Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 3164 27 пікір 25 Қазан, 2024 сағат 15:43

Мұхтар Мағауин және «ескі-жаңа» Қазақстан...

Суреттер Ақорда және magauin.com сайттарынан алынды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына!

Қазақтың аса көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауин биыл маусым айында көші-қон туралы «Анти-қазақ саясат жалғасып жатыр» деген атпен арнайы мақала жазып, енді «Жаңа» Қазақстанға, нақтылап айтсақ, оның құрушысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауыз салыпты. Бұл туралы сәл кейінірек.

Алдымен әңгімені «Ескі» Қазақстаннан бастайық.

«Ескі» Қазақстанның тұсында Тұңғыш Президентті және Оның құрған жүйесін Мұхтар Мағауиндей сынаған жазушы болған жоқ.

Мұхаң «Ескі» Қазақстанға бірінші бомбасын «Ұлтсыздану ұраны» деген атпен 2004 жылы шілде айында тастады. «Ұлтсыздану ұранын» бомба дегеннен гөрі, «атом бомбасы» десек сәл әділеттірек болатын секілді.

Оқырман қауым ұмыта қоймаған болса керек, шілде айында «Жұлдыздан» бастап, «Балдырғанға», «Егемен Қазақстаннан» бастап, «Ұланға» дейінгі барлық мемлекеттік БАҚ Тұңғыш Президенттің туған күнін атап өтуші еді ғой.

Бас редактор болып тұрған кезінде Мұхтар Мағауин ағамыз да «Жұлдыздың» сол 2004 жылғы шілде айындағы номерін құрдасының туған күніне арнап, «Қазақстан-2030» айдарының астына өзінің осы «Ұлтсыздану ұраны» деп аталатын ұзақ толғау-эссесін әдемілеп тұрып басқаны есімізде.

Аталған мақаланың жарық көруі сол-ақ екен, «Алтын Орда», «Ана Тілі», «Орталық Қазақстан» секілді бүкіл қазақ басылымы қолдан-қолға тигізбей, көшіріп басумен болды.

Тіпті, ұмытпасам, осы зарлы толғауында Мұхтар Мағауин «Лениншіл Жас Алаш» деп сынаған «Жас Алаш» газетінің өзі  «Ұлтсыздану ұранына» бірнеше номерін арнады-ау деймін.

«Ұлтсыздану ұранының» қасында атақты Бұқар жырау Қалқаманұлының «Ай, Абылай, Абылай...» деп басталатын жыры «айналайын» болып қалды.

Шынын айтсақ, «Ұлтсыздану ұраны» Махамбет Өтемісұлының Жәңгірге айтқан «Хан емессің, Қасқырсың,  Қас албасты басқырсың, Достарың келіп табалап, Дұшпаның сені басқа ұрсын!..» деген жырынан бір кем соққан жоқ!

Дәл сол тұста Мұхтар Мағауиннің осы мақаласына қазақ билігінен қасқайып тұрып жауап берген жалғыз шенеунік болды.

Ол – сол кездегі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев болатын!

Өзінің сол тарихи хатында Қасым-Жомарт Кемелұлы Мұхтар Мағауминнің бұл мақаласын өте жоғары бағалай келіп: «Мақалада Сыртқы істер министрлігіне байланысты айтылған сын-ескертпелермен таныстым. Егемендіктің алғашқы жылдары мемлекеттік органдарда қазақ тілінің қолдану деңгейі төмен болғаны рас. Қазіргі уақытта мемлекеттік тілге басымдық беру шаралары батыл қолға алынуда. Соның бір нақты дәлелі – министрліктің өз бастамасымен «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» ҚР Заңына тиісті өзгерістер енгізіліп, бұдан былай дипломатиялық қызметке мемлекеттік тілді меңгерген адамдарды алу заң жүзінде бекітілетін болады. Елшіліктерге жіберілетін қызметкерлер қазақ халқының тарихы мен әдебиетінен хабардар болуы тиіс...», - деп жауап бергені бар.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жауапты жазушының сол мақаласындағы: «Қазақстанның бір тұғырын ұстаған, биік дәрежелі мемлекеттік қызметкердің, жай ғана қызметкер емес, басқа жұрттарға өз елінің елдік бейнесін танытатын азаматыңыздың сиқы осындай болса, басқасынан не қайыр?», - деп сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовты сынаған тұсына байланысты берген болса керек.

