Жылу беру маусымына дайындық қалай жүріп жатыр?
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2024-2025 жылғы жылу беру маусымына халық пен коммуналды-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету бойынша белсенді шаралар қабылдауда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен пресс-конференция барысында Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов мәлімдеді.
Қысқы кезеңге дайындық аясында, ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап Министрлік көмірмен қамтамасыз ету бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп келеді. Жергілікті атқару органдары, көмір өндіруші кәсіпорындар және «ҚТЖ» АҚ-ның қатысуымен бірнеше жиналыстар өтті. Жол картасы әзірленіп, өңірлерге жіберілді, онда көмірді сатып алу және жинақтау бойынша іс-шаралар көрсетілген.
Биылғы алғашқы жеті айда 58,1 млн тонна көмір өндірілді, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,6%-ға аз. Ішкі нарыққа энергетикаға 32,3 млн тонна, коммуналды-тұрмыстық секторға 2,5 млн тонна көмір жөнелтілді. Көмір экспорты да 13,6%-ға төмендеп, 15,8 млн тоннаны құрады.
Министрлік «ҚТЖ» және көмір өндіруші кәсіпорындармен бірлесе өңірлерді көмірмен қамтамасыз етуді мониторингтеуді жалғастыруда. 15 тамыздағы жағдай бойынша, көмірмен қамтамасыз ету жылдық жоспардың 13%-ын құрады. Елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көмір экспортына лицензия беру енгізілді, бұл өткен жылу беру маусымында жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.
Негізгі көмір көлемі тауар биржалары арқылы сатылады, бұл көмірге қол жеткізуді тең дәрежеде қамтамасыз етуге және делдалдарды жоюға мүмкіндік береді. Жылу беру маусымына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде, өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету мәселелері Министрліктің ерекше бақылауында.
Abai.kz