Сенбі, 23 Қараша 2024
Айтыс 2325 4 пікір 16 Қыркүйек, 2024 сағат 13:27

Жауап: Бұл тарих бір мақала көлеміне сыймайды!

Коллаж суреттері: qalamger.kz, adyrna.kz

Ұларбек Дәлейұлының «Алтын Орданы құлатқан Ақсақтың хаты» атты мақаласы жарияланды. Бұл мақалада Алтын Орда тарихына қатысты, Әмір Темірдің тарихтағы роліне қатысты мәселелердің бұрмалануы мені амалсыздан жауап беруге мәжбүр етті. Бұл мақала шеңберінде сол кезеңдегі барлық тарихи оқиғаларға кеңінен талдау жасай алмаймын. Өйткені, бұл тарих бір мақала көлеміне сыймайды. Сондықтан белгігі оқиғалар туралы қысқа деректермен шектелетінімді алдын ала ескертемін. Әрине, бұл мақалада Әмір Темір туралы да, Тоқатмыс хан туралы, олардың тарихтағы ролі туралы да сөз қозғалады.

Алдымен Алтын Орда мемлекетінің күйреуі неден басталғанына қысқаша талдау жасайық. Алтын Орда мемлекеті қуатты мемлекет ретінде қалыптасуы Өзбек ханның заманында Йасауи жолы өкілдерінің-әулиелердің Йасауи жолын мемлекеттік идеология деңгейіне көтеруінен басталды. Мемлекеттің бар саласында әулиелер күрделі реформалар жасай отырып, адамзат тарихындағы ең әділетті қоғамды дүниеге келтірді. Ол мемлекеттің құрылымдық жүйесі қазақтың киіз үйінің жобасын қайталайтын. Кереге қара халық, уық рухани жетекшілер, шаңырақ хандық билік. Біріне бірі тәуелді, бірі бірінсіз өмір сүре алмайтын әділетті қоғамды қалыптастырды. Абсолюттік билік қарада да, биде де, ханда да болған жоқ. Абсолюттік билік тек шариғатқа-заңға берілді. Мемлекет қарыштап дамыды. Аз ғана жылдың ішінде әлемдегі ең дамығын мемлекет деңгейіне көтерілді. Алайда, мемлекеттігі мұндай жағдай биліктен шеттетілген Жошы ұрпақтарын қуанта қойған жоқ. Өйткені, ханнан басқаларының барлығы қара халықтың қатарына қосылды. Осыған наразы болған Өзбек ханның ұлы Жәнібек сұлтан бастаған Жошы ұрпақтары мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруды жоспарлады. 1342 жылы Өзбек ханның кенеттен қайтыс болуы олардың бұл жоспарын іске асыруға мүмкіндік берді. Хан тағына отыруға тиіс Тыныбектің жорықта болуына байланысты хан тағына Өзбек ханың әйелі Тайдуланың өтінішімен Жәнібекті уақытша хан таына отырғызды. Ол ретін тауып ағасы Тыныбекті де, інісі Хызырбекті де өлтіріп, өзі жеке билеушіге айналды. Йасауи жолыннан бас тартып, өзіне абсолюттік билікті беретін мемлекеттік идеология ретінде ислам дінінің шафиғи мазхабын қабыл етті. Билер институтын тарқатты. Асан Қайғы бастаған билердің әрекеті нәтижесіз аяқталып, Жәнібек толық жеңіске жетті. Ол өзіне ылайықты мемлекеттік жүйені қалыптастырды. Алайда, өзінің қолы абсолюттік билікке жеткенімен, халықтың қолдауынан айырлып, өзі құрған бюрократиялық аппаратың тұтқынына айналды. Соңында сол бюрократиялық аппаратың көмегімен өз ұлы Бердібектің қолынан қаза тапты. Бердібек таққа отырысымен өзімен таққа таласуы мүмкін деген туыстарының барығының басын алды. Өзінің балаларының да басын алды. Араға үш жыл салып, өзі де сарай төңкерісінің құрбаны болды. Бұл оқиға қазақтың қария тарихында «Бердібекте нар мойыны кесілді» деген бір ауыз сөзбен тұжырымдалған. Одан кейін Бату хан ұрпақтарынан хан тағына отыратын еркек кіндікті ешкім болмады. Бұдан кейінгі кезеңде Жошы ұрпақтары арасындағы тақ таласы басталды. Жиырма жылда Алтын Орда тағына жиырма бес хан келіп кетті. Нәтижесінде мемлекет толығымен күйреді десе болады.

