Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
46 - сөз 1509 6 пікір 10 Қыркүйек, 2024 сағат 13:42

Қазақ болып қалу да қиын "жұмыс" болып барады

Сурет Сәкен Сыбанбайдың желідегі парақшасынан алынды.

Келіннің сәлем салуы деген бір ғажап дүние ғой. Салушы да ырза - бата алды, бұл тілек оның өзіне, тіпті ұрпағына құт боп дариды, сәлемді алушы да мәз - өзінің сол әулет-ауыл-ру-орта-қауым ішіндегі орнын, бағасын сезініп, сол құрметке үнемі лайық болып жүрмесе болмайтынын сәт сайын ұғына түседі.

Бұрын аса мән бере қоймаған екенбіз, енді өзіміз қайынаға-қайыната бола бастаған соң көңіл бөле қарайтын болдық. Ауылға барамыз, қаладағы ағайын-туыс, дос-жаранның той-жиынына қатысамыз. Келіндер сәлем салса - кәдімгідей мәз боп қаламыз-ей, 'Бақытты бол, шырағым", "Ұл тап, қарағым", "Көп жаса!" деп, қанаты жарым қарғадай қалбалақтап барып, өзіміз жауап-сәлем жасай жаздап, әрең тоқтаймыз. Ырзашылық қой! Көңіл ғой шіркін!

Ал сәлем салмаса... Жасыратыны жоқ, тым ескішілміз бе, ішімізге кіп алып, кіділеніп, тымырайып қаламыз. Бұрын соны ескертуді әбес санаушы ем, кейінгі уақытта иілмей кекірейген келіндерге қасақана, "нагло" "көп жаса, айналайын" деп кекететінді шығардым. Ұяты барлары өтірік енді ғана көргендей икемсіздеу иілген болады, ал ұяты жоққа - қашанда дауа жоқ...

Дегенмен... Бірде әлдебір тойда бір келінді қатты шошыттым. Сәлем салмай, "Амансыз ба" деп күлімсірей салды. Сосын хал сұрасып тұрып:

- Келін шырағым, талай уақыт болды көріспегелі, көңіл көрген жерде деген, інімнің иманы саламат болсын, бара алмадық, - дей беріп ем:

- Ойбай, ініңіз аман ғой, қазір келеді, жұмыстан босай алмай жатыр тек! Кім айтып жүр өлді деп! Қате информация! Шатастырған шығарсыз! Қазір ешкімге сенуге болмайды!

Қалшылдап кетті.

- Ойбуй, аман болсын дәйім, бұрыс ұққан мен шығармын онда. Кешір, айналайын. Оның үстіне, күйеуі қайтыс болған келін ғана сәлем салмаушы еді, қайдан білейін... - Кісі аяйтындай сипақтап, аңқауси қалдым. Ебедейсіз иілген болып, "кешіріңіз" деді де, қашып кетті. Той соңына дейін маған жолығып қалмауға тырысып, анадайдан айналып жүрді. Ұялғанының, түсінгенінің өзі әдемі. Есінде қалады да...

Қазақ болып қалу да қиын "жұмыс" болып барады-ау....

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

6 пікір