Ең кереметі – Қасым-Жомарт Кемелұлы сол сөзінде тұрып, берген уәдесін бұлжытпай орындады. «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» заңының 9-бабының 1 бөлігіне толықтыру енгізіп, дипломатиялық қызмет органдарына қызметке тұру үшін, «қазақ, орыс және шет тілдерін еркiн меңгерген», - деген норманы қосты.

Құдайға шүкір, қазір біздің дипломаттар мемлекеттік тілге де, өзге тілдерге де шетінен желіп тұр...

Демек, «Ескі» Қазақстан билігінің жаңа өркендеп келе жатқан нағыз оппозицияға тым жайсыз болғанын, қырғидай тигенін ескерсек, Қасым-Жомарт Кемелұлының Мұхтар ағасына бұлай жауап беруі – әрі жоғары мәдениеттілік, әрі шын мәніндегі тұлғаға тән батырлық еді…

Енді, жоғарыда айтылған «Анти-қазақ саясат жалғасып жатыр» атты мақаласына келсек, Мұхтар Мағауин ағамыздың аталған мақаласында айтылған: «Бұдан отыз бірдеңе жыл бұрын, Назарбаев диктатурасы кезінде қалыптасқан жəне пəрменді жүзеге асқан, түптеп келгенде, қазаққа, оның ұлттық мүддесі мен болашағына қарама-қайшы анти-қазақ зұлмат саясат бүгінгі күнде сабақтас жалғастығын тауып, іс жүзінде нақты қолданысқа түсіп отыр..», - деген пікірімен мен жүз пайыз емес, екі жүз пайыз келісемін!

Жазушы ағамыз елден алыста жатқанымен, Қазақстанның Нұрсұлтан Назарбаев бастап, Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырған көші-қон саясатының айналасында болып жатқан былық пен шылықтан толық хабардар екен.

Мақаласында Ұлы көшке байланысты біз күнделікті айтып, жазып келе жатқан оқиғаларды түгел қамтыпты.

«Қытайдан келетін қазаққа өзінің сотталмағаны туралы куəлік қажет, деген. Əйтпесе... əйтпесе, Қазақстан қабылдамайды...», - деп кешегі ескі билік кезінде біз көзін зорға құртқан «Соттылық туралы» анықтамадан бастап,  «Аңдап қарасақ, қазақты Қазақстанға келтірмеу саясаты жаңаша жалғастық тауыпты. Тіпті өкіметтік ресми, жадау-жұтаң деректерді  айтпағанда, бұл жағдаяттың ең бір айқын мысалы осы тақауда ғана нақты көрініс берді», - деп тіпті, бүгінгі Атажұртына азаматтық аламын деп келіп, Көші-қон қызметі полициясы жағынан елден екі мәрте жауыздықпен қуыла жаздап, одан айлап түрмеге қамалып, соңында «Босқын» болып шыққан, Мұхаңның өз сөзімен айтсақ, Ауғанстан қазағы Сəми Ата-Ғұлдың машақат, азапқа, қорлық пен зорлыққа толы хикаятын дәл қасында жүргендей, көзімен көргендей баяндап отыр.

Иә, қандастарымызға қарата атқарушы билік пен заң шығарушы орган жағынан бұрын-соңды болмаған анти-қазақ саясат жүргізіліп  жатқаны шын.

Соны Мұхтар Мағауин ағамыз алыста жатқанымен, дөп басып айтып отыр.

«Манағы облыстық, аудандық шенеуніктер, оларға жалғас соқыр сот, қисынсыз, сорақы шешімді жүзеге асырушы тағы қаншама белсенді неге соншама күшті болып тұр? Өйткені, мұншама жойдасыз қиянат, арсыз, ашық əрекет – Назарбаев заманында басталған, əбден орныққан зорлық-зомбылықтың тікелей жалғасы», - депті Ұлы көшке жасалған қиянат туралы Мұхтар Мағауин ағамыз аталған «Анти-қазақ саясат жалғасып жатыр» атты мақаласында.

Ол аз десеңіз, «...оңалып кеткен ештеңе жоқ. Сырттай жария, шын мəнісінде қыспақты, жасырын түрде тоқтау салынып отыр. Назарбаевтан соң, Тоқаев заманында», - деп жазушы Қасым-Жомарт Кемелұлының атын атап тұрып шүйлігеді...

Ендеше, осының бәрін жасап отырған кім?!

Әрине, мен «Қасым-Жомарт Тоқаев» дей алмаймын!

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әу баста (2019 жылы) белгілеп қойған «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» деген Ұлы мақсатын қайырып қойып, атқарушы билік пен заң шығарушы орган, керісінше,  Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтың 2013 жылғы Ұлы көшке жасаған қастандығын сол беті қайталауда!