Осы кезеңде Жошы ұрпақтарының мемлекеттік билікті ары қарай алып кетуі мүмкін еместігіне көзі жеткен Саййд Барака бастаған Йасауи жолы өкілдері Мауараннахрда Әмір Темірдің қолына билікті ұстатып, оның алдына «Шыңғыс хан империясын толығымен қайта қалпына келтіру» міндетін қойды. Әмір Темір өзінің алдына қойылған міндетті толығымен орындауға бар күшін салды. Тойқожа оғланның ұлы Тоқтамысты қолына билік беріп, оның Алтын Орда тағына отыруына бар мүмкіндікті жасады. Бірақ оның алдына шарт қойылды. Йасауи жолынан таймай түркілердің рухани-мәдени тұтастығын қайта қалпына келтіресің деген. Алғашқы кезеңде Тоқтамыс хан уәдесінде тұрып, түрлі ұлыстарға бөлініп кеткен түркілердің басын біріктіріп, мемлекеттің тұтастығын қалпына келтірді. Куликово шайқасынан кейін Алтын Ордаға мойынұсынғысы келмеген Москва, Тверь книяздықтарын талқандап, оларды қайтадан Алтын Ордаға тәуелді етті. Бірақ Тоқтамыс уәдесінде тұрмады. Ол Йасауи жолынан бас тартып, Жәнібек хан сияқты шафиғи мазхабына басымдық берді. 1385 жылдар соңында Тоқтамыс хан керуен жолдарын өзіне кері қайтарамын деген сылтаумен Әмір Темірге қарсы әскери қимылдарды бастады. Алғашқы кезеңде Әмір Темір өз әскерінің Тоқтамыс әскерлерімен тікелей қатығысқа түсуден сақтандырып, соғысты барынша болдырмауға күш салды. Моғолстан әмірі  Камараддинмен келісіп, Орта Азияға бір мезгілде екі жақтан шабуыл жасауға келісті. Сөйтіп, екі жақтан шабуылдап, Орта Азияны тонаушылыққа ұшыратты. Әмір Темір қайтып келгенде олар кері шегініп кетті. 1388 жылы қайтадан орасан зор әскер жинап, қайтадан жорыққа шықты. Әскерлері негізінен литвалықтар мен Қара теңіз жағасындағы гректерден, орыстардан черкестерден, булғарлардан тұрды. Көшпелі тайпа өкілдерінің Әмір Темірге қарсы соғысуға құлқы болмады. Осы жолы олар Түркістанға келіп, Қожа Ахмет Йасауи кеснесін қиратты. Кесенесі қираса, Йасауидің ілімі кесенемен бірге көміледі деп ойласа керек. Тоқтамыстың мұндай бейбастығына ашуланған Әмір Темір 1392 жылы Тоқтамысқа қарсы жорыққа аттанды. Тоқтамысты Булғар жерінде талқандап кері қайтты. Тоқтамыс болса, қашып Литва жерін барып паналады.  Одан кейін қайта келіп, Әмір Темірге қарсы әрекетін қайта бастады. Тоқтамыстың арқа сүйеген Алтын Орда қалаларын толық талқандамайынша, Тоқтамысты сабасына түсіру мүмін еместігін түсінген Әмір Темір Ираннан Әзербайжан арқылы Алтын Ордаға өтіп, Еділ бойындағы, Қара теңіздің солтүстігіндегі қалалардың барлығын күйретуге мәжбүр болды. Одан кейін Москваны барып қоршауға алды. Сол жерде Әмір Темірге аян беріліп, кері қайтты. Ол Қызыр алейһис-саламның орыстардың шылауында тұрғанын көріп, түркі жұртының Тәңір Тағаланың берген шексіз құдіретін ұстап тұра алмай, өзара қырқысып, қолындағы асылдан айырлып қалғанын сезініп, Москваны шабудан бас тартты. Одан Йасыға келіп, Тоқтамыс қиратқан кесененің орнына Қожа Ахмет Йасауидің басына қазіргі алып кесенені тұрғызды. Бұл қазіргі күні ислам дінін қабылдаған түркі халықтарының  қасиетті мекенінің басты құндылығына айналып отыр. Осыменен мақалаға нүкте қоюға болар еді. Бірақ, Алтын Орданың қайтадан бас көтеріп, бұрынғы құдіретін қайта қалпына келтіруге мүмкіндігі бар еді. Алайда, сол мүмкіндікті пайдалануға, Тоқтамыстың басынан кешкен тағдырынан сабақ алмауы, Әмір Темірден кейін де сол территорияда кескілескен соғыс жүргенін көпшілігіміз біле бермейміз. Ендігі кезекте сол тарихтан да хабардар болыңыздар. Мақаланың бұл бөлігі «Йасауи жолының Алтын Орда тарихындағы ролі» атты кітаптан алынып беріліп отыр.

