Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4422 0 пікір 26 Ақпан, 2014 сағат 05:53

Еуромайданның екі сабағы

Украина халқының үш айға созылған жанқиярлық күресі, ондағы қайтпас қайсарлық, мұқалмас ерік-жігер әлемді таң қалдырды. Шынайы еркіндік жеткен қазіргі шақта көгілдір планетаны мекендеген күллі адамзат «Біз сені сүйеміз, Украина!» деп жар салуға даяр отыр. Жаңа құрамдағы Верховна Раданың ең алғашқы қадамына қараңыз: орыс тіліне «регионалдық тіл»  статусын берген алдыңғы заң күшін жойып, украин тілі жалғыз, дара  «мемлекеттік тіл» екендігі қайтадан бекітілді. Кәне, еркіндік демей көр. Бірақ дәл осыған кейбір ел «фашизм» деп қатты шүйлікті. Бұл енді әділетсіздік. Неге десеңіз, Орталық Украинада украин тілі аяғын тәй-тәй басқан қорғансыз сәби сияқты, ал шығыстағы тұрғындар бұл тілден мүлде мақұрым. Айтайын дегенім, мұны өздеріңіз де байқап отырсыздар, Киевтегі майданды тұтатқан ішкі я сыртқы жаулар емес, оған кәдуілгі қайран тіл «кінәлі»!

         Осымен, Еуромайданнан қазақтың алар сабағы дегенге ауысалық.

Украина халқының үш айға созылған жанқиярлық күресі, ондағы қайтпас қайсарлық, мұқалмас ерік-жігер әлемді таң қалдырды. Шынайы еркіндік жеткен қазіргі шақта көгілдір планетаны мекендеген күллі адамзат «Біз сені сүйеміз, Украина!» деп жар салуға даяр отыр. Жаңа құрамдағы Верховна Раданың ең алғашқы қадамына қараңыз: орыс тіліне «регионалдық тіл»  статусын берген алдыңғы заң күшін жойып, украин тілі жалғыз, дара  «мемлекеттік тіл» екендігі қайтадан бекітілді. Кәне, еркіндік демей көр. Бірақ дәл осыған кейбір ел «фашизм» деп қатты шүйлікті. Бұл енді әділетсіздік. Неге десеңіз, Орталық Украинада украин тілі аяғын тәй-тәй басқан қорғансыз сәби сияқты, ал шығыстағы тұрғындар бұл тілден мүлде мақұрым. Айтайын дегенім, мұны өздеріңіз де байқап отырсыздар, Киевтегі майданды тұтатқан ішкі я сыртқы жаулар емес, оған кәдуілгі қайран тіл «кінәлі»!

         Осымен, Еуромайданнан қазақтың алар сабағы дегенге ауысалық.

         Жаңа айтқандай, Днепрдің оң жақ беті, яғни батысын мекендеген халықтың көбісі украин тілінде, ал сол жақ бетте – әкімі де, қалың бұқара да тек орысша сөйлейді. Майданды көкжәшіктен үзбей қадағалан әр адам да байқай алады: екі жақ тұрғындары қаны бір болғанымен, рухы алшақтығы соншалықты, тап бір өзге планетада өмір сүргендер сияқты. Осы фактіден соң, адамның күллі рухани болмысы тілмен бірге өзгереді деген қағидаға сенбеуге лажың да жоқ.  

         Тоқ етері,  тіл жоқ жерде, ұлт та жоқ. Бұл -  аксиома.  Біз ше, Еуромайданның «мені таны, көріп ал» деген бірінші тарихи сабағы да осы.

         Украина және Қазақстан, шын мәнінде, тағдырлас елдер. Ғасырлар бойы  «тізені» де (ақ патшаның отарлау езгісі, кеңестік режимнің қызыл  ноқтасы), көрешекті де (алапат ашаршылық, аяусыз саяси репрессия, ұлт мектептерін  орыстілді мектептерге алмастыру) екеуі қатар көрді.  

          Киевтегі оқиға астарын түсінгісі келетін жастар үшін алдымен Ресей империясы тарихына үңіле кетсек артықтық етпес. Империяның еуропалық бөлігінде мордва, чуваш, черемис, пермяк, нағайбақ деген аты бар да, заты жоқ  ұлттар көп.  Олар физикалық тұрғыдан, әрине, тірі, бірақ шынайы өмірде салт-дәстүрі жойылған, ең бастысы, тілі өшіп-сөнгендер. Жасырып-жабары жоқ, Ресей Федерациясы бүгінгі таңда Батыс Сібірдегі халықтарды (якут, хакас, тоба, эскимос т.б.) орыстілді қылу қамында мықтап шеңгелдеп, шырмап алды. Мінеки, алып империя көксеген - орыстандыру саясатынан украиндықтар да шет қалмады, әсіресе, Украинаның шығыс аумағы (орталығы – Харьков қаласы) тұрғындары.  «Ауру батпандап кіреді, мысқалдап шығады» демекші, енді олардың украиндық болмысына оралуы қиынның қиыны, бәлкім, мүмкін емес нәрсе.

         Осымен, елдің екінші шеті - тұрғындары «бандеровцы» деп аталатын Карпаты таулы аумағына ат басын бұралық. Батыс Украинаның ерекшелігі - Совет Одағы құрамына тек екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында ғана қосылған. Бандерашыл жамағатты ұлттың бас көтерер естісі, рухани мәйегі, ащытқысы қылып отырған міне осы жәйт. Қазіргі Киевтегі көтеріліс көрігін лаулатқан ерлердің көбісі таулы аумақтың оғландары болып табылады.