Тағы да «Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін Қандастарымыз да кемінде бес жыл тұруы керек», - деген Көші-қонның «Тұжырымдамасын» дайындаса;

Үкімет айқындаған сегіз облыстан өзге тоғыз облыс пен Алматы, Астана, Шымкент – үш қалаға өз бетімен көшіп келіп қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесі берілмейтін етіп, сталиндік репрессияға апарып соқтыратын заң қабылдап тастаса;

Бұрын бес жұмыс күні ішінде беріліп келген «Қандас» мәртебесін енді отыз бес күнде берілетін етіп, жаңа тәртіп енгізіп қойса;

«Ата-жолы» картасы жобасын айналымға енгізгенімен, оны алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттері заңмен бекітілмесе;

Президенттің «жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды», - деген тапсырмасына сай жасалған Үкіметтің бес жылдық «Тұжырымдамасы» жемқорлыққа жол ашып, екі жыл өтпей жатып, бір миллиардтан астам теңгені ұрлатып жатса;

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғаннан дәл бүгінге дейін көші-қон саясаты мен қандастар мәселесіне он бір мәрте тоқталып, тапсырма-нұсқаулар бергенімен, Үкімет оның біреуін де орындамаса;

Және осы келеңсіздіктер туралы жазған біздің хаттарымыз бен өтініштерімізді Президентке жеткізбесе, айтыңызшы, енді бұдан өткен анти-қазақ саясат бола ма?!

Бірақ, бәрібір, барлық жауапкершілік пен осыдан туындаған жаман аттың түгел Қасым-Жомарт Кемелұлына барып тірелетіні – шындық!

Ұлы көшке тікелей қатысты құзыреті заңмен бекітілген бес бірдей министрлік пен бір комитет (ҰҚК) бар!

Дәл осы жерде бір заңды сұрақ туады.

Айтыңызшы, бүгін Ұлы жазушымыз Мұхтар Мағауиннің сол «Анти-қазақ саясат жалғасып жатыр» атты мақаласында айтылған ащы сындарға байланысты, кешегі Қасым-Жомарт Тоқаев құсап, сол бес министр жауап бере ала ма?! Әсіресе, Тамара Дүйсенова мен Светлана Жақыпова, Мұрат Нұртілеу мен Ержан Саденов!?

Әлде, Нұрсұлтан Назарбаев құсатып, Қасым-Жомарт Кемелұлын Мүхтар Мағауинге текпілетіп қойып, өздері әдейі үнсіз, рахаттанып қарап отыра ма?!

Міне, Мұхтар Мағауиннің бұл мақаласы жарияланғалы төрт жарым ай болыпты, олар неге әлі үнсіз?!

Менше, Мұхтар Мағауинге: «Көке, олай емес, былай! Біз қандастарымыз үшін мынадай тиімді жағдай жасағалы жатырмыз», - деп бірінші болып жарыса жауап беретін кісі – Президенттің ішкі саясат мәселелер және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібай мен Президенттің кеңесшісі әрі Баспасөз хатшысы Берік Уәли еді! Тіпті, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин...

Олар да үнсіз! Неге?!

Тағы қайталап айтамын, Мұхтар Мағауин ағамыз дұрыс айтып отыр, қандастарымызға қарата атқарушы билік пен заң шығарушы орган жағынан нағыз анти-қазақ саясат жүргізіліп жатыр.

Қаншама хаттар, мақалалар жаздым...

Мен атын атаған лауазымды тұлғалар бұл жағдайды білмейді емес, әбден жақсы біліп, күнде естіп отыр!

Бірақ, неге екені белгісіз, сол хаттарымды Қасым-Жомарт Кемелұлына жеткізуге келгенде, бәрі құлықсыз. Қанша мәрте Қасекеңнің қабылдауын сұрадым, жолатпайды!

Мүмкін, Президентке менің хаттарымды әдейі жеткізбей не өздері жазушының мақаласына қарсы қасақана жауап бермей отырған шығар.

Күте-күте шыдамымыз таусылып, үмітіміз әбден үзілген соң, міне, өзіміз қолға қалам алып, осы мақаланы жазуға кірістік.

Осы жерде Мұхтар ағамыздың: «Қазақстан аталатын елде қазақ көбейіп, бүгінгі қырық пайыздан асып, елу, бəлкім, алпысқа жетсе, ауыздықтап ұстап, айтқанға көндіріп, айдауға жүргізу – қиынға соғады. Осынау елдің жер үстіндегі жəне жер астындағы қисапсыз байлығын еркін тонап, байлыққа батуға, сыртқа арзанға сатып, мұндағы өкім, билігіңді нығайта түсуге қарсылық тууы мүмкін», - деген пікіріне соқпай кетуге болмас!

