Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 2004 3 пікір 23 Қыркүйек, 2024 сағат 13:58

Ғасырлар тоғысындағы қазақ көші

Сурет: e-history.kz

Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру - біздің қасиетті парызымыз!

        Қ.Тоқаев (2019 жыл сәуірдің 12 күні, Маңғыстау)

Сіздер «сүйегім атажұртымда жатса» деп тілеген аталар аманатын арқалап келіп отырсыздар. Шеттегі бауырларымыздың табанына кірген шөңге, біздің жан-жүрегімізді де сыздатуы керек!

        Н.Ә. Назарбаев (2011 жыл мамырдың 25 күні. Астана ДҚҚ-ның IV құрылтайы)

Көш қалай басталды?

1953 жылы Сталин қайтыс болды. 1956 жылы ақпанда КОКП-ның жиырмасыншы съезіде Н. Хурущев «жеке басқа табыну және оның зардаптары» атты әйгілі баяндамасын жасады. Сонымен Кеңес Одағының ішкі-сыртқы саясатында үлкен бұрылыстар болып, бұл дәуірді халық «Хурущевтың жылымығы» деп атады. Артынан азаматтық соғыс және 1937 жылғы репрессия кезіндегі нақақ кеткен құрбандар ақтала бастады. Екінші жиһандық соғыстан кейін әлемдегі екі алып державаның біріне айналған Кеңес Одағы өз ықпалына кіргізген үшінші дүние елдеріндегі арзан шикізат көзіне сүйене отырып ғылым, экономика және мәдениет, білім, денсаулық жағынан зор жетістіктерге қол жеткізді.

Кеңес Одағының астық қамбасы және өнеркәсіп базасының біріне айналған Қазақстан да сан қилы сынақты бастан өткерсе де, өркениеттің көшінен қағыс қалған жоқ. Әсіресе, тарих қойнауында «мың өліп, мың тіріліп», қатаң идеологиялық сүзгіден өте отырып, өз тарихын іздеп, ұлттық кодын жоғалтпауға талпынды. Оның басты көрінісі М.О.Әуезов бастап берген тарихи романдар легінің алпысыншы жылдардың соңы мен жетпіс, сексенінші жылдардың аралығында үлкен керуенге айналуы еді. «Ақжайық», «Қан мен тер», «Алтын орда», «Көшпенділер», «Соңғы көш», «Аласапыран», «Үркер», «Елең-алаң» т.б. сияқты классикалық шығармалар дүниеге келіп, қазақ оқырмандарының тамырына қан құйып, жадын жаңғыртты. Соғыстан кейін орнаған тыныштық пен тоғысқан өркениет қазақи сананың құрып кетпей сапалық өзгеріске ұшырауына, дамуына өз әсерін тигізді. Жоғарыдағы тарихи романдардың жаппай жарық көруі тілі қақпай көріп, діні шектеуге ұшыраған, дәстүрі мансұқталып, ділі дүбараланған, революция, репрессия, аштық, құғын-сүргіннен жаны, тәні жараланып, жан саны кеміген отар ұлттың үмітін оятып, жүрегіне сәуле түсірді. Сонымен бірге 1957 жылы, 1962 жылы Бақты, Қорғас шекаралары арқылы Қытайдан екі дүркін көш келді. Бұл көштің жаңғырығы басқа да одақтас республикаларды шарпып, қасақана қолдан жасалған саяси науқандар мен оқиғалардың кесірінен өз елінде отырып азшылыққа айналған жергілікті халық пен отарлаушылар арасындағы алшақтап бара жатқан ара салмақты аз да болса теңестіре білді.

Әлемге қожа болуға ұмтылған екі алып империяның бақталастығы саяси, экономика, әскери жақтағы жаппай қарулануда көрініс тауып қана қоймай, әсіресе, айналасына «жұмсақ күш» арқылы ықпал ету сынды «мылтықсыз майданда» да жалғасты. Сонымен Қазақстан да бұл майдан шебінің бір жағына шығысып берді. 1976 жылы қыркүйек айында Қазақ КСР Минстрлер Кеңесінің төрағасы Байкен Әшімов «Отан» қоғамының (кейін бұл қоғам «Қазақстан» қоғамы деп аталды) штаты мен қаржыландыру көзін бекіту тұралы үкімге қол қойды. (Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығы Атажұрт баспасы, Алматы 16 бет). Қоғамның төрағасы ҚР Академиясы тіл институтының директоры,  академик Смет Кеңесбаев болып тағайындалса, Қазақ КСР Минстрлер Кеңесінің әлеуметтік және мәдени проблемаларға, шығармашылық және қоғамдық ұйымдарға басшылық ететін орынбасары Шәңгерей Жәнібеков жаңа қоғамның ұйымдық және қаржылық мәселелерін шешуге толықтай жауапты болды. Ол кісі зейнетке шыққан соң да қоғамның жұмысына біраз жыл жетекшілік етті.

«Қазақстан» қоғамы дүниеге келген соң алғашқы жұмысын шетелде өмір сүріп жатқан қазақтар арасындағы жағдайды және олардың тарихи отанына деген көзқарасын зерттеуден бастады. Сонымен бірге, зиялы қауым өкілдері, діни қайраткерлер, ықпалды ру басылары, жастармен тікелей байланыс орнатып, хат-хабар алысты. Оларды Атамекенді аралап қайтуға, қонаққа шақырды. Социалистік қоғамның абзалдығын, құндылығын насихаттады. Олардың тілге, дәстүрге, Атамекенде болып болып жатқан жаңалықтарға деген ынтызарлықтары ескеріліп А.Байтұрсынов төте жазуы негізіндегі «Шалқар» халықаралық газеті оқырмандарына жол тартты. Газеттің бас редакторы бастабында Мұса Дінішов болса, кейін Қытайдан алпысыншы жылдары келген қандасымыз Уақап Қыдырханұлы болды. 1982 жылы сол кездегі Азиядағы ең биік телемұнара болып саналатын Алматы телемұнарасының құрлысы аяқталған соң «Атамекен» тело-радио хабарлары тікелей эфирге шықты. Сонымен алыстағы ағайын Атамекеннің жаңалықтары мен өзгерістерін радио толқындары арқылы күнделікті хабар алып отыратын жағдайға жетті. Дәстүрлі ән мен күйдің әуені жандарын тербеп, сарғайған сағыныштарын басты.

