Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2768 0 пікір 22 Қыркүйек, 2009 сағат 05:48

Сәкен СЫБАНБАЙ. «Қазақстандық ұлт» болғым келеді

Тақырыпты оқыған адамның ашуланбасқа тағат таппасы анық. «Қазақтығынан безген безбүйрек пе, немене?» деп күңкілдеушілерден бастап «Іштен шыққан жау жаман» деп нигилистер қатарына қосып қоюшылардың да қарасы аз болмасын біліп отырмын. Айыптаулардың ең сыпайысы - «Жоғары жақтың ұлт ретінде жойылуға бастайтын ұсынысын жапа-тармағай қолдап, жарыса қуаттай жөнелетін жағымпаздардың бірі де» болар, сірә... Бірақ бірден жер-жебіріме жетпей, сәл сабыр сақтаңыз. Әуелі айтарымды айтып алайын. Сосын сойып жесеңіз де мақұл.

Мені толғандыратыны - «сол «қазақстандық ұлт» қай тілде сөйлейді?» деген мәселе.

Бірде таксиде келе жаттым. Радиодан кезекті еврей-араб қақтығысы туралы, сосын іле-шала орыс тілінің Латвияда баяғы әлуетінен айрылып, тек шет тілі боп қана қалғаны жайында ақпарат берілді. Сонда ұлты орыс таксист маған былай деді:

- Түсінбеймін, осы жұрт тілге бола неге жанжал шығарады? Кімнің қай тілде сөйлегенінде тұрған не бар? Ең бастысы - бәріміз де адамбыз, бір-бірімізді сыйласақ, құрметтесек, тату-тәтті өмір сүрсек, өзара түсініссек, сол жетпей ме? Шіркін, жер бетінде бір-ақ тіл қалып, бүкіл әлем халқы сол тілде түсініссе ғой! Қалай ойлайсыз?

- Мейлі, солай-ақ болсын, - дедім мен. - Бірақ сіз сол жалғыз тілдің  қай тіл болғанын қалар едіңіз?

Ол:

- Маған бәрібір,  - деді.

- Өзіңіз қанша тіл білесіз?

Тақырыпты оқыған адамның ашуланбасқа тағат таппасы анық. «Қазақтығынан безген безбүйрек пе, немене?» деп күңкілдеушілерден бастап «Іштен шыққан жау жаман» деп нигилистер қатарына қосып қоюшылардың да қарасы аз болмасын біліп отырмын. Айыптаулардың ең сыпайысы - «Жоғары жақтың ұлт ретінде жойылуға бастайтын ұсынысын жапа-тармағай қолдап, жарыса қуаттай жөнелетін жағымпаздардың бірі де» болар, сірә... Бірақ бірден жер-жебіріме жетпей, сәл сабыр сақтаңыз. Әуелі айтарымды айтып алайын. Сосын сойып жесеңіз де мақұл.

Мені толғандыратыны - «сол «қазақстандық ұлт» қай тілде сөйлейді?» деген мәселе.

Бірде таксиде келе жаттым. Радиодан кезекті еврей-араб қақтығысы туралы, сосын іле-шала орыс тілінің Латвияда баяғы әлуетінен айрылып, тек шет тілі боп қана қалғаны жайында ақпарат берілді. Сонда ұлты орыс таксист маған былай деді:

- Түсінбеймін, осы жұрт тілге бола неге жанжал шығарады? Кімнің қай тілде сөйлегенінде тұрған не бар? Ең бастысы - бәріміз де адамбыз, бір-бірімізді сыйласақ, құрметтесек, тату-тәтті өмір сүрсек, өзара түсініссек, сол жетпей ме? Шіркін, жер бетінде бір-ақ тіл қалып, бүкіл әлем халқы сол тілде түсініссе ғой! Қалай ойлайсыз?

- Мейлі, солай-ақ болсын, - дедім мен. - Бірақ сіз сол жалғыз тілдің  қай тіл болғанын қалар едіңіз?

Ол:

- Маған бәрібір,  - деді.

- Өзіңіз қанша тіл білесіз?

- Орыс тілінен басқа тіл білмеймін.

- Демек, сіз бүкіл әлем орыс тілінде ғана сөйлессе деп армандайсыз ғой сонда?

Ол үнсіз қалды. Мен бәрібір оның көкейінде осы ойдың ғана тұрғанын сездім.

- Жоқ, мен аздап қазақша үйреніп жүрмін, - деді сосын сапарласым сәл ыңғайсызданғандай болып. - Көптеген қазақ достарым да бар. Жалпы мен «қазақстандық ұлт» деген идеяны қолдаймын. Себебі, бәріміз де - мейлі, ол қазақ болсын, орыс, тіпті неміс болсын - қазақстандықпыз ғой! Қазақстан - ортақ Отанымыз.

- Сонда сол ұлт, «қазақстандық ұлт», сіздіңше, қай тілде сөйлейтін болады?

- Әркім өзі қалаған тілінде сөйлей берсін!

Мен тағы да сұхбаттасымның тек орыс тілінің үстемдігін меңзеп отырғанын түсіндім. Яғни, «қазақтар өзара қазақша сөйлесе берсін, бірақ өзге ұлт өкілімен түсініскенде, мемлекеттік қызметке тұрғанда, парламентке депутат боп сайланғанда... бәрібір орыс тілінің көмегіне жүгінеді» деген көзқарас! Алматылық бейтаныс таксистің ойы осындай болғанда, саясаткерлердің пікірі қандай болмақ? Сонда бұлар өздерінің «орыс ұлты» боп аталуынан да безуге дайын: тек сөйлейтін тілі орыс тілі болсын!