Иә, әбден мүмкін!

Мұхаң өте дүрыс айтып отыр, бізді қазірдің өзінде ауыздықтап ұстап, айтқанға көндіріп, айдауға жүргізу мүмкін емес!

Қазіргі атқарушы билік пен заң шығарушы орган басшылары бізден байлық үшін емес, билігі, лауазымы үшін қауіптенетін болса керек!

Жалпы, шеттен оралған қауымның еті тірі, әрекеті ширақ. Әсіресе, Өзбекстаннан, Қытай мен Моңғолиядан келгендердің. Олар өз бетімен өмір сұрудің, өзін-өзі жұмыспен қамтудың шебері. Ешкімнен ештеңе сұрамайды. Азаматтарды Еңбек және халықты әлеуметті қорғау министрлігі қамти алмаған жұмыспен солар қамтып келеді.

Тіпті, кеше ғана оралған бізді қойып, жоғарғы жақтан дауыстары оқтын-оқтын өктем-өктем шығып жатандардың да түгелге жуығы сол өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары Қытайдан келген қазақтардың билік бұтағына ілінген ұрақтары екені белгілі.

Тәуелсіздіктен кейін оралғандар Ұлт мұддесі жолындағы күрес пен әділетсіздікке қарсы  шайқастағы белсенділік жағынан, жасыратыны жоқ, Ерлан Саиров пен Жанарбек Әшімжанды, тіпті атақты Ринат Заитовы екі-ұш орап кетеміз. Бетің-жүзің демей, тіліп түсеміз! Әрине, Мұхтар Мағауин ағамыздан артық айта алмаспыз, бірақ кем соға қоймаспыз деп ойлаймын.

Қазір біздің елімізде «Адал азамат», «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң және тәртіп» деген толып жатқан тұжырымдамалар пайда болды.

Басты мақсат – аталған тұжырымдмалар арқылы Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, «Әділетті Қазақстан» құру.

ҚР Президентіне ішкі саясат саласы бойынша стратегиялық ұсыныстарды тұжырымдайтын жігіттердің сөзіне сенсек, «шын мәнінде, елді жаңғырту әркімнің өз үйін, ауласын, көшесін тазалау сияқты қарапайым шаруалардан, әр адамның өз мінез-құлқы мен мәдениетін өзгертуден басталады» екен. Бұл – бос сөз!

«Сұрапыл соғыс адамның мінезін шыңдайды, адам болымысы, жақсы мен жаман, өлім, өмір туралы көзқарасын толық қалыптастырды. Ол табанды әрі батыл еді, бірақ қайырымсыз емес-ті, мақсатына жетпей тынбайтын бірбеткей болатын, арсыздыққа қаны қас-ты...», - деп жазаты Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әкесі Кемел Тоқаев жайлы «Әке туралы толғаныс» (128 бет) атты естелік кітабында.

Көрдіңіз бе, Қасекең әкем аула мен көше сыпырып жүріп, мінезін шыңдады, мақсатына жетпей тынбайтын бірбеткей болып қалыптасты деп отырған жоқ!

Ұлттың сапасы туралы айтылғанда, біздің көз алдымызға Қабанбай мен Бөгенбай бастаған батырлар шоғыры, Әлихан, Ахмет, Міржақып секілді Алаш көсемдері келеді.

Демек, Ұлттың шын мәніндегі жаңа сапасын шенділер дәріптеп жүрген «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы емес, ел мен жер үшін шайқасқан, әділетті соғыс пен теңдік, бостандық үшін арпалысқан саяси күрестер қалыптастырады екен.

Өткен отыз жылдықта әділетсіздік әлінен әбден асып, қызыл сызыққа жеткендіктен, Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан» құруды қолға алды.

Мысалы, мен өзімді сол Мұхтар Мағауин ағамыз айтқан «...ауыздықтап ұстап, айтқанға көндіріп, айдауға жүргізу қиынға соғатындардың» алдыңғы легінде, көш басында келе жатқан жігітпін деп есептеймін!

Бірақ, мен екі Президентке де қарсы шыққан емеспін.

Есесіне, «Ескі» Қазақстан тұсында Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтың Ұлы көшке жасаған қиянатын айтып, Нұрсұлтан Әбішұлын қолдадым.

