Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Әдебиет 2209 8 пікір 4 Қыркүйек, 2024 сағат 16:24

Шипагерлік баянның шын сыры

Коллаж: Abai.kz

Тауарихтың араға сан ылқым салған алыс кезеңдері өз қойынауларына халықымыздың небір асылын жасырып келіпті. Баға жетпес сол асылдардың бір кесек жарықшағы болып, «Шипагерлік баян» қолымызға әйтеуір тиді-әу! Бірақ, амал не, қанша дабыра көтерсекте құны кеміп, азып, аласарып жетті.

Яғни оның қолымызға тигені ــ жұлыны жұлынған жұқанасы ғана. Иә, алтыншы мәрте көшірілу барсында өлең-байттерді ықшамдағанын көшіруші мойындағанымен, одан бұрынғы көшірушілер тағы несіне қиянат жасады деген сұраудың көңілді күпті етуі заңды. Оның үстіне алдыңғы буындарымыз ұрпақ ұғымы үшін «ескі сөз бізбен кетсін» дей отырып, оған талай өзгерістер енгізіпті. Бұл аз болғандай соңғы көшірме өртеліпті, дені жойылып кетіпті. Демек, нағыз асыл ــ ескінің көзі, көмбенің өзі қолымызға қаз-қалпында жетіп отырған жоқ. Бұл шынында өкінерлік жайт. Құнытсыз жұрттың мұндай қормалын қандай құнды болса да қазіргі текстология қайта тірілтуге амалсыз. Арғы ата-бабаларымыз «байтал түгіл бас қайғы болған» тар жол, тайғақ кешулі кер заманда ұрпақты сақтауды ғана мақсат етіп, даласы үшін бір мезгіл өркениет ортасын ــ тас қорған қаласын тастап, тау сағалап кеткенге ұқсайды. Мұны деп оларды шажылы ете алмасақ та, ата-баба қолтаңбасының қадіріне жетпеген, оның бір парағының да көзін сақтай алмаған соңғылықтарға қара өкпеміздің қазандай болатын да жөні бар. Дей тұрғанымен, асылдың аты асыл ғой! Алдағы жерде мұның ұлт байлығымыздың салалы қорына келіп қосылған қомақты қазына екенін әркім әр тұрғыдан сипаттай жатар.

«Шипагерлік баянның» тұрғысы бертінгі біз көріп жүрген адамдардың тұрғысынан сұңғат, тіліндегі көне түркілік дастүр мен сөздерінің заманалық көріністері орта ғасырлық сипаттарға көбелеп келіп тұр. Айталық, ауғаз (ауыр), уазғар (уәзір), қазғақ (қазақ), заңғарақ (шаңырақ), зағыпыран (запыран), уғарлы (улы) деген сөздер, құлғақ (құлақ), оғұл (ұл), оғұлан (ұлан) т.б. көне түркілік атауларға жатады.

«Шипагерлік баянда» тілге алынған асмар, дестір, сайғақ деген сөздердің XV ғасырдың аяғы, XVI ғасырдың бас шенінде жасаған Шалкиіз жыраудың жырларындағы «етектеп жиған көп халқың сұлтан ием кімге асмар етерсің», «қара сия, ақ қағаз дестірге өнер төктірдің», «саздауға біткен қара ағаш, кімдерге сайғақ болмаған» деген жолдарда бір мағынада айтылуы жайдан жай емес. Доспанбет жыраудың (1490-1523) «жарықшылар жоқ па екен, жарма білте саларға» деген жыр жолдарындағы «жарықшы» (жара емгері) мен «шипагерлік баянның», «жарғышы» арасында да табиғи үндестік жатыр. Кітап ішіндегі анда, түзем, күрен т.б. атауларда бізге қазір бейтанстау болғанымен, Қазақ даласындағы орта ғасырлық оқиғалар сюджетіне құрылған тарихи романдарда кең қолданыс тауып отыр. Мұнан тыс, ашжаз, құйыл-төгіл, алым-салым, сар-сар, том-том, ебіл-себіл, албыр-салбыр, бұлдыр-бұлдыр, бұрш-бұрш деген зат есімдер де көне Түркінің сөз жасаудағы қосарлану тәсілін елестетеді. Бұл фактілер «Шипагерлік баянның» арғы заман дүниесі екенін қапысыз айғақтайды.

Менің ендігі айтарым, «Шипагерлік баянның» қазіргі қазақ тілінің терминологиясынан алатын орны. Мұның өзі көпсітіп айтсақ көп сөз. Шағын мақаланың шанағына жарай бұл арада неғұрлым түйіндеп бірер мысалмен ғана ықшам баяндаймыз деген ұғымды білдіреді. Сондықтан оны «аласы» дегеніміз оң деген ұсынс көтерді. Әрине, мұның қай-қайсысының да көкейге қонатын үтірлі атау емес екенін бәріміз де аңғарғандаймыз. Ал «Шипагерлік баянда» сол ретцептің дәл өзі ــ жылы жүзді «шипашақ» деген өз қол тумамыз тұр.

