Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 1858 21 пікір 25 Қазан, 2024 сағат 14:13

Республика күні - Қазақстанның қайта жаңғыруының символы!

Коллаж: Abai.kz / Суреттер: Ақорда, arasha.kz, parlam.kz сайттарынан алынды.

Бүгін Қазақстан халқы Республика күнін атап өтуде. 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды.

Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы еді. Қазақ КСР-нің егемендігін жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері қаланды.

Онда тұңғыш рет қазақ мемлекетінің тұтастығы оның аумақтарының бөлінбейтіндігі және мызғымастығы туралы, Қазақстан халықтарының тілін, мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты қағидаттары бекітілді.

Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. Қазақ КСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал президент әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Осы декларацияның арқасында Қазақстан кеңестік заңдарды тоқтатып, өз заңдарын жасауға кірісті.

Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды.

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Президенті:

- Құрметті отандастар! Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстанның егеменді ел екенін әйгілейтін ұлық мейрам – сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің қайта жаңғыруының символы.

Ұлттық мереке халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді.

Біз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында аса күрделі сын-қатерлерді еңсеріп, ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып келеміз. Қоғамдағы заң мен тәртіп, азаматтардың еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігі қазіргі реформалардың берік тірегіне әрі қозғаушы күшіне айналды.

Біз болашаққа нық сеніммен қарап, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасай береміз.

Еліміздің ертеңі қандай болатыны әрбір отандасымызға байланысты екені анық. Азаматтарымыз осы қастерлі жауапкершілікті терең түсініп, мемлекеттігімізді нығайтуға өз үлесін қосады деп сенемін. Сіздерге зор денсаулық, толайым табыс және бақ-береке тілеймін!

Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды.

МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ

Осыдан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлық мереке – Республика күніне арналған Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты. Іс-шара «Ақорда» резиденциясының алдында өтті. Құрмет қарауылының бастығы Президентке рапорт берді.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен Мемлекеттік ту көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды. Ұлттық мерекені Республика бойынша ресми түрде атап өту осы салтанатты шарадан басталды. Сонымен қатар Қазақстанның барлық өңірінде Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтеді.

Сурет arasha.kz сайтынан алынды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Сенатының төрағасы:

- Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, 25 қазан азаттықтың алтын қазығы қағылған күн ретінде қастерлі.

Осы мерекеге орай еліміздің барлық өңірінде көк байрағымыз көтеріліп, салтанатты рәсім өтті. Шын мәнінде, Егемендік туралы декларация – Тәуелсіздікке жол ашқан аса маңызды құжат. Сол арқылы халқымыздың ғасырларға жалғасқан мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырды. Осындай тарихи сәтті ұлықтау егемендіктің қадір-қасиетін арттырып, қоғамда отаншылдық рухты дәріптейді.

Сондай-ақ мұндай қадам ұлтты ұйыстырып, халықты жігерлендіре түседі. Сондықтан еңселі елдіктің бастауы болған бұл күннің мәні зор. Баршаңызды ұлттық мерекемен құттықтай отырып, елімізге амандық, жерімізге тыныштық, әр отбасына шаттық тілеймін! Егемендігіміз баянды болып, Тәуелсіз Қазақ елі жасай берсін!

Сурет parlam.kz сайтынан алынды.

Ерлан Қошанов, ҚР Мәжілісінің төрағасы:

- Сіздерді еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!   Бұл – ел егемендігіне жол ашқан ерекше күн. Тәуелсіздігіміздің бастауы да осыдан 34 жыл бұрын дәл осы күні қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларациядан тамыр тартады.

Сондықтан да байтақ Отанымыздың әрбір азаматы үшін ата-баба арманын ақиқатқа айналдырған бұл күннің маңызы зор.

Осы жылдар ішінде тарихи құжатта айтылған мәлімдемелердің барлығы жүзеге асты. Онда қамтылған қағидаттар Ата заңымызға арқау болды. Қазақстан тұғыры берік, бірлігі бекем, болашағы жарқын, әлем таныған іргелі елге айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта жаңғырған осынау ұлттық мереке алдағы уақытта да елдігімізді нығайтып, ынтымағымызды арттырып, биік белестерге бастай берсін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

ШЕТ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

Ұлық мереке – Республика күніне байланысты шет мемлекеттердің басшыларынан Ақордаға ақжарма құттықтаулар келіп жатқанын Ақорданың баспасөз қызметі жария етті.

АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Түркия, Жапония, Корей, Сауд Арабиясы, Араб мемлекеттері, Еуропа елдері мен Орталық Азия елдері басшыларынан, Халықаралық ұйымдардан құттықтаулар лек-тегімен келуде.

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5246