Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3591 0 пікір 12 Наурыз, 2014 сағат 04:39

Ұлтшылдарға жаңа көсем іздеп жүрген кім?

Жуырда меншік иесі кім екені белгісіз, байланыс мәліметтері де жоқ «Серке.орг» ақпараттық-сараптамалық сайтында «Ұлтшылдар көсемін ауыстырмақшы» деген арандатушы бағытта жазылған мақала жарияланған. Мақаланың интернеттегі сілтемесі мына жерде: http://www.serke.org/news/ultshyldar-k%D3%A9sem%D1%96n-auystyrmakshy. Онымен танысқан кез-келген адам бұл мақала халықты шатастыру, ұлтшылдардың арасына жік туғызуға бағытталғандығынан хабардар болады. Өйткені, мақала авторының аты-жөні жазылмаған. Яғни журналистикалық этикаға мүлдем жанаспайтыны былай тұрсын, бұл әкімшілік кодексті бұзушылық. Кез-келген адамды, не ұйымды аты-жөнін көрсетпей, тасада отырып қаралайтын, сайда саны құмда ізі жоқ мақалаларды жариялай беретін сайттың ісіне заң жүзінде қарар болсақ, нағыз қылмыстық әрекет.  

Жуырда меншік иесі кім екені белгісіз, байланыс мәліметтері де жоқ «Серке.орг» ақпараттық-сараптамалық сайтында «Ұлтшылдар көсемін ауыстырмақшы» деген арандатушы бағытта жазылған мақала жарияланған. Мақаланың интернеттегі сілтемесі мына жерде: http://www.serke.org/news/ultshyldar-k%D3%A9sem%D1%96n-auystyrmakshy. Онымен танысқан кез-келген адам бұл мақала халықты шатастыру, ұлтшылдардың арасына жік туғызуға бағытталғандығынан хабардар болады. Өйткені, мақала авторының аты-жөні жазылмаған. Яғни журналистикалық этикаға мүлдем жанаспайтыны былай тұрсын, бұл әкімшілік кодексті бұзушылық. Кез-келген адамды, не ұйымды аты-жөнін көрсетпей, тасада отырып қаралайтын, сайда саны құмда ізі жоқ мақалаларды жариялай беретін сайттың ісіне заң жүзінде қарар болсақ, нағыз қылмыстық әрекет.  

Біздің тарапымызға қарсы мұндай тас атушылық әрдайым болып тұрады. Оны қалыпты жағдай деп бағалаймыз. Бұған қоса бұрыннан келе жатқан «оппоненттеріміз» де бар. Түсін түстеп, атын атамасақ та олардың кімдер екендігін көпшілік жақсы біледі. Ал олардың «Ұлтшылдар көсемін ауыстырмақшы» деген байбаламы шындыққа мүлде үйлеспейді. Ондай әңгімеден Қазақ Ұлттық Кеңес төрағасының орынбасарлары да, саяси бюро мүшелері де бейхабар. Тіпті, ондай әңгіменің болуы да мүмкін емес. Себебі, Мұхтар Шаханов ағамыздың «орнын алмастыра қояйын» деп отырған «ұлтшылды» өз басымыз көрген де, естіген де емеспіз. Оны біздің «оппоненттеріміз» де мойындапты. Олардың өзі Мұхтар ағаның орнына кімді қоярларын білмей, әрнәрсенің басын бір шалып, айдалаға лағып кеткендіктері аңғарылып-ақ тұр. Біз «ұлтым» деп жік-жапар болып жүрген жігіттердің ешқайсысын да жоққа шығармаймыз. Және оларды сыртқа тепкен де емеспіз. Әркім өз шама-шарқына қарай қызмет етеді.

Қайталай айтсақ, Қазақ Ұлттық Кеңесі төраға ауыстырайын деп отырған жоқ. Кеңес саяси бюро мүшелері мен басқа да жақтаушы ниеттестері бұл арандатушылық мақаланының әдейі тапсырмамен жазылғанын мәлімдейді. Халқымыз: «Іштен шыққан жау жаман» деген. Бұған дейін де біздің жанымызда жүріп, өз білермендігіне салынып, Ұлттық Кеңестің жұмысына кедергі келтіруге тырысқандардың әрекеті Саяси бюро жиналысында қаралған болатын.

Біз бұндай жалғандыққа құрылған дақпыртқа құлақ аспай, Мұхтар Шаханов ағамыздың туының астында ұлттық, елдік мүдде жолындағы күресімізді жалғастыра береміз. Қазақ тілінің Мемлекеттік тіл болуы жолындағы Мұхтар ағамыздың қайраткерлігі бізге үлгі. Естеріңізде болса, қазақ ұлтын жоюға бағытталған «Қазақстандық ұлт» саясатына Мұхтар ағамыз қарсылық білдіріп, аштық жариялау туралы бастама көтерген кезде де бұл топ оның жанынан табылған болатын. Кедендік Одаққа қарсылық білдіріп, Еуразиялық Одаққа қарсы жасалған мәлімдемелерде де Мұхтар ағамыздың соңынан ергенбіз.