Он алты жасында соғыс, төңкеріс, дүрбелеңнен қашып, ауған елмен бірге Гималай асып, Үндістан, Пәкістан, Кашмирде дамылдап, ең соңында Түркия үкіметінен пана сұрап, сол кездегі Премъер-министр Мендерес Аднанның қамқорлығына кенеліп, Анадолыға барып орналасқан жазушы, теолог Халифа Алтай құдай қосқан қосағымен бірге 1978 жылы Алматыға алғаш рет қадам басты. Одан кейін Хамза Ұшар, Хамза Илен келді. Германиядан Абдірахман Шетин, Мұртаза Бұлтай, Ыдырыс Ербол, Түркиядан Мансур Тәйжі, Ираннан Ислам Жеменей, Ауғанстаннан Мухамед Қылыш, Моңғолиядан Ислам Қабікей, Қытайдан Шара Таңжарыққызы қатарлы кісілер «Отан», қоғамының шақыртуымен үздік-создық келе бастады. Сол кездегі студент, бұл күнде білдей Алаштанушы ғалым Абдіуақап Қараның сағынышқа толы жүрек жарды хаттары қоғам басшыларының ет жүрегін шымырлатты. Уақыт керуені жылжып өткен ғасырдың соңғы он жылдығының шымылдығы ашылар алдында (1990) Қазақстанға 120 отандасымыз келіп қайтыпты.

1990 жылы қазанның 12 күні Қазақ КСР-ның 70 жылдық мерейтойы салтанатпен тойланғанда 8 елден 22 этникалық қазақ ел басшысының арнайы шақырумен келіп, сол тарихи сәттің куәсі болды. Ертесі силы қонақтар Қазақ КСР Минстрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Күмісжан Өмірбаеваның арнайы қабылдауында болды. Сең бұзылды.  Жол ашылды. Шетелдегі қазақ диаспорасының перзенттері Қазақстандағы жоғары оқу орындарына келіп білім алу мүмкіндігіне ие болды. 1992 жылы 20 наурызда қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің актив залында наурыз мерекесі байланысымен жиналған шетелдік қандас студенттердің саны 103 ке жетті.

1991 жылы 25 наурызда Семей облысы халық депутаттары кеңесінің атқарушы комитеті Қазақ КСР-нің Минстрлер кабинетіне Моңғолиядан қазақ ұлтының азаматтарын тұрақты түрде шақыру туралы ұсыныс жасап «облыс аумағында Моңғолиядан 300 отбасыны қабылдай алатынын» жазды. Екі жақты келіссөздің сәтті болуы және сол елде жасап жатқан Сағат Зақанқызы, Зуқа Жаппарұлы, Аятқан Тұрсынбекұлы, Шегебек Тоқтамұратұлы, Ботакөз Уатқанқызы, Қабылбай Қырынбайұлы қатарлы белсенді азаматтардың ұйтқы болуымен 70 адам елге көшіп келді. (Қазақ диаспорасы және Атамекенге оралу (1991-2912): Ұжымдық монографиялық еңбек , Алматы: «Елтаным» баспасы , 268 б.)

1991 жылы 11 қарашада Қазақ КСР Министрлер кабинетінің «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі және шарттары туралы» № 711  қаулысы шықты. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Сол жылы 31 желтоқсанда Қазақстан Президенті Н. Назарбаев радиода шетелдегі диаспора өкілдеріне арнап сөз сөйлеп, жоғарыдағы қаулыны айта келіп: «Атамекенге келем деушілерге есік ашық, аруақ қолдасын!», - деп үндеу тастады.

