Жұма, 22 Қараша 2024
Ғибырат 724 0 пікір 30 Қазан, 2024 сағат 14:24

Айбарым едің арысым!

Суреттер автордың жеке мұрағатынан алынған.

Журналист, жазушы, ақын Орысбай Әбділдаұлының туғанына 85 жыл толуына орай, Алматы облысы, Жамбыл ауданнының мәдениет үйінде (19 қазан 2024 ж.) ақынның шығармашылық кеші дүркіреп өтті. Кешке ақынның жерлестері, қаламдас іні-қарындастары мен сүйікті оқырмандары қатынасып кештің мерейін арттырды.

О.Әбділдаұлы Жамбыл ауданының Жамбыл ақын ауылында 1939 жылы 11 наурызда дүниеге келген. Ол «Балдырған», «Ленишіл жас» («Жас Алаш»), «Жалын», «Жеті жарғы», «Жетісу» секілді газет-журнал мен баспасөз орындарында қалам тербейді. Әр жылдары «Сымбат», «Қолтаңба», «Өмірсерік», «Палуан», «Туған жер дәмі», «Уыз шақ», «Шапағат», «Сөз бен саз», «Сал-серілер сабағы», «Тастүлек», «Хамза қажы ғибраты», «Асыл адам айнымас», «Төлеген толғау», «Ізбасар», «Сәулетті, дәулетті әулет», «Ана сүті» және «Айтұмар ақ баталар», «Рахат-би рапсодиясы», «Өрен тану әліппесі», «Тау тумасы», «Аңыз бен нағыз», «Тәуекел тәңір тұмары» атты прозалық һәм поэзиялық кітаптарды жарық көрген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері, Жамбыл ауданы мен Алматы облысының құрметті азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері.

Сіздің назарларыңызға ақынның жары, ақын Баян Анарбекованың «Айбарым едің арысым» атты естелік-эссесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.


Айбарым едің арысым!

Уақыт неткен жүйрік десеңізші! Күн артынан күн өтіп, ай артынан ай өтіп жылға да жетіптік. Күні кеше ғана ортамызда, отбасымызды, ағайын-туыстардың бәрін мәре-сәреге бөлеп қуаныш сыйлап жақсы әңгімеңмен, ұлағатты сөзеріңмен, жеңіл әзіліңмен көңілді демеп отырушы едің. Міне бүгін жым-жырт.

Қазақта «әдемі қартаю» деген жақсы сөз бар ғой. Сол айтқандай сен әдемі қартайып, аңқылдаған әдемі қалпыңнан айнымай өмірден өттің. Ақкенттегі көрші-көлемге жұғымды, сыйлы, құрметті ақсақал болдың. Көршілер «біздің ауланың үлкен ақсақалы, қаламгер қариямыз» деп, алдыңнан қия өтпей сәлем беріп, хал-жағдайыңды сұрап тұрушы еді. Өзің жақсы көретін, аса жоғары бағалайтын, талантты ақын Б.Жақып, ақын С.Сейтқамызаұлы, журналист Ә.Әшімұлы інілерің кешкісін біз тұратын 16 қабатты №45 үйдің алдындағы орындықта орырғаныңды көріп, «Орағаңның төбесін көріп қалып, сәлем берейік деп келдік» деп, өзіңмен түннің бір уағына дейін арқа-жарқа болып, әңгіме дүкенін құрушы едіңдер. Сол күні сен марқайып, үйге көңілді қайтушы едің. Қазір сол кездегідей емес, сен отыратын орындық бос тұр.

Біржолы аулада журналист Әлімжан кездесіп қалып, «Баян апа, хал-жағдайыңыз қалай? Орысбай ағам қайтқалы бері сыңарынан айырылған аққудай жалғыз сырап, құлазып жүрген жоқсыз ба? Анда-санда кешкісін бұрынғыдай Орысбай ағаның штабына жиналып тұрмаймыз ба, аруағы разы болсын» дегенен кейін, шынында да Орысбайдың аруағы осы орындықты айланқастап жүрген шығар деген оймен, бір күні орындыққа келіп отырдым.