2013 жылдың 23-ші қарашасында құрылған Қазақ Ұлттық Кеңесі қазіргі Қазақстан билігіне ұлтымыздың басындағы өзекті мәселелерді топтастырған 23 талап қойған еді. Дегенмен, қазіргі біздің тоңмойын биліктің бұл талаптарды шеше қоюға ниеті дәрмені жоқ. Дәрмені болғанның өзінде де ниеті жоқ. Бүгін біз сол талаптардың ішінен 2 талапты қайта назарларыңызға салғанды жөн көрдік.

...Мемлекет басшысына ант берген лауазым иелерінің едәуірі қылмыскер атанып жатыр. Бұл авторитаризмге негізделген Президенттік басқару формасынан туындаған «жемістер». Президент құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикамызда екінші Парламент қызметін атқарып жүр. Әлемнің бірде-бір елінде мұндай саяси жүйе жоқ. Мұның мүлде орынсыз екендігі сан рет айтылды, жазылды. Бірақ оған құлақ асар билік жоқ. Енді халық алдындағы, мемлекет алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып, Конституциялық жолмен Президенттік билікті Парламенттік-президенттік басқару формасына ауыстырғанды жөн деп білеміз. Президент Парламент алдында, депутаттар халық алдында жауапты болуға тиіс. Билік тармақтарының демократиялық қағидаттары сақталуы керек. Бір-бірін ретсіз қайталаушылықтан арылту үшін Парламенттің екі палаталық формасы біріктіріліп, шынайы халық өкілдерінен құралатын бір палаталық формаға көшірілсін. Депутаттыққа ұсыну мен сайлау жанама – партиялық тәсілмен емес, сайлау округтері бойынша, халықтық төтелей сайлау арқылы жүзеге асырылсын;

...1926 жылы Кеңестер Одағының кезінде Наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынды. 62 жылғы үзілістен соң Наурыз мейрамы 1988 жылдан бастап, мемлекеттік деңгейде қайта тойлануда. Бірақ әлі күнге дейін өзінің негізгі міндетін атқара алмай келеді. Наурыз мерекесі (21-22-наурыз күні) түркітілдес халықтардың Жаңа жылы болып саналады. Нақ осы мерзімде күн менен түн теңеседі. Әрбір отбасы ағаш отырғызуға міндетті. Егер адамдар ренжіскен, өкпелескен болса, өзара кешірім сұрасып, татуласуы шарт. Наурыз мейрамының осындай рухани өнегесі бар. Бірақ біз әлі күнге дейін Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан дәстүр бойынша, Жаңа жылды 1-қаңтарда тойлап келеміз. Бұдан былай Жаңа жыл мерекесін Наурыз мейрамымен бірге тойлау – ежелгі ата-баба дәстүріне бет бұру екенін ұмытпағанымыз абзал...

Ал, мәлімдеменің толық нұсқасын мына сілтемеден көре аласыздар http://old.abai.kz/node/40858 .

Қазақ Ұлттық Кеңесінің қазіргі жұмысына келсек, біз қоғамымызда көрініс тапқан күрделі мәселелердің ешқайсысынан да тыс қалған емеспіз. Бәріне де өз пікірімізді, өз көзқарасымызды білдіріп келеміз. Бізді үнсіз қалды деп кінә артқан теңгенің құнсыздануына байланысты да, Украинаға қатысты да мәселелер көтердік (http://old.abai.kz/content/kazak-ylttyk-kenesi-reseidin-b-gingi-solakai-sayasatyna-zhol-beruge-bolmaidy). Биліктің біздің аяғымызға тұсау салғысы келіп, тіпті жауып тастауға сылтау таппай отырғандығы да бізге белгілі. Кейбіреулер бізге достық пейіл танытқандай болып көрініп, біздің қолымызбен от көсегісі келетіндігін де біз жақсы білеміз. Алайда, талай сыннан, талай дау-дамайдан халқын аман-сау алып келе жатқан, шын мәнінде көшбасшылық мінезді бойына дарытқан ұлттың аяулы күрескер ақыны Мұхтар Шаханов бұл күресте де жеңіс биігінен көрінері анық. Өсек сөздің өрге баспайтынын әрдайым есте ұстайық, ағайын!

 

Қазақ Ұлттық Кеңесі мүшелері

Құдияр БІЛӘЛ,

Мақсұт ҚАЛЫБАЙ,

  Мұхтархан АБАҒАН,

Нұржан ОШАНБЕК

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5376