1991 жылы күзде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Егемен елдің президенті ретінде туысқан Түрік еліне тұңғыш мемлекеттік сапармен барды. Сол сапарда Ыстамбұл әуежайында қарсы алуға шыққан қандастар «Ақсарбас! Ақсарбас!» деп қол жайып, бірден үш ақсарбас құрбандық шалады. Артынан «Мәрмәр» қонақ үйінде болған дияспора өкілдерімен кездесу кезінде Моңғолиядан келген бір қандас: «Қазір өздеріңіз сияқты тәуелсіздік алған  бірнеше елде ұлттық құрылтайлар өтіп жатыр. Осындай жиын Қазақстанда қашан болмақшы?» (ДҚҚ , Атажұрт баспасы, Алматы,  2007 жыл , 97 бет) деп сұрақ қояды. Сол кезде Қырғызстан әлем қырғыздардың басын қосып, құрылтай өткізеді екен деген қауесет шыққан. Ел Президенті қасында отырған Қазақстан жазушылар одағының бас хатшысы Қалдарбек Найманбаевпен сәл кеңескеннен кейін, «Келесі жылы өткіземіз»,- деп кесіп айтады. Жыл айланбай ел тәуелсіздігі жарияланып, биліктің басқару жүйесіне үлкен өзгеріс кіреді де, нарық басталып, шығармашылық одақтардың берекесі кете бастайды. Уәделі құрылтай мерзімі таяғанда салмақ қайтадан Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кеңесінің аппараты деген атағы алатаудай үлкен мекемеге түседі. ҚР Министрлер кабинетінің 1992 жылы 27 тамыздағы № 709 «Дүниежүзі Қазақтарының құрылтайына әзірлену және оны өткізу туралы» қаулысы шығып, құрылтайға дайындық басталып, ел қазынасынан 28 миллион сом бөлінді. Қазақстан Жазушылар одағы,  Республикалық «Қазақстан», «Қазақ тілі» қатарлы қоғамдық ұйымдар аппараттың басшылығында селбесіп жұмыс атқаратын болды. Ұйымдастыру комитеті құрылып, оның төрағасы ҚР Премьер-минстрдің идеологияға жауапты орынбасары Мырзатай Жолдасбеков орынбасарлары Қ.Найманбаев, Т.Әбдік, А.Сәрсенбаев (ҚР Президенті мен Министрлер кабинеті ішкі саясат бөлімінің жетекшісі) ал, алқа мүшелері бүкіл елге танымал ғылым, өнер, мәдениет саласының тұлғалары мен үкімет мүшелерін қамтыған 35 адамнан құралды. Құрылтай өтетін мерзім, қыркүйек айының 28 күні басталып, қазан айының 3 күні жабылатын болып белгіленді. Ел президенті өз назарында ұстап, мықты команда құрылған соң жұмыс өздігінен жүріп кетті. Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, сол кезде отызға да келмеген А.Сәрсенбаевтың сөзімен айтқанда: «Бұл Құрылтай біздің бөлімінің жауынгерлік сынағы болайын деп тұр» («Дүниежүзі Қазақтарының Қауымдастығы: 15 жыл»  Алматы 2007 жыл, 31 б)  деп еске алады, сол кездегі ұйымдастыру жұмысының басы-қасында болған жазушы, қоғам қайраткері Әлібек Асқаров. Құрылтайға ел-іші сырты болып, бас-аяғы 300-дей адам жиылды. Алыстан Атажұртын аңсап келген құрылтай қонақтарын Алматы әуежайында арнайы оркестрмен «Елім-ай» әнін шырқап тұрып қарсы алды. Жүректе қалған бодан заманның ащы запыраны ұмытылып, бостандықтың жұпар самалы есті. Республика сарайында және Абай атындағы балет және опера театрында өткен салтанатты жиындарда ел Президенті құттықтау, қарсы алу сөзін сөйледі. Сол жиындарға Д.Қонаев, А. Асқаров,  Ө.Жәнібеков қатарлы ел ағалары қатысты. Атакентте жағалай киіз үйлер тігілді. Құрылтай қонақтары хандарымыз ту тіккен Ұлытауға, дініміздің діңгегі болған Түркістанға барып зират етті. Құрылтай жабылатын қонақасыда Нұрсұлтан Әбішұлы халық әні «Сарбидайды» нақышына келтіре домбырамен орындағанда, қонақтар мен қонақ иелерінің көздері дымданып «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді» деген сөздің мән-мағынасын жан-тәнімен сезінді. Құрылтай соңында әлемнің әр бұрышында жасап жатқан қандастарға қаратып үндеу жарияланды. Сонымен бірге бұрынғы «Қазақстан» қоғамы жабылып, сол қоғамның қаржылық, кадрлық, мүліктік базасы негізінде шыт жаңа «Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығы» деген ұйым құрылып, төрағасы бірауыздан Н.Назарбаев болып сайланды. Төрағаның бірінші орынбасары болып жазушы, қоғам қайраткері Қ.Найманбаев тағайындалды. Төралқа мүшелерінің құрамына М. Жолдасбеков,  Д.Жаналтай, А. Сәрсенбаев қатарлы кісілер кірді. Құрылтай қарсаңында, яғни, 1992 жылы 23 қыркүйекте ҚР Министрлер кабинетінің № 791 «Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-этникалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» қаулысы шықты. Осы қаулы ұзақ жылдар бойы қандастарымыз елге келіп, қонақ үйге орналасу, көлік құралдарын пайдалану, оқуға түсу, жұмысқа орналасу, құжат жұмыстарын реттеуі үшін өте қолайлы жағдай жаратып берді.

1993 жылы 17 желтоқсанда Алматыдағы М.О.Әуезов атындағы Қазақ акедемиялық драма театрында Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығының тұсаукесер салтанаты өтті. Жиналысқа Алматыда тұратын қандастардың бәрі толықтай қатысты. Басқосуда сөз тізгінін алғанел Президенті жаңадан құрылып, қандастардың қамқоршысына айналған ұйымның жұмысына жоғары баға берді. Шетелдегі қандастарымыздың тыныс-тіршілігіге қатысты мәселерге тоқтала келіп, қазіргі жүргізіп отырған көші-қон саясатының еліміздің ішкі-сыртқы саясаттағы басым бағытының біріне айналатынына айырықша тоқталып, Халифа Алтай,  Мұстафа Өзтүрік қатарлы бірнеше азаматқа Қазақстан төлқұжатын өз қолымен тапсырды.

1995 жылы мамырдың 18 күні ҚР Әділет министрлігінің залында Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығының кеңейтілген мәжілісі болды. Осы мәжіліске 14 елден келген 350 қандастарымыз қатысты. Жиында сөз алған Халифа Алтай, Мәлік Малабақан, Никита Ыскақов, Қабікеш Әлікей, Керім Елемес қатарлы кісілер жақында Республика көлемінде тұңғыш рет өтетін референдумда Президентіміздің өкілеттілігін 2000 жылға дейін созуға дауыс беретіндерін айтып, халыққа үндеу тастады.

