Бейсенбі, 5 Желтоқсан 2024
Үкімет 386 0 пікір 30 Қазан, 2024 сағат 13:25

Олжас Бектенов: Президент тапсырмасы сөзсіз орындалады

Фото: Үкімет

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Рахымжанов Премьер-министрге 2029 жылға қарай Қазақстан экономикасы өсімін $450 млрд-қа дейін қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасын орындау бойынша Үкіметтің жоспарына қатысты сауалын жолдады.

«Еліміздің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, базалық сценарий бойынша ЖІӨ-нің жылдық өсімі орта есеппен 5,4% деңгейінде жоспарланған. Мұндай көрсеткішке қол жеткізілген жағдайда еліміздің ішкі жалпы өнімі 2025 жылғы $321 млрд-тан 2029 жылы $498 млрд-қа дейін өседі. Осылайша, Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай ЖІӨ көлемін $450 млрд-қа дейін жеткізу міндеті орындалады.

Бірақ, Үкімет өз жұмысында Республиканың 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында көзделген жоғары міндеттер қойып отыр. Аталған құжатқа сәйкес, ЖІӨ-нің жылдық өсімі 5,6%-дан 6,9%-ға дейін болуы тиіс. Бұл – өте ауқымды міндет. Мұндай көрсеткіштерге қол жеткізу үшін экономиканы әртараптандыру, оның күрделілігін арттыру, елімізде тереңдете өңделген өнім өндірісін ұйымдастыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу бойынша белсенді жұмыс қажет.

Өздеріңіз білесіздер, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4%-ды құрады. Сонымен қатар бұл өсімге мұнай өндіру көлемінің төмендеуі аясында қол жеткізілді. Яғни, өсім басқа да мұнайдан тыс салалар есебінен өсіп жатыр. Экономика ауыл шаруашылығы есебінен дамып келеді, ол 11,4%-ға өсті. Көлік, сауда есебінен өсім 6%-дан жоғары көрсеткіш көрсетті. Құрылыс 10%-дан астам өсті. Осылайша, бұл салалардағы өсім жалпы экономиканың, ЖІӨ-нің өсімін қолдауға мүмкіндік береді. Әрине, бұл жеткіліксіз, біз мұны түсінеміз, сондықтан да түйінді мәселе бойынша қазірдің өзінде жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – еліміздегі ірі индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін экономикаға елеулі инвестиция көлемін тарту.

Өсу мүмкіндіктерінің бірі – инфрақұрылымға өте маңызды инвестицияларды көздейтін Ұлттық инфрақұрылымды дамыту жоспарын іске асыру болмақ. Сондай-ақ Президент Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, ТКШ жүйесін жаңғыртудың жаңа ұлттық жобасын әзірлеу соңғы сатыда тұр.

Ұлттық жобада 2029-2030 жылдарға дейін жалпы инвестиция көлемі шамамен 10 трлн теңге мөлшерінде қарастырылған. Жоба инженерлік инфрақұрылымды айтарлықтай жаңартумен қатар, өздеріңіз білетіндей, бұл салада тозу көрсеткіші өте төмен, бұл – біздің отандық бизнес үшін үлкен резерв. Ұлттық жобада біз барлық тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді отандық кәсіпкерлерден басым түрде сатып алуды көздеп отырмыз. Осылайша, өршіл мақсаттарға жету үшін көп жұмыс қажет. Президенттің тапсырмасы сөзсіз орындалады», — деп атап өтті Премьер-министр.

Abai.kz
0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1145