«Жаңа» Қазақстан тұсында, жұрт көріп отыр, Заң шығарушы орган мен атқарушы биліктің қабылдаған заңдары мен Үкімет бекіткен «Көші-қон тұжырымдамасының» Президент ұстанымы мен Ұлы көшке мүдделі қауымның мүддесіне мүлде қайшы екенін тынбай айтып келемін;

Қазақстанның Т.Құлыбаев пен Мәсімов жағынан узурпацияланған мемлекет екенін, Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттік тағдыры сол узурпацияланған жүйеге дөп келген президент екенін бірінші болып мен айттым;

Мал мен жерге берілетін субсидияға қатысты жемқорлыққа қандай тосқауыл қою және қолды болған жерді Үкіметке қалай қайтару туралы мәселеге байланысты Жобаны да біріншілерден болып мен ұсындым...

2015 жылдан бергі Көші-қон үрдісін реттеуге арналған Заңдар мен нормативтік құжаттарға енгізілген тиімді толықтырулар мен өзгерістердің тоқсан пайызы мен ұсынған жобалар негінде заңдастырылды!

Сондықтан, менен заң шығарушы орган мен атқарушы билік те, шеттен оралған ағайындар да зор пайда көрмесе, зәредей зиян шеккен жоқ!

2015 жылы 14 қыркүйекте «Кәрім Қажымқанұлы, өз еркіңізбен орныңызды босатыңыз! Бүйте берсеңіз сіз Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың да, тәуелсіз Қазақстанның да түбіне жетесіз!!!», - деп Кәрім Мәсімовке айтқаным айнымай келді...

Құдайға шүкір, Ұлы көш жолындағы күрестерімнің бәрі, дәл бүгінге дейін, Мұқтар Мағаумин ағамыздың күресі секілді кілең жеңіспен аяқталуда...

Қысқасы, мен «Әділетті Қазақстан» үшін әділетсіздікпен, Мұхтар Мағауин айтып отырған, менше, атқарушы билік пен заң шығарушы орган жалғастырып келе жатқан анти-қазақ саясатпен күресіп келемін!

Егер, Мұхтар Мағауиннің шеттен келген қазақтар «...ауыздықтап ұстап, айтқанға көндіріп, айдауға жүргізу – қиынға соғады...», - дегені шын болса, онда Ерлан Қарин бізден қашпауы, қайта «Президент айтқан адалдық пен әділдікті бәрінен биік қоятын нағыз Адал азамат дегеніміз, міне, осылар!», - деп бізді қуана-қуана қабылдауы, жұртқа үлгі қып көрсетуі, тіпті бізді пайдалануы керек емес пе?!

Жоқ! Ерлан Қарин мырзаға біз секілді сападағы қазақтар да, біздің ұсынған жобаларымыз бен ұсыныстарымыз да ұнамайды екен! Ерлан Тынымбайұлы Алаш көсемдерінің портретін кабинетіне іліп қойғанымен, бірақ нағыз сол сападағы қазақтардан қашады екен. Біздің әділет үшін, атқарушы билік пен заң шығарушы орган жалғастырып келе жатқан анти-қазақ саясатқа қарсы күресімізді өзі аузынан тастамай айтып жүретін «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» тұжырымы аясында түсінбей, өзідеріне жасалған шабуыл деп есептейтін секілді. Президенттің бүгінгі беделі, ертеңгі тарихи орны дегенді ойлап отырған жоқ...

Ерекеңнің бұл әрекеті соңғы бір-екі жылдың ішінде анық байқалды.

Сондықтан да, ол жігіттің «Келгенде Ұлы көшке шықпайды үні». Ұлттық құрылтайдың үш отырсында Көші-қон саясаты, қандастар тағдыры  туралы үш ауыз сөз айтқызуға жармағаны, ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелер және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі мен Дархан Қыдырәлінің Ақордаға мен Сенатқа жолдаған хаттарымыз бен ұсыныстарымызды оңды-солды лақтыра беретіні де содан екені даусыз!

Міне, Ерлан Қарин көп айтатын «Әділетті Қазақстанның» да осындай әділетсіздігі жетіп артылады...

***

Жалпы, жазушы Мұхтар Мағауин мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір-біріне деген көзқарасы мен мәмілесі жап-жақсы еді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Өзінің «Әке туралы толғаныс» атты естелік кітабында есімдерін ілтипатпен атаған әдебиет пен өнердің айтулы саңлақтарының бел ортасында Мұхтар Мағауиннің де аты тұр.

Атақты «Ұлтсыздану ұраны» шыққанда, Қасекеңнің оны өте жоғары бағалап, бірден жазбаша жауап жазғанын жоғарыда айтып өттік.