1996 жылы желтоқсанның 31 күні ҚР Президентінің № 3308  «Шетелде тұратын отандастарымызды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы»  жарлығы шықты. Осы тарихи құжатта былай деп жазылған «Шетелдегі отандастарымызбен жұмысты жан-жақтылы жетілдіру, оны тек ұдайы және мақсатты мемлекеттік қолдау жағдайында ғана жүзеге асыруға мүмкін болады. Қазақ дияспорасының әлеуметтік-экономикалық, мәдени, білім алу сұраныстарын барынша қанағаттандыруды қамтамасыз ететін, тарихи отанына қайта оралғылары келетіндерге мүмкіндік туғызатын ойластырылған шаралар жүйесін жасау қажет!

Бағдарлама кешенді іс-шараларды қамтиды және негізгі алты бөлімнен тұрады: ғылыми қамтамасыз ету; нормативтік-құқықтық құжат негізі; білім беру;  мәдениет, туризм, және спорт; кітап шығару және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері;  ұйымдастыру шаралары» («Қазақ көші-қазақтың қауымдасуы» ДҚҚ  «Атажұрт» баспа орталығы , 2012 жыл, 112 б.) Осы тарихи құжаттың қабылдануы әрі осыдан кейін 1997 жылы желтоқсанның 3-і күні депутат Әкім Ысқақұлы балама жолмен үкіметке ұсынған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның дүниеге келуі қазақ көшін сапалық секіріске көтерді. Осы жылдар аралығында Президентке төте қарайтын көші-қон агенттігі құрылып, басшылық қызметке мемлекет және қоғам қайраткері З.Қ.Тұрысбеков тағайындалды. Іскер басшы өтпелі кезеңде елім деп еміреніп келген қандас зиялыларға Алматы, Астана қалаларында және басқа да облыс орталықтарынан  тегін пәтер бергізді. Бұл істің даңқы мен дақпырты алыстағы ағайындарға ерекше әсер етіп, қазақ көшіне қарқын берді.

Осыдан кейін жыл сайын үкіметтің көші-қон квотасы белгіленіп тұрды. 2006 жылы ақпанның 6-сы күні Үкіметтің № 24 «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы» қаулысы қабылданды. 2007-2015,  2016-2022, 2023-2028 жылдарға арналған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тұжырымдамасы ретіне қарай жарыққа шығып келеді. Аралықта еліміздің шығыс және солтүстік облыстарына қаратылған «Нұрлы көш» бағдарламасы іске қосылды.

2002 жылы қасиетті Түркістанда II құрылтай өтсе,  III құрылтай  2005 жылы,  IV құрылтай 2011 жылы, V құрылтай 2017 жылы парасатты да еңбекшіл Қазақстан халқы мен элитасының символына айналған арқа төсі Астанада табыспен өтті. Осы Құрылтайда Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығының бас офисі Астанаға көшіп, төрағаның бірінші орынбасары болып мемлекет және қоғам қайраткері З.Қ.Тұрысбеков сайланды. Көші-қон үдерісін ел іші-сыртында қатар алып жүру үшін ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Қоғамдық даму минстрірлігі құрылтайшысы болатын «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Президенті болып  мемлекет және қоғам қайраткері Н. Әбіқаев тағайындалды. Құрылтай барысында бірнеше жылдан бері Қытай, Иран елдерінен келген қандастарды мазалап келген «екі құжат мәселесі» биік мінберден айтылып, атқарушы орган қызметкерлеріне қатаң тапсырма берілді. Қандас студенттерге қаратылған 2 пайыздық грант бұдан кейін,  4 пайызға көбейді.

Қандастар елімізге не берді?

Ұлттық сана мен сүйіспеншіліктің, кемелденген заңның арқасында қазақ көші немесе ұлттың бірегейлену үдерісі басталды әрі нәтижесі де тез көрінді. 1989 жылы бүкіл Кеңес Одағы бойынша жүргізілген санаққа негізделсек, «Қазақстанда өмір сүріп жатқан адам саны 16,464464 мың болса, этникалық қазақтардың үлесі 39,7%-ды құраған. Ал, Солтүстік облыстарда бұл көрсеткіш тіпті де төмен. Солтүстік Қазақстанда 18,6 % , Целиноградта 22,4 %, Қостанайда 22,9%, Павлодарда 28,5% , Көкшетауда 28,9%»  («Қазақ диаспорасы және Атамекенге оралу». (1991-2012). Ұжымдық еңбек. Алматы. Елтаным баспасы. 2016 жыл. 252 б.)

Сонымен бірге Кеңес Одағы ыдыраған соң, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанға зорлықпен жер аударылған неміс, грек, кавказ ұлттары өз атамкендеріне үдере көшті. Завод-фабрикалар жабылғанда еңбек жасындағы славян ұлттары да өз елдеріне қоныс аударды. Сонымен Қазақстанның еңбек нарығында кәсіби маман, еңбек күшінің тапшылығы анық аңғарылды. Жаңа ғасыр есігімізді ашқанда Қазақстанның жалпы жан саны 14 милионға дейін кеміді.

АҚШ-тың экс-президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Бзеженски еліміздің шығысы мен батысын болашақ ықтимал «ыстық нүктелер» қатарына қосты.  Жері кең, байлығы мол, жас республикамызды қандай қиындықтар күтіп тұрғанын осыдан-ақ анық аңғарамыз. Осындай күрделі, өтпелі кезеңде ұлт көшбасшысы өз назарында ұстаған, халық пен элитаның қолдауына ие болған, ұлттық бірегейленудің жарқын сипатын аңғартқан Қазақ көшінің басталуы осы қиындықты жеңіуімізге белгілі дәрежеде мүмкіндік берді. «2011 жылы қазан айына дейін 860 мың адам мен 221, 3 мың қазақ отбасы оралды. 2012 жылы бес айда елге келушілер саны 13720 адамды құрады. Білім деңгейі бойынша 9,2% жоғары білімді, 20,5 % арнаулы орта білімді, 65% жалпы орта білімді. Еңбекке қабілетті жастағылар 64,1%, 18 жасқа дейінгі балалар 41,2%,  зейнеткер 4,7%». («Қазақ диаспорасы және Атамекенге оралу». (1991-2012). Ұжымдық еңбек. Алматы. Елтаным баспасы. 2016 жыл. 248 б).