Әмір Темір Алтын Орда мемлекетін толық талқандап, мемлекеттік қуатын күйреткеннен кейін, кетерінде Сарай тағына Орыс ханның ұлы Құйыршық оғланды отырғызды. Құйыршықтан басқа Қырымда Тойқожа оғланның ұрпақтарының бірі Тастемір билік құрды. Ал, Хажы Тарханда Едіге би қолдаған Орыс ханның немересі Темір-Құтлығ  өз алдына билік жүргізді [103, с. 429]. Көп ұзамай Тоқтамыс хан да қайтадан атқа қонып мемлекет билігін қайтадан қолына алуға әрекет жасады. Темір-Құтлық пен Едіге солардың барлығымен тоқтаусыз күрес жүргізуіне тура келді. 1399 жылы Едіге мен Темір-Құтлық Тоқтамыс пен Литва князы Витовттың біріккен күшін Ворскла өзені бойында талқандауы Темір-Құтлықтың Сарай тағы мен Жошы ұлысына толық билік етуіне мүмкіндік берді. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады. Сол жылдың күзінде Темір Құтлық аяқ астынан қайтыс болып, мемлекет билігі толығымен Едіге қолына өтті [103, с. 435]. Алайда, Едіге өзін ешқашан мемлекет басшысы санаған емес. Соған қарамастан, шетелдік жазба деректердің барлығы дерлік Едігені Алтын Орда мемлекетінің билеушісі ретінде көрсетеді. Мысалы, Ибн Арабшах былай дейді: «Елдегі барлық іс Едігенің бұйрығымен іске асады; ол кімді қаласа, сол сұлтан болады, жақпаса орнынан алынады. Ол бұйырса ешкім қарсы келмейді. Ол [әр бір адамға] жүрер жолын сызып берді. Ол сызықтан ешкім өтпейді. Ол таққа отырғызғандар қатарында Құтлық Темір хан, оның інісі Шәдібек хан, одан кейін Болатхан, Құтлық Темірдің ұлы, одан кейін оның інісі Темір хан кіреді» [214, с. 343]. Бұл жерде Ибн Арабшах Едігенің билігі хан билігінен жоғары болғандығын көрсетсе, екінші бір араб тарихшысы Бадр ад-дин ал-Айни Дешті мен Қырымның билеушісі 1399-1419 жылдар аралығында Едіге болғандығын жазады [214, с. 374]. Шетжерлік жылнамашылардың Едігені Дешті мен Қырым билеушісі ретінде тануында жартылай болса да шындық барлығын мойындауымыз керек. Өйткені, Едіге өзі хан тағына отырмағанымен, ханның әр кезде заңды сақтауын, заң шеңберінен шықпауын талап етті. Едіге заманында заң ханнан да, Едігенің өзінен де, өзгеден де жоғары тұрды. Ибн Арабшахтың «әркімге жүрер жолын сызып берді», - деп  жазатыны сол.

