Түркия әскери нұсқаушылары Қонаев гарнизонында
Қонаев гарнизонында Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері үшін Commandos курсы ұйымдастырылды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Арнайы жасақтардың жауынгерлік дайындығына арналған теориялық және практикалық сабақтарды Түркия Республикасы Қарулы күштерінің нұсқаушылары жүргізеді.
Commandos курсы үш айға созылады. Осы уақыт ішінде түрік мамандарының басшылығымен әскери қызметшілер терроризмге қарсы операцияларды жүргізудің және заңсыз қарулы құралымдарға қарсы іс-қимылдың ұйымдастырушылық және тактикалық тәсілдерін меңгереді.
Курс бағдарламасына сәйкес оқу-жауынгерлік тапсырмалар қалалық, таулы және орманды далалы жерлерде орындалатын болады.
Қазақстан мен Түркия Қарулы күштерінің екіжақты ынтымақтастығы шеңберінде ұйымдастырылған іс-шара Арнайы операциялар күштері бөлімшелері әскери қызметшілерінің жауынгерлік дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Abai.kz