2010 жылы қаңтарда Республика халқының жан саны 16,196, 8 мың адамға жетті. Оның ішінде қазақтардың үлесі - 63,6%-ды құрады. Тәуелсіздіктен бері 2020 жылға дейінгі аралықта тарихи Отанына оралған қандастар арасынан 85 ғылым докторы, 226 ғылым кандидаты шыққан. Еліміздің білім, ғылым саласында атақ беру қағидаты өзгергеннен кейін жастар арасынан шығып PhD-докторлығын қорғаған немесе «Болашақ» бағдарламасымен алыс-жақын шетелдерде оқып келген қандастардың да қарасы мол.

ҚР Премъер-министрінің орынбасары және Әділет министрі болған Нағашыбай Шайкенов, академик С. Жошыбаев, Қазақстан елтаңбасы авторларының бірі, Өзбекстаннан келген қандасымыз Жандарбек Мәлібеков, тарих ғылымдарыны докторы, мемлекет және қоғам қайраткері З.Қинаят, діни ғұлама әрі жазушы Х.Алтай, ғылым докторлары Қ.Сартқожа, Н.Мұқаметханұлы, Д.Баймолла, И.Жеменей, Ұ.Шапаққызы, Д.Мәсімхан, З.Қабулдинов, Б.Еженхан, Т. Закен, Тұрсынжан Тоқай, Нұршат Нұражы т.б. отандық ғылымның дамуына қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз. Жетінші шақырылымдағы Парламентке өз қатарынан озып барған Моңғолиядан келген үш қандасымыздың әзіргі белсенділігі мен білігі жағынан жұрт назарын аударып отыр. Өнерде Қабылаш Әбікейұлы, Майра Мұхамед, Шұғыла Сапарғалиқызы бүкіл Республикаға танымал болса, сазгер мархум Ермұрат Зейіпқанұлы мен ақын Алмас Ақыметбекұлының шығармашылық достығы мен Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінен туындаған «Көктудың желбірегені» әні бүкіл Қазақстанның бейресми гиміне айналып кетті. Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Исламның  гүрзі жұдырықтары әлемдік шаршы алаңдарда қай елде, қай жерде жүрсе де дәстүрі мен тегінен айнымаған жауынгер ұлттың ұрпақтары бар екенін әйгіледі. Республика партиясының құрылтайшыларының құрамындағы Қытайдан, Моңғолиядан келген қандас кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғымды нақты іс-әрекеттерімен дәлелдеді. Қысқасы, еліміздің рухани өміріне, еңбек нарығына, шағын-орта кәсіпті негіз еткен бизнес кеңістігіне жаңа қан, жаңа күш, жаңа леп қосылды.

2024 жылы 14 ақпанда «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан ақпаратқа сүйенсек, Тәуелсіздіктен кейінгі 33 жылда 1 миллион 129,6 мың адам отанға оралып, Қандас мәртебесін алыпты. Бұл ел халқының 5,6-ын құрайды. Қандастардың 34%-ы Алматы, 15,3% -ы Маңғыстау, 9,6 %-ы Түркістан, 5,9%-ы Жамбыл обылыстарында, сондай-ақ, 7%-ы Астана, 6,2%-ы Шымкент, 5,2%-ы Алматы қалаларында қоныстандырылған. Соңғы бес жылда орта есеппен 200 мың адам елімізге келген. Демек, жиырма милиондық межені бағындыруымызға  табиғи өсіммен бірге қандастардың елге қоныс аударуы да ықпал еткен.

Ғасыр көшінің маңызы мен келешегі

Қоғам тірі организм болған соң оның ішкі-сыртқы саясаты да халықаралық және ел ішіндегі оқиғалар мен құбылыстарға, себеп-салдарларға орай жаңарып, жаңғырып отырады. Қазақ көші де солай. 2023 жылы халқымыздың жан саны жиырма милионға жетті. Сонымен бірге еліміз тұрғындарының 12,451, 000 немесе 62,2 пайызы қалаға шоғырланды. Олардың басым бөлігі Алматы қаласы, Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облысы, Жетісу облысында. Солтүстік,  Батыс, Шығыс сияқты шекаралық аймақтардағы адам саны азайып, жұмыс күшінің тапшылығы айқын сезіле бастады. 2014 жылы Ресейдің Қырымды аннексиялап алуы билік басындағылар мен ел қамын ұзақтан ойлайтын азаматтарға ой салды. Алматы және Астана сынды мегаполистардың жоспардан тыс далиып кетіуі сол қалалардың әлеуметтік, тұрмыстық мәселесін, әсіресе, білім алу, денсаулық, зейнетақы, көлік жағдайын ушықтырып жіберді. Барлық дамыған қалалардың ортақ «ауруы» кептеліс - бізді де айналып өткен жоқ. Осы мәселелердің шешімін табудың ыңғайлы жолы - ішкі-сыртқы көші-қонды аталған шекаралық аймақтарға бағыттау мәселесі ортаға қойылды әрі тыңғылықты жоспармен біртіндеп атқарыла бастады. Бағытталған өңірге көшіп барушыларлың транспорттық шығыны өтелді. Отбасы мүшелеріне бір реткі жәрдемақы 241000 теңге төленіп, жалға алған пәтерінің бір жылдық жалақысы, коммуналдық шығыны өтелетін болды. Сондай-ақ 2023 жыл наурыздан бастап тұрғын үй алуы үшін әр отбасыға 4 милион теңге бюджеттен бөлінді. Бұл сома сол квота бөлінген облыстардағы қарапайым баспана құнының жартысына тең. «Отандастар қоры» жұмыс істегеннен бастап 1404  байланыс орталығы бүкіл Қазақстан бойынша тегін қызмет көрсетеді. Хабарласқан адам өзін мазалаған сұрақтар бойынша тегін кеңіс алады. Атажұртқа қоныс аударғысы келетін этникалық қазақтарға арналған WEB платформа «Erulik.kz» жұмыс істеп жатыр. Осы платформа арқылы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жаңа мәліметтер, қандастарды қабылдайтын 9 облыс жөнінде ақпараттар, қоныс аударушыларға қолайлы елдімекендер, көші-қонға байланысты ережелер, заңнамалар, жеңілдіктер және репатрииацияның басқа шарттарымен таныса алады. Цифрлық дамудың талабымен дүниеге келген «Құтты мекен», «Ата жолы» карталары да қандастарға өз қызметін ұсынуда.