Едіге би Темір Құтлық хан өлген соң, оның інісі Шәдібекті хан тағына отырғызды. Муин ад-дин Натанзидің Парсы мен Исфахан билеушісі Әмір Темірдің немересі Искандерге арнап жазған тарихында Едіге бидің Темір Құтлық өлген соң Шәдібекті хан тағына отырғызғанын, осы кезде әдет-ғұрыпты реттейтін «төре», билік жүйесін реттейтін «жасақ» заңын енгізгенін, бұрын еркін жүрген халықтың қысымға түскенін жазады. Шәдібек хан бұл заңға мойын ұсынғысы келмей, Едігіге қарсы қастандық ұйымдастырмақ болғанын, Едіге оның бұл ойын сезіп, оған қарсы шара қолданбақ болғанда, ол қашып Әзербайжанға кеткенін жазады [213, с. 133]. Бұл жерде Едігенің осындай заң жобасын  жасауына не себеп болды? Ол заңның  бұрынғы заңдардан ерекшелігі қандай еді? – деген заңды сұрақ туындары анық. Бұл сұраққа жауап беру үшін Өзбек хан кезінде қалыптасқан заң жобасына қысқаша шолу жасау қажеттігі туады. Оларға талдау жасап, ол заңның ерекшеліктерін білмейінше, Едіге бидің жасап, қабылдаттырған заңының тарихтағы ролін бағалай алмаймыз.

Өзбек хан Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтергеннен кейін Шыңғыс хан жасаған «Яса» да түбегейлі өзгеріске түскені, «Яса» мен шариғат үкімдерін ұштастыра отырып, ислам қоғамына лайық, қоғамдағы ішкі қатынастарды толық қамтамасыз ететін заң жобасын жасап шығарғаны белгілі. Бұл заңның Шыңғыс хан «Ясасынан» басты ерекшелігі хан сайлауына қатысты болды. Бұрын хан әулеті ішіндегі жасы үлкені Шыңғыс хан ұрпақтары мен әскербасылар  жиылған құрылтайда сайланатын. Өзбек ханның саяси реформасынан кейін хандық билік Өзбек хан ұрпақтарының  қолында қалдырылып, хан сайлауын әмірлер өткізетін болды. Шыңғыс хан әулетінің құрылтай тоқтатылды. Өзбек хан ұрпақтарынан  өзге Жошы әулетінің өкілдері толығымен саяси биліктен шеттетілді. Аймақтардағы бар билік рулық, тайпалық жүйе басшыларының қолына берілді. Ал, хан тағының мұрагерін таңдау ханның өз қолында қалдырылды. Өзбек хан жүргізген  саяси реформаның ең осал жері де осы болатын. Өзбек хан өлгеннен соңғы Алтын Орда мемлекетіндегі барлық қасірет осы тақ таласынан басталды. Өзбектің тақ мұрагері болады деп таңдаған Тыныбектің өлтіріліп, орнын Жәнібектің тартып алуы мемлекетте қалыптасқан бүкіл саяси жүйені күйреткені, соңында Өзбек хан ұрпақтары тақ таласында бірін-бірі өлтіріп, тауысқаны белгілі. Одан кейінгі 20 жыл бойына бұрын  саяси биліктен шеттетілген Жошы ұрпақтарының  Сарай тағы үшін өзара қырқысы Алтын Орда мемлекетінің күйреуінің басы болды.

Едіге би Алтын Орда мемлекеті басынан өткерген қасіретті тарихтан сабақ ала отырып, өзі жасаған «Төре» мен «Жасақ» заңын қабылдауға мәжбүр болды. Ол заңда кез-келген Жошы ұрпағы хан болу құқынан айрылды. Ханды Шыңғыс хан ұрпақтары ішінен, Жошы ұлысында Жошы ұрпақтары арасынан таңдап қою ру, тайпа басшыларының, билердің қолына берілді. Хан сайланатын Жошы ұрпағы билердің сараптауынан өтуі тиіс болды. Билер қаламаған, жаратпаған Жошы ұрпағы хан тағына отыра алмайды. Сот билігі де толығымен билер қолына өтті.