Жазушы ағасының соңғы іріктен өтпей қалған Тұрысбек Сәукетайға Мемлекеттік сыйлық беру туралы жазған хатын Президент інісінің екі етпей орындағаны тағы бар.

Ол аз десеңіз, Мұхтар Мағауиннің «Ескі» Қазақстан тұсында жазған мақаласындағы ащы тұжырымдары мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде айтқан пікірлері үндесіп, бір жерден шығып жататын.

Мұхтар Мағауин:

– белгілі бір әулет, ұйымдасқан топ, билеуші тап азғана уақыт ішінде қисапсыз байлық, барлық игілікке жеткен жағдайда, ел иесі, жер иесі жалпы жұрттың тұрмыс-ахуалы күн озған сайын төмендеп барады;

Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Бірінші президент – елбасы тұсында Елімізде өте табысты компаниялар тобы және тіпті халықаралық өлшемдер бойынша да өте бай адамдар пайда болды, осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес;

Мұхтар Мағауин:

– адал еңбек емес, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, заңсыз иелік нәтижесінде жеміт байлар тобы және бар мүмкіндігі шектелген, күнкөріс жағдайының өзі қиындаған тақыр кедейлер табы қалыптасты;

Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша  теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр...

Міне, Мұхтар Мауғауиннің 2013 жылы жазған «Қазақсыз Қазақстан» мақаласы мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында айтқан сөздерінің еш айырмасы жоқ!

Назарбаев пен Тоқаев арасындағы «сабақтастыққа» қарағанда, Мағауин мен  Тоқаев арасындағы сабақтастық әлде қайда нақты және терең екені көрініп тұр.

Жазушы мен Президент арасындағы үндестік пен сабақтастық бұнымен аяқталмайды...

Енді осының бәрін еске алғанда, Мұхтар Мағауиннің Қасым-Жомарт Кемелұлына: «…түптеп келгенде, қазаққа, оның ұлттық мүддесі мен болашағына қарама-қайшы анти-қазақ зұлмат саясат бүгінгі күнде сабақтас жалғастығын тауып, іс жүзінде нақты қолданысқа түсіп отыр..», - деп соншалық шүйлікпей-ақ, Ұлы көш туралы сол Тұрысбек Сәукетай туралы жазған хаты секілді сыпайылап бес-алты ауыз сәлем айтса,  Қасекеңнің оны ешқашан жерге тастамас еді ғой…

Ендеше, екі айтулы Тұлғаның арасына «қара мысық» қайдан кіріп кетті. Екеуінің аға-бауырлық сыйластығын қай шайтан бүлдірді екен?!

Естеріңізде болса, Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында Президент: «Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ», - деп қатаң ескерту жасағаны белгілі.

Мемлекет Басшысы бұл сөзді басқа емес, Мұхтар Мағауиннің Ая Өміртайға берген сұхбатындағы Тұрар Рысқұлов пен Сәкен Сейфуллин туралы айтқан ащы пікірін меңзеп айтқан болса керек.

Құдай біледі, Ұлттық құрылтайдың және Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін үйлестіретін жігіт Мұхтар Мағауиннің сол сұхбатындағы ұлт, ұлттық тарих, әдебиет пен өнер, дін, көші-қон, қандастар тағдыры сынды ұланқайыр ойларының бәрін қайырып қойып: «Ойбай, Мағауин елдің ішіне іріткі салып жатыр!», - деп жерден жеті қоян тапқандай болып, Президентке сол Тұрар Рысқұлов пен Сәкен Сейфуллин жайлы айтқанын пікірін жеткізген де шығар...

Шындығына келсек, елдің ішіне «іріткі» салып отырған – Мұхтар Мағауин емес, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлеріне қатысты архивтен табылған деректер!

Алдағы күндерде архивтен тағы да жаңа деректер табылып жатса, мұндай пікірлердің тағы да қоздайтыны, дуылдап барып басылатыны белгілі.

Оны зиялы қауым өкілдерінің қалай қабылдайтыны – олардың ұлттық сана-сезімі мен саяси сауатының деңгейіне байланысты.

Жалпы, Мұхтар Мағауин – ешкімге кеудесін бастырып көрмеген тұлға! Онымен айтысам дегендердің бәрі кезінде қара есекке теріс мініп, қанжығасына «қалжуыр» байланып кеткені белгілі.

Президент Ұлттық құрылтайда осы сөзді айта салысымен Мұхтар Мағауинге қарсы әр жерден шәуілдеген дауыстар шыға бастады.