       Батыс және Шығыс Украина ахуалын қысқаша айтып өттік. Ал, Орталық Украина ше? Бұл аумақта «барша орыс қалаларының анасы»  - көне Киев орналасқан (ХІ-ғасырда бұл шаһарға біздің қыпшақ бабалар  ерен үлес қосты). Абырой болғанда, Орталық Украина тұрғындары тәуелсіздік жылдары ұлттық тегіне, өз үйіріне қосылып үлгерді, әйтеуір. Бұл, әрине, өз өзінен бола қалған шаруа емес. Леонид Кучма, Виктор Ющенко басқарған жылдарда отарсыздандыру төңірегінде өткен зор айқас-тартыстың, табанды саясаттың татымды жемісі деуге керек.   

         Сонымен, Украина елінің үш бөлігіне де көз салдық,  ондағы шиеленісті оқиға, тағы бір қайталайық, бізді тіл мен ұлт егіз, тіл - ұлтты сақтап қалудың негізгі факторы деген ой-қазыққа жетелеуге тиісті.   

        Еуромайданның екінші сабағына келейік. Мәселе сонда, Украинаның шығысы біздің солтүстік өңірден еш аумайды.  Аталмыш аумақта орыс тілінің сеңі сөгілудің ауылы алыста. Таяуда Эдуард Лимонов деген аты-шулы орыс саясаткері «бұл аумақтағы қалалар орыстікі» деп екі мәрте мәлімдеді. Оқушы балаға да аян осы ақиқатты біздің үкімет білмей ме, білсе неге ұйқылы-ояу харекетсіз хәлде, неге ниеттенбейді - түсіне алмайтын шығармын. Сол сияқты білім беру жүйесінде өткен сан алуан реформадан не таптық? Онан да, сол орасан қаржыны аралас мектептерді қазақтілді қылуға салсақ қайтер еді? Елдіктің келешегін шешетін майдан осы арада екені екібастан белгілі емес пе. Қазақ билігі алуға тиісті маңызды сабақ осы.

          Сөз етілген екінші сабақтан туатын ұсыныстар мынау:

          Біріншіден, қазақ балалары түгелдей сауатын ана тілінде ашуға тиісті. Егер қазіргідей аралас мектептермен өзімізді өзіміз алдауқырата берсек, уақыттан мықтап ұтыларымыз хақ. Он жыл бойы орыс тілін, әдебиеті мен мәдениетін үйренген бала орыстанбағанда қайтеді. Қазірдің өзінде ата мен немере бір тілде ұғыса алмайды, орысша ақпараттық кеңістік мүлде үстем. 

         Екіншіден, солтүстік аумақтарға барлық керекті жағдайды жасай отырып, жасыл орман жастарды және оралман қандастарды қондыру саясаты ауадай қажеттілік. Тіл - бейқамдық пен салғырттықты көтермейтін феномен. 

        Үшіншіден, ұлттың менталитеті, салт-санасы, түйсігі, жан сарайы ескерілген, былайша айтқанда, рухтанған  экономика ғана табысты болмақ. Қазақ үшін табиғи бағыт - ауыл шаруашылығы, оны индустриаландыру екендігі сөзсіз.  Халық санын шапшаң көбейту - демография мәселесін шешу де ауылды көтеруді қажетсінеді. Қашан мұнай қоры  таусылғанда ауылға бет бұрамыз десек қатты қателесеміз.

         Осы аталған үш стратегиялық бағыт «Американы ашу» емес, мың сан рет айтылып-жазылып келеді. Біз де қайталаймыз - оларға күш-қаржыны қанша төксең де адал. Өйткені, елдің баяндылығы, мәңгілігі де, мұңайған қазақтың көңілін жадыратар құдірет те осы жақта.

        «Еуромайдан» алауына қайтып оралайық.  Сарапшылар сөзінше, Батыс және Орталық Украина тұтасып, унитарлы, тас-түйін ұлттық мемлекет құрады (тіпті территориясы қысқарған күннің өзінде оның келешегі баянды деседі). Батыс әлемі көмекке орасан (20 млрд доллар) қаржы бөлмекші. Ал, Шығыс және Оңтүстік (Қырым жартыаралы) тұрғындарының тағдыры ақ түтек боранда адасқан табынды еске салады. Қашан, қайда барып тірелері беймәлім, тіпті болжамдау да мүмкін емес.  

        Сөйтіп, екіге жарылған  Украина таяу болашақта бас біріктіреді деу қате, ол негізсіз жәй арман ғана.  Бұл ретте «Е, неге, екі лагерге бөлінген неміс халқы  қайта қосылды, әнеки Солтүстік және Оңтүстік Корея да қосылуға бейілді» деуіңіз бек мүмкін. Дұрыс. Ел мен елдің материалдық (өндіріс, зауыт, фабрика және т.б.) және әлеуметтік (басқару, білім беру, тәрбие және т.б. жүйелер) тұрғыдан қосылу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды, егер тіл бірлігі болса. Қосылудың ең ұзақ процессі – тіл мен сана бірлігі. Киевтегі революция көсемдері мен жаңа үкіметтің ең алғашқы қадамын «Украин тілі - мемлекеттік тіл» деген заңды бекітуден бастағаны сол. Иә, батырлар бұғауды бырт-бырт үзді. Енді салмақ билерге түспекші, яғни ендігі керегі - саяси бірлік және сәттілік. Қазақ халқы атынан Сіздерге ақ жол тілейміз, бір Тәңірім жар болсын, кекілді ағайындар!

Асан Омаров –  ғалым-журналист.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320