Едігенің осы қабылдаған заңы одан кейінгі кезеңде Қыпшақ даласындағы билік жүйесін реттеуші басты құралға айналды. Бұрынғыдай хан болғысы келген кез-келген Жошы ұрпағы атқа қонып, елдің шырқын бұзу құқынан айрылды. Ноғай ордасының тарихын зерттеуші В.В. Трепавлов кімнің хан болатынын ноғай билері шешті; Кез-келген Шыңғыс ұрпағының ордасына маңғыт билерінен елші келіп, оларға хан тағына отыруға ұсыныс жасар болса, онда ол сұлтан шын қуанып, өзінің болашағының жақсы болатынына сенетін, - дейді [171, с. 45]. Бұл дәстүрдің қазақ даласында  Қазақ хандығы толық ыдырағанша сақталғанына тарих куә.

Едіге бидің хандардың құқын осылай заңмен шектеуі хандар тарпынан қарсылыққа тап болды. Жоғарыда аты аталған Шәдібек ханның Едігеге қарсы шығуының астарында осы қарсылық жатты. Шәдібектен кейінгі хандар да таққа отырып алғаннан кейін, Едігеге қарсы астыртын әрекетке көшетін болды. Соның бірі – Темір Құтлықтың ұлы Темір-Сұлтан. Темір-Сұлтанды таққа отырғызып, қызын беріп, бар жағдайын жасағанымен, уақыт өте келе өз саясатын өзгертіп, Едігеге қарсы шықты. Өзге әмірлермен сөз байласып, көпшілігін өз жағына шығарып алды. Едіге Хорезмге қашуға мәжбүр болды. Темір-Сұлтан онымен тынбай Едігеге қарсы әскери қимылдарға көшті. Едіге би барып паналаған Хорезмді қоршауға алды. Темір-Сұлтан Едігемен соғысып жүргенде, Жалал ад-дин бастаған Тоқтамыс ұлдары келіп одан Сарай тағын тартып алды. Едігенің қоластындағы Хорезмнен  өзге жердің барлығы Тоқтамыстың ұлы Жалал ад-диннің иелігіне өтті [213, с. 134]. Жалал ад-дин таққа отырысымен, әмірлердің (билердің) билігін шектеп, абсолюттік билікті қалпына келтірді [103, с. 442]. Бұл жерде Жалал ад-диннің  түркілік билік жүйесінен бас тартып, мемлекетті басқарудың ирандық жүйесін енгізгенін аңғару қиын емес. Хан Ордасындағы жағдайдың солай қалыптасқанын тарихи деректер қуаттайды. Жоғарыда айтылған Муин ад-дин Натанзидің тарихында Жалал ад-дин Ордасындағы жағдай былайша баяндалады: «Ол лайықты патша болды. Ол өз ордасында өзінің мейірбандығы мен адалдығына, ержүректігіне  сенді, ақылмен әрекет етуді, сақтықты ұмытты.  Мемлекет ісін бетімен жіберді. Сол себептен де, мемлекеттегі ішкі тыныштықты бұзған көп қайғылы оқиғалар болды. Себебі, оның ордасындағы бар билік тәжіктер қолында болды. Моңғол әмірлері қыспаққа түсіп, биліктен шеттетілді. Сол себептен олар ханның інісі Сұлтан-Мұхаммедті хан болуға үгіттеді, ағасына қарсы қойды. Жалал ад-дин таққа отырғанына бір жыл өткен соң, ағасын түнде таққа отырған жерінде өлтірді [213, с. 134]. Бұл үзіндіден хан ордасындағы жағдайдың қалай қалыптасқанын аңғаруға болады. Жалал ад-дин өз әкесі Тоқтамыс сияқты абсолюттік билікке жетемін деп, билер қолдауынан бас тартып, мемлекеттің ішкі тұтастығын қайта бұзғандығын, өзі сол ойсыз әрекетінің құрбаны болғанын көреміз.