Жаздың шіліңгір ыстығынан шөлдегенде КСК-ның жұмысшыларын шақырып алып, олармен бірге жүріп суғаратын, қыста қардың салмағын көтере алмай иілген бұтағының қарын қағып күтіп көрсететін шыршалар да сені жоқтап сағынатындай. Жан-жағыма қарап, түрлі ойдың жетегінде отырғанда ұстаз Мұнира қарындасың келді, одан кейін іле-шала Әлімжан да келіп жанымызға жайғасты.

Сол күні үшеуміз өзің туралы өткен-кеткенді еске алып, сенің әңгімелеріңді айтып көп отырдық. Мұнира қарындасың сенің өлеңіңе жазылған, әнші Ұлжан Айнақұлованың тамылжытып орындаған «Майтөбе» әнін телефонынан тыңдатты. Әлімжан әлеуметтік желідегі парақшасын ашып: «Бүгін түске таман есігім қағылды. Бұл кім болды екен деп есікті ашып қалсам, бір қабатта тұратын көршім Бақытжанның әкесі Райымбек аға екен.

– Армысыз, аға! Үйге кіріңіз, – дедім.

– Үйге кіре алмаймын. Сыртта Орысбай ағаң сені күтіп тұр, сенде кітабым бар дейме, – деді.

– Иә, ол кісінің «Жамбыл» деген жураналы бар еді. Қайтарып беруім керек болатын, таяудан бері Орағама кездесе алмай жүр едім, – деп журналды Райымбек ағама ұстатып едім, ол кісі:

– Сен шықпайсың ба? – деді.

– Сіз бара беріңіз, кимімді ауыстырып алып артыңыздан барамын, – дедім.

Сәлден соң есіктің алдына шықсам, Орысбай аға мен Райымбек аға әңгімелесіп отыр екен. Аман-сәлемнен кейін Орысбай аға:

– Саған келген бұйымтайым, сенің қытай тілінен тәржімалаған бір мақалаң «Алматы ақшамы» газетінің өткен аптадағы бір нөміріне шығыпты.Сол газетті беріп сені қуантып, журналымды алып қайтайын деп келгем. Сенің қай қабатта, қай пәтерде тұрғаныңды білмей тұрғанда Құдай тілеуіңді бергір, мына Райымбек ағаң кездесіп қалғанын көрмейсің бе, – деп күлді.

– Аға, мен «Алматы ақшамына» мақала берген емеспін, қытай тілінен мақала аудармағаныма 20 жылдан асып кетті. Сіз мені басқа біреумен шатастырып жүрген шығарсыз, – деп бәйек болдым.

– Онда қара, сенің аты-жөнің «Әлімжан Әшімұлы» ғой.

– Иә, солай.

– Ендеше мына мақаланың астында «қытай тілінен тәржімалаған Әлімжан Әшімұлы» деп жазыулы тұр, – деп газеттің бетін ашып көрсеткенде зорға сендім.

Сөйтсем, газет осыдан 25 жылдың алдында баспасөзде жарияланған «Ұрпағым ұлағатты болсын десеңіз» деген тақырыппен берілген бір америкалық ғалымның баласына айтқан жүз өсиетінен таңдалып аударылған 20 өсиеті екен. Бұл мақала кезінде осы ақшамда босылған болуы керек. Ол жағы қазір есімде жоқ. Оның үстіне мақала қайдан алынғаны, кім дайындап бергені жазылмапты. Қалай дегенменде бұл материалды дайындаған және оны басқан газет ұмымына көп рақмет! Рухани байлық қашан да елеусіз қалмайтынына және бір мәрте сеніп отырмын.

Орысбай аға зейнеткер журналист, газет-журналдың біразына жазылған. Бір ықшам ауданда тұрған соң ауылада жиі кездесіп әңгімелесіп тұрамыз. Биыл көктемде 80 жасқа толып, мерей тойын дүркіретіп өткізгенін білемін. Түріне қарасаң сексенге келген адам деп ешкім ойламайды. Сөзі нық, жүрісі ширақы. Қолының қаруы бар, жас кезінде спортпен айналысқан екен. Қыс түскелі бері қариялар аулаға шығуды қойды, содан болар Орыспай ағамның мені іздеп таппай жүргені...» (24 желтоқсан 2019 ж.) деген жазбасын бізге дауыстап оқып берді.

