Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 2305 8 пікір 19 Қыркүйек, 2024 сағат 12:02

Кремльге күн бермей жүрген Әлішер Қадыров кім?

Фото: ашық дереккөзден

Әлішер Қадыров – Өзбекстандағы батыл әрі шыншыл саясаткердің бірі. Ол Ресей шовинизміне қарсы өткір сындарымен әйгілі деп жазады Abai.kz Fragment каналына сілтеме жасап.

Бұл тұрғыда ол Қазақстандағы мыңдаған оқырманы бар және қоғамдық пікірге ықпал ете алатын - Мұхтар Тайжан мен Арман Шораевқа ұқсас. Жалғыз ғана айырмашылық - Қадыров билікте отыр.

Әлішер мырза ауқымды электораты бар "Миллий тикланиш" (Ұлттық жаңғыру) партиясының көсемі және парламенттегі төменгі палата спикерінің орынбасары. Бір жылдары Мирзияевпен қатар президент сайлауына түскенін де ұмыта қойған жоқпыз.

Қадыровтың телеграм арнасы Ресейге қарсы контентке толып тұр. "Ресейлік-кеңестік идеологияға ел көлемінде толық тыйым салу керек" дейді саясаткер.

Бұл мәлімдемеге 74 жастағы Самарқан тұрғынының сот үкімі түрткі болды, ол Кеңес Одағын қайта қалпына келтіруді жақтап, Өзбекстанның тәуелсіздігін жоққа шығарған болатын.

Қадыров бұл жағдайды ел тарихындағы ең ауыр кезеңдермен байланыстырды және мұндай пікірді "халқымыз бен ата-бабаларымызға жасалған опасыздық" деп атады. "Бірінші май" кезінде көшеге КСРО-ның туын алып шыққандар Қадыровтың қаһарына ұшырап, енді қайтып мұндайға бармастай болды.

Әлішер Қадыровтың Мәскеуге және Кеңес Одағына қарсы ашық пікірлері – жай ғана сын емес, саяси мәлімдеме. Ол Кеңес Одағын тек өткеннің қараңғы парағы ретінде ғана емес, қазіргі Кремльдің империялық пиғылының жалғасы деп қабылдайды.

"Өзбекстан тәуелсіздігін бекем ұстау керек, дейді Қадыров, ал "Кеңес Одағын қайта құру" секілді әңгімелер – бұл біздің ата-бабаларымызға жасалған қиянат деп санайды.

Украинаға басып кіргеннен кейін ресейлік идеологтар Орта Азия елдеріне шүйліге бастады. Айталық, ресейлік саясаткер Захар Прилепин Өзбекстанды аннексиялау қажеттілігін айтып, онда жұмыс істеп жүрген миллиондаған мигранттардың санын сылтауратты. Ал ресейлік тарихшы Михаил Смолин өзбектерді ұлт ретінде жоққа шығарғаны белгілі.

Бұған жауап ретінде Қадыров ресейлік телеарналардың Өзбекстан аумағында таралуына шектеу қоюды талап етті. Оның пікірінше, ресейлік пропаганда Өзбекстанның ақпараттық кеңістігін тұншықтырып отыр.

"Елдегі орыстың үлесі 3 пайыздан аспайды. Солай бола тұра ресейлік медиа контенттің ықпалы тым күшті. Үш пайыз орыс үшін ресейлік телеарналарға толық еркіндік бергеніміз ақылға сыймайды", - дейді саясаткер.

"Тәшкент сыртқы саясатта Кремльге қарсы келмегенмен, Қадыров сияқты саяси тұлғалар Ресейдің ықпалына ашық қарсылық білдіріп отыр. Өзбекстандағы саяси жүйеде сыртқы саясатқа қатысты кез келген ашық пікір елдің жоғары басшылығының мақұлдауынсыз айтылмайды" деп пайымдайды Fragment.

Сондықтан, Қадыровтың пікірі Өзбекстан үкіметінің Ресейге қатысты ресми ұстанымы болмаса да, ел ішіндегі белгілі бір топтардың Кремльдің шовинистік саясатына қарсылық білдіретінін көрсетеді.

Кремльдің империялық ойыны әлі тоқтаған жоқ. Қадыровтың сөздері – бұл Мәскеудің Орта Азияға қатысты агрессивті саясатынан сақтандыру, және мұндай ашық мәлімдемелер арқылы Тәшкенттің өзінің тәуелсіздігін қорғауға дайын екенін көрсетіп отыр.

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364