Одан кейінгі кезеңде Тоқтамыс ұлдарының арасындағы тақ таласы үшін қырқыс басталды. Ол мемлекеттің одан ары құлдырауына ықпал етті. Олардың арасындағы өз ара қырқысты пайдаланып, Едіге би қайтадан өз билігін қалпына келтірді. Бірақ, ол ұзаққа бармады. Тоқтамыстың кіші ұлы Қадырбердімен болған соғыста Едігенің өзі  жараланып, қаза тапты.

Едіге бидің қайтыс болуымен Дешті Қыпшақ түркілерінің Алтын Орда сынды алып мемлекетті қайта қалпына келтіреміз деген үміті кесілді. Едіге бидің мақсат-мұратын бүкіл халық жақсы түсінді. Оны тек достары емес, дұшпандары да бағалай білді. Едіге би туралы араб тарихшысы Ибн Арабшах былай деп жазды: «Ол туралы әңгімелер мен аңыздар көп; ол дұшпандарына қан жұтқызғысы келсе, оның ойлағаны іске асатын, атқан оғы нысанаға дәл тиетін. Оның ойына арамдық кірсе, ол дұшпанына құрылған қақпан еді.  Оның елді басқару туралы жақсы да, жаман да сөздер айтылады. Оларды талдап, сараптар болса, оның түпкі мақсатының не екенін, не нәрсеге қолы жеткенін біледі. Ол қараторы, орта бойлы, мығым денелі, батыр, бір көргенде қорқынышты кісі еді. Бірақ ол өте ақылды, жомарт, жағымды күлкісі бар, өткір, сезімтал, ғұламалар мен ойлы кісілерді жақсы көретін. Діндарлар мен сопыларды құрметтеуді ұнататын. Үнемі ораза ұстайтын, түнде тұрып ғибадат жасайтын, әр кезде шариғатпен бірге еді. Құран мен Пайғамбар сүннетін, әулиелер ғибратын Алламен жалғастыру үшін көпір ететін» [214 с. 343].     Ибн Арабшахтың осы сипаттауының өзі-ақ Едігенің кім болғанын, қандай адам болғанын көрсетіп тұр. Едігенің тарихтағы орнының қаншалықты болғанын түркі халықтары арасына тараған «Едіге батыр» жыр-дастандары-ақ көрсетеді.

Едігенің 20 жыл бойына аттан түспей елінің тұтастығы үшін еткен еңбегі өзі өлген соң аяқсыз қалды. Едігеден аяқ тартып, саяси биліктен бас тартқан Жошы ұрпақтары қайта атқа қонды. Ел ішінде қырқыс қайта басталды [103, с. 447].

Алтын Орда мемлекеті Едігеден соң діни-рухани, мәдени тұрғыдан алғанда екіге бөлінді. Алтын Орда мемлекетінің оң қанаты, Еділ бойындағы халықтар арасында ислам дінінің ирандық өмір сүру формасы басым болып, халықтың көпшілігі сол жолға икемделе бастады. Мәдениет те осы бағытқа бет бұрды. Ал, Еділдің шығысынында негізінен Йасауи жолының ықпалы үстем болды. Алтын Орда халқының бұлай рухани-мәдени тұрғыдан жіктелуі ары қарай саяси, экономикалық тұрғыдан да жіктелуге әкелді. Алтын Орда тарихының зерттеушісі М.Г.Сапаргалиев Ұлығ Мұхаммедтің таққа отыруымен Алтын Орда мемлекеті саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да дербес екі билікке бөлінді. Еділден батысқа қарай Ұлығ Мұхаммед билік жүргізсе, Еділдің шығысына қарай Орда Ежен мен Шибан ұрпақтары билік жүргізді – деп тұжырымдайды [103, с. 451-452].

