Қажымұқан Ғабдолла. Қамсыз қисынның қаупі
Ертеректе естіген «Тұяққа тұяқ» дейтін әңгіме есімде қалыпты...
Орта жүз бен Кіші жүздің арасында бір мал дауы болып, Орта жүз адамдары неше мәрте қайыра келіп, малдарын ала алмапты. Орта жүз адамдары соңғы рет келе жатқанда, Сырымға жолығып қапты.
- Уа, азаматтар! Жолдарың болсын, алдарың олжаға толсын! Билеріңде тыным жоқ, биелеріңде құлын жоқ, неткен жолаушысыңдар? – деп, жөн сұрайды Сырым.
Жолаушылар жай-мәнісін айтады. Сырым Орта жүздің адамдарына қосыла жүріп, Кіші жүздің Ханына келіп ел дауын айтады, бірақ, екі елдің арасы бітімге келе алмайды.
Екі ел арасының бітімін көздеген қайсар рухты Сырым батыр Ханға:
– Хан, ол дұрыс болмас. Қазақ деген қабырғалы қалың ел ғой. Бір дауды шеше алмасаң сен несіне хан болып отырсың, атам заманнан атамыз қазақ: «Құлаққа құлақ, тұяққа тұяқ» демейтін бе еді? – дейді.
Сонда шындық уәж, бәтуәлі сөзден тосылған хан малдың тұяғына тұяқ, басына бас беріп, Орта жүздің адамдарын разы қылып, елдеріне қайтарған екен.
...Арада ғасырлар өткенде қазақтың байтақ даласында шындық уәж, бәтуәлі сөз айтатын бірде-бір ақиқатшыл би, даусыз данышпанның қалмағаны ма?!.
Ертеректе естіген «Тұяққа тұяқ» дейтін әңгіме есімде қалыпты...
Орта жүз бен Кіші жүздің арасында бір мал дауы болып, Орта жүз адамдары неше мәрте қайыра келіп, малдарын ала алмапты. Орта жүз адамдары соңғы рет келе жатқанда, Сырымға жолығып қапты.
- Уа, азаматтар! Жолдарың болсын, алдарың олжаға толсын! Билеріңде тыным жоқ, биелеріңде құлын жоқ, неткен жолаушысыңдар? – деп, жөн сұрайды Сырым.
Жолаушылар жай-мәнісін айтады. Сырым Орта жүздің адамдарына қосыла жүріп, Кіші жүздің Ханына келіп ел дауын айтады, бірақ, екі елдің арасы бітімге келе алмайды.
Екі ел арасының бітімін көздеген қайсар рухты Сырым батыр Ханға:
– Хан, ол дұрыс болмас. Қазақ деген қабырғалы қалың ел ғой. Бір дауды шеше алмасаң сен несіне хан болып отырсың, атам заманнан атамыз қазақ: «Құлаққа құлақ, тұяққа тұяқ» демейтін бе еді? – дейді.
Сонда шындық уәж, бәтуәлі сөзден тосылған хан малдың тұяғына тұяқ, басына бас беріп, Орта жүздің адамдарын разы қылып, елдеріне қайтарған екен.
...Арада ғасырлар өткенде қазақтың байтақ даласында шындық уәж, бәтуәлі сөз айтатын бірде-бір ақиқатшыл би, даусыз данышпанның қалмағаны ма?!.
«Айтпаса – сөздің атасы өледі» деген, қазақ еркіндік алып, еркін көсілгелі бері көңілге кірбің тігіп, қаяу салған бір жәйт ұйқымды бұзумен келеді. Ол – қит етсе, «жүзге бөлдің!» дейтін жалтарма айқай, дауқой даңғаза. Негізі, қазақтың үш жүзге бөлінген тұсындағы билеушілерінің дені төрелер еді. Тіпті, жүз бен руға бөлінушілік – орыстың патшалары мен билігінің қазақты ыдырататын ең мықты да сенімді құралы болып келеді.
Орыстың сасық арағының өзі қазақ ұлтының іргесін сөге алмады. Әйтпесе, қайран қазақ орысты төріне оздырғалы бері атаукере сіміруден ешкімнен қалыс қалған жоқ.
Орыс билігі қолдан құраған қазақ тарихындағы Әбілқайыр хан мен Абылай хан да қазақтың ешбір жүзіне жатпайтын төре ұрпағынан тараған болатын. Опасыз орыс басқыншылары Әбілқайыр ханды орысқа бүйрегі тартқан сатқын етіп көрсеткісі келді. Шын мәнісінде, Әбілқайыр хан: «Сізбен бірге боламыз» деп, орыстың тізгінін тартса, Абылай хан: «Сіздің кеңдігіңізге разымын» деп, қытайдың көңілін аулап, аз қазақты қасап қырғын мен құрдымға құрып кетуден сақтап қалды...