Ореке, өзің дүниеден өткеннен кейін айтылған небір жүрек тебірентер естеліктер, асыл қасиеттерің туралы айтылған сөздер, жазылған мақалалар, бір әуілеттің ғана емес, елді арқа сүйер ақылшы азаматы болғаныңды айтып жеткізе алмай жатыр. Сенің бойыңдағы асыл қасиеттер елге, жұртқа деген адал да аңғал сезімдерің. Бір бойыңдағы күш-қуатыңды барынша тек жақсылыққа, қуанышқа, шаттыққа, мейірімге бөлесем екен деген ниетпен жаралғандай екен. Айналаңа сәуле шашып, әрбір адам қуансын, мерейі үстем болсын деген ниетпен өмір сүріпсің-ау!

«Орысбаймен «Лениншіл жас» газетінде ұзақ жылдар қанаттаса еңбек еттік. Жиі өтетін жиын-тойлардан соң, үбірлі-шүбірлі Баян екеуінің жалдап тұратын пәтеріне барып, таң атқанша думандатамыз, дастарқаны жаюлы, пейілдері кең» деп еске алады жазушы Мағира Қожахметова «Орны бөлек Орысбай» («Атамекен» газеті, №40, 30 қыркүйек, 2023 ж.) деген мақаласында. Ол тағы ар қарай: «Шетімізден құйынбыз, дауылмыз, жын-періміз (өзі солай айтатын) екпінімізден жел есіп, әсіресе мен түріме қарамай еркін ұстаймын өзімді. «Мына қызды ешқайсыңа айырбастамаймын» деген бас редактор Сейдахмет ағамыздың сөзіне малданып, тым артық кетіп жүрдім. Тіпті о кісіні қатты ренжітіп, бірнеше күн жұмысқа келмейтінмін. Енді шығарып жібереді-ау дегенімше, Орысбай іздеп тауып «тез жет редакцияға, саған қайтсын деп жатыр» дейді. Бізге қарағанда сабырлы, өзін мейлінше қарапайым ұстайтын. Ішінде ән, күй, жыр, айтыс, ақындық, шешендік боп ағыл-тегіл ағылған асау ағысты қалай игерді екен деймін қазір. Өн бойынан әділдік пен мейірім есіп, кім-кімге де жақсылық жасауға, қолдап жіберуге асығатын. Ешкімнің алдына түспеді. Жеке жағдайы үшін ешкімнен ештеңе сұрамады, бастықтарға иіліп бүгілмеді, атақ қумады, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық танытты» деп жүрек жарды сөзін айтыпты.