Жошы Ұлысының екі ғасырға жуық тарихы осымен аяқталды. Бір кезде қылыштың жүзімен тарих сахынасына шыққан алып мемлекет түркілердің бір кездегі күйреген мемлекеттілігі мен мемлекеттік жүйесін қайта қалпына келтіріп, түркі дүниесінің діни-рухани, мәдени болмысының өзегі болып қалыптасып еді. Алайда, сол мемлекет билеушілердің абсолюттік билікке деген ұмтылысы Алтын Орда сияқты алып мемлекеттің күйреуіне ықпал еткен негізгі себеп болды.

Алтын Орда мемлекетінің жүріп өткен жолын сараптар болсақ, онда мынадай қорытынды жасауға болады. Кез-келген халық өзінің дәстүрлі діні мен мәдениетін, рухани тұтастығын сақтар болса, онда ол мемлекеттің  іргесі ешқашан шайқалмайды. Алтын Орда мемлекетінде осы айнымас қағида бұзылды. Өзге мәдениеттен нәр алған Жәнібек хан өзге діни ағым мен ирандық мәдениетті түркілер арасына әкеліп сіңірмек болды. Нәтижесінде Алтын Орда мемлекеті күйреді. Майдан даласында ешкімге дес бермеген түркілер әртүрлі діни ағым соңына ерген соң, өз-өзімен қырқысып, мемлекетті күйретті. Әртүрлі этникалық топтарға жіктеліп, жеке-жеке халықтарға айналды. Алтын Орда мемлекетінің күйреуімен түркі халықтары өзінің Евразия кеңістігіндегі жетекші ролінен айырылды. Өкінішке орай, біз де Алтын Орданың осы қасіретті тарихынан  сабақ алғанымыз жоқ. Өйткені біз ол тарихтан хабарсызбыз. Дәл қазіргі күні біз де сол Алтын Орда хандарының жіберген қателігін тағы да қайталап отырмыз. Әйтпесе, сол кезінде 10-11-ғасырларда Ислам әлемін тоқырауға түсірген салафилер бағытын «дәстүрлі дініміз» деп қорғар ма едік? Алтын Орданы күйреткен шафиғи мазхабы болса, біздің «дәстүрлі дініміз» деп жүргеніміз ханбали мазхабы. Ал, өздерін «тәңіршілерміз» деп жүрген батырлар кешегі 90-жылдардың соңы мен 2000-шы жылдардың басында Сорос қорының көмегімен марқұм Әуезхан Қодардың басшылығымен дүниеге келген ағым болатын. Бұлар ұстанып жүрген тәңір дінінің көне түркілік Тәңір дінімен ешқандай қатысы жоқ. Ислам діні мен көне түркілік Тәңір діні арасында тікелей сабақтастық бар. Өйткені, екеуі де Иләһи дін. Қазіргі күні осы сырттан келген екі ағым арасында бітіспес күрес жүріп жатыр. Мақсаттары – қазақтың рухани тұтастығын ыдырату. Алайда, оларға сендердің мына ұстанған бағыттарың дұрыс емес деп айтуға ешкімнің шамасы жоқ. Себебі, олардың қатесін көрететін билік жүйесінде жан жоқ. Мұның соңы барып бір мәселеге тіреледі. Ол – қазақтың дәстүрлі тәуелсіз тарихи танымының қалыптаспауы. Ол тәуелсіз тарихи таным қалыптаспайынша қазақ осылай адаса бермек. Әйтпесе, өзін ұлтының патриоты санайтын Ұларбек Дәлейұлы түркі тарихының ұлы тұлғаларының бірі Әмір Темір туралы осындай мақала жазар ма еді? Меніңше жоқ! Қазіргі күні тарихи танымы да, діни танымы да тоз-тоз болған мына қазақ қоғамынан дұрыс халық мүддесін қорғайтын әрекет күту мүмкін емес сияқты. Оны сезініп, жүрген жеке тұлғалар болмаса, халықтың басым бөлігі әлі күнге әләуләйлім мен халәуләйлімнен арыла алмай, «шырылдауық шегірткенің» күйін кешуде. Сонда біз қайда барамыз?

Зікірия Жандарбек

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371