Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Күбіртке 7060 13 пікір 21 Қазан, 2024 сағат 13:15

Тал бесіктен... Талғарға дейін

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды.

Мұхтар Әуезов «Қараш Қараш оқиғасында» жерін сатқан, елін сатқан арсыздардың бейнесін осыдан 100 жыл бұрын көркем шығарма тілінде жазып көрсетсе де, әлі күнге ештеңе өзгермеген сияқты.

Талғардағы трагедияның резонансы АЭС-тен кем болмай тұр. Себебі: бозбала қатыгез қанышерлердің қолынан қаза тапты. Он екіде бір гүлі ашылмаған жас жер жастанды. Арманда кетті. Леонардо да Винчидің «Тайная вечеря» деген туындысы бар. Осыдан 5 ғасыр бұрын салған шедевр. Христосты сатқан Иуда жайлы. Онда да он үш адам дастарқан басында. Әлгі он үштің біреуі Христосты сатса, бізде 13 сұмырай жабылып бір баланы өлтірді. Жауыздықтың эволюциясы.

Ерте заманда біздің он үш сарбазымыз қалың дұшпанның қолына қарсы тұрса, бүгінгінің ездері бір балаға әлімжеттік жасаған кер заман туыпты. Баланы өлтірген соң жауыздар әулеттің үрейін ұшырып, қорқыта түсу үшін қорғансыз жандардың үйін өртеген.

Екінші дүниежүзілік соғыста фашистер тура солай істеген екен. Михаил Роммның «Обыкновенный фашизм» деген киносы бар. Көрсеңіздер Талғардан сол фашизмнің жалғасын көргендей боласыз. Ал, осы заңдылыққа жауап беретін Ішкі істер министрі, прокурор, сот, полиция тағы басқалар жабулы қазан жабулы қалса деп күшенгенімен, тырысқанымен, қасарысқанымен Президент олардың ойын тас-талқан етті. Яғни, шенділердің анттары жалған боп шықты. Бұл енді өзгелерге де қатаң сабақ болады деп үміттенеміз. Әттең Президент жалғыз. Болмаса, Қасым-Жомарт Кемелұлы араласатын сала барлық жерде жетіліп артылады. Ескі арбаның киқы-жиқы жолында осындай озбырлықтар аз болмай тұр.

Бір бала Шерзаттың өлімі қаншама шенділердің тамағына қылқан сияқты қадалды. Әділдік үшін, ақтық үшін өз өмірін құрбан қылды ол. Осыған куә болған қоғам қатты шамырқанды. Санамызда «апырай, сонда іріген, шіріген қоғамды тазалау үшін бір-бір жастан құрбандыққа шала берсек, онда біз қалай ел боламыз? Қайтіп халық боламыз? Қалай демократиясы дамыған, өркениеті өскен, тәртібі күшті мемлекет құрамыз?» деген ой кез келген қазақ азаматын толғандырды. Бір де бір прокуроры жоқ, полициясы болмаған, түрмені білмеген ата-бабамыз қалайша ел болған деп таңданбасқа, тамсанбасқа шара жоқ енді... Меніңше, мұның кілті ұлттық тәрбие мен «ұят» деген үлкен сөзден бе деймін. Қазақта «ұят болады», «обал болады», «жаман болады» деген адамгершілікті бәрінен биік қойған үштаған ұғым болған. Үлкен де, кіші де осы қағидамен өмір сүрген. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген ұлы сөз содан қалыптасқан. «Табалдырықтан биік тау жоқ, ұяттан үлкен ұлылық жоқ».

Бүгінде арсыздар көбейген заман болды. Ұят сөзі ар-ожданның алтын көпірі емес, мазаққа айналған ұғым сияқты. Қоғам пофигистердің ордасы болып кетті. Біздің жастар асыра діншіл һәм телефонға телмірген роботқа айналып бара ма деп қорқам...  Әйтпесе нағыз қамқор, жанашыр халық қазақ емес пе еді?.. Астындағы атын қонағына сойып берген ата-бабамызды біз қалай ұмыттық? Өз баламызды ғана емес, өзгенің баласын бағып, қаншама ұлт пен ұлысқа пана болғанымыз қайда? Мұның ар жағында мейірім, жанашырлық, қайырымдылық, қамқорлық жатқан дархан қазақ елі қайда!

Ескі көштің керуенінде кетіп бара жатып, «алдымен экономика, содан кейін идеология» деп сандырақтағандардың дегені болды. Мәдениеттен, білімнен, ғылымнан, өнерден, кісіліктен, кішіліктен жұрдай ұрпақ осылай пайда болды. Адамды сүю, сыйлау, құрметтеу, қастерлеу бізге жат мінезге айналды. Оның орнын қалайда баю, ұрлау, рэкет, тартып алу, күш көрсету, жеу, алдау-арбау философиясы басты. Осы философия қазіргі қоғамның мазмұны болды. Талғар трагедиясы - соның «жемісі». Не істеу керек? «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов нені меңзеген? Кімге арналған сөз еді ол? Талғар трагедиясы  тәрбие тал бесіктен басталғанда, болмас еді.

Бірақ бұған әлі нүкте қою ерте. Біз бүгін осы мәселенің тек салдарына үңіліп отырмыз. Ал, оның себебімен кім айналысу керек? Міне, гәп қайда? Меніңше, зиялы қауым: ғалымдар, тарихшылар, ақын-жазушылар, журналистер, қоғам белсенділері аз ғана аялдап ойланатын, толғанатын кез туды. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, қоғамға, руханиятқа қатысы бар адамдардың үлкен бір жиын өткізетін шағы болды. Президент қатысатын әділ де шынайы шара керек. Бұл тек мемлекеттік шенеуніктер ғана емес, қоғамның да есеп беретін кезі.

Шұғыл түрде біз жастарымыз нені көріп, нені үлгі тұтатынын, қандай музыка тыңдап, нендей фильмдерге қызығатынын саралауымыз қажет. Күлтөбенің басында күнде жиын жасап, кеңес құрғын дана бабаларымыз сияқты бізге бұл күнде күнде жиын керек боп тұр. Өкініштісі -  «бізге бұл заманда «Слово пацана» емес, «Слова Абая» - «Абайдың назиданиясы» қажет» дейтін тұлғалардың табылмай тұрғаны жүректі қынжылтады.

Идеология қажет. Басқа жол жоқ. «Бір жол бар алыс - алыс та болса жақын. Бір жол жақын -  жақын да болса алыс» боп тұр. Қысқасы, ұлттық дәстүр мен ұятты, обал мен адамды сыйлаудан басқа ешқандай өркениет бізге өнеге болмайды. Бұл – менің ойым.

Кезінде «Октябрь революциясы» деген ұғым болған. Оның не екенін ешкім түсінбесе де, тойлай беретін. Ал енді Шерзат әр адамға, әр ұяға, әр шаңырақ, әр санаға от тастады. Октябрь оты емес, жүрегін жалын қылып жол көрсеткен М.Горькийдің Данкосы сияқты ізгілік жолын нұсқады. Біздің мақсат – сол әділдік пен ақтық отын сөндіріп алмасақ болды. Соңғы үміт те, соңғы парыз да осы.

Талғат Теменов,

ҚР Халық артисі, режиссер

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1961