Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4706 0 пікір 22 Қыркүйек, 2009 сағат 14:32

"Ұлт көшбасшысы" туралы ұсынысқа қызығушылықпен қарадым.

Қазақстанда өмірлік президенттік мәртебесін енгізу мәселесі төңірегінде қазір түрлі пікір, болжам, жормал көп.  Біз осы тақырып бойынша Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевқа хабарласқанды жөн көрдік.

Өмірлік президенттік идеясының авторы кім?

-   Сіз алдыңғы бір сұқбатыңызда Конституцияға «өмірлік президенттікке байланысты ешқандай түзетулер топшыланбағанын», тіпті «осындай алып-қашпа әңгімелер үкіметке қарсы рөл ойнап жатқандығын» айтқан едіңіз. Бірақ көп ұзамай «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Дархан Кәлетаев «Ұлт көшбасшысы туралы» заң жобасы даярланып, оған өмірлік президенттік жөнінде жазуға болатындығын мәлімдеген. Енді мұны қалай түсіндіресіз?

-   Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен соңғы рет маусымның 26 күні кездестім. Сол кезде өмірлік президенттік туралы әңгіме мүлдем қозғалған емес. Мен - Президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісімін. Президентті 1990 жылдың сәуір айынан бері жиырма жылдай білемін. Президент командасында айтарлықтай үлкен өмірлік, саяси мектептен өттім. Егер президент әкімшілігінен немесе мемлекет басшысынан осындай нақты бастама көтерілсе, мен одан хабардар болар едім.

Қазақстанда өмірлік президенттік мәртебесін енгізу мәселесі төңірегінде қазір түрлі пікір, болжам, жормал көп.  Біз осы тақырып бойынша Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевқа хабарласқанды жөн көрдік.

Өмірлік президенттік идеясының авторы кім?

-   Сіз алдыңғы бір сұқбатыңызда Конституцияға «өмірлік президенттікке байланысты ешқандай түзетулер топшыланбағанын», тіпті «осындай алып-қашпа әңгімелер үкіметке қарсы рөл ойнап жатқандығын» айтқан едіңіз. Бірақ көп ұзамай «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Дархан Кәлетаев «Ұлт көшбасшысы туралы» заң жобасы даярланып, оған өмірлік президенттік жөнінде жазуға болатындығын мәлімдеген. Енді мұны қалай түсіндіресіз?

-   Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен соңғы рет маусымның 26 күні кездестім. Сол кезде өмірлік президенттік туралы әңгіме мүлдем қозғалған емес. Мен - Президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісімін. Президентті 1990 жылдың сәуір айынан бері жиырма жылдай білемін. Президент командасында айтарлықтай үлкен өмірлік, саяси мектептен өттім. Егер президент әкімшілігінен немесе мемлекет басшысынан осындай нақты бастама көтерілсе, мен одан хабардар болар едім.

Әкімшілік басшысымен аптасына бір рет жолығамын. Сондай-ақ премьер‑министрмен де айтарлықтай жақын араласамын. Екеуі де - президенттен кейінгі мемлекетте шешуші рөл атқаратын тұлғалар ғой. Яғни, президент маңайындағы адамдар арасында бұл тақырып бойынша мақсатты нұсқаулар, пікірталастар болмағанын растаймын. Сондықтан алдыңғы сұхбатымда Конституцияға өзгерістер енгізу топшыланбағанын айттым.

Егер есіңізде болса, тамыз айында барлық оппозициялық басылымдар қыркүйектің 1 күні парламент отырысы өтіп, онда президент сөйлеп, депутаттар өмірлік президенттікті енгізеді деп хабарлаған. Алайда ондай ештеңе болған жоқ. Өмірлік президент тақырыбына соңғы бір жарым айда шынымен қозғау салынуда. Бірақ бұл идея президент әкімшілігінен шыққан жоқ.

-    Онда бұл бастама тек «партиялық» идея болғаны ғой?

