Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Алашорда 2647 1 пікір 29 Қазан, 2024 сағат 13:42

Қазаққа 13 жыл басшы болған Нұртас Оңдасынов кім?

Сурет anatili.kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Қазақстанның кеңестік кезеңінде ел үшін еңіреп, жұрт үшін жұмылып, халық үшін қалтқысыз қызмет еткен басшылар аз болған жоқ. Солардың бірі және бірегейі, есімімен елге танымал, мемлекет және қоғам қайраткері, биыл 120 жасқа толып отырған – Оңдасынов Нұртас Дәндібайұлы еді.

Нұртас Дәндібайұлы 1904 жылы 26 қазанда Түркістан жерінде дүниеге келді. Балалық шағында ауыл молдасынан арабша төте жазудан дәріс алып, «Қисса» және «Дастандар» оқып, ұлттық рухта тәрбие алды. Балалық және жастық шағы 1917 жылғы екі бірдей төңкеріс, 1918-1920 жылдардағы азамат соғысының отты жылдарына сәйкес келді. 3-4 жасында анасынан, 13 жас шамасында әкесінен жастай айырылды. Балалық шағы кеңес үкіметінің құрылып жатқан тұсында, қоғамның бір формациядан екінші формацияға өтіп, халық ештеңені түсініп-біліп жатпаған өтпелі кезеңде өтті. Бұл кезде басшылықтың солақайлығы халықты аштыққа ұрындырды, ел күнкөріс, бір үзім нан үшін басы ауған жаққа босып кетті. Ол да көппен бірге Ташкент ауып кете барды. Нұртас 1920-1922 жылдары Ташкенттегі №14 мектеп-интернатта тәрбиеленді. Онда орыс тілінен Ғани Мұратбаев, араб тілінен Әмин Жүсіпов дәріс берді. Нұртас 1921 жылдың сәуір айында Ғани Мұратбаев ұйымдастырған комсомол ұйымына мүшелікке қабылданды.

Мектеп-интернатты тамамдағаннан кейін 1923-1927 жылдар аралығында Нұртас Ташкент Орман шаруашылығы техникумында білім алды. 1927-1930 жылдары Қызылорда, Жамбыл және Шымкент қалаларында Су шаруашылығы мекемесінің қызметкері болды. Жас кезінен алғыр, зерек жас жігіт 1930-1934 жылдары Ташкенттегі Орта Азия университетіне қарасты Ирригация институтында оқыды. Ал 1934-1938 жылдары Қазақ Орман шаруашылығы басқармасында орынбасар, кейінірек басшылық қызмет атқарды. Ол қызмет бабымен өрлеп, 1938 жылы Шығыс Қазақстан (Семей) облыстық атқару комитетіне төраға болып тағайындалды.

1938 жылғы шілде айында Н.Оңдасынов Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшелігіне өтіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында Қазақ КСР Үкіметінің (Халық Комиссарлар Кеңесінің, кейін Министрлер Кеңесінің) төрағасы болып тағайындалды. Бұл қызметті ол 1951 жылдың қазан айына дейін атқарды.

Қиын және ауыр кезеңдерде 13 жыл бойы Үкімет басшысы болған ол елдегі сауатсыздықты жоюға кірісті. Оның тұсында шалғай аудандарда мұғалімдерді даярлау бойынша училищелер мен курстар, облыс орталықтарында Мұғалімдер институттары ашылды. Қазақстан ОК бюросының мүшесі ретінде Н.Оңдасынов мәдениет мәселелеріне жауапты болды.

Оның есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланысты болды. Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университеті, Ұлттық консерватория, дене шынықтыру институты, политехникалық және технологиялық институттар ашылып, медицина институтында, Шет тілдер институтында факультеттер кеңейтілді. Абай атындағы Опера және балет театры құрылысының аяқталуын тікелей өзі бақылап, облыстық театрлардың, филармонияның, ән және би ансамблінің ашылуының бастамашысы болды.

Қазақстанда дербес ғылым академиясын құруға көмектесті. Соғыс жүріп жатқанына қарамастан, Н.Оңдасынов ғимараттың құрылысына қаражат бөлді. Ол ғылым академиясын Қ.Сәтбаев басқарды. Н.Оңдасыновқа Қ.Сәтбаевтың газетте ғылымның болашағы туралы айтқан ойлары ұнады және оны жақынырақ білу үшін Қ.Сәтбаевты Мәскеуге шақырды. Кездесіп, әңгімелесіп, Н.Оңдасынов оны КСРО Ғылым Академиясының президенті В.Комаровқа апарып, Қ.Сәтбаевты Қазақ Ғылым академиясының болашақ президенті ретінде таныстырды.

1942 жылдың басында Рудный Алтай мен Лениногорға іссапармен келген Н.Оңдасынов білімді әрі салмақты азамат Дінмұхамед Қонаевты кездестірді. Алматыға оралып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Скворцовпен ақылдаса келе, Д.Қонаевты орынбасары етіп шақырды. Д.Қонаев 10 жыл Н.Оңдасыновтың орынбасары болды.