Белгілі журналист Омаров Бауыржан Жұмаханұлы өзінің әлеуметтік парақшасына: «Жас Алаштың» тарихында сал-серілігімен, атап айтқанда, әншілігімен, балуандығымен, сөзшеңдігімен қалған ардақты ағаларымыздың бірі – Орысбай Әбділдаұлы. Ол кісі анда-санда редакцияға бір бас сұққанда, бұл жерде баяғыда қызмет істеп кеткен оған жұрттың бәрі қоғадай жапырылып амандасып, ортаға алып алқалап жатқанын көретінбіз. Соған қарап абырой-беделіне қанық болатынбыз. Екі иығына екі кісі мінгендей тұрпат-тұрғына да таңдана қараймыз. Сәлден соң ағамыз босағада тұрған ақ домбыраны қолға алып, әуелетіп ән салар еді. Әні соншама әуезді болар ма?! Елтисің де қаласың. Қазақша да, қырғызша да бірдей шырқайды. Балуанға оң-солы бірдей деген осы. Айтпақшы, ағамыз қаламгерлігіне қоса, кәсіби спортшы көрінеді. Алысқанын алыпта, шалып та жығады дейді. Бізді бұл қасиеті де қызықтырды. Домбырасын іргеге сүйей салып, әңгіме айтқаны да керемет. Сөйлеген сөзі мірдің оғындай. «Сымбат», «Палуан», «Сөз бен саз», «Сал-серілер сабағы» деген кітаптарының атауының өзі оның болымыс-бітімінен хабар бергендей... Сондай бір әдемі әсерге бөленіп отырғанда ойлы кейіптегі Орысбай ағамды Шүкір Шақай қарауылға іліктіріпті... Амандық тілейміз ағамызға» («Сөз бен саз» /сурет сөз немесе сурет саз\ 12  қараша, 2022 ж.) деп жазып, сенің домбырамен ән шырқап отырған ақ-қара суретіңді салып қойыпты. Филология ғылымының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент иүшесі, ҚР Президентінің кеңесшісі, белгілі журналист Б.Омаровтың сен қайтыс болардан бір жарым ай бұрын жазған жылы сөзі екен. Мұны Ә.Әшімұлы телефонынан көрсетіп, мәтінін оқып бергенде билікте де Орекеңді жақсы білетін, құрметтейтін, жоғары бағалап еске алатын адамдар бар екен ғой деп қуандым.

Зейнеткерлік жасқа толып демалысқа шыққаннан кейін үйге симай тыпыршып жүрген кездерің көп болды. Сол кезде қара домбыра өзіңе серік болғанан білемін. Өзіңді-өзің қамшылап мұңды әнмен, домбыраның қоңыр үнімен ұзақ толғап отыратын сәттеріңде жанымды қайда қоярымды білмеуші едім. Бүгінде сол әуен, сол домбыраның бебеулеген үні жым-жырт. Біреулер байлықты, мәнсаптың соңынан түсіп қуса, сен өз әлеміңмен өмір сүріп едің. Сенің әлемің адамгершілік, кісілік, кішілік еді. Сен өмірді өзгеше түсіндің, өзгеше сүйдің. Еліңді, жеріңді бар жан-тәніңмен жақсы көрдің. Бойыңдағы күш-қуатыңды жұмсадың.

Балалық шағыңнан бастап жалаңаяқ жар кешіп, ес білгеннен бастап қой қайырып, қозы бағып тау-таста табиғатты тамашалап өсіп, кейін ержетіп, есейген шағыңда трактор жүргізіп, машинаның роліне отырып елдің ортасында хал-қадіріңше еңбектің көрігін қыздырдың. Бұл сенің елдің бір пұшпағын илесем, еліме, жеріме аз да болса пайдам тисе деген адами адал қасиеттің еді.

Сол тұста әскер қатарына шақырылып ол үш жылдық мерзімді де ойдағыдай аяқтап елге аман-есен келгендегі тебереніс өзгеше. Алдыңнан ақ жаулықты анаңның қарсы алғаны сені алабөтен қуанышқа бөлеген сәтін айтып жеткізе алмайтынсың.

Ауылға келіп бостан-бос жүру сен үшін оңайға соқпады. Ендігі кезекте Қарғалы шұға комбинатына барып, жұмыс істей жүріп, кешкі мектепті 10 жылдықты оқып ойдағыдай аттестат алу мақсатына қол арттың. Өйткені, алда жоғары оқу орнына түссем деген үлкен арман-мақсат тұр еді. Отбасы жағдайында оқуға барып әуре-сарсаңға түскенше ата кәсіп баяғы озат шопан атанып, жанымда, көз алдымда жүре берсе деген әке арманы және аманаты еді. Бұл жерде әке мен бала арасындағы келіспеушіліктің ара-жігі ашыла түскендей еді. Ішкі түйсік жеңіп қой бағуды қоя тұрып, ой бағудың қам-қарекетіне толықтай ден қойған Орекең бұл жолғы мақсатына да ой қайшылықпен қол жеткізді десек артықтау болар.