-    700 мыңдай мүшесі бар «Нұр Отан» партиясының Нұрсұлтан Назарбаевтың ел президенті ретінде билікте ұзақ уақыт қалуын қалайтындығы түсінікті. Дархан Кәлетаев тек өзінің ғана емес, партия функционерлерінің, облыстық партия филиал өкілдерінің пікірін жеткізіп отыр. Президент ресми сапармен аймақтарда болған кезде зиялы қауым, жұмысшылар сияқты халықтың әр қилы әлеуметтік топтары осы тақырыпты көтерді. Олар басқа президентті көргілері келмейді, болашақ президент сайлауының елдің берекесін қашырып, бөлшектегенін қаламайды. Мысалы, Украинадағы президент сайлауы кезінде бір ел текетірескен екі лагерьге қақ жарылды емес пе?! Керісінше біздің президенттің харизмасы мен лидерлігінің ауқымдылығы арқасында Қазақстанда 18 жыл бойы жалпы ахуал тұрақты болып қана қоймай, табысты нарықтық реформалар жасауға мүмкіндік беретін оң әлеуметтік-экономикалық жағдай қалыптасты.

-    Соңғы кезде кейбір ақпарат құралдарында бұл идея президенттен шығуы мүмкін деген жорамалдар айтылған. Яғни, сіз мұны жоққа шығарып отырсыз ғой?

-    Президент бұл идеяның бастамашысы еместігін сіздерге нақты айта аламын. Бірақ президент командасында: орталықта да, аймақтарда да президентке шын ниеттерімен жандары ашып, президенттің қарсыластарына, бейнелеп айтқанда, «сыйлық» жасағысы келетіндер бар.

-   Қандай қарсыластары туралы айтып отырсыз?

-   Қашып жүрген миллиардерлер мен мемлекеттік қылмыскерлер ше? Президенттің арқасында байлыққа белшесінен батып, мемлекеттік қызметте, қаржы саласында мансапқа қол жеткізген осы және басқа қарсыластарының 2012 жылға қарай бірігуін болдырмау мүмкін емес. Бәлкім, осындай дәйектер жетекшілікке алынып, өмірлік президенттік мәселесі көтерілген шығар.

Ең бастысы: президенттің халық пен ел алдындағы еңбегі, беделі даусыз. Сондықтан, осы ұсыныстардың астарында, кейбір басылымдар айтқандай, президентке жарамсақтану, оның көңілін табу ниеті жатқан жоқ. Бұл мәселелерді негізінен әлемдік дағдарыс ушығып тұрған кезде республиканың күтпеген саяси катаклизмге, апатқа соқтықпай, ыдырамауын, Украина немесе Грузияда болған бейберекетсіздіктердің мұнда қайталанбауын қалайтын, елдің болашағына шынымен алаңдайтын жанашыр азаматтар көтерді.   

-    Олардың бастамасының бар мақсаты - президенттің ұзақ уақыт билікте қалуы емес пе? Бірақ Назарбаевқа ондай мәртебе бермесе де, ол келесі сайлауда жеңіске жететін тәрізді. Онда бұл мәселені көтерудің қиысыны қандай?

-    Әлбетте! 2012 жылы желтоқсан айында президент сайлауда жеңіске жетеді. Біріншіден, 2005 жылы желтоқсан айында президентті жақтаған 91 пайыз халық, электораттың басым бөлігі дағдарыстың қанша ушыққанына қарамастан, бұрынғыдай президентті қолдайды. Екіншіден, біздің - президент әкімшілігіндегілердің оппозициялық газеттерден айырмашылығымыз - шынайы ақпаратқа жүгінуге тиіспіз. Біз үнемі жабық әлеуметтік зерттеулер өткізіп отырамыз. Соған қарағанда, президенттің рейтингісі әлі де өте жоғары. Оны үш жылдың ішінде қысқарту мүмкін емес. Президент - жаратылысынан күрескер. Ол сайлауда кез-келген кандидатты жеңіп шығады.

-    Қалай ойлайсыз, неліктен біздің елімізде Нұрсұлтан Назарбаевқа шынайы бәсеке бола алатын тұлға әлі табылмай отыр?