Бірінші болып, кешегі «тарихшы», бүгінгі «философ» Дархан Қыдырәлі Сенат төрінен депутаттық сауал жолдап,  «Мәселен, қазақ атын қайтарған Сәкен Сейфуллин мен ашаршылыққа қарсы күрескен, алаш қайраткерлерін қамқорлыққа алған Тұрар Рысқұловты құр коммунист аты немесе өзін қорғау үшін жазған хаты үшін жазғыру – әбестік», -депті.

Дархан Қыдырәлі осы мәселеге байланысты «әбестік» жасаған тағы бір тұлғаның бар екенін біле ме екен өзі?!

Білмесе, білдірейік!

Мұхтар Мағауиннің: «Ал кейін колхоздасу жоспарында Министрлер кеңесінің орынбасары, графикті өзгерткен. Əуелі, Қазақстанда колхоздасу 35-жылға дейін деп айтылған. Соны мейлінше тездетіп, 32-ші жыл деп жазған – Рысқұлов. Содан кейін барып халық қырылды...», - деген сол пікірі мен Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Үлкен өкінішке орай, аса көрнекті саяси және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлүловтың Кеңес мемлекетінің басшыларына жазған өтініш-тілегі оның жеке басы ғана емес, қазақ халқы үшін де жақсылыққа жалғасқан жоқ («Әке туралы толғаныс» кітабы, 109-бет, «Дәуір» баспасы), - деген мына сөзін салыстырып көріңізші.

Міне, «әбестіктің» көкесі!

Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл «әбестікті» осыдан жиырма жыл бұрын, елу жасында жасаған.

Дархан мырза мықты болса, депутаттық сауалын енді осы «әбестікке» қарсы тағы бір мәрте жасасын!

Біздің Жазушы мен Президент арасындағы үндестік пен сәйкестік бұнымен аяқталмайды деп отырғанымыз, міне, осы!

Көрдіңіз бе, екеуінің пікірі «Рысқұлов мәселесінде» де бір жерден шығып отыр.

Жүргізіліп отырған Ұлттық идеология: «Өзара сыйласу, мейірімді болу, кішіпейіл болу, құрметтеу, өзгенің пікіріне құрметпен қарау, міне осы сияқты құндылықтарды біз орнықтыруымыз керек…», - деген деңгейде болса, бұл – Президенттің беделін түсіруден басқа түк емес!

***

Қарапайым адамды қойып, ханның өзіне «қалжуыр» байлап жіберетін айтулы тұлғалар болған. Сондай тұлғалардың ғасырдан ғарсырға ұмытылмай бізге жеткен жарқын мысалы – Бұқар Қалқаманұлы мен Махамбет Өтемісұлы.

«Ай, Абылай, Абылай...» мен «Хан емессің, қасқырсың...» – сол Абылай хан мен Жәңгір ханға Бұқар мен Махамбет байлап жіберген мәңгілік «қалжуырлар».

Тәуелсіздікке дейін Абылай мен Жәңгірдің ұлтына сіңірген Ұлы еңбектерінен гөрі осы «қалжуырлары» ауызға тез түсіп, алдымен айтылып келді. Қазір сәл бәсеңдегенімен, сол «қалжуырлары» әлі жоғалған жоқ...

Біздің дәуіріміздің дәл осы Бұқар мен Махамбет секілді бүгінгі айтулы тұлғасы – дау жоқ, Мұхтар Мағауин!

Мұхтар Мағауин – Түңғыш Президентке бір емес, үш «қалжуыр» байлап тастады.

Оның біріншісі – осы «Ұлсыздану ұраны» «2004); екіншісі – 2011 жылғы «Жаңаөзен қырғыны» кезінде жазған «Қан төгілді!..» мақаласы; үшіншісі – 2013 жылы жарияланған «Қазақсыз Қазақстан» деген тұжырымы.

2013 жылы дегеннен еске түседі, сол жылдың күзінде Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтың тікелей ықпалымен Тұңғыш Президент шеттен оралған қазақтарға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заң қабылдап жіберді.

Дәл сол мәселеге байланысты, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Нағашыма хат» атты «Ашық хат» жаздым.

Сол «Ашық хатта» Нұрсұлтан Әбішұлына: «Сізге тілеулес адам бұл қазақта көп. Мәселесін шешсеңіз, шеттегі бес миллион қазақ түгелімен Сіздің қолдаушыңыз, берік қорғаныңыз. Оған менің зәредей күмәнім жоқ! Бірақ, солардың бәрінен десі басым бір тұлға бар. Ол – жазушы Мұхтар Мағауин! Сол құрдасыңызды тыңдаңыз, көбірек ден қойыңыз ол кісінің айтқандарына!», - деппін.