Әңгіме әуені әр тараптан бас көтеретін. Жасы болса әжептәуірге келіп қалған. Жоғары оқу орнына бар ынта-шынтасымен құжат тапсырып оқуға түсуге армандаған Орекеңнің өмірінің өзгеруіне, мақсатына қол жетуіне көмек қолын созған, бір кездері мектепте, кейін жоғары оқу орнында қазақ әдебиетінен сабақ берген ұстазы, Сұлтанғали Садырбаевтың үлкен демеушілігі еді. Аяулы ұстазын Орекең ешқашан естен шығарған емес. «Факультеттің қабырға газетіне ілулі тұрған менің спортық лыпамен түскен суретім ұстазым С.Садырбаевқа ұнамаған болуы керек, «Орысбай, сенің мынауың не? Не спортшы бол, не журналист бол, сен екеуінің бірін таңда!» деп, айтқаннан кейін мен спорттан алыстап, журналистиканың соңына түстім ғой» деп күлуші едің. Сен өмір бойы ұстазың Садырбаевты әспеттеп, құметтедің. «Бойымдағы әдебиетке құштарлық осы ұстазымнан жұысты болды» деп үнемі айтып отырушы едің.

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бекер емес. Ұстаздық парызын өтеп өткен С.Садырбаев қаншама шәкірт тәрбиеледі десеңізші. Жаны жәннаттың төрінде болсын! Қаншама шәкірттің көңілінде бағдаршам болды. Орекеңнің әңгімесінен ұққаным, «сол жылы оқуға түсе алмасам міндетті түрде қойшы болып, бір отар қойдың иесі болып кете барар едім» дейтін еді. Әңгімеден, әңгімеге ауысып отырып оқуға түсерде атасы (ол әкесін ата дейтін) онша қуана қоймапты. Анасы Рәзия, әкпесі Марусяның қуанышында шек болмапты.

Өмір мектебі сені шыңдады, адамдыққа, адалдыққа баулыды. Босбелбеу емес қай жұмыс болса да тиянақты істеуге үйрендің. Сол жұмысты істей жүріп көңіл түйткілдерін өзінше түсіне жүріп, өмірді өзінше көріп, өзінше сезініп қағаз бетіне суреттейтін едің. Жақсылыққа жаны құштар азамат болып қалыптастың. Өскен ортаң бөлекше еді.

Сонда да қал-қадіріңше спортпен айналысуға да уақыт тауып одан да нәтиже шығара жүрдің. Бұл туралы Қазақстанның құрметті журналисі, өзіңнің ардақты інің Нүсіпбай Әбдірахым: «Талатты адам барлық істе талантты» деген тұжырым бар емес пе? Сол айтқандай, Орағам күреспен шындап айналысса, бүкіл елге палуан болар ма еді, кім білсін? Шындап айналыспағаны сол, классикалық күрестен КСРО спорт шеберлігіне кандидат атанып, боз кілемнің талай рет шаңын шығарыпты. Мұндай атақты ол кезде екінің біріне де беріле бермейтінін айтып жатудың қажеті бар ма? Күреспен мектеп қабырғасында жүрген кезінен айналысқан палуан жігіт студенттік кездерінде талай-талай дүбірлі жарыстардың жеңімпазы атанған. Ол аз десеңіз зілтемірші, шаңғышы, белтемірге тартылудан алдына жан салмайтын сайыпқыран, т.т.деп кете береді. Жаяу жүру дәстүрінің белсенді бастаушысы» деген бейресіми атағы және бар» («Майтөбенің саңлағы, жанат өлке ардағы» «Жетісу» газеті, 30 қыркүйек, 2023 ж.) деп жазыпты.

Н.Әбдірахым айтса, айтқандай, оқудағы қиын сәттерді де еңсере жүріп, біржағы спортты да жанына серік еткен. Өзімен қатарлас студенттерден жас ерекшелігі алшақ болса да жан алып, жан беріп спорттың классикалық түрімен айналысып, жақсы көрсеткішке ие болдың. Ауылдастар арасында Жамбыл Жабаев ауылындағы бір мектептің түлектері Жарас Төлегенов, Ізбасар Оразбақовтар спорттың көрігін қыздырған азаматтар еді. Бұл жігіттердің спортқа дер кезінде келіп атағы мен абыройын қатар алып жүрген кезі болатын.

