Ұлттық банк шығарған банкноттар шу туғызды

Әлеуметтік желіде 1000 теңгелік банкноттарға қатысты даулы көзқарас көбейген сияқты. Олай деуімізге белгілі журналист Көсемәлі Сәттібайұлының посты болып отыр.
«Кеше мен алғаш рет көріп, біртүрлі боп қалдым. Ұмытып кеткен Кеңес өкіметі есіме түсті ме, сол өкіметті ұмыта алмай жүргендердің тіршілігіне қынжылдым ба, әйтеуір көңілім пәсейіп, жаман боп қалдым. Мені қойшы, қасымдағы кішкентай немереме көрсетіп ем: – Осы ғой біздікілердікі, – деп ол да кәдімгідей мұңайып қалды. Теңгедегі басымдыққа ие боп тұрған қызғылтым түсті, кеудесін оққа тосқан түр-түсі ұлтымыздың батырларына ұқсамайтын белгісіз жауынгерді, КСРО-ның «Отан соғысы» орденін, тағы басқа «әшекейлерін» тәуелсіздіктің отызыншы жылдары өмірге келген ұрпақ қабылдай алмады», - деп жазды журналист Фейсбуктегі парақшасында.
Анықтап қарап едік, расында, банкноттар «біртүрлі» безендіріліпті. Біздіңше, бұл – жеңіс мерекесі (9 мамыр) қарсаңында шығарылған мерекелік банкноттар.
Abai.kz