2019 жылы 28 қарашада Астанада «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығы бірлесіп «Отандастар: болашаққа бағдар» атты халықаралық дөңгелек үстел өткізді. Жиынға сол кездегі ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Е.Көшербаев,  ҚР Премьер-минстрдің орынбасары Б.М.Сапарбаев және басқа лауазымды тұлғалар мен Парламент, Сенат мүшелері қатысты. Дөңгелек үстелге этникалық қазақтар тұратын 26 елден 150 делегат арнайы шақырумен келді.

2023 жылы 11 қазанда «Отандастар қоры» Астанада "»Қазақстан және Отандастар: Ортақ мұрат жолында» атты  форум өткізді. Форумға ел Президенті құттықтау хат жолдады. Форумға 30-дан астам елден келген 200-ге таяу шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, белсенді және танымал тұлғалармен қатар еліміздегі саясат, ғылым, білім, өнер, мәдениет, бизнес, медия саласының көрнекті өкілдері қатысты. «Ел дамуындағы қандастардың рөлі» және басқа көкейкесті тақырыптар бойынша төрт сессияда пікір алмасу болды. Қор қаржысымен «Ұлы дала» кітаптар сериясымен шетелде тұратын 8 қандастың кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. 2019 жылдан бері Бурабайда «Жас Қазақ» жазғы этнолагері өтіп келеді. Бұл лагерде демалатын қандастардың ұрпағы тіл, домбыра, садақ ату, атқа міну сынды танымдық курстардан өтеді. «Қастетті қазақ елі» халықаралық өнер фестиваль қатарынан 4 жыл өтіп, 10 елден келген 3145 өнерпаз қатысып олардың 100-ден астамы жүлдегер атанды. Шетелдегі қандас жастарға қаратылған «Киелі Қазақстан» экскурсиясы қатарынан 5 жыл өтті.

Дүниежүзі Казақтарының Қауымдастығы жергілікті тұрғындар мен қандастар үшін «Асар» әдісін қолданып, «Тұрғын үй және жұмыс» қағидасы бойынша Ақмола мен Түркістан облыстарында коттедждік қалашықтар салудың екі пилоттық жобасын ұсынған еді.

Ақмола облысының Аршалы ауданында 196 гектар жер сатып алынып, сондай-ақ, Ақмола облысы мен Астана қаласы әкімдіктерінің тиісті құрылымдарымен 1282 (бір мың екі жүз сексен екі) коттедж салуға келісілді. Қазір бұл пилоттық жобаның құрлысы шетелдік инвесторлардың қаржысымен жүзеге аса бастады. Бәрі сәтті болса, бұл жобаны қалған 9 облыста біртіндеп жалпыластыруға болады.