Орысбай Әбділдаұлының аты журналист, жазушы, ақын ретінде танылды. Орекең әр саладан хабары бар, өте мәдениетті, ішкі жан дүниесі жақсы. Айналысындағы құбылысты байыппен бағдарлайтын жаны жайсаң жан еді. Маңайындағы адамдарды жалықтырмайтын. Әңгімені әнімен әдіптеп отыратын. Баяғының абыздарындай толғайтын. Хиса-дастандарды еш мүдірместен әуезді әнімен айтып көңілге құятын. Өз өлеңдерінен емес, Иса Байзақовтан, Төлеген Айбергеновтен, Мұқағали Мақатаевтан, Тұманбай Молдағалиевтен, Қажытай Ілиясовтан және басқа кез келген классик ақындардың өлеңдерін өзінің ерекше қоңыр даусымен мәнерлеп айтатын еді. Абай, Шәкәрімдердің шығармаларын өз мақамымен келістіре орындайтын еді. Өзін көрсетейін дейтін қасиет жоқ. Өзгені дәріптеп, көкке көтеру ұлы мақсатың еді. Қызғаныш, көреалмаушылық қасиеттерді пендешілік ұсақ-түйекке балап, оған жан-тәніңмен қарсы болдың.

Творчествоңдағы ерекшеліктің өзі де бөлекше. Мейлі ол әңгіме, очерк, өлең толғауларыңның барлығы шынайы шындықтан туындайтын. Өйткені сен бейнелеп, суреттеп отыратын тақырыптың арқауы, негізгі өзегі бірге жүрген жақсы адамдардың қадір-қасиетін тап басып суреттеу. Сол адамдарды қалайда жақсы қырынан көрсетіп кейінгі ұрпақ үлгі алса деген мақсатың еді.

Бүгінгі өзің өмір сүріп отырған қоғамдағы қиын-қыстау алашапқын өзгерістердегі кемшіліктерге бар жан-тәніңмен қарсы болы тұра, болашақта бір жақсылықтың болатынына кәміл сенетінсің. Өзгелерге де жақсылық тілеп, кейінгі келер ұрпақтың жүздері жарқын, жолдары ашық болуына үлес қосып отыратын едің-ау. Сенің бүгінгі өмірдегі қым-қиғаш желдей ескен жел сөздерге бейтарап қарап өзіңше қортынды шығарып, дауырықпай, дауласпай, байыппен сабырлы қалпың баяғының абыз адамдарын елестететін.

Өмірдегі жоқ-жітікті түгендемей келешектің кемелденеуін күтетінсің. Әттең, сені біреу түсінді, біреулер түсіне алмады. Қоғамда сендей адамдардың болғанына таңырқап, таңданып қарайтындай. Маңайың толған жақсы адам. Олар үлкен бе? Кіші ме барлығына құрметпен қараушы едің. Қолыңдағы байлығың, ол – рухани байлық дегенді ардақтап өттің. Өз әлеміңде сен шын мәнінде өте бай адамсың! Қойны-қонышыңнан ұлағатты өсиет сөздер, ата-бабадан бері келе жатқан тәрбиелік мәні бар өлең-жырларды айтқанда сол дәуірдің абыздарындай, бүгінгі күннің сәулелі шақты жырлаған әндерін айтқанда өзгеше түрге енуші едің.