...Бүгін, яғни, 22 қыркүйекте қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қабылданғанына, өзіңіз білесіз, тура 20 жыл толып отыр. Бұл мереке еліміздің барлық аймақтарында атап өтіліп, ел абыр-сабыр боп жатыр-ақ. Балабақшаларда, мектептерде, мекемелерде, үйірмелерде, кәсіпорындарда өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін меңгеру дәрежесі бойынша байқаулар мен жарыстар ұйымдастырылып, өзін қазақша таныстырып, тақылдап тақпақ айтып берген орыс, украин, түрік, өзбек, корей, ұйғыр және тағы басқа халықтардың ұл-қыздарына құрмет көрсетіліп, сый-сияпат үлестіріліп дегендей... әйтеуір мәре-сәре жұрт.

Бірақ, бірден айтайық, жалпы алғанда, мерекелік көңіл-күйдің сезілмейтіні рас. Жо-жоқ, мен тіл мерекесінің өткізілуіне, Қазақстандағы барлық халықтардың тілдерінің дамуына, қазақша білетін өзге ұлт өкілдерінің өзара білім-білік жарыстыруына тіпті де қарсы емеспін. Құдай ақына, өте берсін! Мені қынжылтатыны - ертең-ақ мұның бәрі бітеді де, еліміздегі тілдік ахуал бәз-баяғы таз қалпына қайта түседі. Неге?

Байқасаңыз, мерекенің көрігін мейлінше қыздырып, жүлдеден жүлде қоймай, ақкөңіл қазақты айран-асыр етіп жүргендер - туғалы қазақ ауылында тұрып келе жатқан немесе тұрғылықты ұлт өкілдері көп қоныстанған өңірлерден шыққандар. Яғни, қаласын-қаламасын, қаршадайынан мемлекеттік тілді білуге мәжбүр болғандар, оған деген қажеттілікті күнделікті өмірінде нақты сезініп өскендер. Сондықтан оларға қарап, «Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің барлығы бір кісідей қазақ тілін қарқынды түрде үйреніп жатыр екен» деп түсіну - аңғалдық.

Шын мәнінде, елімізде мемлекеттік тілді меңгеруге деген талап, талпыныс әлі де әлсіз. Себебі, оны үйренуге деген қажеттілік жоқ. Қазақстанда қазақ тілін білудің екі-ақ жерде зәрулігі бар: бірі - жылына бір рет өтетін тіл мерекесінде көзге түсу үшін; екіншісі - ...мемлекет басшысы болу үшін. Рас, бізде қазақ тілін меңгермеген адам тек Президент қана бола алмайды, қалған қызметтің бәріне жол ашық. Керісінше, мемлекеттік тілді ғана білетін, орысшаға шорқақ адам билікке бармақ түгілі, кез келген мекеменің есігінен де сығалай алмайды. Осындай өзіне күнделікті еш пайдасы болмай тұрған тілді кімнің үйренгісі келеді?

Демек, бізге қазір ең басты нәрсе - Қазақстанда қазақ тілін білуге деген қажеттілікті қалыптастыру керек (осы ойды айтып-жазып жүргеніміздің де 20 болмағанмен, 15 жылдық «мерейтойы» келіп қалды-ау, әттең, құлақ асар ешкім жоқ). Ол үшін Конституцияда «тең дәрежеде қолданылады» делінгенімен, шын мәнінде қаншама жылдан бері елімізде мемлекеттік тілдің фунциясын атқарып келе жатқан орыс тілінің қолданылу аясын мейлінше тарылту қажет. «Орыс тілін орнынан қозғамай-ақ, қазақ тілін де қатар қарыштата дамытып жіберейік!» деген ұрансымақ - еш қисынға келмейтін, жаяуды атты адаммен жарыстырып, ол сорлының әлгіден озып келуін талап еткендей абсурд түсінік. Өйткені, кез келген қоғам - «резиновый» емес, сондықтан тілдердің бірінің қолданылу аясын барынша кеңейту үшін екіншісінікін мейлінше тарылту қажет. Қазіргі «қазақ тілін дамыту үшін жасалынып жатыр» дейтін әрекеттердің бәрі (оқулықтар, сөздіктер, тілашарлар шығару, кей жерлерде іс қағаздарын қазақша жүргізе бастау, қазақша басталатын жиындардың көбеюі, салақұлаш бағдарламалар мен тұжырымдамалардың қабылдануы, т.б.) - түпкі мақсаты дұрыс болғанымен, ешқандай нәтиже бермейтін, берсе де әсері әлсіз шаралар. Бейнелеп айтқанда, суға кеткен адамды сыртқа шығармастан сол судың астында-ақ аяқ-қолын уқалап, бетін бері қаратуға тырысқандай далбаса тірлік. Орыс тілін Қазақстандағы өзге диаспоралар (украин, өзбек, ұйғыр, корей, т.б.) тілдерімен бір дәрежеге түсіріп, қазақ тілін билік пен қоғамның барлық саласында басты қатынас құралы ете білгенде ғана әлгі ізгі ниетті істер нақты нәтижеге ұласар еді.

...Енді, бағанағы ентігіңіз басылса, мақаламыздың тақырыбына қайта оралайық. Егер қазақ тілі әлгінде мен сипаттап өткен дәрежеге жетсе, яғни, тек қағаз жүзінде ғана емес, шын мәніндегі нағыз мемлекеттік тілге айналса, елдегі бүкіл халық қазақша сөйлейтін болса, мен «қазақстандық ұлт» болуға қарсы болмас едім. Нақтырақ айтқанда, жаппай қазақ тілінде сөйлейтін «қазақстандық» атануға әзірмін!.. Алайда, қазақтан «қазақстандық ұлт» жасуға бейім біздің биліктің көзқарасы менің бұл пікіріммен емес, бағанағы алматылық таксистің ойымен көбірек үндес-ау деп қорқамын...

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371