-   Түсінесіз бе, біздің саяси элитаны алсақ, олардың бәрі сөзсіз президентті қолдайды. Өйткені, оның харизмасы өте мықты. Харизма деген сөздің өзі көне грек тілінен алғанда «құдайдан шабыт алушы» «жаратқанның шапағатына бөленген» дегенді білдіреді. Осындай харизма тек Нұрсұлтан Назарбаевқа тән.

Мектепте, университетте тарихтағы тұлғаның рөлі деген тақырыпты оқыған едік қой. Назарбаевтың тұлғалық ауқымдылығы, харизмасы, оның таза менеджерлік қабілеті, адами қасиеттері, беделі ерекше. Ол әлемнің бес жетекші саясаткерлерінің қатарына кіреді. Кезінде Маргарет Тэтчер 90-жылдардың басында оған өз бағасын берген. Сол пікір әлі мәнісін жойған жоқ... Өзіңіз ойлаңызшы, жер ауқымы жағынан әлемде 9-шы орын алатын, ал халқының саны 16 млн ғана ел Қытай мен Ресей сияқты екі үлкен державаның ортасында орналасқан. Оңтүстік жағында - орасан зор мұсылман әлемі көсіліп жатыр. Он сегіз жыл бойы осы мемлекетте тұрақтылық сақталып, реформалар табысты жүргізілді. Әрине, қазақстандықтардың басым бөлігі Назарбаевқа дауыс береді. Наразы электораттың болатындығын жоққа шығаруға болмайды. Соңғы президенттік сайлауда оппозиция өздерінің ортақ үміткерлерін - Жармахан Тұяқбайды ұсынған. Ол 6,64 пайыз дауыс алды. Басқа үміткердің әрі кеткенде жинай алатын дауыс мөлшері - осындай.

«Ұлт көшбасшысы» туралы заң керек пе?

 

- Жалпы өмірлік президенттік идеясын Қазақстанда шынымен жүзеге асыру мүмкін деп ойлайсыз ба?

-   Өмірлік президенттік - сайлауды алып тастау дегенді білдіреді. Солай емес пе? Яғни, өмірлік президенттік болса, Назарбаев аман тұрған кезде, Алла оған қуат берсін, президент сайлаулары болмайды. Мен өмірлік президенттік енгізу механизмі қандай болатындығын білмеймін. Сондықтан бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Біз Конституцияға, «Бірінші президент туралы» заңға өзгерістер енгізуіміз керек қой. Мысалы, «Қазақстан Республикасының Бірінші президенті ендігәрі көзі тірісінде мемлекет басшысы болып қалады» деп жазамыз ба? Мұны қалай жасаймыз? Мен оны білмеймін! Осы тұрғыдан алғанда ең шешуші сөзді халық айтуы керек.

-   Қалай? Халықтық референдум арқылы ма?

-   Бәлкім, жалпыхалықтық референдум арқылы... Бірақ шынын айтқанда, меніңше, президент бұл қадамға бармайтын тәрізді. Мен президентті жақсы білемін. Оған бұл қажет емес. Менде сондай бір сезім бар. Қазір бәрібір президентке оның Сенаттағы, Мәжілістегі, «Нұр Отандағы» жақтастары, жұмысшы ұжымдары қысым жасай бастайды. Олардың бәрі жан-жақтан талап етіп, оны қыспаққа алатынын сезіп тұрмын. Бірақ президенттің өзі 2012 жылы желтоқсанда сайлауда жеңіп шығатынына күмән жоқ. Яғни, 2017 жылдың желтоқсан айына дейін бұл тақырып жабық. Алдағы 8 жылда осы тақырып - өзекті емес. Сондықтан, меніңше, бұл мәселені көтере беруді доғару керек.

-   Жалпы өмірлік президенттік деген басқа елдердің тәжірибесінде бар ма?

-   Бірнеше елде мемлекетті басқарудың тәжрибесі  қолданылған. Еліміздегі объективті саясаттанушылардың бірі - Андрей Чеботаревтің бір мақаласын оқыдым. Сонда ол Латын Америкасы, Азия, Африка елдерінде осындай оқиғалар болғанын мысалға келтіріпті.