Әйтсе де, қазақтың егемендікке жеткеніне 22 жылдан асып жығылса да, сыртқы жауларымыз орыс пен қытай, алыстағы дұшпандарымыз американ мен еуропалықтар ХХІ ғасырдың өркениетті жылдарының өзінде қазақты құртудың ескі әдісінен ажырай алмай отыр.
Ұлтымызды құртудың есебі түгел ескі әдісі – қазақты жүзге бөліп, тулақша тартып, жүнше жұлмалау. Жауларымыз қоғамымыздағы келеңсіздіктермен күрестің түпқазығына да жүзге бөлуді зорлықпен тықпалап әлек.
Қазақтың кезкелген дұшпаны «найза беріп, жауға қоятын» қазақтың Кіші жүзінің айрықша рухты, ерекше өршіл халық екендігінен хабардар. Демек, алдымен Кіші жүздің бас көтерген өркеуде өкілдерін сабасына түсіру үшін Ұлы жүз бен Орта жүзді қайсар жұртқа қарсы айдап салу керек.
Бекарыстың балаларына қарсы бағытталып, тәуелсіздікпен бірге түндігін ашқан кескілескен майдан бір сәт саябыр тапқан емес.
1. Қазіргі Астана қаласының әкімі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВке қарсы арандатушылықтар дүркін-дүркін ұйымдастырылып отыр…
2. Бұрынғы Жоғарғы Кеңестің төрағасы, Мемлекеттік хатшы, бүгінгі заманның «Бұқар жырауы» атанған жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Еңбек Ері Әбіш КЕКІЛБАЕВ бір-ақ күнде сенаторлық қызметінен босатылды...
3. Бұрнағы Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВты Жаңаөзен қасіретіне кінәлі санап, оны саяси кеңістіктен біржола қууға талпыныс жасалды.
4. Тілі мен тәрбиесі орысша болса да, жүрегі мен жаны нағыз қазақ Марат ТӘЖИН қазақтың шынайы тарихын жазуға талпынысы үшін лауазымынан аластатылды.
5. Экс-Денсаулық министрі, қолы шипалы дәрігер-хирург Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ пен бұрынғы бас кеденші Серік БАЙМАҒАМБЕТОВтердің үстерінен негізінен ойдан құрастырылған заңсыз қылмыстық істер қозғалды.
6. Елбасының ең сенімді серіктерінің бірі Аслан МУСИН мен оның ниеттестері Бергей және Аманжан РЫСҚАЛИЕВтер қазақтың аса күрделі өңірін өркендеткен батырлардың рөлінен әп сәтте ел қазынасын жымқырған-қымқырған қылмыскерлер болып шыға келді. Жеме-жемге келгенде, Бергей Рысқалиевті қызметінен босатқан Елбасы: «Менің тапсырмаларымды тиянақты орындады» деп мақтаған еді...
7. Жайық жағалауынан бірнеше әлем мен олимпиада чемпиондарын дайындап шығарған қазақтың атақты палуаны Мүсілім ОҢДАҒАНОВ та табан астында топ құрған «қарақшы» атанып, «Құрмет» орденімен қоштасып, тас қапаста 12 жылға тоғытылмақшы...
8. Ең арғысы әйелі кәріс, болмысы ғалым-теоретик Ержан ӨТЕМБАЕВтың өзі киллер жалдаған «көкжал» екен...
...Жалпы Бекарыстың балаларын қорқытып-үркітіп, сабасына түсіру үшін жасалған бұл шаралардан таза қандас қазақтың емес, сыртқы жау, ата дұшпанның алақан ізі байқалады.
Аталған азаматтардың бәрі де тегіс Кіші жүздің өкілдері. Қазақ секілді аз жұртта бір жүздің балаларының «қара тізімге» ілініп, қатар «сап түзеуі» кездейсоқтық па? Қамсыз қисынның қаупін екшеп-өлшеген кім бар?!.
Кешегі қазақ қандай еді?..
Орта жүз Қаракесек Қазыбек он жеті жастағы, кіші жүз алшын Қара жігіт он алты жастағы кезінде үш жүз бас қосып, «ел ағасы» деп Төле бидің алдына бармаққа сөз байлапты. Аталған күнде Төле бидің ауылына келіп түсіпті. Үй тігіліп, мал сойылып жатады. Төле сөз бастайды:
– Уа, әлеумет, құс ұшса қанаты талатын, ат жүрсе тұяғы күйетін, ит арқасы қиян, қашық жерден келіп отырсыңдар, сендерден бір сөз сұрайын: «Осы аттың күші қай жерінде?» – депті.
Сонда біреу: «Аттың күші алдында», – дейді, келесі біреу: «Аттың күші артында», енді біреуі: «Аттың күші алдында да емес, артында да емес, ортасында», – дейді.
Төле «ортасында» дегенге қадала бір қарап:
– Аттың күші не алдында болмай, не артында болмай, дәп ортасында болатын себебі қалай? – дегенде, әлгі кісі:
– Бас басшы, арт қосшы, астында төрт тіреуі бар ортасы арқалық емес пе? Күш ортасында болатын себебі сол, – дейді.
