Сейсенбі, 3 Желтоқсан 2024
Билік 1913 7 пікір 1 Қараша, 2024 сағат 14:02

Президенттің сөгісі: Өшкендер мен өскендер кімдер?

Суреттер, Ақорда, baq.kz, eldala.kz сайттарынан және Википедиядан алынды.

Президент Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді. Бұл туралы президенттің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылыту маусымына дайындық жұмыстарына тиісінше бақылау жасамағаны үшін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысындағы Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов жылыту маусымының уақытылы басталмауына байланысты қызметінен босатылған болатын. Қала әкімінің міндетін атқарушы болып Мақсат Қайрешов тағайындалды.

Осыған дейін Мемлекет басшысы кімдерге сөгіс жариялады? Олардың қызметтің жолы қалай өрбіді? Біз бүгін осы тақырыпта ықшамды шолу жасағанды жөн санадық...

Президент Арыстағы жағдайға байланысты 2019 жылы сол кездегі ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа сөгіс жариялаған еді.

«Біз жүйедегі жалғасып келе жатқан кемшіліктердің салдарымен күресіп жүргенде әскери саланы бақылауды әлсіретіп алдық. Сіз Қазақстан Қорғаныс министрлігі саласындағы салыстырмалы түрде жаңа адамсыз, бірақ барлық жағдайға жауаптысыз. Мен Қарулы Күштердің ең жоғары бас қолбасшы ретінде Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне қанағаттанбағанымды білдіремін. Сондықтан сізге қатаң сөгіс жариялаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Нұрлан Ермекбаев 2021 жылы ҚР Қорғаныс министрі қызметінен алынған. Оның отставкаға кетуіне Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылыс себеп болды.

Ермекбаев 2023 жылдың қаңтарында Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып тағайындалған.

Осыдан 2 жыл бұрын 14 шілде 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің орынбасары – ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа және ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялады.

Бұл турасында: «7 қант зауытының бүгінде 4-еуі ғана жұмыс істейді. Алматы және Жамбыл облыстарында тек үштен бір бөлігі жүктелген - 31 пайызы. Ауыл шаруашылығы министрлігі қызылша қантының үлесін 2026 жылға қарай 6 есеге, 7-ден 43 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр», - деді Тоқаев.

Президент: «Кейінгі төрт жылда қант қызылшасының аумағы үштен бірге азайды. Біз импорттық қантқа 90 пайыз тәуелдіміз, бұл жерде ЕАЭО аясындағы шешімге сүйенуге болады, бірақ кез келген жағдайда бұл үкіметтің салмақты есебі. Сондықтан мен министрлер Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын», - деді.

Қызметтік жолында біраз кресло тоздырған Бақыт Сұлтанов та қазір бос жүрген жоқ. Соңғы тағайындауы 2022 жылы болған. Еуразия экономикалық комиссиясына антимонополия мен бәсекелестікті қадағалау комиссиясына мүше болған.

Ал Ербол Қарашөкеев ҚР Ауыл шаруашылығы министрі қызметінен 2023 жылы түсіп, Жамбыл облысы әкімі қызметіне тағайындалған. Қазір де әкімдік қызметін жалғастыруда.

Айта кетейік, тап осы жылы Президент сөгіс жариялаған тағы бір министр – ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев болды.

Серікқали Брекешев 2023 жылдың қаңтарында министр қызметінен босатылып, «ҚазМұнайГазға» барған.

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 857