Дүйсенбі, 28 Қазан 2024
Алашорда 240 0 пікір 28 Қазан, 2024 сағат 12:30

Ыбырай Алтынсарин мектебін басшылар неге ұмытты?

Әлгінде Қостанайдағы Ыбырай атамыз негізін қалаған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 140 жылдық мерейтойы өтті. Мектеп ұжымы бұл іс-шараға қатты дайындықпен келгендігі көрініп тұр.

Қабырғасы 1861 жылы Ресейдегі Тройцк қаласында қаланып, 1882 жылы Қостанай қаласына көшірілген мектептің қазақ руханиятына қосқан үлесі шаш етектен екендігі баршамызға белгілі. Ресейдің отарлау әкімшілігіне қазақ жастарынан кіші чиновник дайындауды мақсат еткен мектеп шын мәнінде қазақ еліне жан-тәнімен қызмет еткен, зиялы қауымның бір тобын қалыптастырды.

Тройцкіде қазақ балаларына арнап мектеп салынғанымен мемлекеттен ешбір көмек болмайды. Осы жағыдайды пайдаланған, сол кезде Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметін атқарып жүрген Ыбырай Алтынсарин Тройцкідегі орыс-қазақ мектебін Қостанайға көшіреді.

1879 жылы облыс орталығы Қостанайға ауысуына байланысты қалада мектеп ғимаратын салу мәселесі де шешіледі. Жергілікті қазақ қауымы мектеп ашылуын жылы қабылдайды да, 1882 жылы басталған мектеп құрлысына бар көмектерін аямайды. Сөйтіп екі жылдан кейін мектеп Қостанай қаласына көшіріліп, «Қостанай екі сыныпты орыс-қазақ училищесі» деген атпен өз жұмысын бастады.

Бұл мектеп сол кездегі қаладағы жалғыз оқу орны болды. Ыбырай бабамыз бар ынтасын салып, оқу процессінің бағдарламасын жасап, оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етті. 1896 жылы «Тургайская газета» басылымы: «Вместе с переходом Троицко-Кустанайской школы в новое, теплое, прос-торное и светлое помещение, в ней замечается и новая лучшая постановка учебно-воспитательного дела, хотя последнее объясняется тем, что школа эта находится под постоянным присмотром и руководством со стороны инспектора школ, имеющего свое пребывание в Кустанае», - деп жазды.

Жаңа мектептің атағы жер жарып, оқығасы келетін жастардың құлағын елең еткізді. Бірінші жылы 35, келесі жылы 55 бала мектеп табалдырығын аттады. Жыл сайын мектеп оқушыларының саны өсе берді. Қалада басқа мектеп болмағандықтан, кейбір сыныптарда орыс балалары да оқыды.

Мектеп қабарғасы жарты метірлік қалыңдықта болып, күйдірілген қызыл кірпіштен қаланды. Мектепте  үш оқу бөлмесі, екі жату бөлмесі, асхана, қонақ бөлме, аурухана, монша, арба қоятын орын, қыста көкөніс сақтайтын орын болды. Есік алдында Ыбырай негізін қалаған кішігірім бақшасы бар еді.

Мен сол мектепті 1964 жылы бітірдім. Мектеп бағы қаладағы ең көрікті орын болды. Көктемде сирен гүлдері хош иіс шашып, қыста қарағай ағаштары баққа ерекше көрік беруші еді.

Мектептің кітапханасының да негізін қалаған – Ыбырай Алтынсарин. Мұғалімдік қызметке Қазан мұғалімдер семинариясын бітірген А. Килячков, Ф. Соколов сынды жас мамандарды шақырды. Кейін Ф.Д. Соколов: «К народным учителям он относился строго, требуя аккуратного отношения к делу, строго преследовал неисполнительных. Как сам горячо любил учительское дело, то же желал видеть и в учителях своей инспекции. Умел он своими беседами сердечными возбудить в учителях рвение к учебному делу. В глазах общества поставил нас высоко, заставил относиться к учителям с должным уважением, гордясь ими перед всеми, как честными и полезными тружениками», - деп жазды.

Әлбетте, мектептің 140 жылғы тарихында талай қазақтың марғасқа азаматтары өмірге жолдама алды. Мұхамеджан Сералин, Спандияр Кубеев, Бекет Өтетлеуов, Әліби Жангельдин, Сералы Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Ільяс Омаров, ТемІр Дарханбаев, Лаиқ Байдільдинов, Әмір Қанапин сынды тұлғалар осы мектептің түлектері.

Міне осы мектептің мерейтойы Қостанай қаласындағы мектептің шағын ғимаратында өтті. Концерттік бағдарлама мектеп акті залында симағандықтан, мектеп басшылығы қаладағы оқушылар сарайын жалға алуға мәжбүр болған. Мектеп ұжымын құттықтау үшін облыс, қала оқу басқармаларының басшыларының орынбасарлары келген. Әкімшіліктен тірі жан бас сұққан жоқ. Оқу министірлігіне мектептің педагогикалық ұжымының көп жыл қызмет еткен, оқу-әдістемелік жұмыстарын терең меңгерген тәжрибелі ұстаздарды марапаттау үшін берілген жеті ұсыныстың біреу ғана қанағатандырылған.

Елімізде 140 жыл тарихы бар мектептер саусақпен санарлық. Оқу министірлігінің позициясы түсініксіз. Министрдің өзі келіп, мектеп ұжымын құттықтаса тағынан түсіп қалама екен?

Аманжол Күзембайұлы,

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, мектептің 1964 жылғы түлегі

Abai.kz

0 пікір