Соңғы айтушыға Төле:
– Бұрынғылар айтқан екен: «Би үшеу болса, дау төртеу болады», – деп. Үш ел үш жаққа тартып, дау бітімі бытырамау үшін бір төбе би атап қойса қалай болар еді? – депті.
Содан кейін төбе билікке үш жүз талас болыпты. Ұлы жүз: «Біз боламыз, өйткені, үлкен ағамыз», – дейді. Кіші жүз: «Біз боламыз, өйткені, кенжелік – ата жолымыз бар», – дейді. Сонда манағы «аттың күші ортасында» деген жігіт айтады:
– Аға төреші болмайды, алдында қаймығары жоқ, іні төреші болмайды, артында қайырылары жоқ. Айбар қылар алдында ағасы бар, қаймығарлық артында інісі бар – екі жағынан да қаупі зор, сол себепті, билікті әділ айтатын төбе билік орта жүзге лайық, – дейді.
Төле би жігіттерден сонда жөн сұрайды: «Аттың күші басында» деген ұлы жүз, «аттың күші артында» деген кіші жүз, ал «аттың күші ортасында» деген орта жүз Қаракесек Қазыбек болып шығады.
Сонда Төле би:
– “Қой асығы демеңдер, қолыңа жақса, сақа ғой. Жасы кіші демеңдер, ақылы асса, аға ғой”, деген бұрынғылардың айтуы бар еді. Уа, жаным Қазыбек, төбе биліктің абыройын саған бердік, айтқан сөздерің жоба болсын, – деп, Қазыбекті оң жағына отырғызып, батасын береді.
Төле бидің ауылы бір көлдің жағасында екен. Ел арасындағы әлгі даулы мәселені кеңескелі Төле, Қазыбек, Қаражігіт үшеуі көлдің жиегіндегі бір көгал жерге барып отырған кезде суға бір топ аққу келіп қоныпты. Төле айтыпты:
- Бір ауыз сөз айталық: басын біріміз, ортасын біріміз, аяғын біріміз. Сөзіміз бір жерден шықса, кейінгі билігіміз бен елдік бірлігіміз де бір шығар, – дейді.
Сонда Қазыбек отырып:
- Ақсақал, басын өзіңіз бастаңыз! – депті.
Беттері көлге қарап отыр екен.
– Бұл көлдің алар ма еді қуын атып, – дейді Төле.
– Жазым болып жүрмесін суын атып, – дейді Қазыбек.
– Үлкен жиын, үлкен той боп жүрмесін, суда жүрген перінің қызын атып, – дейді Қаражігіт.
– Сөзіміз бір жерден шықты, «Ырыс алды – ынтымақ» деген ғой! Бір жағадан бас, бір жеңнен қол, бір ауыздан сөз шығарып, иншалла, артымыз бәтуәлі болады екен, – деп Төле қарт қуанып қалыпты, үш жүздің баласы сонымен ынтымақтасып тарқапты...
...Қазақ қазақ болғалы орыстың орманы сыңсыған батыс қақпамызды апайтөсімен қорғаған жаужүрек жұрт Кіші жүздің қайқы қылыш, өршіл болмысты қаһарманы Махамбет бабамыз:
«Ханның ісі қатайды,
Азамат ерден бақ тайды.
Қанды көбе киініп,
Бір Аллаға сиынып,
Ұрандап жауға тигенде,
Кім жеңері талай-ды.
Жолдастарым, мұңайма!
Жайықтың бойы көк шалғын,
Жайықтың бойы көк шалғын –
Күзерміз де жайлармыз.
Күлісті-сынды күреңді
Күдірейтіп күнде байлармыз.
Құдай істі оңдаса,
Ісім жөнге келгенде,
Қамалаған көп дұшпан
Әлі де болса, қойдай қылып айдармыз!
Жолдастарым, мұңайма!» – деп жырлаған екен, ендеше, қазаққа керегі – жүз бен руға бөлініп-бөлшектену емес, берік жұдырыққа бекем-бірігу!
...Мейлің, бір заманда Мәжіліс мінберінен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай ӘБІҚАЕВқа: «Қазақты бөлгісі келген Кіші жүздің баласы Қажымұқан Ғабдоллаға шара қолданыңыз!» – деп талап қойып, ата жауларымыздың арандауына алданған депутат, қазіргі әдебиетші Уалихан ағамыз тағы да: «Қажымұқан Ғабдолла Кіші жүзін қолдады!» деп тасыраңдай берсін, ал, мен Ғабеңнің (Ғабит МҮСІРЕПОВ): «Жүзге бөлгеннің – жүзі күйсін!» – дейтін даналығын дәтке қуат еткен адаммын!
Беттің күйгенінен, шеттің сүйгенінен сақтасын!!!
Редакциядан:
Автордың көзқарасы мен келтірген дәйегіне редакция жауап бермейтіндігін ескертеді.
Abai.kz