Бейсенбі, 3 Қазан 2024
Талқы 948 6 пікір 28 Тамыз, 2024 сағат 14:12

Тарихшы: Қазақ этносын әйелдер қалыптастырды

Сурет Qalam Global баспасөз қызметінен алынды.

Белгілі тарихшы Радик Темірғалиев қазақ этносы өзге ру өкіліне тұрмысқа шығып, салт-дәстүр мен тілді таратқан әйелдер арқылы қалыптасқан деп санайды. Осылайша, біртұтас мәдениет пен ортақ тілі бар қоғам пайда болған.

Бұл туралы Радик Темірғалиев Qalam Global көптұғырлы ғылыми-ағартушылық жобасы Семей қаласында ұйымдастырған «Қазақ руларының тарихы» атты дәріс барысында айтып берді.

Тарихшы экзогамияның (белгілі бір әлеуметтік топ (мысалы, туысқандар тобы) өкілінің сол топтан тыс тұрған адаммен отбасы құруы – Qalam.global) маңызды ереже болғанын атап өтеді. «Қазақтарда жеті атадан аспай туысатын қызға үйленуге болмайды деген пікір бар. Яғни туыстық байланыс бұдан ары, мәселен, сегізінші атада болса, тұрмыс құруға рұқсат дейді. Шын мәнінде, бұл – соңғы кездері пайда болған ең жұмсақ талап. Әуеліде ережелер әлдеқайда қатал болған: генеологиялық тұрғыдан жұбайлардың арасы неғұрлым қашық болса, соғұрлым жақсы деп саналған. Біріншіден, осының арқасында рулар арасында байланыс пайда болады. Екіншіден, генетикалық аурулардың пайда болу қаупі азайды», – дейді Радик Темірғалиев.

Qalam Global лекторының пікірінше, бұл – қазақ этносының қалыптасуында үлкен рөл атқарған маңызды аспект. «Экзогамия қазақ халқының бірігуіне және қалыптасуына ықпал етті. Көптеген лингвист пен филолог қазақ тілінде диалектілердің жоқ екенін айтады. Рас, диалектизм бар шығар, бірақ қазақ тілі – толықтай біртұтас тіл. Бұл әр елді мекені өз диалектінде сөйлейтін Еуропадағы тілдердің сан алуандығына үйренген саяхатшыларды әрқашан таң қалдыратын», – деп атап өтті ол.

Радик Темірғалиев қазақ тілінің мұндай ерекшелігін экзогамиямен, яғни, мысалы, оңтүстік өңірден шыққан әйелдің батыс немесе шығыс руларындағы еркекпен отбасы құруымен байланыстырады. «Қазақтағы экзогамия халықтың біріге түсуіне, ұлттық сана-сезім мен тілдің дамуына ықпал етті. Ел арасындағы дүниелер қосылып-араласып отырды: әйелдер салт-дәстүр мен тілді таратты, салдарынан ауқымды жерді алып жатқан қазақ халқы өзіне тән ортақ кейіпке ие болды. Сондықтан мен қазақ этносы басқа рулардың ерлеріне тұрмысқа шыққан осы әйелдер арқылы қалыптасты деп әрқашан айтып жүремін», – дейді Qalam Global сарапшысы.

Бұдан бөлек тарихшы XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысына дейін әйелдердің есімі ұран ретінде жиірек қолданылған деп санайды. «Ұран ретінде, әдетте, белгілі батырлардың есімін немесе қасиетті жерлердің атауын қолданған. Сондай-ақ рудың бастауында тұрған әйелдердің есімін ұран қылған жайттар бар. Мысалы, Сүйіндік руының ұраны – «Жолбике», қаракесектердің ұраны – «Қарқабат». Бұл – рудың желеп-жебеушісі саналатын, ерекше құрмет көрсетілетін әйел есімдері. Мен мұндай ұрандар әлдеқайда көп болған деп ойлаймын. XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысы кезінде шайқаста ерекше ерлік қылған батырлардың аты көзге түсіп, жаппай ұран ретінде қолданыла бастады. Бірақ бұған дейін, менің ойымша, ұрандарда әйелдердің есімі көбірек қолданылған», – дейді Радик Темірғалиев.

Ол ұран ретінде әйел есімін қолданудың дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйел рөлінің қаншалық маңызды екенін көрсететінін, бірақ, өкінішке қарай, бұл тақырып әлі күнге ашылмағанын және оған назар аударылмай келе жатқанын атап өтті.

Qalam Global дәрісі барысында Радик Темірғалиев бұдан бөлек қазақ руларын зерттеу ғылымының тарихы және қазір қалай жүріп жатқаны, қазақ жүздерінің шығу тегі туралы болжамдар, Қазақстанның ру-тайпаларына қатысты популяциялық генетика зерттеулері, сондай-ақ халық жиындарының рөлі мен маңызы туралы айтып берді.

Анықтамалық ақпарат:

Радик Темірғалиев – белгілі қазақстандық тарихшы, жазушы, «Қазақ тарихи қоғамы» бірлестігінің директоры. «Ақ Орда. Қазақ хандығының тарихы», «Соңғы батырлар дәуірі», «Қазақтар мен Ресей», «Қазақтар. Ата жолы» секілді танымал кітаптардың авторы. Оның жақында шыққан «Тамға. Қазақ руларының тарихы» атты еңбегі нағыз бестселлерге айналды.

Автордың зерттеулері Қазақ хандығының қалыптасу жолындағы түрлі кезеңді, жекелеген рулардың тарихын, олардың қоғамның бірігуіндегі атқарған рөлін қамтиды. Өз еңбектерінде Радик ел тағдырын анықтаған көрнекті тұлғалар мен елеулі оқиғалардың маңызын зерттейді.

Qalam Global – әлем тарихы мен мәдениетіне Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің көзімен қарайтын мультимедиялық жаңа жоба. Жобаға Қазақстан, АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Ресейден келген халықаралық зерттеушілер тобы қатысады. Qalam жобасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көреді.

Димаш Зиядин

Abai.kz

6 пікір