«Жоқ» деген сөзді өзгеше жек көрдің. «Жоқтың түбі жоғалады», «бардың түбі оңаладыны» жиі айтып, ылғи алдыға тартып отыратынсың. Қанша қиын жағдайды басыңнан өткізсең де ешқашан «мен қиналдым» деген емессің. Өйткені, ауру-сырқау сені ертерек айналдырды, оған да, ешкімге тіс жарып ештеңе деген емессің. Сен бос кеткен жоқсың, артыңа рухани байлық тастап кеттің. Сенің «Сымбат», «Қолтаңба», «Өмірсерік», «Палуан», «Туған жер демі», «Уыз шақ», «Сөз бен саз», «Сал-серілер сабағы, т.б.кітаптарың жарық көріп, оқырманға жол тартты. Журналист, баспагер Жақау Дәуренбек досың атап өткендей: «Әр қыры – қаламгерлігі (жиырма кітаптың авторы), журналистігі (газет беттерінде қаламының ізі сайрап жатыр), ақындығы (ікі бірдей дастандар жинағы куә), күйшілігі (домбырамен қоса жаралғандай бірге жүреді), әшілігі (салған әндерін тебіренбей тыңдау мүмкін емес), батагөйлігі (баспамыздан бір томдық баталары жарық көрді), спортшылығы (әлі күнге айтылып келе жатқан ақиқат), жыршылығы (халық термелерінің насхатшысы), сапарнамашылығы (жаяу жүрудәстүрінің белсенді бастаушысы), адамшылығы (оның тәнті етер ең асыл қасиеті) – айрықша мінез иесі атанған» едің.

Әупіріммен бәрін елеместен дүниесі түгел адамдарша әр күні сәттілік тілеп шуағын шашқан ақ таңды қарсы алушы едің. Таңертеңгілік ерте тұрып күніне нешеме шақырым жаяу жүру қалпын өз өміріңде бір қалыпты сақтап өттің. Ол үшін де ерекше қарым-қабілет керек. Әр күн сен үшін мереке еді. Бір кесе шай  ішсең де жалғыз өзің шай ішу өте қиын секілді болатын. Есіктің қоңырауы соғылса баладай қуанушы едің. Ниетіңе қарай есік ашып келген бала-шаға, туған-туыстардың бәріне құрақ ұшып қарсы алушы едің. Көршілер таң қалатын недеген көп туысқан, күнде топырлаған қонақ деп. Өйткені сенің маңдайыңдағы жақсы адамдардың, ниеті түзу бала-шағаның барына тәуба!

Өзің өте жақсы көретін ағайын-туыс сол жақсы адамдардың балалары. Бұл күндері үлкен азамат болып атқа мінді. Мақтаныш сезіммен әкпем Маруся 12 бала тәрбиелеп өсірді. Ағам Белтайда сегіз бала бар деп марқайып отыратынсың. Аллаға шүкір, өз бала-шағаң да үпірлеп-түпірлеп ақырындап аяқтанып келеді. Көңіліңде қылдай алабөтен қиянат жоқ, бәріне бірдей өз жүрегіңнің түкпірінен орын берген едің. Бір адам қуанса сол адамның қуанышын өз қуанышыңдай сезінетінсің.

Ауыл-аймақтың өзіңен кішірек бала-шағасын жастау кезіңде ертіп жүріп білген жақсы әңгімелеріңді, әндеріңді айтып, домбыра үйренемін дегендерге ерінбестен домбыра үйретіп соған қатты қуанып отырушы едің. Өз балаларыңды қасиетті қара домбыраны меңгеріңдер дегенді меңзеп қалайда өз әлдерінше әнге қосып әуенін, сөзін жаттатып отырушы едің. Оларға әнші бол, әртіс бол деген емессің. Қазақтың қара домбырасын қадірлеу, салт-дәстүр мен қазақы тәрбиені қанына сіңіру еді мақсатың. Ол мақсатың орындалды. Қай-қайсы да қал қадірінше құлақ күйін келтіре алады.

Үмітжан деген немерені ерекше тәрбиеледің. Сабақтан соң үйге келгенде өзіне арнайы жасатқан домбыраға қосылып бірер ән салғанын қалайтынсың. Ол өз нәтижесін берді. Оны да еңбегім еш кетпеді ақталды дегендей таубе деп отыршы едің.

Ореке, өмір мамыражай сен ойлағандай жайма-шуақ емес. Өмір арнасы басқаша. Қым-қиғаш, алашапқын уақыт келді, қазір күні-түні жұмыспен әркім өзінше қам-қарекет жасауда. Біреулер ойға, біреулер қырға шапқылауда. Тіршіліктің әуені өзгерген. Сенің бұл алашапқынды қабылдай алмайтыныңды да түсінуге болады. Біз әңгімені өмірдің өзгергенін айта бастаған да «бұданда жаманында тойға барғанбыз деген» деп сабырға шақырушы едің.