Осы арада еске сала кетейік, Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығының Алматыда 2000-2017 жылдар аралығында «Атажұрт» баспа орталығы жұмыс істеп, 570 баспа табақ кітап шығарды. Сыртта жүрген қандас ақын, жазушы, ғалым,  өнер қайраткерлерінің еңбектері арнаулы серия болып басылып шықты. Мысалы, Қажғұмар Шабданұлының әйгілі 6 томдық «Қылмыс» романын, Таңжарық Жолдыұлының шығармаларын және шетелдегі қазақтар туралы арнаулы монограпияларды, көші-қон тарихындағы үкіметтің арнаулы қабылдаған құжаттарын, ғылми-практикалық конференцияда жиналған материалдарды, 5 рет өткен Құрылтайдың құжаттарын жинап, сараптап, кітап етіп шығарды. Бұдан сырт «Алтын бесік», «Туған тіл», «Қазақ елі», «Шалқар-2», «Алтын тамыр» сияқты мерзімді газеттер мен журналдар шығып тұрды. Осыдан-ақ, еліміздің көші-қон саясатының құқықтық номаларының, идеологиялық бағытының, базалық құрылымының толыққанды, жан-жақты қалыптасқанын көреміз. Мұның нәтижесі елімізді қандастарына қамқорлық жасап, еліне шақырып жатқан әлемдегі 3  дамыған елдің: Германия, Израиль, Ресейдің қатарына қосты. Қазақ көші халықаралық құбылысқа айналды. Жоғары айтылған екі ұйымының қызметі мен құрылымын білмейтіндер ара-тұра екі ұйымының бізге не керегі бар деп оқыс пікір айтып қалады. Бірақ жері кең, байлығы мол әлемдік геосаясатта өз ықпалын көрсетіп, айналасын өзімен санастыра бастаған қазақ елі үшін ұлттық бірегейлену үдерісі әлі мәресіне жете қойған жоқ. Ұзақ мерзімге бағытталған көші-қон саясатының теориялық және практикалық түйіндері әлі толық тарқатылған жоқ. Цифрлық дамудың жаңа көкжиегінің ашылуы, халықаралық қатынастардың жаңа бағытқа беталуы өміріміз бен қоғамға тың, күрделі, нәзік талаптар қоюда. Сондықтан бір ұйым шетелдегі қандастар ісімен кешенді айналысса, енді бірі елге келген қандастардың ортаға бейімделу, жұмыс табу  сынды шаруаларын ретке келтірсе құба-құп болар еді. Терістіктегі және Шығыстағы екі алып көршіміздің тәжірибесіне жүгінсек те соны байқаймыз. Мысалы, Ресейде «Шетелде тұратын отандастардың құқықтарын қолдау және қорғау қоры», «Орыс әлемі қоры», «Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесі» коммерциялық емес серіктестігі сынды бақандай бюджеті қомақты, құрамы ығай мен сығайға толған үш ұйым жұмыс істейді. Ал, халқы милиардтан асқан, әлем елдерінде 62 миллионнан астам дияспоралары бар Қытайда «Бүкіл Қытайлық халық өкілдері құрылтайына қарасты мұхажырлар комитеті», «Бүкіл Қытайлық саяси кеңестің Гаңкоң , Макао, Тайуан мұхажырлар комитеті», «Мемлекеттік кеңестің (Үкіметтің) мұхажырлар кеңсесі», «Әділет партиясының орталық партия комитеті» сынды бес ұйым құрылған. Партия, үкімет, парламент құрылымдарына бағынышты бұл мекемелердің барлық қала, облыс, аудан орталықтарында филиалдары бюджет есебінен ашылған. Осыдан-ақ Шығыстағы көршіміз әлемдегі екі алпауыттың біріне айналса да, мына жаһандану заманында ұлттық бірегейлену үдерісін сақтап, ары қарай дамыту үшін қаншалық тер төгіп жатқанын байқаймыз. Өткен ғасырда әлемдегі екі алып империяның бірі болған Кеңес империясының заңды мұрагеріне айналып, азуын әлі айға білеп отырған Ресейдің дияспора мәселесімен айналысатын ұйымдарының атының өзі ат үркітеді.

Өзге емес, айналамыздағы Орта Азия елдерімен салыстырып көрейік. Ауғанстанда шамамен 10 миллион тәжік, 3 миллион өзбек, 1 миллионға таяу түркімен бар. Иран елінде 21 миллионға жететін әзербайжан , 1 миллион 300 мың түркімен өмір сүріп жатыр. Қытайда 200 мың қырғыз, 50 мың тәжік, 18 мың өзбек тұрады. Бұдан сырт Қытайда 6 миллион моңғол жасайды. Бірақ, осы елдердің бәрі де Кеңес Одағы ыдыраған соң көші-қон жұмысымен кешенді айналыспады. Өткенге үңіліп, айналамызбен салыстыра білсек қана Қазақстан билігінің, қара орман халқымыздың өтпелі, күрделі кезеңді бастан кешіре отырып, қаншалық жанкешті жұмыс істегеніне көз жеткіземіз.

Қазақ көшінің басында көптеген танымал тұлғаларымыз тұрды. Олар өз бастамасымен, қажыр-қайратымен, ақыл-парасатымен елдің шетінде, желдің өтінде тұрып қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Нақтырақ айтсақ,  Шыңжаңдағы ұлт азаттық көтерілісінде қатардағы партизаннан өсіп полковник болған, кейін Іле Қазақ облысының әкімі не дейін көтерілген саясаткер, қоғам қайраткері, этнограф Жағда Бабалықұлы, ҚР жазушысы , мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жүмәділов өткен ғасырдың алпысыншы жылдардағы Қытайдан ауған қазақ көшінің басы-қасында тұрса, Моңғолиядағы мемлекет және қоғам қайраткері, Үкіметтің, Парламенттің орынбасары лауазымдарын атқарған, тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы тәуелсіздік қарсаңыда Моңғолиядағы қазақ көшінің рухы болды. Қытайда туылып, Түркияда өмір сүрген Құранды ана тілімізде сөйлеткен теолог, жазушы Халифа Алтай,  Тарым лагерінде жастық көктемін жоғалтса да сағы сынып, салауаты кемімеген жазушы Жақсылық Сәмитұлы тәуелсіздіктен кейінгі өз өңіріндегі қазақ көшінің бастаушысы, ұйымдастырушысы бола білді. Олар шетелдегі биік лауазымын, жайлы тұрмысын тәрік етіп, Тәуелсіздіктің бір кірпіші болып қаланды.

Қазақ көшінің бүгінгі алған асуы мен жеткен биігіне елін емірене сүйетін тау тұлғалы марғасқаларымыздың да ересен еңбегі бар. Олар мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс ардагері Қазақ КСР Министрлер кабинетінің орынбасары Шәңгерей Жәнібеков, жазушы, қоғам қайраткері Қалдарбек Найманбаев, жазушы, аудармашы, журналист Уақап Қыдырханұлы еді. Жәкең болса өзі құрып, жетекшілік еткен «Қазақстан» қоғамын өз қолымен жауып, жаңа ұйымының иелегіне өткізді. Қандай дегдарлық, тектілік десеңізші?! Ал, Қалекең болса, Қазақстан Жазушылар Одағындағы, Жазушы баспасындағы екі бірдей лауазымды қызметін тастап, жаңа құрылған ұйымның отымен кіріп, күлімен шықты. Әлемде тарыдай шашырап жүрген исі қазақтың қамын жеді. Қажыгелдин үкіметі кезінде бүкіл қоғамдық ұйымдар бюджеттен шығарылғанда өзінің беделі мен абыройын, ел Президентімен болған жеке қарым-қатынасына сүйене отырып, ДҚҚ-ын сақтап қалды. Уақап Қыдырханұлы ағамыз болса бүкіл саналы ғұмырын «Шалқар» газеті үшін арнады.

