Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Қоғам 2974 25 пікір 14 Қазан, 2024 сағат 15:08

«Қыршыннан қиылған өмір»: Шерзат ісі қоғамды дүр сілкіндірді

Суреттер ulysmedia.kz, turkystan.kz және 7 арна сайттарынан алынды.

Талғарда бір шөлмек сыраға бола шыққан төбелестен 16 жастағы Шерзат Болаттың қыршыннан қиылғаны қоғамды дүр сілкіндірді. Әр кез сайын оқиғаға қатысты тың дерек шығып, жұртшылық оның барысын әлеуметтік желіден жіті бақылап отыр. Марқұмның жақындары күдіктілердің кейбірі бұрын сотты болғанын жеткізген еді.

Шерзаттың жақындары төбелеске ұл-қызы аралас 13 адам қатысқанын айтады. Ресми орындар тек жеті күдікті ұсталғанын хабарлаған. Құзырлы мекемелер күдіктілер туралы ақпарат жарияламаса да желіде төбелеске қатысты делінген адамдардың аты-жөні, олардың суреттері тарап кетті. Кейіннен Талғарда адам өліміне ұласқан төбелестің бейнежазбасы өшіріліп тасталды деген ақпарат тарады. Бірақ құзырлы органдар ол ақпаратқа дереу пікір білдірді.

«Біздің дүкенде тұрған видеоны алады да, өшіріп тастаған. Видео жоқ дейді. Ойлаңдаршы, осы әділдік пе? Ол видеода магазинге кірген қылмыскерлер бар. Соны өшіріп тастаған. Мен сіздерге видеоны көріп, қылмыскерлердің әрқайсысын көрсете алам деймін. Енді кімге сенейін. Айтыңыздаршы. Қосыңдаршы десем, видеоны өшіріп отыр. Не үшін шықпаймын? Балам үшін шығып отырмын. Мен өлсем өліп кетейін, басқа жасөспірімдер мерт болмасын», – деген еді марқұмның әкесі.

Бірақ Ішкі істер министрлігі бұл ақпарат шындыққа сай келмейтінін мәлімдеді.

«Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Талғар ауданындағы қайғылы оқиға болған жерден бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілді деген жалған ақпарат тарауда. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде барлық қолда бар бейнежазбалар полиция тарапынан тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелгенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта тергеу барысында барлық бейнежазбалар зерттеліп, оқиғаға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады», – делінген ІІМ хабарламасында.

Ашық сотты талап етеміз

Марқұмның әкесі сот ашық өтуін сұрап Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жасады.

Ал Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді бозбаланың отбасына тегін адвокат тауып берді. Белгілі заңгер Ләззат Ахатова Талғардағы 16 жастағы баланың өліміне қатысты мәселеде күдіктілерді өз бетінше жасалауға тырыспай заңға бағынуға шақырды.

Суреттер ulysmedia.kz сайтынан алынды.

Шерзаттың үйі өртке оранды

Сенбі күні Шерзаттың үйі өртенді деген ақпарат лезде тарады. Артынша марқұм Шерзат Болаттың әжесі Жұмабике Нұрымова баласы – марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа біреулер хабарласып, қоқан-лоққы жасап жатқанын айтты.

«Балама қоңырау соғып, «балаңның жанынан көріңді қаза бер» деп қорқытып жатыр. Бізге көмекке адам керек. Келген әкімдерге де, журналистерге де айтып жатырмын. Көршілер үйіңізге адамдар кірген деп айтып жатыр. Есікті ашып, кірген, аралап жүрген, бірақ ештеңе алмаған дегенді айтты. Көршілер қарауылда отыр. Балалар қорқып, «үйге барайық» деді. Мен «жоқ, баламның қырқы өтсін, мәселені біржақты етіп алайық, қатарласып жатсақ та осы үйде болыңдар» дедім. Рұқсат бермедім. Соның арқасында олар аман қалды.

Бір көршім «тәте, кеше сағат 5-те жұмысқа кетіп бара жатқанда нөмірсіз екі «Мерседес» көлігі көшені айналып жүрген, сосын кетіп бара жатқан соң сіздерді шошытпайын деп айтпадым. Таңертең қайтып келе жатсам, сол көліктер тағы тұр екен. Жоғары органдарға айтпадыңыздар ма адам берсін деп» деді. Міне, үй өртенді, балам өлді. Содан кейін ғана күзетуге есігіміздің алдына патруль көлігін берді. Оған дейін үкіметіміз қимылдауға болатын еді. Менің таңғалатыным, олардың (қылмыс жасаған адамдардың – ред.) үйіне, көшесіне патруль көлігін беріп қойыпты. Бізді шабуылдайды деп. Үкімет солардың сөзін сөйлеп тұрған сияқты», – дейді марқұм Шерзат Болаттың әжесі.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Талғарда болған оқиғаға, яғни марқұм болған Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үйдің өртенуіне байланысты істің мән-жайы туралы баяндады.

Бауыржан Аленовтың айтуынша, қылмыс жасалған сәттен бастап Талғар ауданында министрдің бірінші орынбасары бастаған ІІМ орталық аппараты қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

«Жедел-тергеу тобы құрылып, қылмыс жасалған жерде мұқият тексеру жұмыстарын жүргізіліп, бейнебақылау камераларындағы жазбалар қаралып жатыр. Аулалар мен есепте тұрған тұлғалар тексеріліп жатыр. Отбасының тұрғылықты жерін полиция қызметкерлері патрульдеп жүр. Оқиға болған кезде өрт болған үйде ешкім болмаған. Отбасы басқа мекенжайда болған. Қылмыскерлер ұсталып, міндетті түрде жауапқа тартылады. Сонымен қатар жалған ақпарат таратпауға шақырамын», – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов тергеу барысы туралы бас прокурорға есеп беретінін жеткізді.

«Бүгінде арнайы прокурорлар үйді өртеу фактісін тергеп жатыр. Оқиға орнынан барлық айғақ алынып, олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Біз сараптама нәтижелерін күтудеміз, одан кейін қосымша ақпарат беріледі. Бүгінгі таңда осы іс бойынша көптеген жалған ақпарат таратылуда. Азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескерткім келеді», – деді Алматы облысының прокуроры Берік Адамов.

Талғар қаласындағы оқиға бүкіл елдің назарында. Құзырлы органдар тек ресми ақпараттарға ғана сенуге шақырады.

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972