Сейсенбі, 22 Шілде 2025
Ақмылтық 660 0 пікір 22 Шілде, 2025 сағат 13:26

Ресей монополиясының тұяқ серпуі...

Сурет: ryb.ru сайтынан алынды.

Украинадағы соғыс тым ұзаққа созылып, Ресейдің жаһандық оқшаулануы күшейе бастаған сайын, Кремль өзімен шектесетін көрші мемлекеттерге геосаяси және геоэкономикалық ықпалдың әлсіреуімен бетпе-бет келе бастады.

Бұрынғы одақтастар – Оңтүстік Кавказдан Орталық Азияға дейін – түрлі геосаяси полюстер мен сапалы жаңа серіктестік қарым-қатынас құра отырып, Мәскеуден іргесін аулақ салып, алшақтай бастады. Тіпті ресейлік үстемдік негізіндегі принциптерге ашық түрде қарсылық білдіріле бастады. Бұл бас асаулық Әзірбайжан тарапынан айқын көрініс тапты.

Бұл дәйексөздер Орталық және Шығыс Еуропадағы геосаяси процестерді зерттеумен, фактілерді мониторингілеумен, сондай-ақ жалған ақпарат пен фейктерді теріске шығарумен айналысатын «Veridica» жобасының талдауында келтіріледі.

«Veridica» директорлар кеңесіне Румыния, Молдова және Украинадан сарапшылар мен ғалымдар кіреді. Жоба авторларының арасында Болгария, Польша, Сербия, Венгрия, Украина, Түркия және Чехиялық сарапшылар да бар.

«Мәскеудің ескі геосаяси ықпалы – әскери ынтымақтастық, энергия тасымалдаушылар транзиті және мәдени ықпалы бұрынғысынша тиімді емес. Әзірбайжан өз экономикасын әртараптандырып, Түркиямен стратегиялық байланыстар құрып, неғұрлым кең ауқымды жаһандық байланыстарды дамытқан мемлекетке айнала алды. Ол ендігі жерде Ресейді өзінің жалғыз қамқоршысы немесе серіктесі деп мүлдем есептемейді», - дейді «Veridica» сарапшылары.

Бұл Ресеймен көршілес елдерде ұлттық басымдықтардағы ұрпақтар ауысуы қысымымен бұрыннан келе жатқан альянстар ыдырап, жаһандық өзгерістердің орын алуына байланысты экономикалық прагматизм қайта қаралатын неғұрлым кең үрдістің нышан-белгісі болып табылады.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА МӘДЕНИ ЫҚПАЛДЫҢ ӘЛСІРЕУІ

Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан ұзақ уақыт бойы Ресей үшін жұмыс күшінің көзі болып келді. Бірақ қазіргі таңда олардың Мәскеуге тәуелділігі мүлдем төмендеп келеді. Мәскеудің көшi-қонға қарсы көңіл-күйі ақша аударымдары көлемiнiң қысқартты. Дәстүрлі көшi-қон бағыттарын мүлдем өзгерткен жайт: Оңтүстiк Кореяда, Түркияда және Парсы шығанағы елдерiндегі еңбек ресурстарына сұраныстың өсуi болып табылады.

Ал Қытай тарапы өз кезегінде инфрақұрылымға, саудаға және білім беруге инвестиция сала отырып, Ресейді ТМД елдеріндегі басты сыртқы серіктес атақ-дәрежесінен айрыды. Осы орайда тілге тиек ететін тағы бір жайт – Ресейдің қолтығына кіріп отырған Беларустан да Қытай оны сенімді түрде ығыстырып жатыр.

Ресейдің мәдени ықпалы да әлсіреді: жас ұрпақ бұрынғысынша шүлдірлеп орысша емес, ақша мен білімнің көзі болып таблатын ағылшын немесе түрік тілдерінде жиі сөйлей бастады.

Осы орайда: «Ресей неге көршілерін өзінен алыстатуды жалғастырып жатыр?» - деп сұрақ қояды сарапшылар.

Олардың пікірінше, бірнеше бәсекелес, бірақ бір-бірін жоққа шығармайтын түсініктемелер бар. Енді соларға тоқтала кетейік:

Империялық инерция – Ресейдің көршілеріне үнемі үстемдік жасаймын деген құқығына деген терең тарихи сенімі.

Стратегиялық диверсия көршілес шекаралардағы қақтығыстарды қоздыра отырып, Кремль Батыстың ықпалын шектейтін және ішкі өзге ойды тізе батыра басатын буферлік аймақ құрады.

Ықпалдың төмендеуі бәлкім, Мәскеу өзінің әлсіреген ықпалын қалпына келтіру үшін күшпен мәжбүрлеуге жүгінетін де шығар? Себебі оның бір кездері уысында болған «Қаңбақ күші» (Soft power) енді жоқ.

Басқарылатын хаос көршілерінің ішкі тұрақсыздығы пайдалы болуы мүмкін. Тап осы орын алатын ішкі тұрақсыздық сыртқы инвестициялардың ат-тонын ала қашырады. Саяси реформаларды тежейді һәм ресейлік статус-кво-ны қалыптастырады.

«Іс жүзінде бұл стратегиялар бірмезгілде қолданылады. Ресейдің сыртқы саясаты, әсіресе посткеңестік кеңістікте, орасан зор ниет емес, оған берілетін жауаптардың біреуі – идеологияға, басқалары – тұрақтылыққа негізделген қайшылықтардың жүйесі болып табылады», - делінген материалда.

Ресеймен көршілес елдер енді Кремльдің эксперименттері үшін қолданылатын мата қиығы емес. Бір кездері кіші серіктестер немесе ниетсіз сателлиттер деп саналған бұл елдер барған сайын табанды, әртараптандырылған және жаһандық іс-әрекетке белсене тартылып келеді. Олар енді «ләппай тақсырлықпен» бұрынғыдай тек Мәскеуге ғана жәутеңдемейді. Өз тәуелсіз таңдауын жасап Брюссельге, Бейжіңге, Анкараға және Вашингтонға бағдар ұстана алады.

«Бұл Ресейдің өңірдегі рөлінің соңы емес. Бірақ бұл оның монополиясының соңы. Және де бұл тек Кремль үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл еуразиялық дипломатия, сауда және қауіпсіздік архитектурасы үшін алға адымдап жылжу болып саналады», - деп түйіндеді өз талдауын «Veridica» сарапшылары.

Abai.kz

0 пікір