«Ұлт көшбасшысы туралы» заң жобасы ше? Президенттің мәртебесін тағы бір заңмен бекіту қажет пе?

-  Саяси лидерлік - саясаттанудағы ең күрделі тақырыптың бірі. Мен Кәлетаевтың ұсынысына қызығушылықпен қарадым. Неге? Өйткені, оның ұсынысы ойлануға, сараптама жасауға итермелейді. Сонда мынандай тұжырымға келесің: «Қазақстан президенті - Нұрсұлтан Назарбаев» дегенде бұл нақты шынайылық екенін түсінесің. Ал «ел көшбасшысы - Назарбаев» деген ұғым - салыстырмалы түрде бейнелеу емес пе?! Бұл - біршама шартты түсінік.

Айталық, мектепте оқып жүргенде сыныпта староста, комсорг тәрізді ресми лидерлермен қатар ресми емес топ басшысы болатынын білесіз. Саясаттан да классикалық мысал келтіруге болады. Иран шахы - 70-ші жылдарда ресми лидер, мемлекет басшысы болды. Ал бұл елдің ресми емес лидері - Аятолла Хомейни шетелде жүрген еді. Ол кейін еліне келіп, оның ресми әрі ресми емес лидеріне айналды. Назарбаев ‑ заңды түрде сайланған президент ретінде Қазақстанның ресми лидері. Оған қоса ол - елдің ресми емес лидері. Мұндай жағдай өте сирек кездеседі.

Саясаттану терминдерін нақты заң нормаларына айналдыру өте қиын болады. Өйткені, лидер деген ұғымның ауқымы өте кең. Мысалы, президент - нақты мемлекеттік лауазым. «Біздің президент» десек те,  оппозиция да «мемлекет президенті - Назарбаев» десе де, олар оның мемлекет басшысы екендігін мойындайды. Неге? Өйткені, оны бәсекелесті сайлауда президент етіп халық сайлады. Ал ұлт лидерін анықтау үшін де сайлау науқанын өткіземіз бе?! Бұл - әлемнің еш елінде жоқ үрдіс!

 

Билікке келмеген оппозиция құнсыз

Ал оппозицияның жағдайы не болмақ? Сіз қоғам үшін қажет демократиялық институт - оппозиция жайында «он жыл бұрын да, қазір де, болашақта да оның мүмкіндігі жоқ» деп кесіп айттыңыз. Тіпті бұл «Батыс мәдениетінің біздің елге кіріге қоймаған элементі» депсіз. Мұндай пессимистік тұжырым жасауға не себеп?

-  Бізде көзге көрініп тұрған фактілер бар. Өткен президент сайлауларын есіңізге түсіріңізші. 1991 жылы 1 желтоқсан айындағы президент сайлауы баламасыз жағдайда болды. Назарбаев 99 пайыздай дауыс жинады. Оппозиция ол кезде жоқ еді. 1998 жылы қаңтар айында президент сайлауы бәсекелі жағдайда өтті. Бірақ Назарбаевтың басты бәсекелесі Серікболсын Әбділдин ең көбі - 12,5 пайыз алды. Ол кезде жағдай өте қиын еді. Қаржы дағдарысы болатын. Мемлекет қазынасы ойсырап, кәсіподақтардың көбі тоқтап тұрған. Соның өзінде оппозиция қауқарсыз болып шықты. 2004-2007 жылғы парламент сайлаулары президентшіл саяси партиялардың басымдылығын паш етті. Өйткені, бұл кезде елде мұнай-газ бағасы шарықтап кетті. Реформа белсенді түрде жүріп, шетелдік инвестиция құйылып жатты. Осының бәрі президенттің басымдылығын көрсетті. 2005 жылғы президент сайлауында Тұяқбайдың бар-жоғы 6,4 пайыз дауыс алғанын айттым.

Украинаны алыңызшы, бес жыл бұрынғы сайлауда Янукович пен Ющенконың жинаған дауыстары бойынша айырмашылығы - 1-2 пайыз ғана! Соның өзінде оппозиция билікті қайта сайлау өткізуге мәжбүрлеп, Януковичтің орнына Ющенко президент атанды. Міне, осылай оппозиция елде шынайы институтқа айнала білді. Бізде ше?