Н.Д. Оңдасыновтың іскерлігі мен жоғары жауапкершілігі халық басына қиын күн туған, әсіресе Ұлы Отан соғысы жылдарында байқалды. Ол Үкімет басшысы ретінде радио мен баспасөз беттерінде халықты фашист басқыншыларына қарсы жан аямай күресуге шақырды. Бұдан кейін барлық өндіріс орындары мен мекемелерде, ауылдар мен кенттерде митингілер өткізіліп, халықтың күш-жігерін майдан мүддесіне, жауды жеңу мақсатына жұмылдырылды. Республикадан атқыштар және атты әскер бригадалары жасақталды. Алматы, Жамбыл,  Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған азаматтардан 316-атқыштар дивизиясы жасақталды. Бұған қоса, алғашқы үш ай ішінде 238, 310, 314, 357 және  391-атқыштар дивизиясы құрылып, Нұртас Оңдасынов олардың алдында сөз сөйлеп, майданға шығарып салды.

Республикада шаруашылықты соғыс жағдайына байланысты бейімдеп қайта құру басталды. Орталық және облыстық мемлекеттік органдар жанынан жұмыс күшін бөлу жөніндегі бюро, эвакуацияланған халықты шаруашылыққа орналастыру, әскери тапсырыстар мен эвакуацияланған жабдықты құрастыру жөніндегі бөлімдер ұйымдастырылды. 1941 жылғы шілденің ортасынан  Қазақстанға қоныс аударған адамдардың саны 386 мыңға жетті. Халықпен бірге 142 зауыт, фабрикалар да келді. Көшіп келгендердің үштен бірі қалаларға, ірі өнеркәсіп орталықтарына жайғасты. Республикаға 149 жетім балалар үйі көшіп келді. Осының бәрін жайғастыру міндеті Қазақстан үкіметінен бастап, жергілікті атқару комитеттеріне жүктелді.

Н. Д. Оңдасынов – Ұлы Отан соғысы жылдарында да, соғыстан кейінгі кезеңдерде де ерекше іскерлік, ұйымдастырушылық қабілет көрсеткен басшы. Бұл Қазақстанда басталған Ертіс-Қарағанды, Арыс-Түркістан, Мырзашөл каналдары, Атырау, Теміртау, Жезқазған, Балқаш алып зауыттары, Мойынты-Шу темір жолы және т.б. ұлы құрылыстардың бастау алған жауапты кезеңдер еді.

Бұдан басқа Қарағанды металлургиясын, Мойынты-Шу темір жолын, теріскейге темір жол тарту, еліміздің мұнай-газ саласын игеруге ұйытқы болды. 1951-1953 жылдар аралығында Мәскеудегі Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің жанындағы Жоғары Партия мектебінің тыңдаушысы болды. 1954 жылғы наурыз айында Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының (Төралқасының) төрағасы болып сайланды.

Бұл қызметтен қалың бұқараға жақынырақ жерге сұранып, кейінгі жеті жыл (1955-1962) өмірін Гурьевте (Атырауда) өткізді. Қазақстанның болашақ мұнай державасы ретінде қалыптасуында Н.Оңдасынов ерекше рөл атқарды. Онда екі жыл Халық депутаттары Облыстық Кеңесінің төрағасы, бес жыл Қазақстан КП Облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерінде болып, зейнеткерлікке шықты. Сөйтіп, Н.Оңдасновтың 25 жылдай өмірі кеңестік-партия қызметінде өтті.

Н.Оңдасыновтың қайраткерлігі КСРО басшысы Н.С. Хрущевке ұнамай, екеуі қызмет барысында жиі-жиі келіспеушілікке барыпты. Нәтижесінде, 1962 жылы Оңдасыновты Гурьев (Атырау) облысы басшылығынан 58 жасында кетіруге Н.С. Хрущев құпия тапсырма берген. Өйткені екеуі үш мәселеде келіспей қалған. Ұлт қайраткері бірінші, тың игеруге, екінші, Оңтүстік Қазақстан аудандарын Өзбекстанға беруге және үшінші, Маңғыстау мұнайын игереміз деген де, Хрущев Сібір мұнайын игереміз, Маңғыстау мұнайының қажеті жоқ деп айтысып қалған. Кеңестік қызыл империя басшысына пікірін ашық айтып, қарсы шыққаны үшін оның қырына іліккен. Бірақ, одан тайсақтап, кешірім сұрап иілмеген. Ұлттық мүддені қорғай білген азамат. Сол себепті, оны ертерек зейнеткерлікке шығартуға астыртын әрекет жасалған.

13 жыл Қазақстан үкіметін басқарған Н.Оңдасынов: «Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарған кезімде біреуге өтірік жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» – деген сөздерімен ар алдында ақ екенін, өзінің адал қызмет атқарғанын айтып кетті.

Н.Оңдасынов араб, парсы тілдерін жақсы білді. 1962 жылы зейнетке шыққаннан кейін ол шығармашылықпен айналысты. Оның 1969 жылы «Араб-қазақ түсіндірме сөздігі», 1974 жылы «Парсы-қазақ түсіндірме сөздігі» жарық көрді. 1989 жылы қайтыс болғанға дейін осындай үлкен ғылыми жұмыстармен айналысты. Н.Оңдасынов үш Ленин орденімен және екі Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен және құрмет грамоталарымен марапатталды.

Ол Үкіметті басқарған он үш жыл ішінде Мәскеуден түскен бұйрықты бұлжытпай орындап отыратын қызметкер емес, халық игілігі үшін күрмеуі көп күрделі мәселелер мен игі бастамалар көтеріп, оны шеше білетін  қайраткерге, есімі ерекше тұлғаға айналды. 

Болат Сайлан

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның Профессоры, тарих ғылымдарының докторы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969