Атына сай «Шипагерлік баян» медициналық атауларды мейлінше көп қамтыған. Ақзір баламасы табылмай жүрген медицина саласындағы ғылыми-техникалық терминдер доза ــ меңзе, курес ــ нәумет, отвар ــ нілнар (нілсорпа), настойка ــ қама т.б. болып жылы ұшырайды. Осылардың ішінде «нылнардың» қамтымы өз баламасынан кеңірек. Өйткені қаманы «суынды нілнар» деуге болады екен. Демек, тіліміздегі осыншама көп балама атаулар тұрғанда настой, настойкаларға сперт тұрындысы, ефир тұрындысы деп тағы да атау жасаудың қажеті бар деп ешікім айта алмаса керек. Ал ауру-сырқаттардың бір қатарын біз әлі күнге өзге тілде айтып келеміз не айтуға өте ауыр терминсмақтарды жасаған боламыз. Ал «Шипагерлік баяндағы» тапқырлыққа қарасаңызшы! Біз рахит немесе сүйек жұмсаруы деп жүрген бабаларды мешел етіп тастайтын сырқатты онда «кешек» деген. Бұдан артық не керек! Бақсақ, термин жағында өз тіліміздің бар мүмкіндігін толық аша алмай жүр екенбіз. Шеткек (рожа). Қатқауық (іш қату), сатқа (дизентерия), тәнті (трахома), зақпы (ми шайқалу), кекжиме (минингит), ойықалтақ (хорейа), сірескі (тетанус), күпсек (іш кебу), бүпсек (асқазан қыжылдау), толымшақ (бітеу жара), серең, жалбырлақ, ақтақ, сасай дегендерді қолдана білсек, халық жылы қабылдайтын тамаша атаулар. Біз «жарым дененің салдануы» деп келістіре алмай жүрген атау «Шипагерлік баянда» «жарынды сал» (гемиплегия), «көлденең сал» (параплегия) делініп ғылыми түрде ажыратылып аталған. Бұларды нағыз терминдік үлгілер десек жарар. Мұндағы халық емшілігінің атау-терминдері өз алдына бір төбе, әсепсер, қысқауық, аласталғы, солықтырғы, мезет, мерзет, күсік, сықымақыс, тынқыс т. б. терминдер де қазақы атауларымыздың қорын молықтыра түседі.

Былайғы жерде «Шипагерлік баяндағы» «төтемелік» деген төл атауымызды иммунитетке баламалауға да болар еді. Талғамдылық таныта білсек, «Шипагерлік баяндағы» адам анатомиясына қатысты қақпар, қатпар, қақат, естер, қысқақ, шытына, қатқарлы, көзнек, көзілгі, тандау, қуысқы, толғы, жұмқұр, сырнақы, қанысқы, қырнау, текқыр, буыл, қуыл, жайыр, жабы, түртек, топай, тоқай т. б. Атауларды да құлағынан тізіп шетінен кәдеге жаратуға келеді десек асыра айтқан болмаймыз. Кітапта дұрыс баламасын табуымызды тілеп, өсімдік-жануарлар мен минералдардың үлкен тобының атаулары тағы түр.

«Шипагерлік баянда» жалпы құрлық жер бедері ойпаңдар, дөңестер, шөлдіктер және жайсаңдар деп жіктеледі. Ал оның ішінде ойпаңдар ــ қойнау, ой, жылға, жыра, сай, өзек, жазықайт; дөңестер ــ дөң, кейкет, жартас, жартас түбі, қырқа, жалтаң, адыр, быдырмақ, дөңес; шөлдіктер ــ тастақ, құмды, құмдауыт өңірлер, құм шөл; жайсаңдар ــ қопа, саз, саздауыт, шалғынды жасаң, сортаңды қақты, шымдауыт, жарлауыт, батпақты, тартпалы құйлар, өзен-көл, су жағалаулары т.б болып бөлінеді. Бұлар қазірде белгілі құны бар жағрафиялық атаулар. Кітапта бір тәуліктің он екі уағы бір–бірден аталады (бұлар ішкерілей зерттелуге тиісті. Өйткені, ғалымдар межесінде бұлар жануарларға қатысты болуы керек-ті). Төрт маусымының он екі мезгілі ــ ерімдік, дегімдік, өнімдік ــ көктем; гүлдемелі, алшындамалы, барынышдамалы ــ жаз; шалғындамалы, дауылдамалы, қоңырламалы ــ күз; жасқамалы, қысқамалы, жадырамалы ــ қыс деп тартымды сипатталады. Мұнан басқада тарих, философия, психология, астрономия, этнография, этика, т.б пәндерге қатысты атау-терминдер де бар. Бұған бұл арада егжей-тегжейлі тоқталмаймыз. Бұл екі ұғымды шатастыра бермегеніміз жон.

Соңғы айтарым, «Шипагерлік баян» терминологиямыз саласындағы құны өлшеусіз, солайда, мұндағы атау-терминдерді сырып тастау емес, міндетті түрде аса талғамдылықпен пайдалануымызға, кейбірін лайықты жаңғыртуымызға тура келеді. Біздің талғамдылықты дәріптеу себебіміз ــ автор мен арамызда сан ғасыр жатыр. Тіліміз де дамыды, заманымыз басқа, одан тыс мұнда соңғылықтар жағынан орынсыз тықпаланған, өзгеріске ұшыраған талсөгет, помзекгүл, шапталғы деген сияқты «атаулар» да бар көрінеді. Баспаға дайындаушылар жағынан берілген баламалардың да үйлесімсіз немесе ағат тұстары әр жерден көзге көрініп тұр. Соның үшін хадымдықты қазіргі үшін қызмет еттіру, дәнін алып қауызын тастау ــ «Шипагерлік баян» үшін де маңызды ұстаным болып саналады.

Жайырбек Мұқаметханұлы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970