Жақында «Свобода слова» газетінде Болат Әбілов: «Біз 2004 жылы жеңіске жеттік, 2007 жылы «Нұр Отан» емес, оппозициялық партиялар басым түскен» депті. Сайлауда жеңіске жетіп, парламентте отырмайтын ондай оппозицияның құны көк тиын! Яғни, оларды шынайы қолдаушылар жоқ. Мен оларды жұртты көшеге шығарсын деп тұрған жоқпын. Бірақ олар жеңіске жетіп, халық олардың билік жүйесінде болуын талап етпесе, онда халық оларды шынайы қолдайды дегеннің бәрі - бос далбаса. Сондықтан, мен фактілерге сүйеніп, оппозиция институты бізге кіріге алған жоқ деп айттым.

Мұның себебі неде: ұйымдасу мәселелерінде ме, әлде біздің менталитет сондай ма?

-  Себебін қазақстандық менталитеттен іздеу керек. Қазақстан азаматтары - ұлтына қарамастан, заңға мойынсұнғыш азаматтар. Олар елде тұрақты жағдай сақталып, экономика мен әлеуметтік салада нақты реформалардың болғанын діттейді. 18 жыл бойы Президент қолдау көрсетіп келген орта және шағын бизнесті алыңызшы. Бізде миллионнан астам шаруашылық ететін субъекті бар. Миллиондаған адам табыс табуға мүмкіндік алған. Барлығы тағдырдың жазуымен 91-ші жылы ел басына келген президентті қолдайды. Президенттің билікке келгісі келетін басқалармен салыстырғанда, әлбетте, билікті ұстап тұру, қоғамдық пікірге ықпал ету бойынша басымдылыққа ие екендігі сөзсіз.

Оппозицияны түкке алғысыз қыласыз. Ал оппозициясыз демократиялық ел болуы мүмкін бе?

-  Оппозиция бар. Бірақ билік жүйесінде жоқ. Бұл - оның кінәсі. Өйткені олар үнемі барлық мәселелер бойынша билікпен текетіресу принципі бойынша жұмыс істейді. Бұл ескі ұғымдағы оппозицияға тән. Еуропада, АҚШ-та оппозиция мен билік - біртұтас. Англияда лейбористер мен консерваторлар бірге парламентте отырады. АҚШ-та республикашылдар мен демократтар Конгресте қоян-қолтық жұмыс істейді. Президент кірген кезде бәрі орындарынан түрегеліп, сәлем беріп, ізет көрсетеді. Өйткені, олар - ортақ күш. АҚШ-та билікке қарсы оппозиция жоқ, тек жекелеген мәселелер бойынша оппозиция бар. Олар тек бір-бірінің жұмысын мұқият қадағалап отырады. Ал бізде оппозиция барлық мәселелер бойынша билікке қарсы шығады. Конструктивтілік мүлдем жоқ! Сондықтан мұндай оппозиция билікке де керек емес. Билік олармен қарым-қатынас жасамауға тырысады. Сондықтан, ұзақ уақыт оппозиция саяси тарихтың қалтарысында қалуда.

 

«Бас пен жақты айыра білу керек»

 

- Кейбір саясаттанушылар өмірлік президенттік қабылданған жағдайда бұл Қазақстанның Еруопалық елдермен қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін деп есептейді...

-   Еуропа мұндай идеяға ерекше сүйсіне қояды деп ойламаймын. Бұл - айқын нәрсе. Егер біз әлемнің 55 елі кіретін ЕҚЫҰ сияқты ірі, беделді халықаралық ұйымға төраға болғымыз келсе, онда оған мүше барлық елдердің мемлекет басшылары тек бәсеке жағдайында, балама үміткерлер қатысатын сайлауда іріктелінетіндігін еске алуымыз керек.

Қазақстан бірер айда осы ұйымға төраға болады. Республиканың ЕҚЫҰ-ғы миссиясы қандай болмақ?