Сенің болымыс бітіміңе қарап өмірде мұңсыз-қайғысыз адамдардың қатарынан деп ой түйетін. Әрине, сендегі жүрек сыздатар өкініш орны толмас әттегенайлар жетіп-артылар еді. Мен сені білгелі 56 жылдағы ішкі түйсігімдегі мұң-қайғы ол олқылық орнын ештеңемен толтыра алмайтын қайғың анаңның өмірден өте ерте кеткені екен. Содан да болар анаңның сағынып «Қайран, анам» деген толғау жазғаның.

«Бұлбылы бақшасында сайрамаған,
Көрмеген қызығымды қайран анам.
Кешіксем кірпік ілмей күтетұғын,
Өмірде өзіңдей жан қайда маған?!

Жібектей даусым қалды құлағымда,
Жайлаудың бейнең қалды бұлағында.
Еске алсам егіл-тегіл көздің жасы,
Кейде бір өксіп-өксіп жыладым да.

Сипаған қолдың табы маңдайымда,
Ақ сүттің уыз дәмі таңдайымда.
Күндігін күн шалатын ақ әжені,
Құдайым қияды екен қандай ұлға?!

Сағындым шүйке иірген ұршығыңды,
Дүние-ай, бір көрсең ғой бүршігіңді.
Езілтіп ет-жүрегін ерке ұлдың,
Ертерек кеткен ғұмыр жыршы қылды.

Әніңді келтіре алмай әуреленем,
Қазақта адам болмас «әу» демеген.
Түсіме кіріп жүрсің ғазиз ана,
Оянып кеттің бе екен әлденеден?!

Есіңе түсті ме екен ұлың бүгін,
Жел қағып жүрген кенже тұлымдығын.
Анашым, айырылғаным, рас болды-ау,
Жанымның жапырағы жұлым-жұлым...

...Құйқылжып ғажап қазақ, қырғыз әні,
Жайлауда жұрт айтысып, жыр қызады.
– Апыр-ау, даусың неге естілмейді?...
Бұл сұрақ шырт ұйқымнан тұрғызады...» (О.Әбділдаұлы. «Шапағат Жол-жоралғы жырлары» жинағы, 95-96-б.).

Ореке, өзің барда көңілім алаңсыз еді, енді оның қайсы бірін айтамын. Көзімде жас, көңілімде, көкірегімде сағыныш, іште әттеген-ай деген өкініш... Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Дүниенің маған қандай қатысы бар, менің дүниеге қандай қатысым бар? Мен жай ғана жолаушымын. Бір ағаштың көлеңкесінде аз ғана уақыт отырып, демалып, шынығып, ары қарай жүріп келейін деп» айтқан екен. Расында да адам баласы жай ғана жолаушы, мына жалған дүниеде күндердің күні келгенде үш күндік, ары кетсе бес күндік қонақ екенбіз.

Енді міне бізбен қоштасқалы бір жылдың жүзі болып қалды. Қазақи дәстүр-салт бойынша өз тарапымыздан қолымыздан келгенше өз міндеттерімізді бала-шағаң барлығымыз өтеп жатқан жайымыз бар. Артық-кемі болса Алла кешірер. Пейіште нұрың шалқып, артыңда қалған ұрпақтарыңа өмір берсін. Дұғамыз періштенің құлағына шалынсын. Өмір бар, өлім бары хақ. Алайда өлгеннің артынан өлмек жоқ. Орекеңнің тәні жер қойнауына тапсырылғанымен, рухы бізбен бірге. Мәңгілік ұйқың тыныш болсын!

Сені еске алып өлең, мақала, естеліктер жазған қаламгерлерге алғысым шексіз! Амен-есен болып, отбасының, бала-шағасының қызығын көрсін!

Баян Анарбекова,                 

ақынның жары

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322