманды жігіт. Біздің өнер адамдарында, әсіресе, ақындарда болуға тиісті кішіпейілділік, қарапайымдылық секілді қазақ азаматына тән, ер жігітке лайық тамаша  қасиеттері бар. Жүрегінің  үніне жүгінген иманды жанның сөзі де, ісі де, өлеңі де адал».

Қаламгерлердің сөз киесіне аса жауапкершілікпен қарайтыны белгілі. Сол сияқты ақын қаламынан шыққан асыл сөздің қадір-қасиетіне үңіледі, оған аса жауапкершілікпен қарайды. Оны «Абай нар» өлеңіндегі Абайға, оның поэзиясына деген құштарлықтан көруге болады. Мыңмен жалғыз алысқан Абайдың заманындағы Әзімбайлардың қазір де арамызда жүргені рас. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп замандастарына ой салған ақынды «Абай деген – данышпаны қазақтың, Алла жайлы айтып кеткен байламдар!» деп бағалауы орынды. «Бір сәт» өлеңіндегі «Бабымен бағам өлеңді, Қанғанын күтем иінің» деген жолдар растаса, «жазылам деп жазылмаған жыр – қайғы» екенін «Жазылмаған жыр – қайғы» өлеңінде еске салады.

Ақын жырларын оқып отырғанда, оның бейнелі тіркестерді көптеп қолданатындығын байқауға болады. Мәселен, «Жүйкемді бырс-тырс болған үтіктеген», «Нәпсіні қылқындырмай жүре берсем, Біріне айналамын мен де өліктің», «Нәпсім үркек аң секілді», «Ат тізгінін кесем қиып, Нәпсі жаумен пышақтасып», «Жүрегім өксік, жүзім сәл, Миымды сүлік сорғандай», «Терімді тесіп тентектер, Етіме қанжар қадайды», «Жанар-жанбас тіршілік тұр, Бықсытқандай шаланы», «Шоршиды қайранында қайран қазақ, Ажырап айдынынан балық көлдің...», «Мұңы жоқ көңіл – кепкен көл, Сезімі қаңсып суалған», «Беріксің сексеуілдей жарылмайсың», «Толды адамдық ауласы арам шөпке, Шырмауыққа оранған көкөністей...», «Бастағы ойлар бытысты байлауы жоқ, Алқаш қатын шашындай киізденіп...» деген бейнелі тіркестер ақынның жаңа образдар жасаудағы ізденістерін байқатса, «қала – тұман, мекеме – мұз, үй – ақпан» деген тіркестер эпитетті орынды пайдаланғандығына мысал.

Сонымен бірге ол бір-біріне қарама-қарсы мағыналы сөздерді қатар параллел қолдану арқылы оларға көңіл аудара біледі. «Нәпсіге ерген тоқтықтан, Сабырға ерген аш артық», «Балыма жатыр у тамып», «Уға айналды бал екен деп жұтқаным», «Күйгелек боп күй кешу – Сабырлықты жойған», «Тәкәппар мен кішіпейіл, Ешқашанда емес тең» деген тіркестердегі «аш» пен «тоқ», «бал» мен «у», «күйгелек» пен «сабырлық», «тәкәппар» мен «кішіпейіл» бір-біріне қарама-қарсы ұғым болғандықтан олар бірін-бірі толықтыруға қызмет етіп тұр.

Қазақ поэзиясындағы қалыптасқан дәстүрдің бірі – арнау өлеңдер болса, осы жанрдағы ақын өлеңдері өзіндік бояуымен айшықталады. Оның үлгі тұтатын Рафаэль Ниязбеков, Төреғали Тәшенов, Құл Керім Елемес, Әбдісадық Рахымбайұлы тәрізді ағалары мен бауырлары бірінші кезекте бес уақыт намазбен Аллаға құлшылығын үзбейтін сексеуілдей беріктігімен, Раббыға адал құлдығымен ерекшеленеді. Ақын арнаулары кейіпкерлердің қызметі мен мансабына бағындырылмай, мәңгілік құндылықтарды үлгі-өнеге етуімен өзгешеленеді.

Дәулетбек ақынның «Тәуелсіздікке тағзым» атты өлеңіне Шаба Әденқұлқызы ән жазып айтып жүр. Мұны оның авторының тәуелсіздікке жасаған зор құрметі деп қабылдауға болады.

Қорыта айтқанда, Дәулетбек Байтұрсынұлы – қазақ поэзиясына ешкімге ұқсамайтын өз үнімен келген ақын. Жоғарыдағы замандастары мен ақын ағалары айтқандай, ол –  «жаны да, ары да таза азамат». Иманды ақын адалдықтың жақсы үлгісін сөз жүзінде ғана емес, өлеңімен, ұлтқа қызмет жасаудағы жанкешті еңбегімен көрсетіп келеді. Қасиетті Құран сүрелері мен пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистеріне сүйене отырып, ой түзді, жүрегінен шыққан асыл сөздерді замандастарына жеткізді. Жақсылықты адамнан емес, Алладан күткен лирикалық кейіпкер жүрегін арамнан арашалауды бір Алладан сұрады. Қамшының сабындай қысқа өмірде иманға ден қойған лирикалық кейіпкер өзі өмір сүріп отырған қоғамның кіршіксіз таза болғанын қалайды. Нарықтың замандастарын парықсыз етіп жібергеніне күйінген ол әділдікті хақ жолынан тауып «Енді менің аспаным бұлттанбайды ешқашан,  Ұлы Алла Ием бар, жайым міне осылай!» деген түйін жасайды.

Гүлжаһан Орда,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет және көркем публицистика бөлімінің меңгерушісі, филол.ғ.д.

Abai.kz

1 пікір