-  ЕҚЫҰ төраға болу - Қазақстан үшін де, Еуропа үшін де бірдей орасан зор маңызды. Президент төрағалықты «біздің жалпыұлттық стратегиялық жоспарымыз» деп атап көрсетті. Бұл - Қазақстанның барлық халқына, бүкіл партиялары мен қозғалыстарына, үкіметтік емес ұйымдары мен үкіметіне ортақ іс.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Канададағы Ванкуверден Ресейдегі Владивостокқа дейінгі 55 елді қамтып отыр. Ұйым ішкі және аймақтық қауіпсіздік, ынтымақтастық, есірткімен, лаңкестікпен күрес сияқты көптеген маңызды мәселелерді қарастырады. Бұл бағытта Қазақстанның әлемде және Еуропада баяғыда мойындалған өте үлкен оң тәжірибесі бар. Президент әлемдегі өзінің беделінің арқасында осындай маңызды мәселелерді шешуге ат салысты.

Біздің кезектен тыс төраға болғанымыз - әлемнің президенттің, жалпы Қазақстанның сіңірген еңбегін мойындау. 2007 жылдың 30 қарашасында Мадридте ЕҚЫҰ-ның барлық елдері жиналған кезде олар Қазақстанның кандидатурасын бірауыздан қолдады. Сондықтан, Қазақстанның әлемдегі мәртебесін өсіре түсетін 2010 жыл өте қызықты, оқиғаларға толы, маңызды болады деп ойлаймын.

Қазақстан осы ұйымға өзгерістер әкелуі мүмкін бе?

-  Мен осы ұйымдағы маңызды бағыттарды атап өттім. Бізде оппозиция тек демократиялық құндылықтарға ғана баса назар салады. Сөз бостандығы, еркін жиылыстар, ар-ождан еркіндігі - бәрі маңызды. Егер біз тек демократиялық құндылықтарға мән беріп, қауіпсіздік мәселесін естен шығарып алсақ, қалай болады?! Кез-келген адамнан қайсысы маңыздырақ деп сұраңызшы. Ең алдымен ол өзінің, отбасының, елінің қауіпсіздігіне басымдылық береді. Сондықтан, осы тұрғыдан алғанда ЕҚЫҰ сессиялардында осы мәселелерді көтеру маңызды. Қазақстан онымен айналысады.

Бұл ұйымға төраға болу Қазақстанға не береді? Келер жылдан не күтеміз?

-  Қазақстан Еуропамен, Еуропа Одағымен тығыз байланыста болмақ. Өйткені, географиялық тұрғыдан алатын болсақ, біздің жеріміздің 12  пайызы (Атырау, Ақтөбе облысының бір бөлігі) Еуропада орналасқан. Яғни, бізді Еуропа континентімен байланыстыратын көпіріміз бар. Экономика, сауда, бизнес, гуманитарлық, білім беру саласында, саяси-қоғамдық қатынаста Еуропамен тығыз интеграцияның Қазақстан үшін берері мол. Президенттің сыртқы саясаттағы көп векторлық бағыты сөзсіз сақталады. Бірақ келер жылы Еуропалық бағытқа басымдылық берілгенін қалар едім. Өйткені, басқа ТМД елдерімен салыстырсақ, Қазақстан - нарықтық реформалар деңгейі жағынан көшбасшы ел. Неге? Қазақтар - ең еуропаланған ұлт. Совет уақыты кезінде урбанизация өтіп, жүздеген мың кәсіпорындар салынып, қалалар пайда болды. Әрине, өте күшті орыстандыру процесінің болғанын мойындауымыз керек. Бірақ 19 ғасырдың соңында ұлы Абай көрегендікпен болжағандай, Қазақстан орыс тілі мен мәдениетінің көмегімен әлемдік қауымдастықтың бір бөлігіне айналды. Қос тілділік, қала мәдениетінің басымдылығы, өнеркәсіптік инфрақұрылым, жалпы халықтың жоғары білім деңгейі мемлекеттің бірден жылдам секіріс жасауына серпіліс берді. 90-шы жылдары Қазақстанға келген шетелдіктер бүгін біздің еліміз бен халқымызға тамсана қарайды. Сондықтан, Еуропалық бағытты ұстану Қазақстанға тек пайда әкелмек.