Енді қазақ көшін бастап келген және қазақ көшінің қалыптасып, дамып әлемдік аренаға шығуына өлшеусіз үлес қосқан жоғарыдағы аты аталған, бұл күнде арамызда жоқ тұлғаларды ардақтап, әспеттеп, ел есінде мәңгілік қалдырғанымыз дұрыс. Ол үшін Астана, Алматы қалаларында, қандастарымыз шоғыр орналасқан облыс орталықтарында сол тұлғалардың есім-сойымен елді мекендер мен даңғыл-көшелеріміздің аты аталса, бұл да бір ұлттық бірегейленудің жарқын көрінісі болар еді. Өйткені, өткенсіз бүгін жоқ. Асылдарымызды ардақтап, аруақтарымызды разы қылсақ, көкжиегіміз кеңейіп, болашағымыз нұрлана түсер еді.

Қорытынды

Жошы ұлысының заңды жалғасы Қазақ хандығы ішкі-сыртқы факторлардың әсерінен территориясы бөліске түсіп, халқы шекара аттаған ұлтқа айналды. Міне, тәуелсіздік таңы атып,  мемлекетті қайтадан құрылымдап, адамзатқа ортақ өркениет жолына түскенімізге 33 жыл болды. Осы барыста нарыққа өттік, айналамызбен шекара айқындалды, шыт жаңа астана бой көтерді. Ұлттық бірегейлену үдерісі өз жемісін берді. Шерік ғасырдан астам уақытта ғасырға татитын өзгеріс пен құбылыстың куәсі болдық. Әрине, қоғам болған соң түрлі-түсті кемшілік те жоқ емес. Ол, әрине ізденіс аясындағы іркілістер.

Бірінші, қазақ көшінің дәуірлеп тұрған кезінде Президентке төте бағынатын көші-қон агенттігі құрылған қазір ше?

Екінші, Кеңес кезінен мұра болып қалған бюрократия мен коррупция әлі тиылар емес, дегенмен цифрлық дамудың жетістігі екі дерттің тынысын тарылтып тұр. Бірақ адами себептер немесе сіңіп қалған нашар әлет-ғұрып әлі азаяр емес.

Үшінші, өз еркімен көшіп келген қандастар квота бөлінген аймақтарға бармай, өзі қалаған қала, обылыстарға барамын десе үш атадан қиылысатын туыстары тұрақты тіркеуге тұруға рұқсат беріуі керек. Олай болмағанда қандас куәлігін ала алмайды. Ол дегеніміз жеңілдетілген тәртіппен азаматтық ала алмайды деген сөз. ТМД кеңістіген сырттағы қандастардың құжатында көбінде әкесінің ғана аты жазылады. Атасын фамилия етіп жазу негізінен орыстардың стандарты.

Төртінші, кейінгі жылдары келіп жатқан қазақ жастары (әсіресе Қытайдан) Қазақстанды транзиттік өткел ретінде пайдаланғысы келетіні анық аңғарылуда. Тиісті шаралар қолданылмаса халықаралық дауға ұласуы мүмкін.

Бесінші, Астана және Алматы сияқты ірі қалалардың бастауыш, орталау, орта мектептерінде шетелдегі қандастарымызды перзенттері білім алып жатыр. Былтырдан бастап мемлекттік мектептер баланың қамқоршысы жоқ деген сылтаумен балаларды мектепке қабылдаудан бас тартуда. Оның аяғы коррупцияға жалғасуда. Ал, жекеменшік мектептер ондай талап қоймайды, ақшасын төлесе қабылдай береді. Осы мәселе туралы білім министрлігі мен Мәжіліс бір оңтайлы шешім шығарады деп сенеміз.

Алтыншы, қазақ көшінің жетістігі, ұнамды жақтары бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде сауатты, салиқалы насихаттала бермейді. Дақпырт, өсек-аяң өріп жүреді. Осы тұрғыдан ақпарат құралдары мен блогерлердің көшке қатысты ақпараттарының шынайылығы туралы жауапкершілігі құзастырылса дұрыс болар еді.

Жетінші, отыз неше жылдан бері түрлі объективті, субьективті себептерге байланысты қазақ көші көлденең табыс табудың көзі болып, делдалдар қосыны қалыптасқаны жасырын емес . Олар құқық қорғау органдарымен астасып тойынғаны, дәндегені соншалық, топ құрып, партия құрып, өз заңсыз талаптарын қоя бастады. Қарапайым аңқау, адал қандастарды адастырып, алдап, айдап салып арандатуда. Осы жағына құқық қорғау органдары мен көш саласындағы кәсіби мамандар назар аударғаны дұрыс.

Сегізінші, 2011 жылы 25 мамырда Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығының IV Құрылтайында ҚР Президенті Н.Назарбаев: «Ат қазығын байлар атамекенге 20 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы көшіп келді. Осылайша ел халқының саны 1 миллионнан астам қандасымызбен толықты», - деген еді. 2024 жылы 14 қаңтардағы мәліметте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елге келген қандастардың саны 1 милион 129,6 мың деп жариялады. Соңғы статистика сәл күман тудырады.  Өйткені, пандемия кезінің өзінде маусым сайын елге келген қандастардың саны 15-18 мың аралығында болғанын аталмыш министрлік жариялап тұрған. Осы жағын мамандар назарға ұстар.

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz 

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958