Көрдіңіз бе, Қабдеш Жұмаділов пен Дулат Исабековты немесе Мұхтар Шаханов пен Асқар Жұмаділдаевты емес, Мұхтар Мағауинді!

Атақты Мұхтар Мағауиннің бір емес, үш ескертуіне құлақ аспаған  Нұрсұлтан Назарбаев Ауыт Мұқибекті қайдан тыңдасын?!

Дегенмен, өткен билік тұсында, арпалысып жүріп, Ұлы көшті екі сұмырайдың қанды шеңгелінен әрең аман алып қалған едік.

Ұлы көшті ғана емес, Нұрсұлтан Әбішұлының шеттегі алты-жеті миллион қазақтың алдындағы абыройы мен беделін бел шешіп қорғадым!

Мен нық сеніммен айта аламын, Ұлы көш пен қандастары алдында Тұңғыш Президенттің беті жарық, еңсесі биік!..

Егер, Нұрсұлтан Назарбаев сол «Ұлтсыздану ұранына» тоқтай қалғанда, сөз жоқ, «Екінші Абылай хан» мен «Екінші Ата Түрік» болмаса да, соларға жетеғабыл деңгейде бағаланып, бүгін алақанымызда жарқылдап жүрер еді-ау деген бір өкініш өзегімді күнде өртейді. «Шал кеттің» астынада қалмас па еді деп, қатты армандаймын!

Тіпті, «Қан төгілді!..» (2011) мен «Қазақсыз Қазақстанның» (2013) біреуіне құлақ асқанда да, жаман болмас еді...

Уақыт бәрін Мұхтар Мағауин ағамыздың пайдасына шешті. Ақпарттық соғыста Мұхтар Мағауин Тұңғыш Президентті зор басымдықпен жеңді. Бірақ, Мұхтар Мағауиннің ол жеңісі өте қымбатқа түсті, 2011 жылы 17 адамның, 2022 жылы 238 адамның қанын төгіп барып, әрең қолға келді...

Өте өкінішті!

Енді сол Мұхтар Мағауин Қасым-Жомарт Тоқаевтың да қанжығасына «Анти-қазақ саясаты...» деген «қалжуыр» байлап қойды.

Бұл да Тұңғыш Президентке байланған анау үш «қалжуырдан» бір кем емес мәңгілікке қалатын қара таңба!

Ермұрат Бапи мен Ауыт Мұқибектің шыр-пыр болғаны Қасым-Жомарт Тоқаевты Мұхтар Мағауиннің осы темір тегеуірінен аман алып қала ала ма?!

Жарайды, біз барымызды салып қорғауын, қорғаймыз ғой.

Бұрын менің хаттарымды Махмұд Қасымбеков Тұғыш Президентке там-тұмдап жеткізіп тұратын.

Қазір Ақордада біздің сөзімізді Қасым-Жомарт Кемелұлының қолына тигізіп тұратын сол Махмұд Қасымбеков секілді бірде-бір аяулы тұлға жоқ секілді.

Соның кесірінен, айналасындағы анау мансап үшін бірін-бірі аңдығандар біздің ширыққан жанайқайымызды, ақ пейілімізді, үздік ұсыныстарымызды Қасекеңе жеткізбей, діңкемізді құртып келе жатқан жоқ па?! Не Президенттің қабылдауына жолатпайды...

Айбек Дәдебаев – жаңа келген жас жігіт. Оған Мұхаңның деңгейіне жету үшін әлі біраз уақыт керек. Оған дейін Қасекеңнің президенттік мерзімі де аяқталады.

Саясатын қолдап келе жатқан жанашыр бауыры ретінде айтайын, егер, айналасын қағып-сілкіп, Көші-қон саясатымен қоса, барлық саланы дұрыстап қолға алмаса, Қасым-Жомарт Кемелұлының аты тарихқа «Жаңа Қазақстан» құрумен емес, осы «Анти-қазақ саясатымен» қалуы мүкін...

Бұл менің, ең құрығанда, Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлы көшке үмітін байлап отырған Ел іші-сыртындағы миллиондаған қандастарының алдындағы Өзі айтқан «Қасиетті парызын» жерде қалдырмау үшін жасап жатқан талқармауым ғой...

Төбемде Құдай тұр ғой, мен Қасым-Жомарт Кемелұлының бүгінгі беделі мен ертеңгі тарихи орны үшін қатты алаңдаймын!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

 

27 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270