Елдің өз ішінде қандай өзгерістер болады?

-  Өзара ықпалдастық арта түспек. Заңдарымызды Еуропа елдері талаптарына толық сәйкестендіру бойынша ЕҚЫҰ бізге ықпал етеді. Бұл еліміз үшін, оның әрі қарай демократиялануы үшін үлкен оң қадам болмақ.

Қазір көптеген халықаралық және қазақстандық ұйымдар адам құқығын қорғаушы Евгений  Жовтистің ісі бойынша мәлімдеме таратып, істі қайта қарауды талап етуде. Олар бұл істің саяси астары бар екендігіне меңзеуде. Сіз бұл жөнінде не ойлайсыз?

- Оның саяси астары барын толық жоққа шығарамын. Өйткені, бұл жерде «аузың қайсы десе, мұрныңды көрсету» қажет емес. «Бас пен жақты айыра білген» жөн. Яғни, ешкім құқық қорғаушыны соттап отырған жоқ. Мен Жовтисті құқық қорғаушы ретінде құрметтеймін. Бірақ автокөлік жүргізушісі ретінде ол қоршаған ортаға қауіпті. Сот бұл істі мұқият қарап, осындай шешім қабылдады. Қазір Жовтистің өзі де, адвокаттары да облыстық сотқа аппеляциялық шағым берді. Біздің ойымызша, сотқа қысым жасау қажет емес. Жовтистің жанашыралары «артық қыламын деп, тыртық қылатынын» түсінбейді. Одан да оны құқықтық жағынан қорғауды ойластыру керек. Оны саясаттандыру қажет емес.

Ия, қайғылы оқиға, келеңсіз кездейсоқтық болды. Бұл мен жақсы танитын Жовтистің тағдырына ауыр әсер етті. Адам өліміне әкелген автокөлік апатының өте ірі тұлғалардың өмірбаянын бір сәтте сызып тастаған оқиғалар тарихта көп кездеседі. Мысалы, АҚШ-тың болашақ президенті ретінде аталған, ең ықпалды саясаткерлердің бірі болған сенатор Эдвард Кеннеди 1969-шы жылы хатшысын алып, автокөлігіне отырады. Көлік апатқа ұшырап, хатшысы қайтыс болады...

-    Содан кейін Эдвард Кеннедидің саяси сахнаға қайта оралуы үшін 11 жыл кетті. Бірақ ол екі жылға ғана шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Жовтис те соның кебін кие ме? Оның тағдыры қалай шешіледі деп ойлайсыз?

- Қазақстан Конституциясында «барлық азаматтың құқығы тең» деп жазылған. Ия, көлік апаты адам өліміне соқтырса да, соттамайтын жағдайлар кездеседі. Ол үшін екі шарт орындалуы тиіс: біріншіден, кінәлі өз айыбын толық мойындауы керек. Екіншіден, екі жақ толықтай келісімге келуі шарт. Қайтыс болған азаматтың барлық туыстары: «Біз оны кешіреміз! Талабымыз жоқ», - деп айтуы тиіс...Алайда, Жовтис айыпты мойындамай, кінәсыз екенін мәлімдеуде. Оған марқұмның шешесі кешірім жасады. Қазақ анасы ешқашан кек қайтаруды ойламайды. Олар кешірімді болуға тәрбиелегенген. Бірақ марқұмның ағасы оның жазалануын сұрап отыр ғой. Мұндай жағдайда сот төрешісі не істей алады? Осының бәрі оппозциялық басылымда жазылмайды. Керісінше қайдағы бір лас нәрселер сөз болып, соттың әділ болмағаны айтылып, дабыра көтерілуде.  

- Кейбір оппозциялық журналистер наразылық акцияларын өткізуде..

- Бұл - сотқа жасалып жатқан қысым. Қысым неғұрлым көп болған сайын бұл істің қайта қаралу мүмкіндігі де соншалық аз болмақ.

 

Сұхбаттасқан Айжан Көшкенова

"Айқын", 23 қыркүйек

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366